Ұлттық салт-дәстүр, ұлттық идеология, ұлттық тәрбие. Бұлар ешқашан маңызын жоғалтпайтын мәңгілік дүниелер... Осы мәңгілік тақырыпқа қалам тербеген жазушы, қазақтың біртуар қаһарман ұлы Бауыржан Момышұлының келіні Зейнеп Ахметова апамыздың «ЖЕБЕ»-ге берген салиқалы сұхбатына салт-дәстүрлерді қалай қолданып жүрміз, қазақы ырымдар жайлы не білеміз деген сияқты сауалдар негіз болды...
ЖЕБЕ: Зейнеп апа, Сіздің ұлттық тәрбие мектебін әлдеқашан-ақ ашып тастағаныңыз даусыз. Ендеше, бүгінгі қазақы салт-дәстүрлердің бет-бейнесіне көңіліңіз тола ма?
Зейнеп АХМЕТОВА: Біз баланы қазіргі кезде балабақшадан бастап тәрбиелеу керек дейміз ғой, шындап келгенде қазақ халқы тәрбиені балаға іште жатқан кезде-ақ бере бастаған. Келінді тәрбиелеу арқылы іште жатқан шарананы тәрбиелеген. Мысалы, келін аяғы ауырлағаннан бастап оның болашақ ана екенін үлкен ауылға, елге білдіріп, сол үйдің шаңырағына ақ шүберек байлап қойған екен. Содан бастап жұрт ол шаңырақтағы келіннің аяғының ауыр екендігіне байланысты үлкен-кіші демей оған бәрі қамқор болып жүреді. Айталық, жүкті келінге кір-қоқыс жұмыстарды істетпейді, жаман хабар естіртпейді. Мысалы, енесі келінді айлы түнде жалаң аяқ бұлаққа ертіп апарып, жуындыратын болған. Жалаң аяқ апаруы, ол Жер-Ана адам бойындағы барлық жаман энергияны алып кететінін атам қазақ әу-бастан білген көрінеді. Ал, айлы түнде жуындыруы, ол болашақ немерем айдай, көпке ортақ болсын, жарығы, шарапаты көпке түссін, содан кейін судай таза, мөлдір болсын дегені екен. Келінді бұлаққа жуындырып келе салып, лаулап жанып тұрған отта жылындырады, ол дегеніңіз ай нұрлы, сұлу болғанымен алыста ғой, ел-жұртынан, ағайын-туыс жұрағатынан келін алыстап қалмасын, су мөлдір болғанымен салқын ғой, суық ғой, суық мінезді болмасын, оттай опалы болсын, оттай жылы болсын, оттай мейірімді, берекелі болсын деп ырымдайды. Енді осыны медициналық тұрғыдан қарасаңыз, ыстық пен суықтың алмасуы адамның организміне пайдалы әсер етуі емес пе? Осының барлығын қазақ білген ғой... Бұның бәрі өзінше бір үлкен тәрбие, жатқан үлкен философия. Ақылды ене айтады екен, қарағым биік тауға қара, немеремнің өресі биік болсын деп және кең жазира далаға қара, немеремнің пейілі кең болсын, жайқалып тұрған шалғын шөпке қара, әдемі гүлге қара, немеремнің жаны мен тәні сұлу болсын, сұлулықты түсінетін болсын деп ырымдапты. Мінекей, қазағым сондықтан да «Іштен қисық туғанды, тезге салсаң түзелмес» деп осындайда айтқан. Бала дүниеге келген күні, кіндігі кесілгеннен кейін, сәбилі болған шаңырақта түнімен ән айтылады, күй тартылады, шілдехана жасалады. Не үшін сол күні? Ол жәй тойлау емес! Себебі дүние есігін ашқан балаға сол күні тек ғана жақсы энергия беріледі, өйткені ән айтылып, күй тартылған жерде тек жақсы көңіл-күй, жақсы тілек, таза ниет қана болады деп жорыған қазақ. Шілдеханадан соң 40 күнге дейін балаға да, жас босанған әйелге де қауіпті кезең болып есептеледі, сол себепті де әлі Жердің баласы болып есептелмейтін яғни, еті мен сүйегі әлі бірікпеген сәбиді бөтен адамдарға көрсетпейді. Босанған әйелдің қолын да суық суға салдырмайды, ауыр жұмыс істетпейді, түнде далаға жалғыз шығармайды, арнайы мал сойып, қалжасын жегізеді, терлетіп, белін мықтап буып қояды. Қысқасы, қазақ қанша көшпелі ел болса да келінді де, баланы да 40 күн күтіп, ұрпағының қамын ойлаған. Осы жерде бір айта кетейін дегенім, бүгінгі қазақтарда салтымызда, жүріп өткен тарихымызда, жолымызда жоқ бір жаман әдет шығыпты, «кіші шілде» деп баланы 20 күнде қырқынан шығарып тастайды. Не сұмдық? Дұрыс емес. Жаңа айттым ғой, еті мен сүйегі бірікпеген балаға обал жасайды, сөйтіп. Иә, ұл баланы 37-38 күнде шығарады, ал, қыз баланы міндетті түрде 40 күнге толтырып барып шығарады. «Қыз 40 шырақты» деп бекер айтпаған, 40 шырақтың бір шырағы болмаса, бір шырағы жанады дейді екен. Одан кейін ары қарай кете береді... Баланы бесікке салу бар, сосын бала құйрығын басып отыра бастағанда жасайтын жоралғылары бар, еңбектей бастағанда бауырынан табақ алу бар дегендей, сондай-сондай, оның барлығы жеке-жеке әдемі ырымдар... Содан кейінгі баланың өміріндегі маңызды кезеңі ол – тұсауының кесілуі. Жаңадан қалт тұра бастаған кезде, қаз-қаздаған кезде, аяғын тезірек, нық басып кетсін деп тұсау кесер ырымы жасалатынын білеміз. Бүгінде теледидарда болсын, қай жерге бара қалсаңыз да баланың тұсауын кілең кемпірлерге кестіріп жатады. Сол кейуаналарымыз: «менің тұсау кескенім дұрыс емес, болмайды» деп неге айтпайды екен деп ойлаймын, әлде шынымен білмей ме салтты, осыны түсіне алмай жүргенім.... Өйткені атам қазақ жүрісі сылбыр, жайбасар, кәрі адамдарға тұсау кескізбеген. Кемпірлер баланы бесікке салады, бесікке міндетті түрде әжелер салады, өйткені оның қолынан көптеген немере-шөберелер өтті. Көпті көрген ақ шашты, сары тісті аға-апалар үлкен адамдар әлгі тұсау кесуге арналған ала жіпті есіп береді. Еркек баланың тұсауын кәдімгідей күш-қайраты тасып тұрған, ақылды, елге абыройлы азаматтарға, нағыз ер-жігіттерге кестіретін, ал, қыз баланікін шебер, ісі тыңғылықты, жүрісі ширақ, дені сау келіншектерге кестіріп жатады. Тұрмысқа шықпаған қыз балаға тұсау кестірмейді, өйткені оның жолы ашылған жоқ. Тағы бір әттеген-ай бар, осы жерде. Базарға барсаңыз қазір тұсаудың ала жібін де сататын болыпты, тіпті қызылды-жасылды, қоңырау тағылғандары, сыңғырлағы қоса өрілген, қойшы әйтеуір, неше түрлі тұсау жібі бар... Бұл да бір ата-салтты аяқасты ету! Ақша табудың жолы. Осыны көргенде, денем біртүрлі түршікті. Сол ала жіпке сан мың адам базарда қарап өтті дейік, оған неше түрлі көз қадалды, ал, көзде әр түрлі энергетика болатынын медицинадан білсек, ол жіпте не мән қалды?... Сондықтан жіпті үлкен адамдарға, сыйлы әжелерге ырым ғып естіріп алу керек. Сол әжелер ала жіпті байлап берсін, бірақ, тұсау кеспесін. Және де бұл тұсаудың ақ пен қара болып есілуін, бала ертең баукеспе болмасын, біреудің ала жібін аттамасын деген мағынаға ғана тіреп қоятын таяз түсінік те бар. Жоқ, олай емес, оның мағынасы өте тереңде жатыр. Ақ пен қара жіпті алмастырып отыра есілуі – бүкіл тіршіліктің, болмыстың нышаны, символы. Бір Алла, Жаратушым ғана жалғыз, қалғанының бәрі екеуден, жұп етіп жаратылған. Ер мен әйел, ыстық пен суық, қыс пен жаз, жаман мен жақсы, мейірім мен зұлымдық кете береді... Сол өмірдің алмасып келіп отыратынын білдіріп қойған. Жақсылық болғанда асып-тасып кетпесін, қиындықтар болғанда басылып қалмасын, екеуінен тең өтсін деп өткір пышақпен, бірден шорт кесіп жібереді. Қайшымен кесуге болмайды! Қазір көп жерде қайшымен кеседі. Өйткені, баланың өмірі қайшыланып қалады деп ырымдайды. Қайшылану дегеннің өзі бір-біріне қарама-қайшы жүру емес пе? Осыны бұлжытпай дұрыс орындаса, тәй-тәйләп тұрған бала тіпті ертеңіне-ақ жүріп кетеді. Неге? Осыған таңқаласыз... Орыстың баласының тұсауы кесілмесе де шапқылап жүріп кетеді, ал, қазақтың баласының тұсауы кесілмесе шалынып, жығыла береді, сүріне береді. Бұның себебі неге деп ойлап көріңіз. Бұл – сонау неше ғасырлардан бергі келе жатқан ата-бабамыздан қайталана-қайталана жалғасып жатқан жіпсіз, тұтас бір байланыс. Былайша айтқанда, әр халықтың өзінің энергетикалық жолы. Міне, сол жолда дұрыс, шынайы жүрсек, ол жұғысты болмай қоймайды. Өкінішке орай, біз басқа ұлттың энергетикалық жолына кіргіміз келеді, ойбай, айна сынды, бақытсыздық, қара мысық жолды қиып өтті, жамандық келеді, жұлдыз-жорамалда анау деп тұр, мынау деп тұр деп даурығамыз. Бірақ, мың жерден оны ырымдасаң да ол саған жұқпайды, өйткені оныкі басқа энергетикалық жол... Дәл осы жерде сорақасы, өз жолыңнан шығып қалдың, өзгенің жолына кіре алмайсың, тек, құр сыртынан айналып жүресің де қоясың. Сөйтіп, бақытсыздықты өзің шақырасың... Дүбара болу деген осы! Сондықтан айтарым, қазақтың кез-келген салт-дәстүрі мен титімдей ырымының өзінде үлкен мағына барын білуіміз, түсінуіміз керек. Тек соны өзінің ретімен, жолымен орындай білу қажет. Өкінішке орай, осыны бізге үйрететін жер жоқ. Жастардың үйренгісі, білгісі келеді. Бізде теледидарда не бар? Бізде қаптаған, шулаған шоу-лар бар. Әртістерден жалықтық ғой енді, солардың дарақы хабарлары. Бірден-екіден, үштен отырып алып шақырған қонағына да сөз бермей, шапылдап кеп сөйлеп жатқандары... 10-15 адамды бір топ ғып жинап алып, мәнсіз дүниелерді 2-3 минуттан үзіп-жарып айтады, сөзге қонақ беру жайына қалады. Одан халыққа келіп-кетіп жатқан пайда бар дегенге өз басым сенбеймін. Меніңше, осы шоу-моулардың орнына халық педагогикасынан, халықтың ұлттық өнегесінен бүгінгі күнгі талап-сұранысқа сай сәйкестендіре отырып, жастарымызға ғибратты дүниелер айтылар болса, кәдімгідей дәріс өткізілсе, мұның пайдасы әлдеқайда зор болады ғой деп ойлаймын. Телевидения күшті идеологиялық құрал! Демек, әртістердің сайрандайтын өз сахналары, тойлары бар дегендей... Әншілер маған ренжісе де айтайын, телевидениядан кеткендері жөн. Анау Айгүл Иманбаева мен Жанар Айжанованың шоу-лары тіптен масқара! Не мән бар айтып отырғандарында? Ырду-дырду, жыртыңдақ әңгіме. Екеуі де халық алдында жүрген өнер адамдары, соларға осы лайық па енді?
Мені кейде ашындыратын бір жайт, осы телеарналарға жеке өмірін өнеге тұтуға келмейтін, тек әйтеуір азын-аулақ атағы, даңқы немесе лауазымы бар адамдарды, әсіресе қазіргі тілмен айтқанда «ледилерді» шақырып, соларды лепірте сөйлетіп, бала тәрбиесі, қыздар тәрбиесі сияқты көптеген мән-мағынасы терең әрі келелі мәселелерді талқылап, әлдеқандай ғып, қызылкеңірдек болып жатады. Сосын сол хабар жүргізіп тұрғандардың тіл шеберліктері жоқ, тілдері тым қасаң. Баяғыда мен де телевиденияда хабар жүргіздім, ол кезде телехабар өткізетіндер қатаң сыннан өтетін, олардың өң-түсі, сөйлеу дикциялары, киім киістері бәрі-бәрі ескерілетін, сарапқа салынатын. Қазір ше? Көпшілігі өзінің не айтып тұрғанын білмейді. Дарақы сөйлейді, қарқылдап күле салады, аяқтарын айқастырып отырады т.б. Бір сөзбен айтқанда эфирдегі әдеп, мәдениет мүлдем жоғалып бара жатыр... Телевидение үлкен тәрбие мектебі, әрі естіп, әрі көресің. Қазақ киносын көбейтеміз дедік, оның да жарытып жатқаны шамалы. Мәнсіз, мағынасыз дүниелер көп. Қазақ бәрі болғысы келеді, ағылшын да, қытай да, француз да, араб та. Тек қазақ болғысы келмейді! Сол Еуропаң, басқаң «бұл қандай әдет-ғұрпы керемет халық, бәрін қайдан білген?» деп таңдай қағып, зерттеп, құпиясын таба алмай жатқанда, біздің «жаңа қазақтардың» істеп жүрген тірліктері осы. Қалай ішің ашымайды, қалай әттең-ай демейсің...
Осы жерде есіме түсіп отыр, біз онша-мұнша кейде менсіне бермейтін Өзбекстанда сонау 30-40 жылдан, тіпті одан да ары шығар «Аталар сөзі – ақылдың көзі» деген хабар әлі күнге үзілместен шығып келеді эфирге. Онда көпті көрген қариялар ұлттық салт-дәстүрді, өмірлік, тәрбиелік мәні зор қағидаларды әңгімелеп отырады. Ешқандай боямасыз, қоспасыз таза, саф әңгіме. Көнекөз қарттар. Қандай тамаша! Бізде неге сондай хабарлар жоқ? Әлде, бізде асыл қариялар жоқ дейсіз бе? Бар әрине, тек сол асылдың сынықтарын жинайтын бағдарлама жоқ, дұрыс идеология жүргізілмей отыр. Өкінішті.
ЖЕБЕ: Балабақша мен мектеп тәрбиесінің ұлттық өнегедегі үлесі қандай бүгінде?
Зейнеп АХМЕТОВА: Бізде дау жоқ, балабақша, мектеп жыл сайын көптеп ашылып жатыр, бірақ оның арасынан бір ұлттық балабақша, ұлттық мектепті көрдіңіз бе? Керісінше, сонау Американың, Еуропаның мектептерін, балабақшаларын елімізге «копировка» ғып ашып жатыр... Ол у-дай қымбат мектептер, балабақшалар. Қайран ақша, ең жаманы ондағы тәрбие әдістемеліктері ұрпағымызды қисық-қыңыр тамырдай қисайтып, ұлттық салт-санадан мүлдем алыстатып барады. Қарап отырсаңыз, ата-әжесінің қолында өскен балалардың түсінігі мүлдем бөлек, түйсіктері жетік, ойлау қабілеттері кең болады. Ал, өкінішке орай біздегі балабақшаларда тиым ғана бар. Ортақ ережеге бағыну, анау болмайды, мынау болмайды т.б. Айтарым, қазақ балаларының көшбасшылық қасиеттері сол балабақшадан бастап-ақ басылып, тұншықтырылады. Әдеп, әдет дегеніңіз балабақшаның өзінде қол бұлғап тұр ғой, білген адамға. Атам қазақ ер бала мен қыз баланы жастайынан бөлек тәрбиелеген. Қазіргі балабақшада ұл демей, қыз демей бір бөлмеде жатады, шешініп, киіне береді, құшақтасып вальс билейді т.б. Тәрбиенің түбі осы жерде жатса керек. Оның үстіне, бақшалардағы тәрбиешілердің дені әйел адамдар, содан соң мектептерде де «апай мұғалімдер» сөйтіп, ер балалардың психологияларында нәзіктік осыдан пайда бола бастайды. Ат жалын тартып мінетін бозбалалардың азайып, еркіндікті, далада, түзде жүруді аңсайтын ерлердің сиреуіне әкеледі. Қысқасы, мұның бәрі бір тар шеңберден шықпайтын ұрпақтың қаулап бара жатқанын көрсетеді... Өз басым 11 сынып бітіре салған баланы шетелге оқуға жіберуге де қарсымын. Неге? Себебі ол бала әлі оң-солын білмейді! Өзімізде де жоғары оқу орны жетеді ғой, басқа тілді үйренуге де мүмкіндік бүгінде толып жатыр. Алдымен оқысын елде, сосын білімін жетілдіргісі келсе, ақыл тоқтатқанда шетке баруына болады. Ең жаманы, сол шетке кеткен жастар өзге елдің салт-дәстүрін сіңіріп, дүбәра болып шыға келеді. Осы 20 жылда шеттен оқып келіп Қазақстанның, қазақтың көсегесін көгертті деген біреуді көрген жоқпын, естімедім де! Көбісі «Болашақ» сияқты бағдарламамен мемлекеттің ақшасына оқыса да, сол шетте қалып қойып та жатыр.
ЖЕБЕ: Той туралы да айта отырыңызшы...
Зейнеп АХМЕТОВА: Қазір қыз ұзату тойында ұзатылатын қыз әкесімен би билейтін болыпты. Қай атам қазақ қызын билеп, қуанып ұзатқан еді? Бағып-қаққан қызын жатжұрттық етіп жіберіп отыр ғой... Демек, қызын тұрмысқа берген әке қуанып емес, жүрегі қобалжып, езіліп тұр емес пе? Ұзату тойларында қазір бәзбіреулер тойбастар бермейтін болыпты, бұл да салттың бұзылғаны, себебі аты айтып тұрғандай, той ұзату тойынан бастау алады. Ырымы соны меңзейді. Және тойбастар ретінде бір-бір пакетке сарқыт салып әкеп, қасыңа қойып кететінді шығарыпты. Ал, сонда тойбастардан ырымдап, әркім қалағанын таласа-тармаса алуы қайда қалды? Меніңше, ата-баба дәстүрін сақтаймыз десек, қыз-жігіт тойда бірге отырмауы керек және еуропаша оларды қайта-қайта сөз сөйлеген сайын тұрғызу да ерсі нәрсе. Салтымызда әр қызға арналып жеке жар-жар айтылатын. Осыны жаңғырту да әр қыздың бағын ашатын ырымдар екенін біле жүрсек, артық болмас еді-ау... Сол сияқты тойдағы торттың да қазаққа үш қайнаса сорпасы қосылмайды. Жас келіннің сол шаңыраққа түспей жатып атасының аузына тортты тығуы, әдепке, не салтқа жата ма? Шіркін, ол торттың орнына келіндері есік ашқан жұртына той басында бір-бір кесе шәй құйса, қандай жарасар еді. Есте қалар жағымды оқиға емес пе, оны да шағын ғана той этюді ретінде ойлап табуға болады ғой? Сосын үйлену тойында қыз басынан гүл лақтырады, бұл да шеттен келген ыртың-жыртың, мәнсіз ырым. Ал, осы жерде ұзатылар қыз қазақтың салтымен үкісін берсе қайтеді? Дәстүрімізде тұрмысқа шыққан қыз өзінен кейінгі сіңілісі болса, болмаса өкшесін басқан туысқан сіңілісі болса соған қыз кезінде таққан үкісін үлестіріп, ырымдап бермейтін бе еді? Осыны бүгінгі тойға әдемі етіп неге кіргізбеске? Ал, қазіргі жастар болса Валентин күні деп, күнәһардың жолын жаңғыртқандарына мәз болып жүр. Дендеп кірген бұл пәле мектеп түгілі, балабақшаға сіңіп үлгеріпті. Бесіктен белі шықпаған бүлдіршіндер ол күні бір-біріне сыйлық беретін көрінеді. Міне, батыстың идеологиясы. Ал, осы өзімізде жоқ па енді? Наурыздағы ұйқыашар мен селт еткізер деген қандай әдемі, тәрбиелік мәні жоғары дүниелер. Енді махаббат күнін атайық деп шығарды. Бұдан өткен сорақылық, дарақылық болмас! Айналайын-ау, шындап келгенде махаббат, ол өлім секілді, адамға бір-ақ рет келеді. Қалғаны сыйласу, достасу, ұнату, жақсы көру... Ал, о, заман да бұ заман, күн белгілеумен махаббат келуші ме еді? Сол Ғашықтар күні деп талай қыз өзінің тазалығынан айырылуы мүмкін. Теледидардан, радиодан Қыз Жібек пен Баян сұлу күні деп белгілейік деп келіп сайрайды-ау... Біле білсеңіз, сол Қыз Жібектің де Баян сұлудың да тағдырлары аянышты трагедия ғой, шынайы махаббаттары болғанымен. Ендеше ырым қайда бұл жерде, тағы да бұра басу, ойланбау...
ЖЕБЕ: Бүгінгі ене мен келіннің қарым-қатынасы неге қайшылыққа толы болып кетті? Кінәні кімнен іздегеніміз жөн?
Зейнеп АХМЕТОВА: Қазіргі келіндердің бәрі бірдей шетінен сүттен ақ, судан таза деуден аулақпын. Ол әрине үйде көрген тәрбиесіне, ұшқан ұясының тектілігіне байланысты. Дегенмен әңгімені енелерге бұрғым келеді. Қазақ жат жұртқа келген келінге тұра бас салып зекімеген, ешқашан жасытпаған, әбден сол үйге балай батып, судай сіңгенше қамқор болып, көңіліне қаяу түсірмей тәрбиелеуге тырысқан. Ал, қазіргі енелердің көбісі келінін кемсітуге, сыртқа шығып жамандауға дайын тұрады. «Келін – ененің топырығынан» деген бекер айтылмаған, сондықтан ене бірінші болып келініне мейіріммен қараса, шеттен шыққан жері болса айыптаудан бұрын, ақылмен, жылылығымен жөнге салса келіні келсап болмасы анық. Мен де келінді болдым, немерелерімді бақтым, алдымен өзімнің қамқорлығымды аямадым, жемісін Аллаға шүкір көріп отырмын. Жат жерге келген келін неге өзін еркін сезінбеуі керек? Неге өз ойын ашық айтпауы керек? Көзге тура қарау, ойыңды ашық айту деген маған атамнан қалған тәрбие, өсиет. Мен оны өз келініме де үйреттім. Одан жаман болмадық. Баламды үйлендіре салысымен бөлек отау етіп шығардым. Мұны да мен ата-баба салтын сақтау мақсатында орындадым. Қазағымнан қай өнеге, қай мәдениет, қай әдеп қалған дейсіз... Жасырары жоқ, талай қазақ келіндерінің бұйығы болып қалуы сол ененің дұрыс бағытты сілтемей, керісінше зекіп, басып тастауы, оның іштен тынып, ашылмай қалуына, қала берді туыс-жарандармен аралас-құраласы жараспай кетуі де соның кесірінен болып жатады. Баласын келініне қарсы қойып, өзін құрбан етіп көрсететін енелер де бар. Ең өкініштісі, осылардың ішінде енелердің көпшілігі ертеңгі ұрпағының қамын ойлаудан қалып барады. Қалай дейсіз ғой? Бұл әрине, өкінішті үрдіс. Әже болғысы келмейтін енелер көбейді. Немере бағудан гөрі ел кезіп қыдырып, шетел аралап, жанын күйттеп, санаторий, курорт жағалағанды жөн көретін болды. Жинала келе бұл үрдіс ұрпақ тәрбиесінің әлсіреуіне әкеп соқтыруда. Негізі енелер мен келіндер мектебін ашу керек. Бұл – уақыт талабы. Қыздарын қазіргі аналар жат жұртқа барасың деп, келін болуға дайындамайтын да болды. Көпке топырақ шашудан аулақпын. Бірақ, күні кешке дейін қызметтен қолы босамайтын қызметбасты аналар қызын үй шаруасына баулуға да уақыт таппай жатады. Бізді кезінде анамыз 6-7 жасымызда-ақ ас үйге кіргізіп жіберген еді. Өз басым 8-9 жасымда нан илеп, қамырды қағаздай ғып жазып, кесте тігіп, іс тіктім. Сенсеңіз, соның бәрі шын пайдаға асқан кезі, сол келін болған уақытымда еді. «Қызым, саған айтам, келінім сен тыңда» өте үлкен психологиялық тәрбие мектебі. Оны келіннің меңгеруі мен меңгерте білу жетіспей жатқаны рас-ақ....
ЖЕБЕ: Сіз бақытты келінсіз ғой, жұрт осылай дейді, дегенмен осы құрметті қалай қабылдайсыз?
Зейнеп АХМЕТОВА: Аллаға тәуба, қайда барсам да халқым сый көрсетіп жатады. Бірақ мен оларды қашанда атаға көрсетілген құрмет, ол атаның атағы деп қабылдап келдім, ары қарай да солай болады! Сондықтан тәкаппарлық, паңдану, пендешілік дегендерден сақтану маған оңай болды. Әйтпесе, кім атақты адамдардың келіні болмай жатыр дейсіз... Бірақ мен шынымен де бақытты келінмін, өйткені атамның тәрбиесін көрдім, соның арқасында ешқашан мұрнымды көтерген емеспін. Аллаға шүкір!
ЖЕБЕ: Зейнеп апа, «Шуақты күндер», «Бабалар аманаты» кітаптарыңыз әлі күнге дейін қолдан-қолға түспейді. Десек те осы шығармалардың әлі нүктесі қойылмағандай көрінеді маған. Мүмкін тағы бір жарқ етер дүниеден дәмеленсек бола ма?
Зейнеп АХМЕТОВА: Сұранып тұрған дүниелер болғандықтан оны шығару парыз да, міндет те шығар. Амандық болып, Алла жазса, ата-баба дәстүрімізді, салтымызды, тұп-тұнық қазақы әдептерімізді рет-ретімен, қаз-қатар өз орнына қоятын кітап жазуды қолға алып жатырмын. Тек оны уақыт еншісіне қоя тұралық.
ЖЕБЕ: Ендеше, халқыңызға сол кітапты ұсынар күніңіз де тезірек тусын деп тілейміз Алладан! Алтын уақытыңызды құнды дүниелерге сарп еткеніңіз үшін, жұртыңыздың атынан рахмет айтамын.
ЖЕБЕ ақпараттық порталы
Зейнеп АХМЕТОВА: "Қазақ бәрі болғысы келеді, ағылшын да, араб та. Тек қазақ болғысы келмейді!"
Последние статьи автора