- Эй, қайда барасың?
- Магазинге!
- Қалтаңда тиын болса, сущняк пен тіске басар ал да, бері қарай тартылсай.
- Айтсаң болды ғой, братуха!
Міне, қазіргі жастардың сөйлеу әдебі мен мәдениеті осы қалыпта. Ақын Мағжан Жұмабаевша айтқандағы таза, терең, өткір, күшті, кең тіліміздің өзегіне түскен жегіқұрты да – дәл сол жарымжан сөздер. Ал, төл тіліміздің тамырынан жан, сабағынан нәр кетіріп, түрлі жаргондар мен сленгтерді жиі қолдану бүгінгі буынның әдетіне айналуда. Жастар сөздігіндегі сипатсыз жаргон сөздердің мағынасы бар ма? Әдетте белгілі бір әлеуметтік немесе қызығушылығы ортақ топтардың басқаларға түсініксіз, құпия мағынада сөйлесуі осылай аталады. Күнделікті айтылып жүрген жаргон және сленг сөздер төл тіліміздің тазалығын ластап, тұнығын лайлап, кәусарын сарқып та үлгерді. Мәнсіз, мағынасы да түсініксіз бұл сипаттағы сөздерді жастар көп қолданатындықтан ортаға сіңісуі де тез, айтылуы да жиі. Мәселен, жоғарыдағы «сущняк» сөзі – шөл басар сусыны, «тіске басары» – қажетті тағамы, ал «тартыл» дегені – қатарымызға қосыл, жанымызға кел дегені. Онсыз да елге, жерге, ұлтқа, руға, дінге, тілге бөлініп жүрген қазақ жастары қазіргі күні тіл ішінен тіл қалыптастырды. Тіл тәрбиесі тал бесіктен басталарын ескерсек, жастардың ауызекі сөйлеу мәдениеті табалдырықта қалып қойған секілді. Заман талабына сай болуға ұмтылатын бүгінгі буын өздеріне ыңғайлы түсті тауып алуға қашанда бейім. Әрине, киген киімі, қыдыратын орыны мен мамандықтарының өзгеше боларын білгенмен, өздеріне тән тіл қалыптастырады деген ойды ешкім ойламаса керек. Сондай-ақ, қалыпты тілден ауытқыған мысқылды сленг сөздер де санамызға дендеп сіңіп алған. Бұлардың ана тілін жүдетіп, қайратын сындырып жүргені тағы бар. Бейәдеби тілдің катарына жататын жаргондар мен сленгтер түсініксіздігімен қатар құлаққа түрпідей тиеді. Не грамматикалық, не фонетикалық тұрғыдан сипат түгіл сиқы да жоқ бұл сөзге жастар неге сонша құмартып жүр? Бәлкім, жанындағы адамдарға әсер қалдыру үшін елден ерекшеленген түрі болар. Егер түпкі ойы осыған саятын болса, онда біз тұрпайы мәдениет пен жұрдай әдептің арасында жүрміз. Себебі, қолайсыз айтылған сөз саптауынан қандай әдеп, қандай сыпайылық күтуге болады. Ол – ол ма, жол-жөнекей жолығысып қалған құрбылардың өзі қарапайым ғана хабарласып тұратындықтарын жеткізу үшін “курста болайық” деп жаргондап жеткізеді. Осыдан кейін қоғам мен адам жаны тазалығының сақталарына күмән бар. Ал жаны тазайын емес адам айналасын да ластап, ардан безіп, ұяттан аттап, әдептен аулақ болары белгілі. Жабайы тіл мәңгүрт ойдан туады. Сонда біз қандай ұрпақ тәрбиелеп отырмыз?
- Өткендегі фигурасы ат деп жүрген қызға не қылдың, сөз салдың ба?
- Жоқ...
- О, тормоз, неғып жүрсің енді зависать еткен дискі сияқты...
- Ой фигурасы ат болғанмен, бетін трактор басып кеткен.
- А-а-а.
- Өзі анда-санда маяк тастап тұрады, мен де типаж боп звондамай жүрмін.
- Байқа! Құлағыңнан теуіп кетіп жүрмесін.
Қарап отырсаңыз, әлеуметтік желілердегі екі достың әңгімесі жабайы жаргондар мен сленгтерсіз өрбімейді. Онсыз сөйлесе, жастар тілімен айтқанда, “жер” (ұяттан төмен қарау) болып қалардай. Ал жастар небәрі 40-50 шақты жарымжан жабайы сөздерді қашанғы сүйреп, қай жерге дейін жеткізер екен. Ілтипат жұтаңдап, инабат жоғалған мына заманда тіл әдебінің де құрдымға кеткендігі баба аманатына жасалған қиянат екендігі рас. Алаш зиялысы М.Шоқайша айтқанда “Тіл - халықтың перзенті”, ал біз оны Абай тілінде, қашан ұстартады екенбіз.
Уақыт өтер, керуен көшер. Ал тіл тазалығын сақтау туралы мәселе жастардың сөйлеу мәдениеттілігінен басталу керек. Бізде бәрі тазаланып келеді. Әсіресе, көшедегі қоқыс тастағанға да ескерту беріліп, айыппұл төлетеді. Ал тілге келгенде жігер де жоқ, жүген де жоқ. Кім қалай сөйлесе де өз еркі, себебі тілге салынар тұсау тағы жоқ. Құрығанда құрмет болса ғой. Өкініштісі, төл тіліміздің сол қоқыс құрлы беделінің болмағандығы. Бәлкім бізге де кей мемлекеттер секілді “Тіл полициясы” қажет шығар?!