Жала
Шәкен Айманов. Бұл есімді айтқанда қазақтың кең даласы, алып сахарасы көзге елестейді. Оның бойына сондай телегей-теңіз өнер, дархандық, кеңдік, жомарттық, мәрттік қонған. Және соның бәрін ол асылық сөз айтып, менсінбейтіндерге, нақты ісімен мойындатқан өзгеше құбылыстардың бірі.
Осы арысымызды еске ала отырып, төмендегі мақаланы жазуға түрткі болған мына жайт еді. Көрші елдің «Ю тюби» сайтынан жақсымыздың атына жала болмаса да жағымсыз сөз айтылды. Сол жанға батып кеткен соң қолға қалам алдық.
Осы сайттан бірде татар актері Раднэр Муратов туралы айтылатын деректі фильмді көріп қалдық. Бұл есімді көп адам біле бермеуі мүмкін, бірақ «Джентльмены удачи» фильміндегі бір жағы мазақ, бір жағы жеңіл күлкі үшін тудырылған «Василий Алибабаевич» есімімен танылған персонажды жұрттың бәрі біледі. Аңқау, адалдығымен қоса ақымақ болып көрінетін ортаазиялықтың жеңіл рөлін ол біршама сәтті шығарған.
Аталмыш деректі фильмнен актер Раднэр Муратов Татар автономиялы респуб-ликасының бірінші хатшысы қызметін 13 жыл бойы атқарып, 1957 жылы 52 жасында зейнет демалысына шыққан Зиннат Ибатұлы Муратовтың отбасында өмірге келген жалғыз бала екенін білдік. Партия ісіне жан-тәнімен берілген әкесі перзентінің есімін де елден ерекше етіп, сол кездегі үрдіспен «рад» – «радуйся», «н» — «новой», «эр» — «эре» деген сөздерден алып қойған екен. Мұны қазақшаласақ Жаң-за-қу (жаңа заманға қуан) болар еді…
Деректер Раднэр Муратовтың өте көп, атап айтқанда 80-нен артық киноға түскенін, бірақ ойнаған рөлдерінің бәрі де эпизодтық болғандықтан көп фильмдердің титрында оның аты-жөні көрсетілмегенін айтады. Соның бірі Шәкен Айманов 1966 жылы түсірген «Атамекен» («Земля отцов») фильмі екен. Мұнда Раднэр поезда қашып жүрген черкестің рөлінде ойнайды. Есте қалатын емес, бір сәттік қана эпизодтық рөл, тіпті түрі де анық көрінбейді.
Фильмде Р.Муратов туралы әңгіме айтқанның бірі оның досы Анатолий Яббаров есімді татар актері. Бұл да «Джентльмены удачи» фильміндегі эпизодтық рөлде ойнаған. «Доцент» биік үйдің төбесінен құлатып жіберетін «Митяй» бар еді ғой. Міне, сол «Митяй» осы.
А.Яббаров біршама деректердің қатарында Шәкенге қатысты Раднэрдің «өз аузынан» естіген бір әңгімесін де айтып берді. Оның қысқаша мазмұны мынадай: Шәкен Айманов фильм түсіріп жатқан уақыттарында шағын үзіліс бола қалса өзімен шахмат ойнайтын адам іздейді екен. «Атамекенді» түсіріп жатқанда да солай болыпты. Ойында ештеңе жоқ Раднэр Шәкеннің қарсыласы болып ойынға кірісіп кетеді. Шахматты жақсы ойнайтын ол режиссерді шағын үзілісте 2-3 рет ұтып кетеді.
Осыдан әрі олар әзіл-қалжыңмен жұмысқа кіріседі. Раднэр көптеген эпизодтық рөлдері үшін фильмдерде аты жазылмайтынына ренжіп жүреді екен де Шәкеңе өзінің есімін титрда көрсете салуды өтініпті. Оған Айманов жазғызамын деген уәдесін береді. Сонымен, фильм түсіріліп болған соң оны Мәскеудегі Госкинода қабылдау болады. Раднэр де келіп қарап отырады, алайда титрдан өзінің аты-жөнін таппай, ренжіп қалады. Фильмнің ұзын-ырғасы – соғыста қаза тапқан баласының сүйегін туған жерге әкеліп жерлеу үшін немересімен бірге жолға шыққан ақсақал жайлы. Міне, фильм де аяқталып келеді, қария баласының бейітін тауып, оның қабірін құшақтап, көзіне жас алады. Сонсоң сәл шегініп, басылып отырады. Осы кезде камера зиратқа қойылған тақтаны анық көрсетеді. Сөйтсе, онда «здесь покоится Раднэр Муратов» деп жазылған екен. Бұл жазуды көргенде Раднэр тіксініп қалады.
Фильмді қабылдау аяқталған соң сол маңдағы ресторандардың бірінде режиссер Ш.Аймановтың ұйымдастыруымен әдеттегідей банкет болады. Онда Шәкен Рад-нэрді көріп, өзіңді титрдан таптың ба, қалай қатырдым ба деп қалжыңдайды. Одан әрі дастарқан қызуы басталып кетеді. Бір кезде төрде отырған Ш.Аймановқа Госкинодан шақыру келіп, ол жұрттан кешірім сұрап, кетіп қалады. Аздан соң бір адам келіп, оны жаңа ғана машина соғып, тіл тартпастан қаза болғанын жеткізеді…
Міне, әңгіменің ұзын-ырғасы осындай. Ол фильмде Р.Муратовты «өлтіріп» қойғаны үшін, демек оның өлімімен ойнағаны үшін Ш.Аймановқа Жаратқанның жазасы жеткен деген ой тудырумен аяқталады.
Қазақтың көзіқарақты, көкірегі ояу жандарының бәрі де мұндағы өтіріктерді біліп отыр. Өйткені, қазақ қауымы Шәкен Аймановтың «Атамекенді» түсірген 1966 жылы емес, «Атаманның ақыры» фильмін түсірген 1970 жылы машина соғып қаза болғанын жақсы біледі. Екіншіден, «Атамекен» фильмінде зираттың басында А.Яббаров айтқандай белгі жоқ. Осы фильмді қайтадан қарап шыққанда да «Бауырластар зиратына» қойылған тақтада қайтыс болғандардың тізімі ғана жазылғанын көрдік. Онда басқалармен қатар «Муратов» деген фамилия болғанымен, ешқандай «Здесь покоится Раднэр Муратов» деген сөз атымен жоқ. Демек, Шәкен Айманов ондай тақта жаздырмаған. Үшінші өтірік. «Бауырластар зиратына» қарт (Елубай Өмірзақов ойнаған) жете де алмаған, ол жолда поездан қалып қояды. Әкесінің басына тек баласы (Мурат Ахмадиев) ғана жетіп, мінәжат етеді.
Ендеше, осындай өтіріктер не үшін керек болған?
Бұл тек Раднэр Муратовтың рухына жұрттың назарын аударып, оның «тегін адам емесін» білдіру үшін, қазіргі тілмен айтқанда оған арзан пиар жасау үшін керек болған сияқты. Бірақ сол пиары екінші адамға, яғни қазақтың маңдайына біткен ұлы актеріне қиянат жасап тұрғанын Яббаров та, деректі фильмді түсіргендер де ойына алмаған. Бұл да сол мәскеуліктердің өзгелерді менсінбейтін ертеден келе жатқан озбырлығының бір көрінісі.
Яббаров осы әңгімесін аузы жеткен жердің бәрінде қайталап жүрген көрінеді. Мәселен, «Бульвар Гордона» деген апталық газетте Людмила Грабенко деген журналистің Раднэр Муратовтың өлімі жайлы мақаласы шықты. Осында берген сұхбатында да А.Яббаров жоғарыда айтылған өтірігін толығымен қайталайды. Сонымен бірге, ол осы сұхбатта Р.Муратовтың «Возвращение чувств» деген Татарстанның 50 жылдығына арналған фильмде басты рөлді ойнағанын, сол үшін оған Ресей Федерациясының еңбек сіңірген артисі атағын бермекші болғанын, алайда бастық әкесі телефон шалып, оған бұл атақты беруге әлі ерте екенін айтып, тоқтатып тастағанын айтып береді. Бұл мысалды келтіріп отырған себебіміз, А.Яббаровтың тағы бір өтірігін әшкерелеу. Біріншіден, бұл фильм түсірілген 1979 жылы Татарстанға 50 емес, 60 жылдық қарсаңы болған еді. Екіншіден, Раднэрдің әкесі Зиннат ол кезде лауазымды қызметтен кеткен (1957 ж), біреуге телефон арқылы бұйрық беруден мүлде қалған зейнет демалысындағы адам. Үшіншіден, Р.Муратовтың өзі де «жас емес», 51-ге келген кезі. Сондықтан бұл әңгімелерінің де шындыққа жанаспайтыны көрініп тұр.
Міне, осындай өтіріктерді ресейлік деректі фильмдерден жиі көруге болады. Өзгеге емес, өзімізге қатысты тағы бір мысал айта кетейін. Лейтенант Рахымжан Қошқарбаев 1945 жылғы 30 сәуірде Рейхстагқа ең бірінші болып ту тіккенде қасында Григорий Булатов деген қатардағы жауынгер болғанын білеміз. Алайда бұлардың еңбегін ескермей, қазаққа үлкен атақты қимай, атыс саябырсыған соң командование грузин өкілі Кантария мен орыс өкілі Егоровқа қайтадан ту тіккізіп, екеуіне Батыр атағын бергенінен де хабардармыз.
Соған күйзелген Булатов салынып ішіп кетіп, ақыры жұрттың мазағына айналады. Оған жеңіл ауызды біреулер «Гриша Рейхстаг» деген мазақ ат береді. Міне, осы Г.Булатов туралы да ресейлік деректі фильм жасаушылар «Гриша Рейхстаг» деген деректі кино түсіріпті. Осы фильмде де… аузы-мұрындары қисаймай Булатовтың командирі болған лейтенантты Қошқарбаев емес, «Сорокин» деп ойдан шығарып алған. Әрине, Ахметов, Қойшыбаев, я басқа фамилияны емес, нақ орыстың табиғи есімін алыпты. Ал, бұған не дерсің?
Бұл да сол кеудесін қаға беретін озбырлықтың қалмай келе жатқан ұшқындары. Басқа ештеңе де емес.
Сондықтан да орыс киношыларының деректі деп түсіргендерінің бәріне бірдей сене беруге болмайтынын айтып, «әй дер әже, қой дер қожа» заман болмаған соң, олар өздеріне тиімді етіп, өтіріктің талайын осылай ойына қалай келсе, солай қосып жататынын қандастарымызға білдіргіміз келген еді.