ТҰРСЫН ЖҰРТБАЙ. АМЕРИКА КҮНДЕЛІКТЕРІ
Биылғы жылдың басында үш аптадай Америкада болып қайтқан жазушы, ғалым Тұрсын Жұртбайдың бұл күнделігінің жалпы көлемі – 130 бет. Газеттің мүмкіндігіне қарай, ұзақ күнделіктен тек үзінділер берумен ғана шектеліп отырамыз.
8 қаңтар. 2014. Алматы – Мәскеу – Нью-Йорк.
Міне, ес білгеннен аты әр мезгілде әр түрлі бейнеде:
балалық шақта – радио, газет, оқулықта бұл дүниенің жауы –Америка, яғни, Рейганның сөзін теріс қаратып қолдансақ «жауыздық империясы» болды;
бозбала кезде – ғылым мен техникасы қиял-ғажайып деңгейінде дамыған, Кеннеди мен Кингтің, Анджела Девис пен Мұхаммед Әлидің, әрине, Вьетнам соғысына және қара нәсілділердің теңдік жолындағы буырқанысы буырқанған, сонымен қатар Твеннің, Уитменнің, Лондонның, Фростың, Говард Фастың, Хьюздың, Ридтің, Хэмингуэйдің және «Том ағайдың лашығындағы» кейіпкерлер бейнесіндегі адам тағдыры араласқан, Мұхтар Әуезовтің «Америка әсерлеріндегі» әр түрлі қисындағы «империализмнің» отаны ретінде елес берді;
он сегіз бен жиырма бестің арасында – «айға сапар шеккен», нәсілдік теңдік жарияланған, «бостандық мүсіні» орнатылған, Трумен мен Маккартнидің көзқарастарындағы қайшылықтарды аңғарған, Никсонның логикасы тұжырымды сөздеріне таңырқаған, Фолкнер, Грин, Ольдриж, Уайт, Райт, Хьюз, Болдуин, Сэлинджер т.б. толып жатқан ақын-жазушылардың шығармаларындағы әрі түсінікті, әрі түсініксіз елді тани бастадық;
жиырма бес пен отыз бестің ортасында – әлдебір ар-ождан, пікір бостандығы орнаған, «жақсы өмір мен ой бостандығын» іздеген, «бас асауы» бар адамдар ұмтылған, Никсонның, Рейганның, Бжезинскийдің, Буштың, Кеннедилердің, тағы да басқа саяси қайраткерлер мен саясаткерлердің көзқарастарын екшеген, көп жайды емеурін арқылы түсінген, СССР-дің өзі «жауыздық империясы» екеніне көз жете бастаған, осы империяның бірден бір бәсекелесі және қай жерде соғыс өрті бұрқ ете қалса, сол жерден табылатын, Брэдбери, Миллер, Хэйли, Кинг сияқты ұшқыр жазушылары бар Американы түсінуге тырыстық ;
отыз бен қырықтың арасында – жасырып не қылайын, қазақтың ұлт-азаттығы үшін, әрине, Түркиядан кейін, бір дәрмені тие ме деген, 1986 жылы 20 желтоқсан күні Американың Мәскеудегі елшілігіне кіруге сан ұмтылған үміт мемлекеті болды;
қырықтан кейін – беті барынша ашылған, барған сайын түсінікті, барған сайын түсініксіз, суыртпағын шығарып, жұмбағын ішіне жұта берген, біздің мүддемізден көрі өзінің мүддесін кеуделеген, үнсіз, мысымен басқан аса алпауыт империя – тұрқында көрінген елдің де топырағына, міне, табаным тиді.
Сыртқы қуаты үшін емес, ішкі рухани тамыры қызықтырып, бұл елді осыншама ықпалға ие еткен ұлттық рухының негізгі мәйегін түсінгім келіп жолға шығып ем. Сол үшін де Американың ұлттық кие деп саналатын мұражайлары мен ескерткіштері, тарихи орындары, кітапханалары (әрине, Лас-Вегас, Голливуд, Лос-Анджелес емес) туралы тарихи, көркем пайымдауларды қал-қадерімше қарастырдым. Сонда маған бұл елдің негізі – о баста дүниенің ырқын өзіне қаратуға ұмтылған өр рухты, дүние тарихының көне және ертеңгі күнінің ғылыми ойын бүгін іске жаратып үлгеруге тырысатын ессіз (алаңсыз, қаннен қаперсіз, ешқандай қысылып-қымтырулысыз және ашық) жанталасты жанығуға ұйыған сияқты әсер қалдырды. Дәстүрсіз дәстүрлі ұлт қалыптасыпты. Бұл, біз сияқты аз ұлттың төбе шашын тік тұрғызатын азаматтық қоғамның нақ өзі. Әрине, бұл да нәсілдік теңдік орнаған соң ғана толық мағынасына ие болған, тең текшелген азаматтық қоғам. Әрине, әлі де селкеу тоқылған тұстары селдіреп тұрған азаматтық қоғам. Әрине, оған көз жеткізу үшін арнайы келудің мен үшін қажеттігі жоқ болатын. Бірақ та өмір бойы өзеурей емексіген елді ішінен бір көргім келген.
Менің Американың ғылым және білім жүйесінен шамалы хабарым бар. Біраз ғалымдарымен, тарих, әдебиет профессорларымен, PhD докторларымен таныспын. Бәрі де дұрыс қой. Тек олардың нақты-жөндемі, яғни бір ғана саланың бір ғана мәселесіне бейімделген тар шеңберлі (узкий специальность) мамандануына қарсымын. Бұл техника, жаратылыстану саласында дұрыс шығар. Мың бұранданың бір түрін игеруге қолайлы әрі тез. Өзге тетікке уақыт шығарып жатпайды. Өзге бұранда – өзгеше инженерлік шешім күтеді. Ал әдебиет пен тарихта, өнертануда, саясаттануда бұл мүлдем сауатсыздыққа әкеледі. Бейжің ұлттар университетінде дәріс беріп жүрген кезімде америкалық, австралиялық, ағылшындық, канадалық оқытушылармен анда-санда сұхбаттасып тұрдық. Сонда ағылшын, канада, австралия, америка әдебиеті туралы пікірлерін сұрағанымда бір оқытушы Шекспирдің «Гамлеті» мен «Отеллосына» жауап бере алмады. Өзін «Макбеттің» маманымын деп түсіндірді. Ал австралиялық ханым XX ғасырда әлем мойындаған австралиялық Алан Маршаллды білмейтінін, барған соң міндетті түрде оқитынын айтып, кешірім сұрады.
Міне, «ықшамдалған» жөндемі мамандықтың кемшілігі осында. Ал, Қазақстанның, тіпті Ресейдің жағдайында бұл мүлдем керібаққандық. Немістік білім жүйесі қолайлы. Сондықтан да американдық, ішінара еуропалық жоғары білім жүйесін қабылдамаймын, қабылдағым келмейді де. Әрине, бұл сұрағыма жауап аламын, кешегі айтылған «Отыз үш!» цифрының құпиясын табамын деп дәмеленбеймін. Жол басқа, жора басқа. Мен тек баласы мен шағасына ілескен еркінбасты жолаушы ғанамын. Кіші қызым Назым Нью-Йорктегі Колумбия университетіне үш айға, PhD докторлығының ғылыми тәжірибесінен өтуге, кітапханасында іздестіру жұмысымен айналысуға келді. Емшектегі төрт айлық Тоқбала (Тәмина) жиенім бар. Әмина соны бағып-қағады. Алма он бес-жиырма күн соған қарасады. Мен Алманың ағылшыншасы мен жамбасақысыз тегін баспананы пайдаланып, көңілім соққан қалалар мен мұражайларды, кітапханаларды, көрмелерді, театрларды көрмекпін. Қаншасын көріп, түсініп, сіңіре аламын, Алла білсін. Ойымда:
Нью-Йоркте: Колумбия университеті, метрополитен мен жаратылыстану мұражайлары, Манхэттен (үндіссше «Қыратты арал»), гарлем, қытайкент, бостандық мүсіні, орыс орамы, театр, университет кітапханасы, өнер мұражайы;
Вашингтонда – Джордж Вашингтонның ұстыны, Смитсон мәдени мұражайлар жүйесі, соның ішінде байырғы америкалықтар (үндістер), аэронавтика мен ғарыш, көркемөнер мұражайы, әрине, Капитолий, Ақ үй.
Филадельфиядағы – Тәуелсіздік алаңы, Франклиннің және Оңтүстік пен Солтүстік әскерінің бітім мұражайы;
Бостонда – Кембридж және технология университеттері, Плимут мүйісі.
Әрине, Ниагара сарқырамасын, Ұлы каньонды, Калифорнияны, үндістер штатын көргім келеді. Бірақ, біріншіден – қыс, екіншіден – қашық...
9 қаңтар, 2014.Нью-Йорк.
Гарлем.
Бүгін таңғы сағат төртте ояндым. Кеше титықтап келіп ерте жатқам. Енді Америкадағы, яғни, Нью-Йорктағы алғашқы күннің әсерін қағазға түсіріп отырмын.
Қанып шәй ішкен соң, осында өтетін он бес күннің ойша жасалған кестесін хаттап, саяхат үшін бізге қолайлы қаланың Атлант мұхиты жақтағы мүйісіндегі Брайтон бичтегі орыс орамына тарттық.
Брайтондағы метро негізінен жер үстінде. Жол үш қабатты үйлердің үстімен өтеді екен. Сондықтан да Ақмоланың ескі орамындағы жатаған жер үйлердің шатырының үстімен жанап өтіп бара жатқандайсың. Шаһардың көне және темір жол маңы Ресей мен біздің вокзалдардың маңындағыдай шашылған қағаз, қаптамалар, қиқымдар. Бруклин, Манхэттен көпірі көрініп отырды. Үйреншікті орыс тілі, орысша маңдайшалар мен жарнамалар қылаң беріп еді, бара-бара қазақша мәтіні жоқ Астананың көшесі сияқтанып кетті. Мұнда да эскалатор, лифт жоқ екен. Тоқбаланың бесікарбасын баспалдақтан көтеріп жүруге тура келді. Сүйсінгенім, орыстілді «орыс жігіттері» тар баспалдақтың өзінде бізді сығылыстыра қағып-соғып өтіп жатқанда, анадай жерде тұрған жап-жас зәңгі жігіті жүгіріп кеп бесікарбаны көтерісіп, төменге түсірісіп тастады. Мәдениет пен кішіпейілділік және өркөкіректік пен кеспірлік – адамның тегінен, тәрбиесінен-ау!
Көшеде иығы түсіңкі, басы еңкейіңкі, жүрісі сылбыр, көздері мұңлы, айналасына сондай үмітсіз немқұрайлылықпен қараған шал-кемпірлердің көбі қоларба итерген (сүйреген емес). Мүттәйім тартқан егделердің көзі мен мұрнынан, бет әлпетінен Америкаға тумысы тыс туыс екені бірден аңғарылады. Бізге таныс «танау» бұл. Тек мында керенау, ал бізде мәймөңкелі, мәдениетті, ылдым-жылдымы көп сияқты көрінетін еді. «Калинка», «Сковородка», «у Татьяны» деген аспұзылдар мен дүкендерді көзден өткізе отырып «Русские турыға» жеттік. Мұндағылар өзіміздің Катя, Валя, Галя, Маялар. Филадельфияға – Американың Бейбіт келісімі жарияланған шаһарға, Вашингтонға – мұражайлар шоғырын көруге, Жаңа Йорктің ішін аралауға тапсырыс бердік. Назым мен Әминә алдын ала ақшасын төлеп, түбіртегін алуға қалды. Алма, Тоқбала үшеуіміз көшедегі күншуақта арқа қыздырып, өткен-кеткенді көзбен шолдық. Жүргіншінің бәрі де орысша сөйлейді. Жарнамалар да, маңдайшалардағы жазулары да орысша. Бұл арада өмір сүру – бізге де, ал біздің қара орыстарымызға тіпті де қиын соға қоймас. Бір-екі орыс кемпірі менен сағат сұрады. Ол да бізге таныс тәсіл. Танысудың, тілге тартудың сылтауы. Бірақ шүйіркелесе алмадық. Дүкен, шеберхана, шаштараздарының, аспұзылдарының бәрінен кәдімгі орыстың ашық-шашық жайбарақаттағы байқалады.
Атлант мұхитының жағалауына – жағажайына бардық. Алып айдын, алыс көкжиек, шексіз кеңістік. Кең даланың кеңістігі көз алдыңа келеді. Орыстар бұрын демалыс аймағы болған осы жағалау үшін мексикалықтармен жаға жыртысып, ұзақ жылдар бойы қырқысып, ақыры оларды Бруклиннен – Манхэттенге көшіріпті, ал қытайлар өз кезегінде Манхэттеннің төменгі мүйісіне шоғырланған зәңгілерді жоғарғы Манхэттенге – Гарлемге ығыстырып, қытайкентін құрыпты. Бұл ауыс-күйіс өткен ғасырдың жетпісінші жылдарынан бастап жүріпті. Алғашқы қоныстанушылар украиндықтар екен. Сондықтан да әуеліде Брайтон бич «Кіші Одесса» деп аталыпты. Қазір «Кіші Ресей» делінеді. Түсінікті. Алыстан Стейтэнд айленд аралы мұнартады. Жағажай ұзақ әрі кең. Құмы майда, жиегінде тақтай төселген тақта жол. Әрі серуенге, әрі жүгіруге қолайлы. Дене тәрбиесімен айналысып, жаттығып жүргендердің ішінде, О, Алла, қазақтар да кездесті. Балаларға сәлемдесті. Маған бетпе-бет келе алмады. Өздері сондай жасқаншақ, мүттәйім. Қазақстанда жел керіп жүрген кеудесі қабысып, мұнда өкпесіне өкпесі жабысып қалған. Сырт айналып кетеді. Құдай біледі, көше сыпырушы, ыдыс-аяқ жуушы, түнгі қоқысты тазалаушы, ары кеткенде жүкші болып істейді. Оның мұндағы сыбағасы сол.
Не ғып жүргендер екен? Осынау мұңлы «бұрынғы орыстарды – болашақ америкалықтарды» мұнда не айдап келді, қандай болашақ күтіп тұр, шал-кемпірлерді әке-шешесі көмілген топырақтан ажыратып әкелген қандай арман, қандай мақсат, қандай тағдыр? – деп, соны түсінуге тырысып ем. Бірақ бұлар – адасқан қаздар емес. Қағынған қаздар.
Сөйтіп тұрғанда сондай таныс бет пен көз қасымнан көз қиығын тастап жүгіріп өтті. Қайық аузын көріп, кері қайтқанымда тағы да қарсы алдымнан шықты. Көлденеңдей беріп: «Ассалаумағалейкум!» – дедім. Кілт тоқтап, күліп: «Здраствуйте! Я – калмык! Знаю, что вы казах», – деп қайырыла кетті. Шатастыратындар көп екен. Қазақ пен қалмақтың туыс екенін интернеттен оқып білгенін, Петербургта қазақтармен араласқанын айтты, мұнда осындағы ұлымен бірге тұрғанына үш-төрт жыл болыпты.
– Жағдай түзелді ме? – деді.
Әрине, күншуаққа шыққанымызды айттым. Қалмағым осындағы кеңес мұқажирларына тән жасқаншақтықпен, өздерінің қалін сұратып үлгертпей қоштасып үлгерді...
Брайтон бичтен өте ауыр ой жамылып, аралға – Манхэттенге бет алдық...
... Бәрібір бір түсініксіз алаң көңілімде қалды. Ертең тағы келемін. Біздің саяхат кіндігіміз осы Брайтон жағалауына байланды. Әр жолы осы Брайтоннан – Вашингтонға, Филадельфияға аттанамыз. Мүмкін сонда мазалаған суыртпақтың бір ұшығын ұстармын... Айтпақшы, көпір сияқты биікте орналасқан метроға бесікарбаны көтеріп шығаруға ұмтылып едік. Егде тартқан қария ақырын ғана: «Келесі есікте эскалатор бар», – деп күбірледі де жүре берді. Міне, бұл да кішіпейілділік. Бұл жолы зәңгілер кездеспеді. Олар бұл жақта аз екен. Латын америкалықтардың сарқыты да сирек. Мұндағы тұрғындар өздерінің шыққан тегін, қоныс аударған себебін, қазіргі кәсібін айта-айта жалығып, елді еске алып, көңілін бұзғысы келмегендіктен де, шүйіркелесуден бойларын сырт тартатын сияқты.
Брайтон бичке жаңа қоныстанған «жаңа орыс» «ескі орыстан»:
– Америкаға келгеніңе жиырма жылдан асты. Неге ағылшынша білмейсің? – деп сұраса:
– Сол Америкаңды әлі көргемін жоқ. Қалай үйренемін депті, – дейді.
Осы халықтық қалжыңда Брайтон бичтің тұйық тұрмысының барлық астары емеурінмен толық жеткен.
Америкамен, яғни Нью-Йоркпен, байырғы үндістердің тарихымен танысу үшін бүгінгі күннің екінші жартысын Манхэттеннің теңізге мұрынын матырып тұрған мүйісіндегі бұрынғы кеден үйінен – қазіргі америкалық үндістердің мұражайынан бастауды мақұл көрдік. Мұнымыз ақыл болған екен. Кейін білдік. Барлық тарих осы мүйістің тоқымдай тұмсығынан басталыпты.
Үндістердің аң қағатын аралына алғаш голландықтар ат басын 1620 жылы тіреген. Қыратты, ойлы-қырлы, табаны көктасты қоныс. Бір жағынан Истривер, екінші жағынан Гудзон (Хатсон) өзені өтіп, мойнақтан аралдың мойны үзіледі екен. Осы тулақтай мүйісті Петер Минейт 60 гүлденге, яғни, 24 долларға сатып алыпты. Қазір Манхэттенді сатып алу үшін ешқандай ноль жетпейді.
Жиырма төрт долларға сатылуының себебі: ол кезде үндістерде жерге жеке меншік жоқ. Бәрі ортақ әрі олар мына ұзынтұра сарылар аң аулауға рұқсат сұрап тұр деп түсінсе керек. Сол доллардың өзін ақшалай емес (құр қағазды қайтсін!), шорым-борымға, әшекей-үшекейге, қақы-лұқыға айырбастапты. Менің ойыма Л.Толстойдың жерін бәске салған башқұрт туралы әңгімесі мен қазақтан бір өгіздің терісіндей жер сұрап, оны қайыс етіп тіліп, ат шаптырым жер алған Петка мұжық жөніндегі тәмсілі еске түсті. Қайран аңғал да саңғал, жылтыраққа құмар көшпелілер-ай! Түйреуішке туған жеріңді айырбастағаның – қай сорыңа бастағаның еді. Отарлаушының обыры – ортақ, өңеші – аран. Біз де тағдырдың осы тәлкегіне түстік-ау!
Жортуылшы неміс Риддерге Көктасты көрсеткен қазақ, Екібастұздың көмірін жер бетіне қазып шығарған тышқанның інін көрсеткен Қосым Пішенбаев, Қарағандыны күлдібадамға айырбастаған Темештің телімшісі, сенің әлгі үндіден қай саңлауың асып тұр? Елу жыл өтпей елдерің де, жерлерің де басыбайлы болып шыға келді. Өз байлығың – өзіңді тұншықтырып, өз қорғасының – өзіңе оқ боп атылып, өз көмірің – өзіңнің өзегіңді өртеді.
Темірді алғаш қорытып, үзеңгі, ауыздық жасаған түркі қауымының санасы сол ауыздықпен ауыздықталып, үзеңгіге асылып қалды-ау. Біз қазір де 60 гүлденге сатқан үндістерден де сорлы сияқтымыз. Біз бүкіл байлығымызды, жердің астын да, үстін де, аспанын да сатып үлгердік-ау.
Қазір әлгі әшекей-үшекейші Петка (Петер Миней) бізге қарағанда Маңа кетті – маң жолын, аң жолын тым қымбатқа сатып алған сияқты көрінеді. Өйткені бар-жоғы, ұзындығы – 20, ені – 3 шақырым көктасты аралдың мүйісіндегі тоқымдай ғана жер ғой алғаны. Ал осынша көлемдегі бір ғана бұрғының көмейінен миллион баррель «қара алтын» сорып жатқан «қауғаның» қаншасы мойнын қылтыңдатып, мұнайды қылқылдатып жұтып жатыр десеңші!
Шын мәнінде, алқақотан отырған бір ауылдың көлеміндегі жерге орналасқан қамал Жаңа амстердамдықтардың (қала әуелі солай аталған) жанын алып қалыпты. Бұл араға Александр Хамильтон кеден орнатыпты. Осы Бэтер парктен 8 миллион адам өтіп, америкалық азамат атаныпты. Бұл – бақыттың да, қасіреттің де кедені болды. Кеденнен: 1.Түрлі жұқпалы аурумен ауырғандар.2. Қылмыстылар.3. Қызметке жарамайтындар (негізінен ирландықтар) құрлыққа жіберілмепті.
Мұхиттың ортасындағы шағын аралдағы Бостандық ескерткіші қолын көкке көтеріп асқақтай көрініп тұр. Сонымен қапталдасқан Эллис аралындағы кейіннен салынған кеденнен 12 миллион адам, өсімімен санағанда қазіргі америкалықтардың үштен бірі өтіпті. Алғашқы америкалықтардың ұрпақтарының күшімен мұнда ұлттық мұражай ашылыпты. Осы мүйістегі «Роденді еске алу» деген Америкаға ұмтылған қоныстандырушыларға арналған, әр нәсілдің қасіретін бедерлеген ескерткіш жан тітіркентеді. Олар мынау мұхиттың ар жағындағы барлық қасіретті теңіздің суымен қоса сарқып тастап шығып келе жатқан жанкешті азап бурлактары сияқты. Сұсты да жанкешті!
Америкалықтар мен ағылшындықтардың соғысынан кейін Жаңа Амстердам – Жаңа Йорк (Нью-Йорк) деп өзгертіліпті. Сонымен жаңа құрлықтағы жаңа ағылшын тілді Америка қалыптасыпты.
Міне, осыншама кіріспеге негіз қалаған америкалық үндістердің мына мұражайы – сол кездегі кеден ғимараты екен. Бұрынғы ғимарат екі рет жаңартылыпты. Талай мекеменің аты маңдайшасына ілінсе де (негізінен қаржылық, кедендік), ең соңында, кезінде этнограф Джордж Густав Бетвэин (1897-1957) жинаған 14 000 экспонатты каталогқа түсіріп, ретке келтірген екінші бір этнограф ғалым Кевин Ковердің күшімен 1989 жылы ежелгі тұрғындарға құрмет ретінде мұражай болып ашылыпты. Ғимаратта сегіз бұрышты оюға құрылған орталық күмбез – дүниенің сегіз тұсының тұтқасын ұстаған кормалды құдіретті білдіреді. Мұнда өткен және осы ғасырдағы үнді суретшілерінің абстрактілі суреттері ілініпті. Маған: тәңірлік философияның негізін кеңістікпен астастырған үш сатылы әлем бейнеленген (1.Аспан – мықан ағашы – самұрық құс; 2. Адам – құт – жеміс; 3. Жерасты дүниесі – балық – кит) көлемді полотно мен кесінді ағаштардан түйілген қима үлкен әсер етті. Үндістердің көне және қазіргі заттай айғақ мұраларын ынтызармен қызықтадым. Солардың ішінде қазір де тоба мен хакастарда (ежелгі татарлар мен қырғыздар), башқұрттарда, жақұттарда (сахалар), алтайлықтарда, бұрынғы қазақ даласында кездесетін ағаш пәңгілер (ағаш әруақтар) мен тоқылған алашалар, басқұр мен боқшалар, тұсшілтерлер көзге сондай жылы ұшырады. Саптама байпақ киетін бізге тізеқап та жат көрінбеді. Америкамен танысуды осы мұражайдан бастағанымды кәдімгідей көңіліме місе тұттым.
Үндістер мұражайында кинофото залы бар. Онда Американың қос құрлығында сақталып қалған барлық үндіс тайпаларының тарихы мен этнографиясы туралы деректі, ғылыми-көпшілік фильмдер тұрақты түрде таңертеңнен кешке дейін үзбей көрсетіліп тұрады екен. Бұл да тәжірибеге асырар, қаражатты қажет ететін іс.
Әттең, осы кеден ғимаратының сәулетіндегі тұспалдар мен ныспылы (символды) ою-бедерлердің астарын ашып түсіндіретін ақылы ақыл иесі кезікпеді. Танымы абстрактілі символға құрылған елді, символ тілін түсінбесең – түсінемін деп талпыну жай ғана ермектің еншісі.
Оған дәлел: мұражайдан елу қадам жердегі Гринбаулинг паркінде (бізше, ортасында дөңгеленген қауызы, 5-6 ағаш орындығы бар алаңқай) тұрған, қола мен қалайыны, мысты тотықтырып құйған сарғыш түсті алып бұқаның мүсіні. Бұқа деп осыны айт! Құйрығы аспанға шаншылып, алаңға ту сыртын беріп тұр. Сан еттерінің бұлшықтары білеу-білеу, жауырыны, қол еті, мойыны да буылтық-буылтық. Мұқым денесін күш буған. Артқы екі аяғымен талтая жер тіреп, алдыңғы екі аяғымен ілгері ұмтылып, шаңырақтай мүйізі көкке шаншылып, екі көзі аларып, ауызын аша өкіре шабынып тұр. Алды-арты толған адам. Бұқаның мүйізін, не дорбасын ұстап суретке түссең, сөзсіз саған дәулет қонады, еркектік күшің артады, үйленесің, қалыңдығың ұл туады-мыс. Мұндай дәмелі істен кім дәмелі емес. Рәсімінің бәрін орындап шыққан соң, енді осы құтты бұқаның тұспалын білуге аңысым ауды. Қанша айтқанмен, менің түпкі аталарымның киесі – тотемі Бұқа ғой. Көне түркілер, оны Өкіреш деп атаған. Келбұқа, Кетбұқа, Есенбұқа, Тайбұқаларыңыздың киесі емес пе? (Әзіл деп есептеңіз). Содан осы маңда қандай масондық мекеме бар, ескерткішті салған кім, қашан – деген сауалдарға шым-шымдап жауап іздедім.
Сөйтсем: бұл ара – атақты Бродвей көшесі басталатын №1 қазына үйі мен Нью-Йорк брокерлер ғимаратының түйісетін тұсы екен. Осы арадан арқан тастам жерде Морган тізгін тартқан, Рокфеллер жүгенін салған, Трамф ертоқымдаған – масон көсемдерінің ғимараты мен қаржы орталықтары, банкілер орналасыпты. Рокфеллердің мұнай банкісі, «Титаниктің» жолаушыларына билет сатқан касса ғимараты, тағысын тағылардың бәрі осы маңда. Ал бұқаның қасында дүние жүзіндегі бағаны реттеп отыратын, не көтеретін, не түсіретін нарық кеңсесі тұр екен. Бұлар: аюлар және бұқалар боп екіге бөлінеді екен. Бірі – бағаны көтеруге ұмтылады, екіншісі – түсіруге тырысады. Мынау соның Бұқасына – бағаны түсірушіге көрсетілген тағзым болып шықты. Дұр-рыс! Ең қызығы әрі сөлекеті – бұқаның дорбасын сипасаң өлшеусіз дәулетке кенелесің. Жап-жас бүлдіршін қыздар да қысыла-қысыла сипап жатыр. Ал жапон мен қытай қыздары шімірікпестен қос қолдап қысып ап, сауатын адамша, тартып-тартып қалады.
Бұл мүсінді осыдан бес-алты жыл бұрын Артур Де Моника деген француз мүсіншісі өз қаржысын (36 000 доллар) жұмсап, осы араға рұқсатсыз қойыпты. Қала мэрі алдырып тастапты. Алайда екі-үш күннің ішінде, «дәулеттің дорбасын» сипап үйренген және ақшаға ерекше жақын Нью-Йорк тұрғындары мен қызыққұмар саяхатшылар ереуілге шығып, ескерткішті тығып тастаған жерінен алдыртып, осы араға қайта орнатыпты.
Сөйтіп, жоқтан жаңа дәстүр, наным қалыптасыпты. Қазір Нью-Йоркке келетін 60 миллион саяхатшы, оның 40 миллионы америкалықтар, сары мыс бұқаның дорбасын бір сипап өтеді. Сөйтіп, бұл бұқа қазір кәдімгідей ең тартымды құндылықтың біріне айналыпты.