Ұлы Отан соғысы тарихына әділеттік керек

Ұлы Отан соғысы тарихына әділеттік керек

Жақында жергілікті баспасөзде көпшілік көңіл бөле бермейтін екі оқиға туралы мәлімет жарияланды. Біріншісі – «Время» газетінде (01.08.2013) «Немересі атасын қалай тапты» («Как внук деда нашел») деген мақалада Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтының студенті Шыңғыс Дәулеткереев Ресейдегі Нижегород облысында ізденіс жұмыстары барысында Ұлы Отан соғысы кезінде майданда қаза тапқан өзінің атасы Сабыржан Дәулеткереевтің денесі мен медальонын тапқаны баяндалған. Екіншісі – «Комсомольская правда. Казахстан» (09.08.2013) газетінде С. Масеев дегеннің соғыс ардагері деген атақты жалған алып жүргені әшкереленгені, ол 1942 ж. фашистерге тұтқынға түсіп, өз еркімен гитлерлік жазалаушы бөлімдерге қызмет еткені, Жеңістен кейін Совет әскерлерінің қолына түсіп, Отанға опасыздығы үшін 10 жылға сотталғаны анықталған. Мәскеу облысының Пушкин қалалық соты С. Масеевті ардагерлік мәртебесін де, жеңілдіктерін де жою жөнінде шешім шығарды. Осы екі оқиғаның өзі-ақ Ұлы Отан соғысының қасиетті де, қасіретті де жаңғырығы бүгінге дейін өшпегендігін, осынау сұрапыл тарихи оқиғаның әлі де зерделі зерттеуді қажет ететіндігін тағы да аңғартқандай.

Совет Одағының 1941-1945 жж. Ұлы Отан соғысы өзінің көлемі жағынан, күйзелісі, қиратуы, құрбандары мен салдарының орасан зорлығы бойынша, адамзат тарихында ешбір соғыс тең келмейтін Екінші дүниежүзілік соғыстың (1939 ж. 1 қыркүйегі – 1945 ж. 2 қыркүйегі) құрамы, нақты айтсақ, негізгі бөлігі болып табылады. Баршаға мәлім, соғыс өрті Еуропаны, Азияны, Африканы, Океанияны – 22 млн. шаршы км. аса зор кеңістікті шарпыды. Оған 64 мемлекет, 1 млрд. 700 млн. адам, төрттен үш бөлігінен артық жер беті тұрғындары тартылды. 110 млн. адам қару асынды, яғни Бірінші дүниежүзілік соғысқа қарағанда 40 млн. адамға артып түсті. Аталған соғыстағы адам шығыны мен материалдық шығындардың есебіне жету өте қиын. Соғыста қаза болғандардың жалпы саны 50 млн.-ға жуық адам, яғни Бірінші дүниежүзілік соғыстан 5 есе көп; оның басым бөлігі Совет Одағының маңдайына жазылды – 26 млн.-нан астам адамынан айрылды. Қазір бұл сан нақтылана келіп, 30 млн.-ға дейін жетті.
Адамзат тағдырындағы фашистік басып алу қаупіне қарсы күшті күрес, негізінен Ұлы Отан соғысында шешімін тапты (1941 ж. 22 маусым – 1945 ж. 2 қыркүйек). Совет әскеріне қарсы Вермахтың 70% әскери күші қарсы тұрды. Совет Одағының барлық республикалары және аймақтарымен қатар, Қазақстан да фашистік Германия мен милитаристік Жапонияны тізе бүктірген жалпы халықтық жеңіске өзінің қомақты үлесін қосты. Бұл үлес Қазақстандағы көптеген монография, докторлық және кандидаттық диссертацияларда, ғылыми және ғылыми-көпшілік кітапшалар мен мақалаларда, құжаттар мен материалдар жинақтарында, сонымен қатар, отандастарымыздың – белсенді майданға және тылдағы ерен еңбекке қатысушылар естеліктерінде лайықты көрініс тапты. Ең алдымен, біз фашистік Германияны жеңген қазақстандықтар туралы зерттеулерге алғаш қалам тартқан, Отан соғысына белсенді қатысқан академик А.Н. Нүсіпбековті, тарих ғылымдарының докторлары Г.А. Әбішов пен Т.Б. Балақаевты үлкен құрметпен еске алуға тиіспіз. Бұл мәселені кейінірек кең таратып, тереңдете зерттегендер М.Қ.Қозыбаев, Н.Е. Едігенов, П.С. Белан, Қ.С. Алда­жұманов, Қ.Ю. Оразов, Қ. Сапарбаев және басқалар. Олар бірқатар ірі монография, көптеген кітапшалар мен мақалалар жариялады. «1941-1945 жж. Совет Одағының Ұлы Отан соғысы кезеңіндегі Қазақстан» атты екі томдық (Алматы. 1964, 1967) көлемді құжаттар мен материалдар жинағы жарық көрді. 1939-1945 жж. Екінші дүниежүзілік соғысы мен 1941-1945 жж. Ұлы Отан соғысы кезінде Қазақстанның Жеңіске қосқан үлесі жалпы одақтық әдебиеттерде, әсіресе, Г.А. Куманев, А.В. Митрофанова, Д.А. Аманжолова және т.б. ірі зерттеушілер еңбектерінде қарастырылды. Бұл еңбектер Қазақстан тәуелсіз мемлекет болған уақытта да, яғни қазіргі күнде де өз құндылықтарын жойған жоқ және жастарды отансүйгіштік рухта, Қазақстан Республикасына – Отанына адал болуға тәрбиелеуге, өз Атамекенін қорғауға дайындауға қызмет етіп келеді. Осы жолдардың авторы да өз қал-қадерінше Ұлы Отан соғысы кезінде Қазақстанда өнеркәсіп пен темір жол жағдайын, жұмысшылардың ерен еңбегі мен майданға көмегін зерттеуге үлесін қосты және Екінші дүниежүзілік соғыс тарихы жөнінде студенттерге 40 жылдай дәріс оқыды. Рас, қазір Екінші дүниежүзілік, соның ішінде, Ұлы Отан соғысы кезеңіндегі Қазақстанның орны мен ролі жөніндегі көптеген мәселелер жаңа методологиялық талғам тұрғысынан соны зерделеуді қажет етеді. Бұл мәселені зерттеудің тек ғылыми ғана емес, саяси мәні де ерекше. 
Мысал ретінде соңғы кезеңде кейбір бұқаралық ақпарат құралдарында Отан соғысының Қазақстанға қатысы жоқ, оны Ресей жүргізді, кейде тіпті «Германияның жеңгені дұрыс еді» және т.б. сияқты тоғышарлық пікірлердің белең алып отырғандығын айтуға болады. Бұл авторлар «ең алдымен, славян халықтарын ығыстырып, жойып жіберуді» болжамдаған Гитлердің «Барбаросса» жоспары бойынша, фашистік агрессияның советтік Шығыс халықтарына қандай қауіп төндіргені туралы толық біле бермейтін сыңайлы. Шынтуайтында, Орта Азия мен Қазақстан халықтарына қатысты Гитлер: «Мұсылмандар – шығыс тағылығының өкілдері, олар арийлік нәсілдерге құл болуы тиіс. Моңғолоид – қиратушы күш... Немістер ғана төменгі моңғолоид нәсілдерінің бүлігін баса алады», – деп есептеді. Бұл мақсатта «Түркістан», «Идель-Урал» сияқты қуыршақ мұсылман мемлекеттерін құрамыз деп, сол ұлттар өкілдерін алдады. Егер де осы жоспардың жүзеге асуы тағдырымызға жазылғанда, не болатынын елестету қиындық тудырмайды. Осы сыңайлы пікірлерді негізінен немістермен соғыс барысында «Түркістан легионы» құрамында әскери қызмет атқарған бұрынғы тұтқындарды еш жосықсыз қаралауға, сонымен қатар, совет дәуіріндегі отандастарымыздың даңқты еңбегі мен жауынгерлік ерліктерін Қазақстан егемендігі тұсында жоққа шығаруға тырысқан кейбір жас авторлар айтып жүр. Мұндай пікірлердің қауіпті әрі зиян екеніне қазіргі Эстониядағы оқиғалар куә: мысал ретінде 20 – СС эстондық дивизиясының «ардагерлері» гитлерлік киім үлгісінде митингке шыққандығын, осы СС дивизиясының командирі штандартенфюрер Альфонс Рубен мәйітінің қалдықтары әскери құрметпен қайта жерленгендігін, оның қабірінің тасына «Емен жапырақтары бар Рыцарь кресті Орденінің кавалеріне» деген жазу жазылғандығын айтуға болады. Эстония мен басқа елдерде орын алған мұндай оқиғалар тек Ресей мен Польшада ғана наразылық тудырып қойған жоқ, Екінші дүниежүзілік соғыс тұсындағы антигитлерлік коалиция елдерінде де ашу-ызаны қоздырды. Осындай келеңсіз жайттардың қатарына Ташкент қаласындағы Совет Одағының Батыры, гвардия генерал-майоры, Дондағы Ростовты, Кавказ және Белоруссияны азат ету ұрысына қатысқан дивизия командирі Сабыр Омарұлы Рахимов (1902- 26.03.1945 жж.) ескерткішінің алынып тасталуын (немесе ауыстырылуын) да қосуға болады. Ол Ленин орденімен, төрт Қызыл Ту, Қызыл Жұлдыз орденімен, ІІ дәрежелі Суворов ордені және көптеген медальдармен марапат­тал­ған. Оның сүйегі 1945 ж. 26 науры­зын­дағы шайқаста қаза болғаннан кейін, өзі өскен Өзбекстанға жеткізіліп, Ташкент қаласындағы бауырластар зиратына жерленген. Өзбекстан басшылығының осындай этникалық тегі қазақ, аты аңызға айналған әскери қолбасшы ескерткішіне қатысты осындай өрескел қадамға баруы таңқалдырады. Шүкір, қазір қазақтың осынау даңқты оғланына Шымкентте ескерткіш орнатылғаны көңілге медет болып отыр. 
Жоғарыда айтылғандай, Екінші дүниежүзілік соғыстың, соның ішінде, Совет Одағының фашистік Германияға қарсы 1941-1945 жж. Ұлы Отан соғысы кезіндегі Қазақстан жағдайы жөніндегі әлі де зерттей түсетін мәселелер де жеткілікті, соның ішінде, әсіресе, соғыс кезінде жау қолына түскен тұтқындар тағдыры, елдегі әлеуметтік-демографиялық жағдай, қазақтардың шығыны, осы жайттың себептері мен салдары сияқты басқа да сан алуан тақырыптар аса өзекті проблемалар болып табылады. Осыған орай айта кетер өкінішті жайт – кейбір тарихшылар Екінші дүниежүзілік соғыс тақырыбымен арнайы және терең айналыспағандықтан, нелер бір сенім тудырмайтын әдеби шығармаларға сүйеніп қана Ұлы Отан соғысының сипаты мен мақсаты жөнінде алып-қашпа пікірлер айтып жүр. Газет мақаласы көлемі мүмкіндік берме­гендіктен, тек Ұлы Отан соғысының кереғар пікір тудырып жүрген бірер мәселесіне ғана тоқталайық. Осыған байланысты біз Астанадағы Мемлекет тарихы институты даярлап, «Өнер» баспасында 2010 ж. шығарылған «Қазақ жауынгері Ұлы Отан соғысы майданында» деген «тарихи-құжаттық зерттеудің» 13 беттік алғы сөзіндегі кейбір пікірлердің сын көтермейтіні, өйткені, дәлелсіз екені туралы өз ұстанымдарымызды айтпақшымыз. Алғысөзінде профессор Б.Ғ. Аяған (ол осы «зерттеудің» редакторы да, алғы сөз авторы да, құрастырушыларының бірі де, яғни орыс мақалы бойынша: «И кузнец и жнец и на дуде игрец» – қазақша: «Ұста да өзі, орақшы да өзі, сырнайшы да өзі» ролдерін бір-ақ атқарыпты): «Біз жүргізген зерттеулер Советтік кезеңнің идеологиясымен қайшы келетін қорытындылар жасауға мүмкіндік берді», – деп, өзі ашқан ғылыми «жаңалықтарын» тізбектепті. Бірақ әлгі бас авторымыз қандай «соңғы документалдық деректерді» тапқанын, қандай «жаңалықтар ашқан» «зерттеулер» жүргізгенін атын атап, түсін түстеп көрсетпейді. 
Есесіне құрметті профессор, ең алдымен, «екі жақ та, яғни Германия да, Совет Одағы да соғысқа белсенді даярланған. Сталин және оның жақтастары экономиканы милитаризациялауды күшейту арқылы Гитлерді алдап соқпақшы болды. Алайда, Гитлер большевиктер көсемдерінің алдын орап кетті», – деп бастап, тарихи шындықты бұрмалайды (осы ретте айта кетер гәп – бұл пікір Б. Аяғандікі емес, ол Совет Одағы келмеске кеткеннен кейінгі кезеңде Ұлы Отан соғысы жөнінде жарыққа шыққан сан алуан Ресей авторларының зерттеулерінде үнемі айтылып жүр). Б. Аяғанның аталмыш «зерттеудің» алғысөзінде ашқан тағы бір «жаңалықтары» жөнінде де айтпасқа болмайды. Оның «ойынша»: екіншіден, Молотов-Риббентроп пактісі Совет Одағы үшін зиян болды, үшіншіден, соғыс басталғаннан кейін бірнеше күн И.В. Сталин Кремльден көрінбеді, төртіншіден, У.Черчилльдің бұл соғыстағы ролі өте жоғары болды-мыс және т.б. Бұл жерде «жаңалық» пен «ойынша» деген сөздерді тырнақшаға алып отырған себебіміз, қадірменді профессор аталмыш пікірлердің бәрін Ресей ғалымдарының еңбектерінен алып отыр (мақаланың көлемі мен атқарар жүгі көтермейтіндіктен бұл этикалық мәселенің егжей-тегжейіне тоқталып жатпадық). 
Рас, екі жақ та соғысқа дайындалды. Бірақ Германия дүниежүзін жаулап алу үшін, алдымен Совет Одағына шабуыл жасап, қиратуы керек болды, яғни агрессор, басқыншы күш еді. Ал, Совет Одағы қорғануға дайындалды, агрессорға қарсы күресуші, сонымен бірге, фашистік Германия жаулап алған елдерді азат етуші болды. Профессор болса, Совет Одағы да, фашистік Германия да агрессиялық мақсатты көздеген деп оларды теңестіріп, Совет Одағы жағынан бұл соғыстың Отан қорғау үшін, тәуелсіздік пен азаттық үшін жүргізілгеніне кейбір Ресей және Батыс ғалымдарының пікірлерін қайталап, күмән келтіреді. Бұл, әрине, өрескел қате. Себебі, Екінші дүние­жүзілік соғыстың мақсаты, мәні мен маңызы, әсіресе, Совет Одағына кірген халықтардың осы сұрапыл соғыстағы шешуші ролі дәлелденген, әлем мойындаған тарихи шындық емес пе?! (реті келген соң айта кетейік, сол профессор Б.Ғ. Аяғанның Совет Одағына таққан «айыптарын» осыдан 38 жыл бұрын Н.М. Некрич «1941. 22 июня» деген кітабында (М., 1965, 176-бет) жазып, біраз шу шығарып, кейіннен 1976 ж. Израиль визасымен Лондонға, соңынан АҚШ-қа кетіп тынған-ды).
Алғысөз авторы Б.Ғ. Аяған мадақтаған У. Черчилльдің өзі Молотов- Риббентроп пактісін тіпті басқаша бағалаған. Ол осы «зерттеудің» өзінде де келтірілген: «Олардың екеуі де (Сталин мен Гитлер) бұл (келісім) жағдайға байланысты туған уақытша шара екенін түсінген еді... Осындай келісімнің мүмкін болуы ағылшын және француз саясаты мен дипломатиясының бірнеше жыл бұрын күйреуінің тереңдігін көрсетеді. Советтер пайдасына мынаны айтуға болады: Совет Одағы үшін мүмкіндігінше герман әскерлерінің шабуылға шығар позицияларын неғұрлым батысқа алыстатып, орыстар уақыт ұтып және өздерінің ұлан-ғайыр империясының түпкір-түпкірінен күш жинау мүмкіндігін алды. Оларға күшпен немесе алдап болса да Балтық жағалауы мемлекеттері мен Польшаның көп бөлігін (Германия) жаулап алғанға дейін, басып алу қажет болды. Егер олардың саясаты қатаң есеп болса да, ол сол кезде ең жоғары дәрежедегі реалистік саясат болатын».
Демек, У. Черчилль сияқты халықаралық деңгейдегі сұңғыла саясаткердің пікірі мен шетелдік белгілі ғалымдардың (америкалық профессор Р. Россер, француз тарихшысы Шевер, батыс-герман тарихшысы Никиш және т.б.) Молотов-Риббентроп пактісі туралы пайымдаулары тарихи шындыққа келеді. Жоғарыда айтылған Молотов-Риббентроп пактісін, Совет Одағы мен Германия арасындағы бір-біріне шабуыл жасамау жөніндегі келісім жасағандарды айыптаушылар сол кездегі халықаралық жағдайды жете білмейтіндіктерін көрсетіп отыр. Нақ осындай Германиямен шабуыл жасамау туралы келісімдерге Англия 1938 ж. 30 қыркүйекте Мюнхенде, ал Франция 1938 ж. 6 желтоқсанда асығыс Совет Одағынан бір жылдан аса бұрын қол қойған еді. Мюнхен келі­сі­мі­нен кейін Германиямен шабуыл жасамау туралы келісімге келмеген тек Совет Одағы ғана болды. Сонда бас автордың пікірінше (ескере кетер нәрсе, бұл да – Екінші дүниежүзілік соғыстың әлемдік тарихнамасында баяғыда орныққан кереғар пікірлердің бірі), Англия мен Франция Германиямен шабуыл жасамау жөнінде келісімге келсе, олардікі дұрыс болады, ал Совет Одағынікі бұрыс болғаны ма?! Профессор Б.Ғ. Аяған бұл бүкіл дүниежүзіне белгілі дипломатиялық жағдайды не білмейді, не білгісі келмейді. Осы ретте «көрмес – түйені де көрмес» демеске амалың жоқ. 
У.Черчилльді асыра мадақтаудың да шындыққа жақындамайтыны белгілі. Ол, сөз жоқ, өз елінің мүддесін қорғаған ірі саяси қайраткер, сол мақсатында Гитлерге қарсы одақ құруға күрескені де рас, бірақ сонымен қатар, екінші майданды кешіктіріп, не 1942, не 1943 ж. емес, тек 1944 ж. 6 маусымда ашуға күш салғаны да белгілі. 1944 ж. Совет Одағы әскерлері өз территориясын азат етіп, Польша шекарасына жақындаған кез болғаны баршаға мәлім жайт. У.Черчилль екінші майданды Балқан жағынан ашып, Совет әскерлерін Еуропа елдеріне жібермеуді көздегені де рас. Тіпті У.Черчилль Ялта конференциясынан кейін (1945 ж. ақпан айы) Совет Одағы әскерлеріне тұтқиылдан шабуыл жасауға бұйрық беріп, бір миллионнан астам қолға түскен неміс әскерлерін қарусыздандырмай, оларды да сол арам пиғылға пайдалануға тырысты. Бірақ Совет әскерлерінің көптігінен және күштілігінен бұл авантюралық әрекетінен бас тартуға мәжбүр болды.
И.В.Сталин туралы көп жазылған, оның көптеген қан құйлы іс-әрекетіне жан-жақты баға берілген. Тіпті Қазақстандағы байларды тәркілеу, күштеп ұжымдастыру мен орнықтыру, соның нәтижесіндегі 1931-1933 жж. жаппай ашаршылық, қазақтың жартысына жуығы қырылғаны, 1930 жж. қуғын-сүргін, оның құрбандары және т.б. мәселелер жөнінде И.В. Сталинге, оның орталықтан жіберген Голощекин сияқты эмиссарларына тиісті баға берілді. Бұл – шынайы тарихи шындық. Алайда, құрметті профессордың И.В.Сталиннің Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі кертартпа ролі туралы пікірімен әсте келісуге болмайды (бұл пікір де жаңалық емес, яғни оны да қазіргі Ресей және Батыс тарихшыла­ры көптен бері айтып жүр). Бұл жердегі біздің ойымыз И.В. Сталинді дәріптеуде емес, ақтауда емес, тек өтірік айтып, жала жабуға болмайды, бізге Ұлы Отан соғысы тарихына әділдік керек, тарихи шындық бәрінен қымбат дегіміз келеді.
«Тарихи-құжаттық зерттеуде» Ұлы Отан соғысы тарихы жөніндегі мәселе­лер Қазақстанда қалай зерттел­гені жөнінде профессор Б.Ғ. Аяғанның өз алғысөзінде бір ауыз сөз айтылмағаны, тіпті түсініксіз әрекет, дұрысы, ғылымға жасалған қиянат деуге болады. Міне, құрметті профессордың алғысөзіндегі көзге ұрып тұрған қателері мен кемшіліктерінің қысқаша сипаттамасы осындай. 
Ал, Мемлекет тарихы институты шығарған бұл «тарихи-құжаттық зерттеудің» басқа да кемшіліктері арнайы қарастыруды қажет етеді. Дегенмен, төмендегілерді айта кетейік. Негізінде бұл еңбек «тарихи-құжаттық зерттеу» емес, құжаттық және мақалалар жинағы ғана. Тіпті, ғылыми жинаққа қажетті методологиялық мәдениеті де төмен десек, асырып айтқандық болмас. Мысалы, «зерттеудегі» материалдар екі тілде түпнұсқалардан аударылып берілген. Дұрысы – түпнұсқа қай тілде болса, солай берілгені жөн, оны аудару тек осы «зерттеудің» көлемін көбейтіп, 300 беттік жинақты екі еседен аса, 640 бетке дейін қампитып жеткізудің орасан зор «зерттеу» екенін көрсету үшін қажет болғаны ма?! Өкініштісі, жинақта ғылыми-зерттеулерге мейлінше қажет тиісті түсініктемелер берілмеген, құжаттарды берудің тиісті ережелері сақталмаған, кейбір құжаттардың сілтемелері жоқ, мәтіні сақталмай, мағынасы («изложение» түрінде) ғана берілген. Ең «ғажабы» әлгі «зерттеудегі» материалдардың көбісі бұрын жарияланған жинақтардан алынған. Тіпті, кейбір құжаттар 2 томдық «Казахстан в период Великой Отечественной войны Советского Союза 1941-1945 гг» деген құжаттар мен материалдар жинағынан «жиендік тәсілімен» көшіріле салынған. Мысалы, «Справка управления по делам искусств при СНК КазССР о работе театров и музыкальных учреждений Казахстана за годы войны» (1945 июнь) деген С. Толыбековтің қолы қойылған құжат (КазССР. ОМА, 1137-қор, 12-тізім, 500-іс, деректер жинағы: 2-том 126-130-бб.) бұл «зерттеудің» 614-616-беттерінде басқа тақырыппен («Справка управления по делам искусств СНК Казахстана о работе театрально-худо­жест­венных учреждений за период Великой Отечественной войны (изложение), не позднее 5 января 1946 г.») беріле салған. Оның үстіне, құжаттың мазмұны жөнсіз қысқартылып, авторлардың қалауынша берілген, тақырыбы да, айы, жылы да өзгертіліп, жазған адамның аты алынып тасталған. Ең сорақысы, қайдан алғанын көрсетпей, дерекке еш сілтеме бермей, осындай өрескел қиянатқа (мұны ұрлық, яғни плагиат десе де болады), ғылымға жат әрекетке барған. Демек, бұл жинақтың ғылыми аппараты жалған жасақталған деуге болады.
Тек «зерттеудің» орысшасында ғана берілген «Неизвестные страницы войны» деген бөлімінде (527-600-бб.) Атырау облыстық архивінен алынған кейбір жаңа деректер берілген. Ал Қазақстанның басқа аймақтарынан осы құралыптас мәліметтер мүлдем келтірілмеген. Сонда, бас редактордың ойынша, қалған облыстар соғыстан тыс қалған ба?! 
Тағы бір айта кетер нәрсе, осы «тарихи-құжаттық зерттеудің» айналдырған он үш беттік қана алғысөзінде Ұлы Отан соғысының күрделі мәселелеріне атүсті баға бере салу дұрыс емес. Бұл мәселелер көп томдық зерттеулермен және көптеген әскери қолбасшылардың естеліктерінде жан-жақты көрсетілген. 
Жалпы, бұл «зерттеуде» Ұлы Отан соғысы және басқа да мейлінше күрделі, соның ішінде, негізінен зерттелген мәселелерге килігіп шатасқанша, Қазақстанның осы соғыс кезіндегі жағдайы, Жеңіске қосқан үлесі, көрген қиыншылықтары мен қайғы-қасіреті және құрбандар саны, демографиялық ойсыраудың әсері және т.б. нақтылы мәселелерді жаңаша көзқараспен, жаңа деректермен ғылыми жоғары деңгейде зерттегені жөн емес пе еді?! Тарихи-деректік жағынан да, теориялық-методо­логиялық тұрғыдан да осынау күрмеуі аса мол мәселелер арнайы зерделі зерттеудің ғана еншісі болуға тиіс деп ойлаймын.
Жаңа деректерсіз, белгілі бір теріс бағыттағы естеліктер жетегінде ғана, әсіресе, қарастырылып отырған жинақта сілтеме жасалған Резун сияқты Отанын сатқанның «Ледокол» сияқты жалған еңбектеріне сүйеніп, бұл соғыстың кейбір мәселелері бойынша өз бетінше «жаңалық ашудың», «пайымдай салудың» жоғарыдағы қателіктерге соқтырғаны өкінішті-ақ (осы ретте Б.Аяғанның жетекшілігімен жарық көрген бұл «зерттеуде» осыншалықты қателіктерге жол берілсе, Институттың басқа басылымдарының шынайы сапасы қандай екен? – деген сұрақтың туындайтыны сөзсіз). Көрсетілген кемшіліктер қарастырылып отырған «зерттеудің» басқа да кем-кетіктерін толық қамтиды деген ойдан аулақпын. Демек, оның арнайы сараптауға жіберілгені артықтық етпейтін де сияқты.
Ұлы Отан соғысы кезіндегі Қазақстанның Жеңіске қосқан үлесі еліміздің жастарын патриоттық сезімге тәрбиелейтін күшті фактор екенін баса айтқымыз келеді. Мұны кезінде студент жастарды коммунистік рухта тәрбиелеудің «маманы» болған қазіргі профессор Б.Ғ. Аяған жақсы білсе керек (кандидаттық диссертациясы: «Қазақстан студенттерінің идеялық-саяси тәрбиесін партиялық басқару (1976-1985 жж.)» (Алматы, 1989). Осы жайтты ескеріп, біздер тарихшылар, Ұлы Отан соғысы мәселелеріне бұрынғыдан да көп көңіл бөлуіміз керек, – деп ойлаймын. Осы жағдайға байланысты Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Хатшысы М.М. Тәжиннің «Өткен күнге объективті қарауымыз керек, аға буынның наным-сенімдеріне құрметпен қарап қана қоймай, тарихта тек қара мен ақ түстің ғана болмайтынын ұғынуымыз керек», – деген сөзі әбден орынды айтылды деп есептеймін. Екінші дүниежүзілік соғыстың, әсіресе, Қазақстанның Ұлы Отан соғысындағы орны мен роліне байланысты мәселелерді тың деректер негізінде жаңа методологиялық пәрменмен зерттеу әлбетте қажет. Бірақ көптен белгілі, шынайы тарихи көзқарастан алыс, сенімсіз деректерге негізделген жоғарыдағы «пайымдауларды» қайталамаған жөн. 
Осыған орай, тарихымызды жаңаша зерделеуде ғылыми-зерттеу институттарының және университеттердегі тарих кафедраларының жауапкершілігін мейлінше күшейту қажет. Әсіресе, Астанадағы Мемлекет тарихы институтының орны бөлек. Материалдық-техникалық база, қаражат пен кадр жағынан толық қамтамасыз етілген осы Институт жетекші ғылыми-зерттеу құрылымы ретінде отандық тарихнаманың күрделі мәселелерін зерттеу ісінде басты роль атқаруға тиіс. Осы ретте «Кімге көп беріледі – содан көп сұралады» деген орыс мақалын еске сала кетудің артықшылығы жоқ қой деп ойлаймыз. Жасыратыны жоқ, Б.Аяған басқарып отырған Институт ғалымдары тарапынан Қазақстан мемлекетінің тарихына арналған елеулі монографиялық зерттеулер әзірше тым аз. Яғни аталмыш Институтқа қазіргі негізгі тірлігімен – әртүрлі күнтізбелер мен құжаттар жинағын шығарумен ғана шектеліп қалуға болмайды. Бұл Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың тікелей бастамасымен құрылған материалдық-техникалық базасы мен кадрлар құрамы мықты Мемлекет тарихы сынды институттың ғылыми-зерттеу қауқарын көпе-көрнеу шектеу деуге болады. Осынау айтылған сыни пікірді профессор Б.Аяған мен оның қызметкерлері дұрыс қабылдайды ғой деп сенемін.

writers.kz

Қазақ әдебиеті, №38 (3358)

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста