Жүрсін ЕРМАН, ақын: Ақындар менің айтқаныма көніп, айдағаныма жүретін құлақкесті құлым емес
Кейінгі кезде айтыс төңірегінде даулы әңгімелердің айтылып жүргені рас. Осының анық-қанығын білмек ниетпен төл өнеріміз – айтыстың жүгін өрге сүйреген ақын Жүрсін Ерманға жолығып, аз-кем сұхбаттасқан едік. Уағдаласып, сұхбат алу үшін жұмыс орынына барғанымда Жүрсін Ерман салған жерден «құйтырқы (авантюрный), арандататын (провокациялық) сұрақтар болса жауап бермеймін» деді. Мен сұрақтарымның бәрі тек айтысқа, ақындарға қатысты екендігін алға тарттым. Айтыс туралы кез келген сұраққа жауап бере алатын бірден-бір адам өзі екенін де қоса айттым. Сұхбатымыз осылай өрбіді.
Осы өнерді насихаттап келе жатқаныма 30 жылдан асты
- Біраз уақыт бұрын айтысты жабу туралы мораторий жарияланып, екі жыл көрермендерінен қол үзіп қалды. Сосын оның бар билігі Мырзатай Жолдасбековке тапсырылды. Неліктен? Сізге деген сенім азайғаны ма? «Жабылу себебі, Жүрсін жер-жерде айтыс өткізіп, қадірін кетірді. Айтысты жеке кәсібіне айналдырып жіберді» деген пікірлер айтылды. Сіз бұған қандай уәж айтасыз?
- Міне, авантюрный сұрақ деген - осы. Апта сайын айтыс өткізуге шамам қайдан келсін. Әр айтыстың өткізілуі үлкен ұйымдастыру жұмыстарын қажет етеді. Біріншіден, барлық мәселе қаржыға тіреледі. Қаржың болмаса, айтыс өткізе алмайсың. Айтыс өткізілетін жерді жалға алу, ақындардың жолақысы мен ішетін тамағы, жататын жері мен жүлдесі, қазылар алқасы мен оның жарнамалық шығыны дегеннің барлығы қыруар қаржыны талап етеді. Жиі айтыс өткізу қайда? Ел не десе, о десін, мен айтысты өзім үшін өткізіп жатқан жоқпын. Қазір ел «неге айтыс болмай кетті?» деп мазамды алады. Әркім өзінің биігінен баға береді. Шамам келгенше, осы өнерді өлтірмеуге тырысып жүрмін. Биыл, міне, 31 жыл болады осы өнерді насихаттап келе жатқаныма. Қайдан білейін? Жалпы, ештеңе істемеген адам ғана кінәлі болмай шығады. Ештеңе істемесең де кінәлісің. Қазақтың мінезі сондай. Өзі түк бітірмейді, бірдеңе істеген қазақты іліп-шалып, бір кебісті бір кебіске сұғып, артынан топырақ шашып отыру - қазақтың қанына сіңген қасиеті. Абайдың кезінде де сондай болған. Қазір де сондаймыз. Қазір мен осы айтысты қалай өткізем деп басым қатып отыр.
- Қазір айтыс ұйымдастыратындар көбейіп барады. Алауыздық басым. Белді азаматтардың айтысқа таласуының астарында не жатыр?
- «Біткен іске сыншы көп», «Дайын асқа тік қасық» дейтін бе еді? 1984 жылы теледидардағы айтысты ұйымдастырып, ел аралап, бұрынғылардың жұрнағын іздеп, тауып, батпақтап Торғайға барып, батпақтап Оралға барып ақын іздеп жүргенімде айтыстың ешкімге қажеті жоқ еді. Айтыс елдің көзіне түсіп, қоғамдық рухани өмірдегі құбылысқа айналған 1990 жылдары бұған еге болатындар табылды. Бірақ, 1992 жылдан бастап 1997 жылға дейін айтыспен айналысқан жоқпын. Сол уақытта өзім жұмыссыз жүрдім. Сол кезде неге жұрт бес жыл бойы айтысты әрі қарай дамытып, алып кетпеді? Тек 1997 жылдың қазан айында ғана айтысқа қайта келіп, сол кездегі «Хабар» агенттігінің президенті Дариға Назарбаевамен келісім жасап, төл өнеріміз өшіп қалмасын, ұмытылмасын деп осы шаруамен айналысып келе жатқаныма бүгін, міне, 17 жыл болыпты. Ол екі арадағы хикаяттар ұзақ әңгіме. Ал енді бүгінде қайтадан теледидарға, радиоға шығып, баспасөзде жарияланып халықтың ықыласына бөленген айтысқа тағы да жармасушылар табылып жатыр.
- Кейінгі кездері бір ұйымдастырылған айтыстарда төбе көрсетпей жүрсіз. Сізсіз айтысты елестете алмайтын жұрт «Жүрсін қайда?» деп іздеп жатады.
- Іздегенін, іздемегенін өзім де жақсы білемін. Біріншіден, бұл айтыстың бұқаралық ақпарат құралдары арқылы, теледидар, радио арқылы насихатталуы тоқтап қалғанын өзің де біліп отырсың. Ал ондай кезеңде залдағы бес жүз, бір мың, екі мың адамға айтыс өткізудің бәлендей қажеті болмай қалды. Айтыс деген бүкіл қоғамның олжасы ғой. Сол өліара шақта айтысты өз мақсаттарына пайдаланатын азаматтар пайда болды. Олардың бәрінің көзқарастарымен келісе бермеймін. Қазір айтыс қосарланып жүріп жатыр. Наурыздың 20-21 күндері Жезқазған төңірегіндегі Сәтпаев деген қаланың әкімі, бұрынғы айтыскер Әнуар Омаровтың көмегімен «Наурыз айтыс» өткізіп келдім. Былтырғы жоспар бойынша бюджеттен қаржы бөлініп, бұл айтыс екі күн бойы кеншілердің қаласында үлкен мереке болып өтті. Соның теледидардан берілуін көрдің бе? 24 мамырда тағы көрсетілді. Әбден кесіп, қысқартып тастапты. «Айтыстың пародиясы, жарнамасы сияқты болып кеткен» деп ақындар күліп жүр. Бірақ, амал жоқ, соның өзіне көндік. Ал енді басқа жерде қосарланып ұйымдастырылып жатқан жігіттердің айтысы бүгін түсірілсе, ертең бастан аяқ көрсетіледі. Егер айтыстың үстінде елдің абыройына, басшыларына нұқсан келтіретін қисық сөздер айтылып жатса, оның қысқартылуын жақсы түсінемін. Ал орынсыз қысқартылуын түсінбеймін. Көркем, айшықты сөздердің құйрық-жалын күзеп тастау қисынға келмейді. «Қазақстан» телерадиокорпорациясының басшысы Нұржан Жалауқызымен келісіп, өтініш жасап, Сәтпаев қаласындағы сол сегіз сағаттық айтысты түгел түсіріп әкелдік. Көрсетілгені - жаңағыдай. Монтажын жасауға бізге рұқсат берілмеді. Жақында Нұржанға осы өкпемді айттым. «Тәуір айтысты бұлайша қорлауға болмайды ғой. Келесі біздің айтыстарымызды түсіретін болсаңыз, монтаждауға мені көпсінсеңіз, ақын жігіттер барып отырсын, бәрі журналистер ғой» деп өтініш жасадым. «Ескеремін» деді. Олай деп айтып отырған себебім, биыл үш бірдей үлкен айтыс өткізуді жоспарлап отырмыз. Соның үшеуін де «Қазақстан» телерадиокорпорациясының президенті түсіртіп, эфирден беремін деп отыр. Соны дұрыс монтаждаса, беталды қырықпаса дейміз. Бір қулар айтысты әбден жексұрын қылып бітті. Айтысты тек жамандайтын, сынайтын, мінейтін өнер деп қарайды. Олай емес қой. Біріншіден, бұл - таза сөз өнері. Екіншіден, бүкіл табиғаты елдің басын біріктіруге, ұлтты ұйытуға, елдің еңсесін көтеруге арналады. Өзіміз құрған Қазақстан айтыс ақындары мен жыршы-термешілері одағының «Aitysker.com» деген сайты бар. Сол сайтқа кешегі Сәтпаев қаласында өткен айтыстың аудионұсқасын салып қойдық. Соны тыңдаған адам бәріне көз жеткізеді. Ол жерде ешкімнің шамына тиетін сөз жоқ. Алдағы айтыстарымызда да біз ешкімді кекетіп-мұқатып, сынап-мінеп, жамандап, дау тудырайық деп отырған жоқпыз. Қайта елді біріктіретін сөз айтпақшымыз.
- Дегенмен де, әлі күнге дейін «ақындардың көбі Жүрсіннің айтқанымен жүреді» деген сөз бар.
- Е, жүре берсін. Неге жүрмейді?
- Сіз жек көрген адамды олар да жек көреді, сіз жақсы көрген адамды олар да жақсы көреді дейді.
- Оған менің кінәм қанша?
- Сіз мұны қалай түсіндіресіз? Бұл жерде сіздің беделіңіз үлкен рөл атқарып тұр ма, әлде, тапсырыс бересіз бе?
- Олай емес, ол - былай. Мен кімдерді жек көрем. Жемқорларды, алаяқтарды, өзінің міндетін атқара алмайтын, халыққа жаны ашымайтын әкімдерді жек көрем. Оны сізде жек көресіз. Ақындар да оларды жек көрмей ме? Елдің сөзін сөйлеп, шаруасын атқарып жүрген ұлттық деңгейдегі қайраткерлерді жақсы көрем. Ақындар оларды неге жақсы көрмейді? Сондықтан сұрағыңыз басынан бастап өте авантюрный сұрақ деп ойлаймын. Ақындар менің айтқаныма көніп, айдағаныма жүретін құлақкесті құлым емес.
Ай сайын көрінген айтысқа бара беретін ақыннан дәмді сөз шықпайды
- Бұған өзіңіздің бір сұхбатыңызда айтқан сөзіңіз дәлел бола алатын сияқты. Кейбір ақындарға «Нұр Отан» партиясы ұйымдастырған айтысқа бармай-ақ қойыңдар деп айттым» депсіз.
- Бірауыз сөз айттым. Неге екенін таратып айтайын ба, сен жаза алатын болсаң. Мен 2013 жылы қазан айының 10-11 күндері (алдын ала, бір жыл бұрын жасалған келісім бойынша) Қызылорда қаласында «Қазгер мұнай» компаниясының 20 жылдығына арналған мұнай тақырыбын қозғаған бірінші айтыс өткіздім. Сол айтыстан бұрын немерем Швецарияда оқуын аяқтап, сол жаққа кеттім. Бірақ, Швецарияға барардан бір апта бұрын ғана Қарағанды облысы, Бұқар Жырау ауданы, Көктерек деген ауылда құрметті қонақ ретінде мешіттің ашылу салтанатына қатыстым. Сол жерде Мұхамеджан Тазабеков те болды. Бір күн бірге жүрдік. Маған ешкім де, Мұхамеджан Тазабеков те айтыс өткізейік деп жатырмыз деп айтқан жоқ. Ал мен бәріне Қызылордада айтыс ұйымдастырып жатырмын деп жар салдым. Сонымен Швецарияда жүргенімде екі-үш ақын: «Астанада айтыс өткізгелі жатыр екен, соған сіз барасыз ба?» деп телефон шалды. «Естіген жоқпын. Өткенде ғана Мұхамеджан Тазабековты көрдім, айтқан жоқ» дедім. Бізге сіз келеді деген соң барып қатысайық деп жатырмыз деді. «Барып, қатыса беріңдер. Бірақ, мені ешкім шақырған жоқ» дедім. Сөйтсем, ақындарға «Жүрсін Ерманды шақырып қойдық, сендер бәрің келіңдер» депті. Жеме-жемге келгенде мен шақырылған жоқпын. Оған өкпелемеймін де. Кеше ғана өткен Саурық пен Сұраншыға арналған айтысқа да мені ешкім шақырған жоқ. Мен әр жерге апарып қазылар алқасына қатыстырып жүрген ақын-жазушы інілерім де айтыстарға барып дауыстарын беріп жүр. Олар да айтқан емес. Мен оның барлығына өкпелей бермеймін ғой. Сол Швецариядан қайтуға таянғанда Бекболат Тілеухан телефон шалды. «Қайдасыз? Сізбен сөйлесетін әңгіме бар еді» деді. Жақсы. «Швецариядамын. Бірер күннен кейін келемін» дедім. Жаңылмасам, қыркүйектің 23-і болатын. «Онда келіп сізбен сөйлесейін» деді. «Жарайды» дедім. Не екенін де білген жоқпын. Келгеннен кейін үш-төрт күн өткенде Бекболат Тілеухан телефон арқылы: «айтыс өткізіп жатыр едік, соған келіп ортасында отырыңыз, әділқазы болыңыз» деді. Мен «бара алмаймын» дедім. Өйткені, Жаңақорғанға емделуге бара жатқанмын. Оның үстіне әрі қарай 10-11 қазанда өтетін «Қазгер мұнайдың» айтысына баруым керек. Бармаймын десем де, қайта-қайта мазамды алды. Сөйтсем, ақындардың бәріне «Жүрсін Ермановты қатыстырамыз. Ол отырады» деп өзімді шақырмағанмен сыртымнан тон пішкен екен. Алдаған ғой. Ақындар арасында «Жүрсін бармаса, бармаймыз» деген әңгіме шыққан сияқты. Содан мені осылай тығырыққа тіреп қойды. Сол екі ортада мәселе анық болды. Бұл айтыс жалпы қоғамдық саяси бағыттағы айтыс емес, діни сипат алып бара жатқан жастардың айтысы екен. Оған барғым келмеді. Оның үстіне өзім де айтыс өткізейін деп жатырмын. Бұлардың айтысы 6 қазанда, мен ұйымдастырған айтыс 10-11 қазан күні өтетін болды. Сосын Қызылордада жүрген ақындарға «мен сендерге мына айтысты жарты жыл бұрын тапсырып қойдым ғой. Осыған барыңдар, анаған бармай-ақ қойыңдар, әркім өзінің мүддесіне жұмыс істейді ғой. Осы сөзімнен не шатақ көріп отырсыңдар» дегенім рас. Бірақ, мені тыңдаған ақын аз болды. Соған қатысқандар, менің айтысыма да келіпті. Осыдан шығатын қорытынды, ай сайын, апта сайын домбырасын сүйретіп, шапанын жамылып көрінген айтысқа бара берген ақыннан дәмді сөз шықпайды. Ақынның ішінде ой, сөз тұнуы керек. Қиналу керек. Сонда ғана сапалы айтыс болады. Сондықтан да, ақындардың бүкіл айтысқа қатыса беруіне қарсымын. Жылына екі-үш айтысқа қатысса болады ғой. Барлығына жүгіре бермей.
Ринат менің балам сияқты
- Айтыстағы өнері әділ бағаланбай кейбір ақындар айтысты тастап кетті деп жатады.
- Естіген жоқпын. Мысалы?
- Мысалы, Бауыржан Қалиолла айтыста бірнеше жыл қатарынан жақсы өнер көрсетіп жүрсе де, биіктерден көріне алмай, жүлдеге қол жеткізе алмай келеді.
- Неге алмады?
- Жібек Болтанова деген қыз жарқ етті де жоқ болды.
- Оған кім кінәлі? Айтыстан жүлдесін ала алмап па? 2012 жылы Дінмұхамед Қонаевтың 100 жылдығына арналған айтыста Бауыржан Қалиолла «Жигули» автокөлігін мінді. Жібек Болтанова да кезінде алатын сыйлықтарын алған. Ақындардың бәріне бірдей темір тұлпар мінгізе беретін далада жатқан көлік жоқ. Өнері қандай, қазылар, халық қандай баға берді? Соған лайық жүлдесін алады. Ал Жібек Болтанова 27 маусымда Оралда өтетін аймақтық ақындар айтысына қатысайын деп отыр. Талай шақырғанымда келмеген. Өйткені, ол біраз уақыт білім жолын қуды. Баспа ісімен айналысты. Әр ақынның жағдайын біліп отырамын ғой. Үлкен айтыстарға өресі жетпейтін ақындарды қатыстырмаймын. Қазір де айтысқа шыға алмаған кемінде 12-13 ақын жүр. Өйткені, олардың дайындық деңгейі, талант қарымы, парасат-пайымы соншама миллион халықтың алдында өнер көрсетуге жетпейді. Бір мысал келтірейін. Түнеу күні маған Тілек деген ақын келіп кетті. Моңғолиядан келген екен. «Айтысқа қатысамын» дейді. Ақындардың бәрін алдымен өзім көремін. Өлеңі, бәрі жақсы. Бірақ, сауаты аз. Қазіргі поэзиядан хабары жоқ. Абайды, Төлегенді, Мұқағалиды оқымағандары ақындардың өлеңінен көрініп тұрады.
- Ал суырыпсалмалығы жақсы болса ше? Көркемдік жағын ескересіз бе?
- Суырыпсалмалылығы да бар. Бірақ, екі сөздің басын құрап айту кез келген қазақтың қолынан келеді. Көркемдік бояулары, көркемдік қарымдары болу керек деп өзім шегеріп отырмын. 15-20 кітап бердім. «Оқып, дайындалып, шыңдал» деп. Мұның алдында да осындай жағдай болған. 5-6 жыл бұрын Қызылорданың Қазалы ауданынан Нұрдәулет Махамбетов деген ақын келді маған. Дауысы, өлеңі, мақамы, сазы бәрі жақсы. Бірақ, қазіргі поэзияны оқымаған. Сосын оған ақылымды айтып, «мынау Мұқағалидан өзіңе дейінгі поэзия» деп қолына 15 шақты кітап бердім. Содан 1 жылдан кейін Нұрдәулет керемет жақсы ақын болып келді. Сосын Нұрдәулеттің қанша мәшине алғанын білесің бе? Жаңағы 12-13 ақын бар деп отырмын ғой. Соның 5-6-уы қазір үлкен сахнаға шығуға дайын болып қалды. Қолымнан келген ақыл-кеңесімді айтып, бір-бірімен айтыстырып, дайындық жұмыстарын жүргізіп жатырмын. Ақындарды осылайша іріктеп отырамын.
- Өзіңіз айтысқа әкелген кейбір шәкірттеріңіз баспасөз беттерінде өзіңізбен сөзге келіп жүрді.
- Қайсысы?
- Көпшілікке белгілі болғаны - Ринат Зайытов екеуіңіздің араларыңыздағы өкпе-реніштеріңіз.
- Бұл өзі өте ескі әңгіме. Қытайдан келген қандас ақындарымызды сахнаға шығару кезінде Ринат бас тартқаннан кейін ренжігенім рас. Одан кейін Ринатты қаншама айтыстарға алып бардым. Қызылордаға да, Сәтпаев қаласындағы айтыстарға да қатыстырдым. 18 маусымда Астанада өтетін Ер Жәнібектің 300 жылдығына арналаған айтысқа қатысатын басты ақындардың бірі - Ринат. Ринат менің балам сияқты. Кей адамдардың көзқарасы үйлеспей қалатын кез болады ғой. Түсінісіп, тіл табыстық. Мен оған әкесіндей адаммын. Ринат алдыма келген.
Қазір демеуші табу қиындап кетті
- Сіз бар жерде айтыс туралы айтпай отыруға тағы болмайды. Әйтсе де өзіңіз туралы сөз қозғамай кету әбестік болар еді. Айтыстан бір уақ алыстап, әңгімеміздің ауанын жеке басыңызға қарай ойыстырсақ. Ақын ретіндегі жетістігіңізді айта отырсаңыз.
- Жақында 17-ші кітабым шықты.
- 17-ші кітабым дейсіз бе? Сіздің кітаптарыңызды көп кездестіре бермейді екенбіз.
- Қалай кездестіресің? Қазір кітаптың тиражы 2000 дана ғана. Қарағанды облысы Қазыбек Биден бастап 100 автордың кітабын шығарып жатыр. Менің бір томдығымды шығарды. 800 дана. Былтыр бір кітабым, биыл екі кітабым жарық көрді.
- Неге көп қылып бастырып, таралуына ықпал етпейсіз?
- Қай ақшаңа басып, таратасың?
- Негізі демеушіңіз көп қой. Олардың көңілін тауып, сөйлесетін де өзіңіз емес пе?
- Олар менің демеушім емес, айтыстың демеушісі. Демеушілер де ақымақ емес. Қазір демеуші табу қиындап кетті.
«Әйелге ода» деген өлеңім барлық тойларда оқылады екен
- Сізбен аралас-құраласы бар кейбір жұрт «ешкімді тыңдамайтын Жүрсін әйелімен ғана санасады» дейді. Бақытжамал апамызды қатты жақсы көресіз-ау, осы?
- Қатты жақсы көрем. Төбеме көтерем. Бақытжамалға арналған «Менің сыңарым» деген әнім бар. Кеше ғана жаңа кітабым шықты. Соның ішіндегі төрт-бес өлеңім сол кісіге арналған. 47 жыл бірге ғұмыр кешіп келе жатырмыз. Әйел деген тек түнде ғана қызығын көретін нәрсе емес қой. Бара-бара жолдасқа, пікірлеске айналуы керек. Сондықтан да, ақылдасып отыратыным рас. Қажет жерінде тыңдаймын, қажет болмаса, «өзім білемін» деп тыңдамай кетемін. Айтысқа ол кісінің пікірі жүрмейді. Жәй отбасында күңкілдесіп, әңгімелесеміз ғой. Тіршілікте, тағдырыма байланысты айтқандарын қажет жерінде алып жатамын. Неге тыңдамасқа?
- Ұзын-ырғасы Бақытжамал апамызға қанша өлең арнадыңыз?
- Санаған жоқпын. Бірақ, жар туралы, махаббат туралы өлеңдерімнің ішінде аттары аталып жүреді. «Әйелге ода» деген өлеңім Қазақстанның барлық тойларында оқылады екен. Сол да оған арналған өлең. Болмаса, Қасым Аманжоловтың 100 жылдығында бәйгеге ие болған «Ақынның жары» деген өлеңім Қасым Аманжолов пен оның жары Сақыпжамалдың арасындағы махаббатқа арналған дүние сияқты. Бірақ, оның ішінде өзімнің де әйелге, әйеліме деген көзқарасым жатыр.
Сөзбенен сомдап таза сымбатын,
Жүрекке мәңгі жазасың ба атын.
Ақылман әйел ақынның бағы,
Ақынның соры мазасыз қатын, - деген шумақтар бар. Үнемі Қасым мен
Сәпияның қасында жүрген жоқпын. Ақынның өзінің басынан кешкен ассосациялар болады.
- Ақын бір ғана адамға арнап өлең жазады десек жаңсақ пікір болар еді. Бақытжамал апамызға көптеген өлеңдеріңізді арнағаныңыз айтпасаңыз да түсінікті. Бірақ, осы уақытқа дейін ішіңізде сақтап келген басқа да қыздар болды ма өлең арнаған? Бақытжамал апай қызғанбайтын шығар. Кешіретін шығар деп ойлаймын. Әлде, жас келгеннен кейін жағдай қиындап кетуі мүмкін бе?
- Кешіретін шығар. Бірақ, басқа қыздарға өлең арнап көрмеппін. Өйткені, мен 17 жасымнан бірге тұрып келе жатырмын.
- Мүлдем болмады ма? Ақын болғаннан кейін жас кезіңізде болған шығар жыр-шумақ тудырған қыздар?
- Ол Исраилда болады. Сұхбат беріпті ғой, «мен әлі ғашық болып қаламын. Ғашық бола беремін» деп. Мүмкін менің көзқарастарым консервативті шығар. Бірақ, жалған сезімнен жақсы өлең тумайды.
Бәлкім маған талай қыз болды зәру.
Менің мәңгі сүйгенім жалғыз ару - деген өлеңім бар. Бүгін бір нәрсеге жаным ауырып отыр. Атырауда бір бейбақтың үйінде бұрыннан үш ұл бар екен. Соның әйелі тағы да бір күнде дүниеге үш ұл әкеліпті. Үшем ғой. Сол үш ұлдың есімдерін Аман, Есен, Жүрсін деп қойыпты. Соның ішінде екеуінің дені сау да, Жүрсін дегені науқас екен. Шала туған бала ғой, 1900 грамм. Дәрігерлер қате диагноз қойып, шешесін құрт ауруы деп, ол анықталмай, сәбиді туысымен шешесінен бөліп тастаған ғой. Әлгі сәби 10 күн бойы омырау ембеген. Вакумға да жатқызбаған. Журналға «вакумға жатқыздық, шешесін күніне төрт мезгіл еміп отыр, тамаша» деп өтірік жазған. Сол баланы емдетейін десе әке-шешесінде ақша, бастарында баспана жоқ. Екеуі де бюджетте қызметкер. Әкесі ішкі істер органында жұмыс істейді екен. Соған бір көмек берейін десем қолымнан ештеңе келмей сандалып отырмын. Қазір әйеліме барып айтпақшымын, ең болмаса, бір-екі айлық зейнетақымды берейін деп. Қайтесің енді, өмір осындай. Қолымнан келер қайран жоқ. Ішіндегі Жүрсін дегеннің ауырғаны жаныма батып отыр.
- Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан – Ақжан Жәутіков
didar-gazeti.kz сайтынан алынған