Жансүгіров неге "жапон тыңшысы" деп айыпталды?
«Түркістан» газетінде жарық көрген сұхбатында өткен ғасырдың 20-30 жылдары араб әліпбиімен басылымдарда жарияланған Ілияс Жансүгіровтің еңбектерін аударған публицист, зерттеуші Қажет Андас ақын, публицист жайлы тың ойларымен бөлісіпті.
– Осыған дейін Ілияс Жансүгіровтің өлеңге құштарлығын оятқан Абай Құнанбайұлының шығармалары деп келдік. Ал сіз зерттеуіңізде ақынның бастапқы ұстазы Шәкәрім қажы дейсіз. Оған қандай ғылыми дәлеліңіз бар?
– Ақын мұрасын ақтарып жүріп, оның 1912 жылы «Қылыя мектебінде» оқып жүргенде құныға оқыған Шәкәрім Құдайбердіұлының «Қалқаман-Мамыр» поэмасы қолымызға түсті. Сол кітаптың мұқабасына қарындашпен жазылған «Мені жырға құмарландырған жыр осы болды» деген жазуды оқыдық. Өшкіндеген жазуды үлкейткіш аспаптың көмегімен оқығанда мәтіннің астында «Қызырілияс» деп қол қойыпты.
Демек, Ілиястың өлеңге деген өзгеше құштарлығын оятқан Шәкәрім қажы екендігі айдан анық. Әрине, оқырмандар тарапынан: «Ілияс өзінің ұстазы жайлы өмірбаянында анықтап жазып кеткен жоқ па? Неге сол жазбада Шәкәрім туралы айтпайды?» деген сұрақтардың туындайтыны заңды. Мемлекеттік орталық мұрағатында (ҚРОММ), 1368-қор, 1-тізімдеме, 1-іс, 28-20 пп. қолжазба түрінде сақталған Ілияс өмірбаянының 1928 жылы Мәскеуде жазылғанын білеміз. Бұл жылдары Шәкәрім қажының басына қара бұлт үйіріліп, оның атын атамақ түгіл, маңынан ағайыны аулақ қашқан заман болғаны белгілі. Сондай жағдайда Ілияс Шәкәрімнен үлгі алып, ақындыққа бет бұрғанын тәптіштеп жазуы мүмкін бе? Бір өкініштісі, осы күнге дейінгі зерттеушілер Абай мен Ілияс мұрасын салыстырмалы түрде зерттегенімен, Шәкәрім мен Ілияс шығармаларындағы үндестікке үн қосқан ешкім жоқ. Егер, байыптап қарасақ, Шәкәрім мен Ілияс шығармаларындағы азаматтық ұстаным, болмысқа болжау жасау, дінге, тілге, ділге құштарлық, тереңдік пен сезімталдық бір-бірімен терең қабысып, үндесіп жатады.
– «Қызырілиястың» Ілияс Жансүгіров екені анық па?
– Мұны анықтау үшін Ілиястың атын қойған қобызшы Молықбай туралы дерек жинау керек болды. Сонымен ізденіп жүріп қобызшы Молықбайдың архивте сақталған жалғыз суретін тауып алдық.
Нақтылап айтқанда, қобызшы Молықбайдан қалған бұл суретті Талдықорғанда тұратын өлкетанушы Жемісбек Толымбекұлы мұрағаттан іздеп тапқан болатын. Біз бұған дейін сақалы беліне түсетін, басына құндыз бөрік киген, суретшілердің қиялындағы бейнесін қобызшы деп келдік. Ал суреттегі Молықбайға қарап оның қарапайым, қатардағы қазақтың бірі болғанын біле аламыз. Ақсудағы патша отаршылдарына қарсы тұрған, қудаланған Молықбай күйші дінге берік, ділі таза адам еді. Ол Семейде жасырынып жүрген жерінен ауылына шақырып, баласының атын қойдырған Жансүгір досының тілегін жықпайды. Сондықтан сәбиге «Қызырілияс» деп азан шақырып ат қояды.
Қайынағаларының атын атамайтын жеңгелері «Қызыр» деген қосымшаны алып тастап, нәрестені Ілияс деп атайды. Қысқасы, «Қалқаман-Мамыр» кітабындағы «Қызырілияс» есімі сол шындықтың бізге жеткен белгісі. Бұл есімді «Мамания» мектебіне түскенге дейін қолданады да, кейін Біләл Сүлеевтің ұсынысымен атын Ілияс деп атайды. 2014 жылдың көктемінде Ақсу ауданына барған іссапарымда ақсулық ақсақалдардан да осы жайлы сұрап көрдім. «Үлкендерден естігенбіз, бірақ есімізге түсіре алмадық», – деп жауап бергендер болды. Сондықтан бұл тақырып әлі де зерттеуді қажет ететіні анық.
Молықбай қобызшы
– Сіз «Ілиясты ең әуелі журналист ретінде тану керек» деген пікірдесіз. Оның қандай негізі бар?
– Шындығына келгенде, Ілиястың қазақ журналистикасына сіңірген еңбегі зор. Біріншіден, ол қазақ баспасөзінде ерекше орны бар қазіргі «Егемен Қазақстан», «Қазақ әдебиеті», Алматы облыстық «Жетісу» газеті сияқты өміршең газеттер мен «Қазақ әйелі», «Әдебиет майданы» сияқты журналдарда белсенді еңбек етті. Яғни, оның жалынды публицистикалық еңбектері мен отты өлеңдері газетте жүргенде жазылды.
Екіншіден, өткен ғасырдың 20-жылдарындағы қазақ баспасөзі тілінің қалыптасуы үшін жанын сала күрескендердің бірі Ілияс. Оның «Абай кітабы», «Баспасөзді қалай көтермелеу керек?», «Пән атамалары», «Мәскеу баспасындағы қазақша кітаптар», «Емле жайлы», тағы басқа да еңбектерінде қазақ баспасөзінің қадірін арттырудың толғақты мәселелерін көтерсе, өзі қазақ журналистерінің алғашқы легін қалыптастыруға жанын сала еңбек етті.
Үшіншіден, қазақ журналистика саласында ең алғаш рет «Кереге газеті жайлы көзқарас» атты дипломдық жұмысты Мәскеуде қорғаған Ілияс екенін біреу білсе, біреу білмейді. Ал қазақ баспасөзіне қажетті терімші, корректор, әріп тізуші мамандарды алғашқылардың бірі болып тәрбиелеген де Ілияс бабамыз. Өкінішке қарай, мұны білетіндер көз тірі кезінде бұл жайлы айта алмады. Ілияс жайлы айтыла бастаған тұста олар өмірден озып кетті. Осы және бұдан басқа да дәлелдер Ілиястың қазақ баспасөзінің іргесін қалаған ірі тұлға, қазақ журналистикасының атасы деп атауға лайықты адам болғанын көрсетеді.
– Біләл Сүлеев, Мұхтар Әуезов, Ілияс Жансүгіровтердің бір-бірімен байланысы туралы айтылғанда ұдайы Фатима апамыздың аты аталады. Ал, олардың рухани үндестігі туралы не айтасыз?
– Осы күнге дейін Ілиястануда тағы бір басы ашылмай келе жатқан мәселе Фатима және Біләл, Ілияс, Мұхтар арасындағы адами қарым-қатынас. Шындығында, Фатима апамыз қазақтың жоғарыда аталған үш алыбымен неке қидырып, ұрпақ сүйгенін бәріміз білеміз. Бірақ осы күнге дейін біз осы үш алыпты бірімен-бірін байланыстыратын жолды Фатима апамыздың өмірінен ғана іздеп келдік. Мен Ілиястың 20-30 жылдардағы газет-журналдардағы еңбектерін, ел арасынан жинаған аңыздарын, экспедиция барысындағы қолжазбаларын оқып отырып, үш алыптың ортасындағы байланыстың тамыры тереңде жатқанын және көзқарастарының бір арнада тоғысатынын аңғардым. Нақтырақ айтқанда, олардың ара-қатынасына Фатима апамыздан гөрі, азаматтық ұстанымдары мен ұлттық мүдде жолындағы күрескерліктері себепкер болған.
Біләл Сүлеев пен Ілияс Жансүгіровтің азаматтық тұрғыдағы жақындығы 1914 жылы «Мамания» мектебінде басталады. Осы кезде Біләл Сүлеев Ілиястың ұстазы ретінде оған көптеген ақыл-тәжірибе үйретеді. 1917 жылы Біләл Сүлеев Ақсу ауданының Жартоған деген жерінде ауыл мұғалімі болып жүрген жас Ілиясты Алматыға шақырып, Жетісу-Семей өңіріне аттанған экспедицияның құрамына қосады. Ілиястың мұрағатта сақтаулы қолжазбасының кейбір тұстарынан білгеніміздей, Біләл Ілиясқа екі тапсырма жүктейді. Бірі – қазақ ақыны Абай туралы мәлімет жинап қайту болса, екіншісі, Семейдегі Әуезұлымен кездесу. Яғни, Мұхтар Әуезовтің «Алаш» партиясындағы ықпалын пайдаланып, аталмыш партиямен қарым-қатынас орнатуды көздеген. Бұл жолы Ілияс Біләлдің екі тапсырмасын да толығымен орындайды. Абай жайлы тың деректер жинаумен қатар, Мұхтармен танысып, оның көмегімен «Сарыарқа» газетіне «Тілек» атты өлеңін жариялайды.
1918 жылдары араб және латын әліпбиінің қайсысын қолдану керектігі туралы пікірталас туындайды. Осы тұста Ілияс араб әліпбиін қолдаса, Мұхтар бірден латыншаға көшу мәселесін көтереді. Осыған қатысты ойларын екеуі де «Абай» журналына жариялап, көптің талқысына ұсынады. Екі айрылған пікірге ара ағайындық танытқан Біләл Сүлеев «Абай» журналының 1918 жылғы 12 нөмірінде журнал редакциясы атынан Ілияс пен Мұхтарды ынтымаққа шақырып, хат жазады. Үш алыптың ортасындағы қарым-қатынас міне, осылай, Фатима апамыздан бұрын қалыптасқан. Кейін 1922 жылы Ілияс «Қосшы» ұйымын ұйымдастырушылардың бірі болып жүрген кезде бір жиналыста Абай ақынның мұрасын зерделеу туралы мәселе көтеріледі. Сол жиналыста Ілияс Жансүгіров «Қосшы» ұйымындағы ықпалын пайдалана отырып, Абай мұрасын жинаудың жауапкершілігін Шәкәрім, Ахмет Байтұрсынов пен Мұхтар Әуезовке жүктейді.
«Енді Түркістан Білім комиссиясы һәм талай ұйымның істейтін кезектегі жұмысы, негізгі жұмысының біреуі осы «Абайды» толғырақ қылып шығару. Бұл жөнінде Абайдың басылмаған, шашау жүрген сөздерін жиып, оларға сын беріп, түртпелеп, өмірін толық жинақтап, жемісті қылып шығаруға тырысу керек. Бұл туралы газеттерге хабарлар жазып, жалпы халықты хабарландыру керек. Абайды жете білетін Шәһкерім, Мұхтар, Мағжан, Әлихан, Ахмет сияқтыларды бұл жолға үндеу керек. Сөйтіп осы бастан қам қылып, асықпай бірнеше жылды мойынға алу керек» («Абай кітабы», Ілияс Жансүгіров. «Тілші», №37, 1923 жылы, 8 май). Осыдан бастап Абай мұрасын зерттеу ісі Мұхтардың еншісіне тиеді әрі Ілияс өзіндегі барлық ақпаратты Мұхтарға табыстайды. Арада 20 жыл өткен соң қазақты әлемге танытқан әйгілі «Абай» эпопеясы жазылады.
– Сіз І.Жансүгіровтің Алматыдағы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетін басқарғаны туралы тың деректерді көтеріп жүрсіз. Бұл қаншалықты шындыққа жанасады?
– «Тілші» газетінің №152, 4 январь, 1925 жылғы санында Ілиястың «Қазақ институтының өмірі» атты көлемді материалы жарияланады. Мұнда Қазақ институтының 1921 жылы құрылғаннан, 1924 жылға дейінгі даму барысы сөз болады. Сол мақалада: «23-ші жылдың жазында... мектептің табантасын қалап, ұйымдасуына ұлы еңбек сіңірген Шамғали жолдас еліне қайтқысы келіп (Бөкейге), меңгерушіліктен босанады да, оның орнына жолдас Деникейұлы меңгеруші (директор) болады... 1924 жылы жаздың басында институттың меңгерушілігінен Деникейұлы босанып, Жансүгірұлы меңгерушілік міндетін алады. Институт мемлекет асырауынан шығарылып, жергілікті қаражатқа қалдырылады», – деп жазады. Одан ары институт өмірі жайлы толық мағлұмат береді. Бұл институт 1928 жылы Абай атындағы педагогикалық институт болып қайта құрылады. Қазір сол оқу орнының фойесінде ілулі тұрған ректорлардың қатарында Шамғали бар да, Ілияс жоқ. Ендеше, бұл да Ілиястанудағы бір олқылық деп есептеймін.
– 1937-38 жылдардағы репрессия кезінде қазақ зиялылары бір-бірін қаралап мақала жаза бастады. Бұл жағдайдың саяси астары бар ма?
– Шындығында, өткен ғасырдың 30-40 жылдар аралығындағы баспасөздерді ақтарып қалсаңыз қазақ зиялыларының бірін-бірі аяусыз қаралаған мақалаларынан көзің тұнады. Бұл – шындық. Түптеп келгенде, соның бәрі қолдан жасаған саяси ойын екенін кейбіреулердің мойындағылары келмейді. Басқасын қайтелік, Ілиястың тұтқынға алынуына Мұхаметжан Қаратаевты осы күнге дейін кінәлап келеміз. Расында, мұрағаттағы құжаттарда Ілиясты қаралаған Қаратаевтың материалы бар, тіпті, Ілияс тұтқындалған күннің ертесінде оның үйіне Қаратаев көшіп кіреді. Фатима апамыздың да кейін Қаратаевты жерден алып, жерге салғанын оқып өстік. Ал, қолға түскен сол құжаттарды арнайы сараптамадан өткізгенде қойылған қолдардың алуан түрлілігін байқап қалдық.
Біз сонда ғана Ілиясты қаралаған сол құжаттардың біріне есіктегі күзетші, енді біріне еден жуушы, енді біріне тергеушінің Қаратаев атынан қол қоя салғанын аңғарғандай болдық. Мұндай қитұрқылықты Қаратаевтың өзі де білмеген болуы керек. Тірлігінде айта алмай, тілі байлаулы кетті.
Екіншіден, Ілиясты ақтап алу үшін Қаратаевтың қаншалықты күрескенін ескерсек, сол тұстағы қоғамдық идеологияның қазақ зиялыларының арасына осылай от тастап, бірін-біріне айдап салғанын оп-оңай біле аламыз. Сондықтан біз жастарға сол кездегі қазақ зиялыларының бір-біріне жау болмағанын дұрыстап түсіндіріп, сол ақтаңдақтың кеңестік саясаттың кесірінен туындағанын дәлелдеп көрсетуіміз керек. Бұл тақырыпты зерттеу де үлкен еңбекті қажет ететіні анық.
– Жансүгіровті қазақ қаншалықты деңгейде таныды деп санаймыз?
– Несін жасырайық, біз әлі де Ілияс туралы кезінде кеңестік идеология жасап берген шиырдан шыға алмай келеміз. Ол не? Ол – Ілиясты Құлагер ақын деп санайтын тұжырым. Расында, қазірге дейін ел арасында құрметпен аталатын бұл сәйкестікті теріске шығару оңай жұмыс емес.
Мұрағаттардағы қолға түскен дерек пен дәйектерге сүйене отырып, осы бір тұжырымның Ілиясты ақтап алу үшін Мұхаметжан Қаратаев бастаған ұлт зиялыларының ойлап шығарған әдіс-айласы екендігіне көзім жетті. Олар Ілиясты Батыраштардан қорлық көрген Құлагерге теңеп, оны еңбекші елдің адал перзенті тұрғысынан көрсету арқылы ақтап алуға тырысты. Кеңестік биліктің жандайшаптары Ілиясты қыршынынан қиылған Құлагер ретінде көрсетіп: «Аяғыңды аңдап баспасаң, сенің де көретін күнің осылай болады», – деп қазақ жастарына ескерту жасаудың таптырмас құралы ете қойды.
Осы бір тұжырым Ілиястың ақталуына себеп болғанмен, бір жағынан қазақ баласының аяғын тұсайтын түсінік болып та келеді. Ендеше, бүгінгі тәуелсіз елдің ұрпақтары үшін Ілиясты бұлай танудан гөрі, оның азаматтық, алғабасарлық, ізгілік жолын нұрландыратын өмір жолын насихаттаудың пайдасы мол деп есептеймін.
– Ал, Ілиясқа НКВД таққан айыптардың шындыққа жақындығы бар ма?
– Мұрағаттағы іс парақтарынан Ілиясты тергеу барысында оған «жапонның тыңшысы» деген айып тағылғанын білдік. Расында, Сәкенге ағылшынның, Бейімбетке француздың тыңшысы деген айып тағылған екен. Мұрағаттағы және баспасөздегі Ілиястың қолжазбаларын зерделеу барысында бір қызық жағдайға тап болдым. Өйткені «Тілші» және «Еңбекшіқазақ» газеттерінің сарғайған сандарын ақтарып отырғанда «Шетел» жаңалықтары деген айдармен берілетін саяси шолуларды көзіміз шалды.
Онда Жапония сияқты азиялық мемлекеттер мен өркениетті Еуропа елдерінің мәдениет, экономика, тағы басқа да саладағы жаңалықтары мен тәуелсіздікке жету жолындағы күрестері жазылып, оқырманға түсіндіріліп отырған. Яғни, Ілиястың жапондықтардың мәдениеті мен тарихы, өнері мен өрлігі туралы көбірек жазғанын байқаймыз.
Сайып келгенде, Сәкен, Бейімбет, Ілияс «Қосшы» ұйымындағы беделін пайдалана отырып, публицистикалық шеберліктерімен халықты, әсіресе, ұйқыда жатқан қазақты оятуды мықтап қолға алған. Кеңестік билік бұны дер кезінде сезіп, аяусыз басып, жаншыды. Қазақта: «Елу жылда ел жаңа» деген нақыл бар. 1991 жылы халқымыз мәңгілік егемендікке қол жеткізді. Бір кезде Ілиясқа тағылған «жапон тыңшысы» деген ауыр айып ол кісінің өміріне шабылған балта болды. Ең бастысы, Алаш арыстарының мақсат-мұраты ұлт азаттығы еді.
– Әңгімеңізге рахмет!