Ұлы Отан соғысы жылдарындағы батыр қалалар
Ұлы Отан соғысы жылдары фашистермен шайқаста ерлік көрсетіп, «Батыр қала» атанған кеңестік қалалар аз болмады. Назарларыңызға «Батыр қалалар» айдарымен берілетін ҰОС жылдары ерлікпен шайқасқан қалалар туралы мәліметтерді ұсынамыз.
Ленинград қаласы (қазіргі Санкт-Петербург). Фашистердің қоршауында қалған бұл қаланың тұрғындары 872 күн бойы жаумен арпалысты. 1941 жылдың 8 қыркүйегінен 1944 жылдың 18 қаңтарына дейін жау қоршауында болған Ленинград қаласына 1965 жылы 8 мамырда «Батыр қала» атағы берілді. Қала қоршауда қалған кезде 1,5 млн адам қаза тапты. Оның 97 пайызы аштықтан көз жұмды. ҰОС-дағы бұл шайқас тарихта «Ленинград блоккадасы» деген атпен қалды. Ленинградты қорғауға, оның түбіндегі жау әскерлерін талқандауға Қазақстанда жасақталған әскери құрамалар (310, 314-атқыштар дивизиялары) қатысты. Мыңдаған қазақстандықтар Ленинград түбінде ерлікпен шайқасты. Шайқастың ауыр күндерінде Сұлтан Баймағанбетов Кеңес Одағының Батыры атағын алды. Балтық флотының “Киров” крейсерінде 156 қазақстандық жауынгерлік борышын орындады. Қазақстан халқы ленинградтықтарға азық-түлік пен делегациялар жіберіп те, хат арқылы да рухани жағынан көмек беріп отырды. Қазақтың халық ақыны Жамбыл Жабаевтың “Ленинградтық өренім!” атты жалынды жыры жауынгерлерді шайқаста жігерлендіре түсті.
Сталинград қаласы. Қала 1942 жылы 19 қараша мен 1943 жылы 2 ақпан арасында жау қоршауында қалып, тұрғындары ерлікпен шайқасты. Қазақстан Сталинград майданының ең жақын тылы болды. Батыс Қазақстан станциялары мен елді мекендерінің кең көлемді бөлігі соғыс қимылдарының аумағына тартылды. Ақтөбе облысының Байғанин, Жұрын, Шалқар, Ключев аудандарында қорғаныс құрылыстары іске қосылды. Жау Қазақстан аспанында 30-ға жуық ұшағынан айрылды. Сталинград шайқасына Қазақстанда жасақталған 27, 72 және 73-гвардиялық атқыштар дивизиялары, 292 және 387-атқыштар дивизиялары, 81-атты әскер дивизиясы, 74-теңіз атқыштар бригадасы, 152-атқыштар бригадасы, 129-миномет полкі және 156-жеке көпір құрылысы батальоны қатысты. Даңқты 62-армияның құрамында 4 мыңға жуық қазақ болды. 64-армияның құрамындағы қазақстандық 29, 38-атқыштар дивизиясы сталинград шайқасында көрсеткен табандылығы мен қаһармандығы үшін 72, 73 гвардиялық атқыштар дивизиясы атанды, 73-гвардиялық атқыштар дивизиясына “Сталинградтық” құрметті атағы қоса берілді. 1942 ж. 22 желтоқсанда “Сталинградты қорғағаны үшін” медалі тағайындалып, онымен 750 мың солдат пен офицер марапатталды. 112 адамға Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Оның төртеуі қазақстандық – ұшқыш Н.Әбдіров, полк командирі Т.С. Позолотин, взвод командирі Г.Г. Рамаев және минометші Қ.Сыпатаев. 1945 жылы 1 мамырда Сталинград(қазіргі Волгоград) қаһарман қала атағына ие болды. Сталинград шайқасы батырларының ерлігін мәңгі есте сақтау үшін 1963 – 67 жылдары Мамай қорғанында мемориалды кешен салынып, 1982 жылы “Сталинград шайқасы” музей-панорамасы ашылды.
Севастополь қаласы. Ұлы Отан соғысы жылдарында Қырымдағы Севастополь үшін болған со¬ғыстың қандай зұлмат құрбандықтарға алып барғаны тарихтан белгілі. 300 мың¬дық неміс армиясын 250 күн бойы жі¬бермей ұстап тұрған батыр қаланың даңқы әлемге жайылды. Севастополь үшін шайқаста Кеңес Одағының батыры Дабаш Бабажанов айрықша көзге түсті. Оның ерлігі батыр қаланы қорғау үшін болған қырғын-қиямет соғыс бейнеленген панорамаға түсірілген. Қалаға 1965 жылы 8 мамырда «Батыр қала» атағы берілді.