Жеңіс туын тіккен қазақ батыры
Биыл Ұлы жеңіске 69 жыл толады. Екінші дүнежүзілік соғыста Қазақ сарбаздары да ерен ерлік көрсетті. Осы арада 69 жыл бұрын ерліктің ерекшесін туралы айтпай кетуге болмайды. Ол — қазақ батыры Рахымжан Қошқарбаевтың ерлігі. 1945 жылдың 30-сәуірінде Берлиндегі Рейхстагқа жеңіс туы тігілді. Осы ерлікті жасағандардың арасында қазақ жауынгері Рақымжан Қошқарбаев та бар еді.
1945 жыл. 30-сәуір. Рейхстагта неміс және Кеңес үкіметі әскерінің арасындағы соғыстан оқ нөсерлеп жауған жауындай. Фашистердің басты үйіне кірген Қызыл армия әскерінің ішінде лейтенант Рахымжан Қошқарбаев пен жауынгер Григорий Булатов бірінші болып қызыл туды тікті.
Рахымжан Қошқарбаев, Халық Қаһарманы: «Батальон командирі «Бұл бұйрық емес, барғыларың келсе барыңдар, болмаса, қалау өздеріңде» деді. Неге олай айтқанын кейін түсіндім. Онда барған жанның тірі қалу мүмкіндігі жоқ екен.»
150-ші дивизияның «Воин Родины» газеті 3-мамыр күні естен кетпес оқиғалар жайлы хабар берді. Сол мақалада «Рейхстагқа алғаш жеткен және оған жалау тіккендер – лейтенант Рақымжан Қошқарбаев пен қызыл әскер Григорий Булатов» деп жазылған болатын. Қазақстандық майдан-дастары Рақымжан Қошқарбаевтың Рейхстаг баспалдақтарына бірінші боп жетіп, бірінші болып ту тіккенін «Молодая гвардия» кітабында зор ілтипатпен айтады.
Өмір Шыныбекұлы, тарихшы: «Роман Кармен деген атақты оператор болған. Ұлы Отан соғысы басталғаннан біткенше хроника жасаған. Сол хроникада Григори Булатов пен Рахымжан Қошқарбаев батыр ретінде түскен. Өкініштісі, ол кадрлар белгісіз себептермен қырқылып тасталды. Рахымжан ағамыз естелігінде Рейхстагқа таңғы сағат 5-те шығып, 600 метр жерге 8-9 сағат өрмелеп барғанын айтады.»
Осылайша Қазақ жауынгерінің ерлігі Ұлы Отан соғысының күнделігінен түсіп қалды. Оның басты себебі ретінде Кеңес үкіметі орнаған алғашқы жылдары Рақымжан Қошқарбаевтың әкесі «Халық жауы» атанғанын айтуға болады. Қылышынан қан тамған кеңестік заманда халық жауының ұлы Кеңес үкіметінің батыры бола алмайтын еді.
Батыр Рахымжан Қошқарбаев тағдыр тауқыметін жастайынан тартқан. Ақмола облысы Тельман ауылында дүниеге келген ол 3 жасында анасынан айырылып, 13 жасында әкесін НКВД түрмеге жабады. Ақмола облысының Майтөбе ауылында 7 жылдық мектеп -интернатында оқып, 1942 жылы Фрунзе қаласындағы жаяу әскери учелешесіне түскен.
Сол заманда Рақымжан Қошқарбаевтың ерлігі тек қазақ тіліндегі оқулықтарда ғана айтылып келді. Өкінішке орай, бұл тарихи факт қазір де осы күйінде қалып отыр. Бүкіл адамзаттың қаны төгілген соғыстың ауыздықталған белгісін орнатқан батырға Халық қаһарманы атағы еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін ғана, 1999 жылы берілді.