Білікті маман, мықты кәсіпкер болу үшін дұрыс бағыт-бағдар керек
Алматы қаласы бойынша Кәсіпкерлер палатасының директоры Бағдат Телебайдың айтуынша, бүгінде Алматы қаласы бойынша 9 кластер жұмыс істейді: жеңіл өнеркәсіпте, азық-түлік, құрылыс саласы, ІT-технологиялар мен басқа да салаларда кластерлер оң нәтиже беріп отыр. Ал осы кластерлерде білім алған мамандарды қайта оқыту қажеттілігі жоқ. Биылғы жылы көлік-логистикалық кластерін ашу жоспарланып отыр. Барлық жұмыс Алматы қаласы әкімдігінің қолдауы арқылы іске асырылып келеді. Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасының ұсынысы бойынша бойынша колледждердегі оқу бағдарламасы өзгеріп, олар оқу уақытының 60 пайызын өндірістік тәжірибеге берген.
"Халықты нәтижелі жұмыспен қамту бағдарламасы мен жаппай кәсіпкерлікті дамыту мүмкіндігі Мемлекет басшысы ұсынған 5 әлеуметтік жоба аясында пайда болды. Шағын несиелеу мүмкіндігін кеңейту шағын бизнес үшін де, микробизнес үшін де өте өзекті. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев оған тағы қосымша 20 млрд. теңге бөлуді тапсырды. Бұл қаражатқа 14 мың қазақстандық өз кәсібін аша алады. Ірі, орта және шағын бизнесті несиелеу екінші деңгейлі банктерде бірдей. Жұмысын жаңадан бастаған көптеген кәсіпкерлерге кепілдікті қамсыздандыру жетіспей жатады. Екінші деңгейлі банктерде пайыздық үстемелер айтарлықтай жоғары, 19 пайыздан басталып, 23 пайызға дейін жетеді. Бұл ретте бизнеске «Бизнестің жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы көмек қолын созады. Сондай-ақ, «Алматы Жібек жолы», «Алматы Туризм», «Алматы Өнім» секілді аймақтық бағдарламалар да бар. Бұл бағдарламалардың барлығы бойынша кәсіпкерлер инфляция пайызы деңгейінде тек 6-8 пайызын ғана төлейді. Қалғанын ол үшін мемлекет төлеп береді.Осы жылдан бастап мемлекеттік және аймақтық бағдарламалар бойынша несие берудің ең жоғары сомасы бір қарыз алушы үшін 36 млн. теңгені құрап отыр. Өткен жылы аталған сома 18 млн. теңге болған. Сонымен қатар, жеңілдікпен несие алушылар бағдарламасына қатыса алатын адамдардың тізімі де кеңейтілді. Алматы қаласы бойынша микронесиелеуге өткен жылы республикалық және жергілікті бюджеттен 3 млрд. теңге бөлінген болатын. Бүгінгі күні оның бәрі толық игерілмеді.Нәтижелі жұмыспен қамту бағдарламасына тоқталсам, біздің ойымызша, өзін-өзі жұмыспен қамту процесін тіркеуді барынша жеңілдету қажет, өзінің мемлекет алдындағы міндетін дұрыс атқаруға мүмкіндік жасау керек. Қазақстандықтар елдің кез-келген аймағынан тез жұмыс тауып алу мүмкіндігіне ие болуы тиіс", дейді Алматы қаласы бойынша Кәсіпкерлер палатасының директоры Бағдат Телебай.Нәтижелі жұмыспен қамту бағдарламасы бойынша Алматы қаласында 2017 жылы 3004 адам білім алып, оның 2672-сі оқуды аяқтады. Оқуды бітіргендер ішінен 299 адам жұмыспен қамтылса, 242 адам оқуды уақытынан бұрын тоқтатты.
Аталған бағдарламаны жүзеге асыру аясында Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасының реестріне енгізілген 13 оқу орталығы біріктірілген жүйе құрылған. Олардың ішінен 10 оқу орны бағдарламаға қатысып, 641 адамды оқуға қабылдады. 430 алматылық оқуын тәмамдап, олардың 187-сі кәсіпорынға жұмысқа орналасқан. 243 бітіруші ұсынылған жұмыстан бас тартты.
Алматы қаласы кәсіпкерлер палатасы 2017 жылы 1,5 млрд. теңге көлеміндегі мүліктік құқық пен қалалық бизнес мүддесін қорғағаны белгілі.Бұл мемлекеттік органдар қайтарған, жойылған айыппұлдар, өсімдер, қосындылар, бұғаттаудан алынған, сақталған мүліктің құны. Бұл қаражатты кәсіпкерлер компанияны дамытуға және қызметкерлер жалақысына жұмсай алады. Алматы қаласы бойынша «Атамекенге» бизнес субъектілерінен 276 шағым келіп түскен. Оның көпшілігі оң шешімін тапқан. Кәсіпкерлердің 26 арызы Құқық қорғау кеңесіне жөнелтілген. Оның 19-ының мәселесі шешілген.Үстіміздегі жылдың басынан бастап 30 шағым келіп түсті. Оның 13-і оң шешімін тапқан. 7 шағымға қатысты оң соттық акт шығарылды. Қорғалған құқық сомасы 420,5 млн. теңгені құрайды.
Соңғы уақыттарда кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы үлкен жұмыстар атқарып жүр. Алматылықтар 2017 жылы 7 мыңнан астам қызмет түрін алған. Оларғатүрлі есеп-қисап түрлерін толтыру, бизнес-жоспар құру, ІT қызметтерін көрсету, бүгінде нарықта сұранысқа ие бизнес бойынша қолдау алу үшін мемлекеттік бағдарламаларды таңдау секілді қызмет түрлері көрсетілген. Сонымен қатар, өз ісін ашам деушілерге кеңес берілген. Үстіміздегі жылдың басынан бастап Қызмет көрсету орталықтарында кәсіпкер алматылықтар 2 мыңға жуық кеңес алып үлгерген.2017 жылы Кәсіпкерлер палатасының бизнес мектебінде 1676 адам тегін білім алған. Ал биыл бизнес негіздерін 518 алматылық меңгеріп үлгерді. Олардың көпшілігі оқытушыларымен жақсы қарым-қатынас орнатып, тіпті, кейде өз жетістіктерімен бөлісіп тұрады.
Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасы 4 клуб бойынша қосымша жұмыс істеп келеді: Есепшілер клубы, Маркетологтар клубы, Franch Day, Dіgіtal marketіng workshop. Барлық кездесулер мен білім беру ақысыз жүргізіледі. Бұл ретте спикерлер есебінде ең үздік эксперттер сөйлейді және шет елдерден өз біліктілігімен бөлісу үшін қонақтар көптеп келеді. Бүгінде кездесулерге келіп, оларды онлайн арқылы тамашалайтындар саны 5 мыңға жетіп отыр.
Кәсіпкерлердің ұлттық палатасы ұсынған «Атамекенім» акциясына алматылық кәсіпкерлер белсенді қолдау көрсетті. Бұл ретте бизнесмендер материалдық көмекті балалар үйіне, аз қамтылған отбасыларға, денсаулығында ақауы бар жандарға ұсынды. Акция басталғалы алматылық кәсіпкерлер 100 миллион теңгеден астам қаражат бөліп үлгерді. Тағы бір қуантатыны, Кәсіпкерлер палатасы бір кезде бизнесмен болуға көмектескен жандар енді өздері мұқтаж адамдарға көмек қолын созуда. Айша Нұржанқызы