"Төлегенді өлтірген Бекежан емес" немесе Кескентерек туралы не білеміз?

"Төлегенді өлтірген Бекежан емес" немесе Кескентерек туралы не білеміз?

Жаңа заман, жас ғасырдың ұрпағымыз, ең бастысы Тәуелсіз елміз. Кешегі тарихымызды қалай болса, солай бұрмалаған кеңестік дәуір келмеске кетті. Заманалар бойына жат қолымен таңбаланып келген тарихымызға тура көбен қарағанымыз абзал. Оқырман назарына тарихшы, ғалым Сәбит Жолдасовтың атаулы тақырып аясындағы зерттеу мақаласын ұсынамыз.

Өткен тарихымызға көз салсақ, кей оқиғалардың тарихи шындықтан ауытқып, кейде тiптi басқаша жазылып кеткенiнiң куәсi болып жүрмiз. Ал қиянат кейбiреулердiң қателiгiнен немесе әдейi жасалса ше? Осындай, әлi де ақтала алмай келе жатқан кейiпкердiң бiрi – белгiлi Бекежан. Ол аз болғандай, кинодан көргенiмiздей, Қыз Жiбек Жайыққа ағып өлдi…

Шындығында, Бекежан қарақшы емес, қазақтың қатардағы батырының бiрi, ол Жiбектiң жақын туысы екенiн көбiмiз бiлмеймiз. Ал Қыз Жiбек Төлегеннiң iнiсi Сансызбайға тұрмысқа шыққанын, бүгiнде одан да, жақын туысы Бекежаннан да бiр қауым ұрпақтар бар екенiн, Төлегендi Қособада жасырынып жатып, атып өлтiрген Бекежан емес, Кескентерек деген қарақшы өткенiн бiлемiз бе?..

Қараңызшы, тарихи шындық қалай бұрмаланған. Сонау батыста тұратын Шектiнiң бiр руынан тараған Бекежан батырдың бүгiнгi ұрпақтары әлi күнге дейiн атасының қарақшы емес, батыр екенiн қалың елге дәлелдей алмай келедi… Қандай аянышты десеңiзшi…

Сонымен, әлқисса, әңгiменi басынан бастайтын болсақ, ХVII-ХVIII ғасырларда қазақтың мемлекеттiгiн, тәуелсiздiгiн нығайтуға көптеген қайраткерлер өздерiнiң үлесiн қосты. Сол заманда елiмiздiң шығысындағы жоңғарларға қарсы елiнiң тәуелсiздiгi үшiн күрескен қаншама есiл ерлердiң есiмдерi халқымыздың арасына кеңiнен таралды. Шынында да, елiмiздiң шығысында жоңғарға, Едiл жақтан қалмаққа (екеуiнiң түбi бiр халық) қарсы күресiп, елiн, жерiн қорғаған батырлардың беделi шырқау биiкке көтерiлдi. Солардың небiр тамаша ерлiктерiн асқақтатқан аңыздардың негiзiнде, ел арасында дастандар, толғаулар туды. Олардың бiразында Оңтүстiк өңiрiнiң жер-сулары аталады.

Елiмiздiң тарихында 1723 жылдың көктемiнде «Ақтабан-шұбырынды, Алқакөл-сұлама» деп аталып кеткен оқиғаның қарсаңы мен одан кейiнгi кездегi қазақ-қалмақ немесе қазақ-жоңғар қатынасының шиеленiскен кезiнен қалған аңыздар Қаратау өңiрiнде де кеңiнен сақталған. Соның бiрi – «Қыз Жiбек» дастанына байланысты. Әрине, «Қыз Жiбек» дастанындағы Қорен қалмақтың мазары бүгiнгi Бәйдiбек ауданынан Созаққа өтетiн асу маңында екендiгi кейбiр деректерде айтылып жүр. Ал Төлегендi Бекежан өлтiрмеген, ол пайғамбар жасына келiп 1731 жылы қалмақтың жебесiнен жараланып, кейiн соның зардабынан қайтыс болған.

Жырды оқымақ түгiл, ондай жырдың бар екенiн бiлмейтiн, тек кинодан көрген кейбiр жастарымызға Қыз Жiбектiң суға кетiп өлмегенiн, оның сол кездегi әмеңгерлiк салты бойынша Төлегеннiң iнiсi Сансызбайға тұрмысқа шыққанын, оның Тасбалта атты баласы қалмақтармен шайқас кезiнде ерлiк танытқанын айтсаңыз, көптеген оқырмандардың бұған күмәндана қарауы былай тұрсын, сенбейтiнi белгiлi. Бұл жөнiнде соңғы бес жыл iшiнде бiрнеше мақалаларда, кiтаптарда қозғап, дәлелдер айтып келемiн.

Шынына келсек, «Бекежан» десе, бүгiнгi күнi әсiресе, жастарымыздың көз алдына Жiбекке аттанған Төлегеннiң дарияның жағасында жуынып тұрғанында ту сыртынан келiп, жебесiн қадап, өзiнiң мақсатына жеткенiне мейлiнше масаттанып, өлiм аузындағы қарсыласына мысқылдай қарап тұрған жауыз-қарақшының бейнесi келерi анық. Бұл ұрпақтың санасына лиро-эпостық «Қыз Жiбек» жыры нұсқасына сүйенiп түсiрiлген, бәрiмiздiң сүйiп көретiн «Қыз Жiбек» фильмiнiң әсерi арқылы қалыптасқаны белгiлi.

Шешендi «сақау» деп, көсемдi «мақау» деп, батырды «сатқын» деп, ақылдыны «топас» етiп көрсеткеннен ауыр нәрсе бар ма!.. Рас, кезiнде кемеңгер жазушымыз М.Әуезов «Абай жолы» романында ақылды да парасатты Құнанбайдың бейнесiн Кеңестiк саясаттың ыңғайына қарай сомдады. Сол сияқты кезiнде бар өмiрiн қалмақтар сияқты ата жаумен шайқасқа арнаған Бекежан сынды батыр да бiзге әлi күнге дейiн Қособада жатып алған жай ғана бiр жауыз қарақшы болып көрiнедi.

Тарихи деректерге сүйенсек, барлығымыздың жағымсыз кейiпкер, қарақшы ретiнде танитын Бекежан Айбекұлы тек кездейсоқ аңыз емес, өмiрде болған адам. Ол 1667 жылы бүгiнгi Ақтөбе облысының аумағындағы Мұғалжар тауының бөктерiнде дүниеге келген. Әкесi Айбек кезiнде үздiксiз шапқыншылықтар жасап, тыныштық бермеген сыртқы жауға қайрат көрсеткен өз заманындағы белгiлi жанның бiрi. Ол жөнiнде батыс өңiрiндегi баспасөз беттерiнде азды-көптi айтылып жатады.

Осы жерде оқырмандарға түсiнiктi болу үшiн айта кететiн бiр жай, Кiшi жүз қазақтарының шайқасып жүргендерi Едiл (Волга) бойындағы қалмақтар. Ал Қыз Жiбектiң ауылында ойран салып, оны алмақ болып жатқан Қорен қалмақ ол шығысымыздан, Жоңғариядан келген қалмақ. Қазақстанның бүкiл оңтүстiк өңiрiне билiк жүргiзген осы шығыстағылары. Тағы да анықтай түссек, Едiл бойындағы қалмақтар мен шығысымыздағы Жоңғариядағы қалмақтар түбi бiр халық. Ал екеуiнiң екi жақта бiр-бiрiнен екi мың шақырымдай жерде болуының себебi, ХVII ғасырдың 20-жылдары жоңғарлардың арасында келiспеушiлiктер туып, бiр бөлiгi батысқа көшiп, қазақтың Сарыарқасының солтүстiк өңiрiмен батысқа қарай жылжи отырып Жайықтан өтiп, Едiлдiң бойына барып орналасты. Мiне, кiшi жүз жерiне, башқұрттарға, Кавказдың солтүстiгiндегi халықтарға үнемi шапқыншылықтар жасап, тыныштықтарын бұзып тұратыны осылар.

«Қыз Жiбек» дастаны оқиғасы батыстағы Моншақты Аюке билiгi кезiнде болған. Яғни бұл кезде жоңғарлардың екiншi бөлiгi Едiл қалмақтарын Моншақты Аюке (1670-1724 жылдар) басқарып, оның билiгi iргелес жатқан қазақтарға да жүрдi. Аюке қазақтарға үнемi шапқыншылықтар жасап тұрды. Дәл осы кезде Сарыарқа даласының бiр шетiнде, батыстағы жайлауына барған Базарбайлар мен оңтүстiктен барған Сырлыбайлардың ауылдары бiр-бiрлерiн қазақтың ежелден келе жатқан дәстүрi бойынша ерулiкке шақырып жатқан тұсында Төлеген мен Қыз Жiбектiң арасындағы ғашықтық оқиғалар басталды.

Олай болса, «Қыз Жiбек» жыры тарихи оқиғаларға негiзделiп жасалынған. Егер жырдағы өзек болатын негiзгi оқиғалар қашан өткен десе, оған ХVII ғасырдың соңы немесе ХVIII ғасырдың басы деп жауап берер едiк. Олай дейтiнiмiз, оқиғалар тiзбегi бiздi сол кезге жетелеп әкелiп тұр. Ерекше айтып кететiнiмiз, Қыз Жiбектiң әкесi Сырлыбайдың қонысы оңтүстiкте, Сырдың орта ағысында болғаны. Өйткенi, батысты немесе Жайық бойын жоңғарлар басып алып, билiк жүргiзген емес. Жоңғарлардың билiгiнiң ордасы Ташкент қаласы болған Ұлы жүз қазақтары мен Қазақ хандығының астанасы Түркiстан өңiрiнде жүргенi тарихымыздан белгiлi. Едiл қалмақтары болса, шапқыншылықтар жасап тұрғанымен, жоңғарлар сияқты көп жерге билiк жүргiзе алмаған. Ал, Қорен қалмақтың шығысымыздан, Жоңғариядан келгендiгi жөнiнде әдеби шығармаларда да көп жазылып жүр.

«Қыз Жiбек» лиро-эпостық жырының халық арасында алғашқы кезде ауызша тараған нұсқасында бастан-аяқ Бекежан жауыз емес, Төлегеннiң жанашыр ағасы ретiнде сипатталған екен. Онда Бекежан қазақ халқының тәуелсiздiгi үшiн күресiп, өзiнiң елiн қорғап жүрген қаһарман ретiнде аталады.

Ел аузында оның ерлiгiн дәрiптейтiн бiраз жырлар сақталған. Бекежанның алғашқы әйелi башқұрт мырзасы Құрамыстың қызы Салиқадан Қайрақ, Байрақ, Тайлақ деген үш ұл, Нұргүл есiмдi бiр қыз туылған. Балаларының үшеуi де кезiнде танымал батырлар. Тайлақ 1729 жылы Алматыдан Таразға апаратын үлкен жолдың шамамен жүз жетпiс шақырымындағы жерде қырық бiр күнге созылған, жоңғарларды аңыратқан, оларды Iле өзенiнiң бойындағы апанына дейiн тықсырған «Аңырақай шайқасы» деп аталған соғысқа Кiшi жүздiң жасағын басқарса, Байрақ пен Қайрақ мыңбасы екен. Ол жөнiнде батыс өңiрiнде деректер баршылық. Кiшi жүздiң құрамына кiретiн Шектi руынан шыққан Бекежан батырдың ұлы Тайлақ батыр туралы Батыс Қазақстан облыстық энциклопедиясында да мәлiметтер бар. Онда Бекежанның ұлы Тайлақтың туған жылы мен қайтқан жылы көрсетiлмегенiмен, әрi батыр, әрi қолбасшы болғандығы айтылады. Ол жөнiнде Жамбыл Жабаевтың «Саурық батыр» жырында Тайлақ батырдың Шапырашты Саурықпен бiрге қалмақтарға қарсы шайқасқаны жөнiнде айтқаны бар. Сонымен бiрге, кей әдеби шығармаларда Шектiден шыққан Тайлаққа қатысты оқиғалар айтылады.

Қазақтың қалмақтарға немесе жоңғарларға қарсы соғысқан осы бiр Бекежан атты батырының жырда жағымсыз кейiпкер ретiнде бейнелену себебi не десек, ол жырдағы бiр кейiпкердiң атының жай ғана алынып тастауына байланысты болған. Жоғарыда айтқанымыздай, «Қыз Жiбек» лиро-эпостық жырының халық арасында алғашқы ауызша тараған нұсқасында Кескентерек деген кейiпкер бастан-аяқ оқиға iшiнде жүрдi. Бiрақ ол ХIХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында, жырдың баспадан шығар кезiнде қолдан өзгертiлiп кеттi. Неге өзгертiлген деген сұрақтың қойылары сөзсiз. Оған нақты жауап та дайын.

Ол кезде қазақтар араб әрпiмен жазып, оқыды. Рас, қазақ жерiнде кiтаптар шығатын. Бiрақ олар орыс тiлiнде болатын. Қазақ тiлiндегi еңбектер араб әрпiмен қазiргi Татарстанның астанасы Қазан қаласында басылды.

Бүгiнгi «Орал өңiрi» газетiндегi Бауыржан Ғұбайдуллиннiң «Бекежанға бiржақты көзқарас қиянат емес пе?» деген мақаласында: «Сол кезде қазақ халық ауыз әдебиетi үлгiлерiн жинаған Жүсiпбек қожа Шайхысаламұлы Қазан қаласынан осы жырды кiтап етiп бастыру барысында жаңсақтық жiбергенiн» айтады. Расына келгенде, бұл жаңсақтық емес, әдейi өзгертiлген жай едi. Өйткенi, жырдағыдай емес, Төлегендi өлтiрген Кескентерек деген қарақшы болатын. Кiтапты шығарушылар Кескентеректiң орнына қазақтан шыққан белгiлi Бекежан батырды қоя салды.

Ойлап қарасақ, егер Кескентерек сияқты кейiпкер болмаса «Қыз Жiбек» дастаны дүниеге келер ме едi. Әрине, жоқ. Олай болса, шынында да өзi сүйген қызға үйленудi мақсат еткен Кескентерек өзiнiң ойын iске асыру үшiн Төлегендi өлтiргенiмен ол алынып тасталмауы керек қой. Кескентерек жырдағы оқиғаларды өрбiтетiн негiзгi кейiпкердiң бiрi.

Ал Бекежан кiм? Ол – Шектi руынан шыққан. Кей жазбагерлердiң көрсетуiне қарағанда, Қыз Жiбекке бесiншi атадан барып қосылатын, қыз алыспайтын туысы. Кескентерек Қыз Жiбектi Төлегеннен қызғанған, бiрақ зорлықпен алуға қызға туыс болып келетiн Бекежан батырдан батпаған. Алайда, бiрде, Бекежан Зұлфия атты сұлуды алу үшiн түркiмендер ауылына кеткенде, оның жоғын пайдаланып, Төлегеннiң келетiнiн бiлiп, алдынан шығып, Қособа көлiнiң жағасында атып өлтiрген. Сөйтiп, Шектiден шыққан Бекежан кiтапты баспадан шығарар алдындағы бiр түннiң iшiнде кiсi өлтiрушi болып шыға келдi.

Алғашқыда бұл оқиғаны жақсы бiлетiн, оның ерлiгiн үнемi мақтана айтатын ұрпақтары жырдың дұрыс шықпағанын айтқанымен, халыққа жазба түрде тарап кеткен жырды өзгертудiң мүмкiндiгi болмады. Бiрақ ХХ ғасырдың басындағы кейбiр жазбагерлердiң еңбектерiнде, соның iшiнде Сегiз Серiнiң жазбаларында Кескентеректiң орнына Бекежан батырдың ауыстырылғаны айтылған. Кеңес өкiметi заманында жазбагерлер ол жөнiнде сөз қозғаған жоқ. Алайда бұл жөнiнде Шымкент пединститутындағы әдебиетшi ғалым Өмiртай Танабаев кезiнде бiраз зерттеу жұмысын жүргiзген.

Екiншi жай, Қыз Жiбектiң оңтүстiк өңiрiнде болғандығы жөнiнде. Жалпы, Оңтүстiк өңiрi қазақ тарихына қатысты оқиғаларға, аңыздарға өте бай екендiгi белгiлi. Батырлар жыры мен лиро-эпостық жырларда көбiне осы өңiрдiң аты ең кемiнде бiр аталып кетедi. Бұл «Қыз Жiбек» жырына да қатысты.

Бiрақ ел аузындағы аңызға сөз берсек, ол былай дейдi: Сырдың бойындағы Қыз Жiбек ауылына оны жасырын алып кету үшiн Төлегеннiң iнiсi Сансызбай келiп, қалмақ батыры Қореннiң зорлығынан алып қашады. Бұл жөнiнде жырда кеңiнен атап көрсетiледi. Аңыздарға құлақ түрсек, Сырдың бойын сағаласа ұсталып қалатынын бiлiп, Қаратаудан асып, Арқадағы Жағалбайлылардың жазғы жайлауына тiке тартады. Ол жақта ескi Тараз қаласынан Сыр бойына қарай Созақты басып өткен үлкен жолдың болғаны белгiлi.

Кинода «Бекежан қарақшының» рөлiн керемет етiп сомдаған Асанәлi Әшiмов сынды жалындаған кейiпкердi көргеннен кейiн Төлегендi ол өлтiрмедi дегенге жұрттың сене қоюы да қиын. Дегенмен, аяныштысы сол, өмiрде Бекежан қалмақтармен бiр соғыста жараланып, ерте кемтар болып қалған жан.

Ендi жырдағы оқиғаларға оралайық. Төлегеннiң шыққан тегi Жағалбайлы болса, Қыз Жiбек те Кiшi жүзден, Алты Шектi руынан. Бiздiң түсiнуiмiзше, Жағалбайлылар Жайық өзенiнiң бойын жайласа, Жiбек шыққан Шектiлер Сырдарияның орта ағысының аяғында, бiрде оң жағалауына, ендi бiрде сол жағалауына өтiп, бiрде Бұхара хандығының, бiрде Хиуа хандығының шапқыншылықтарына ұшырап отырған Iңкәрдария, Қуандария, Жаңадария өңiрiнде көшiп жүрген.

Оқиға жоғарыда айтқанымыздай, ХVII ғасырдың соңы мен ХVIII ғасырдың басында орын алған. Бұл кезде Ұлы жүздiң ордасы немесе астанасы Ташкент, Орта жүздiң астанасы Түркiстан (әрi Қазақ хандығының астанасы), Кiшi жүздiң астанасы Сауран қалалары болғанын ескерсек, бiр-бiрiмен араласып жатқан қазақ жүздерiнiң iшiндегi Кiшi жүз руларының, соның iшiнде Шектi руы ауылдарының Кiшi жүздiң астанасы Сауранға дейiн көшiп-қонғанын терiске шығарудың жөнi жоқ. Олай болса, жоңғарлар Сайрам, Ташкент, Түркiстанды алған кезде Түркiстанға жақын жатқан Сауран да солардың қоластына өткенi белгiлi.

ХVIII ғасырдың басында Кiшi жүздiң ханы Әбiлхайыр мен Әйтеке би бастаған игi жақсылары, iрi байлар, жалпы қазақ ауылдарының негiзгi бөлiгi Сауран мен оның төңiрегiндегi жағалауын қалың қамыс көмкерген әрi малға азық, әрi бораннан ықтасын саналған Сырдың бойын мекендедi. Ал, жазда бiр мың, кейде тiптi, екi мың шақырымдай солтүстiкке қарай көшiп, қысқа қарай тағы да Суран қаласының маңына қайта оралған. Олай болса, Кiшi жүздiң негiзгi орналасқан жерi кейбiрiмiздiң айтып жүргенiмiздей Қазақстанның тек батыс өңiрi ғана емес, Кiшi жүздiң ордасы болған Саураннан бастап Каспийге дейiн, одан солтүстiк жағында башқұрттар елiне шектесiп, Торғай даласынан әрi асқан.

Торғай даласы дегеннен шығады, егер 1917 жылғы төңкерiске дейiнгi әкiмшiлiк-территориялық картаны қарасаңыз, Кiшi жүздер мекен еткен Торғай даласының бiр шетi бүгiнгi Созақ ауданының солтүстiк жерiнiң тең жартысын алып жатыр. Мұрағаттық деректердiң бiрiнде Шымкент маңына (қазiргi Тассай ауылына) Жағалбайлылардың 1883 жылдан бастап көшiп келе бастағандықтары жөнiнде айтады. Олар сонау Жайық бойынан ауып келген жоқ немесе қоныс аударып келген жоқ, Сарыарқаның оңтүстiк-батысындағы, бiздiң оңтүстiкке тиiп тұрған өздерiнiң ата-бабаларының ғасырлар бойы жайлы қонысынан берi қарай жылжып келдi. Олай болса, Жағалбайлылар тек Жайық бойын ғана жайлаған деген пiкiр нақты емес. Оның үстiне бiздiң ата-бабаларымыздың ол кезде отырықшы емес, көшпелi өмiр кешкенiн естен шығармағанымыз жөн.

Келесi айтайын дегенiмiз, Жайық өзенi дегенде, бiздiң ойымызға тек бүгiнгi Батыс Қазақстан түседi. Өзеннiң ағысына қарай қарсы жүзiп көрiңiзшi… Жайық өзенi Орал қаласына дейiн шығысқа қарай алты жүз шақырымдай өрге қарай жүрiп, Орскiге барған соң солтүстiкке қарай бұрылады. Төлегеннiң әкесi Базарбай ауылы қысқа қарай, кейде Түркiстан мен Сауранға жақын келiп қыстап қалған болуы да мүмкiн.

Егер 1958 жылы жарық көрген «Қыз Жiбек» дастанын оқысаңыз, Базарбай мен Сырлыбайдың ауылы арасының жақын жолының өзi атты кiсiге жетпiс бес күн, оның қырық күнi шөл арқылы өтетiнiн айтқанына қарағанда, тiптi «әсiрелеп айтқан шығар» – дегеннiң өзiнде екi араның жақын бола қоймағаны айқын. «Қырық бес күндiк шөл» дегенi Бетбақдала екенiнде дау жоқ. Ендеше, жалғыз-жарым адамның өте алмайтын ол шөлдi айналып өткен де болар.

Айта кететiн тағы бiр ерекше жай, жырда Төлегеннiң анасы баласы жол жүргелi тұрғанда оны Түркiстандағы Әзiрет Сұлтанға, Созақтағы Баба түктi Шашты Әзiзге қорған болуға тапсырады. Бұл бiзге екi түрлi ой салады. Бiрiншiсi, Базарбайдың ұлы Төлеген Қыз Жiбектi алу үшiн осы, оңтүстiк өңiрiне келе жатыр. Сондықтан анасы баласын сонау алыстағы, осы оңтүстiктегi әулиелерге тапсырып отыр. Екiншiсi, Сырлыбай ауылы осы оңтүстiк өңiрiнде, әйтпесе, сонау солтүстiк-батыстағы Жайық өзенiнiң құяр жерiнде әулие-әмбилер көп емес пе, неге оларға тапсырмайды. Жырда қашанда жер аттары көп атала бермейдi. Аңыздарға қарағанда Сансызбай Қыз Жiбектi алып қашқанда Сырдың бойымен емес, Қаратау арқылы асып, Бетбаққа қарай өтiп, таудың екiншi бетiмен жүрмек болған. Қорен қалмақты ол осылай адастырып кетпек едi. Бiзге дейiн жеткен кей аңыздар осылай ой салады.

Пайымдауымызша, осы кездегi жағдай былай болған. Төлегеннен хабар болмай, екi жылдан кейiн қазақтың iлгерiден келе жатқан дәстүрi бойынша ағасының «жесiрiн» алуға Сансызбай iздеп келгенде Қорен деген қалмақ Сырлыбай ауылына қысым жасап: «Қыз Жiбектi маған бересiң», – деп жатқан. Бұл жағдай жырда да тап солай айтылады.

Сансызбай Қыз Жiбектiң айтуымен екеуi Қорен қалмақтың екi тұлпарына мiнiп, қашып шығады. Хабарды естiген Қорен әскерiн орнынан қозғалтпастан, тұлпарларының iзiн танитынын айтып, өзi айналаны шолып, екеуiнiң Сыр бойымен емес, Қаратауға қарай бет бұрғанын бiлiп, сол қос аттың iзiмен соңына түскен. Бiрақ қанша уақыт бұрын кеткен қашқындар оңайлықпен жеткiзсiн бе, жол-жөнекей қуғыншы қалмақтардың аттары шаршап, бiрiнен соң бiрi қалып, ақырында Қорен қалмақ жалғыз қуа берген. Ол: «Қызды алмай қайтпаймын» деп қасарысқан. Ақыры, алыстан екеуiнiң қарасы көрiнген. Сол кездегi дәстүр бойынша, артынан қуғыншыны көрген Сансызбай ендi қашпай, қалмақ батырының келуiн күтiп, жолда көлденең тұрған.

Жырда айтылғандай, жасы үлкендiгiне және жiгiттiң кiнәлi екендiгiне байланысты бiрiншi кезектi алған Қорен қалмақтың жебесi Сансызбайдың қорамсағына тиiп, жебелерiнiң бiразын талқандап жiберсе, екiншi кезек алған Сансызбайдың оғы қалмақ батырына ат жалын құштырды.

Қорен қалмақ қатты жараланып, сүйретiлiп бастау басына жетiп, жан тапсырады. Артынан жеткен жiгiттерi оны жолдың жағасына жоңғарлардың салты бойынша тасқа бастырып көмдi. Сол кездегi қазақтар мен жоңғарлар арасындағы дәстүр бойынша егер қолбасшы жекпе-жекте мерт болса, күшi басымдығына қарамай жеңгенiне тимеген. Оның үстiне қаншама жерден қуып келген қалмақтардың Сансызбайға ендi жете алмайтындығы түсiнiктi едi.

Содан берi бүгiнгi Оңтүстiк Қазақстан облысының Бәйдiбек ауданынан Созаққа қарай үлкен жолдың асуындағы «Үсiктас» маңындағы бастау «Қорен бастауы» делiнiп, жолдың екiншi бетiндегi үйiлген тас мола Сансызбайдың жебесiнен өлген «Қореннiң моласы» деп аталынады. Бiрақ үйiлген тастың астында қалмақ батырының денесi бар ма, жоқ па, оны әлi күнге дейiн ешкiм ашып көрген емес. Айта кететiн бiр жай, сол төңiректе “Қореннiң моласы” аталатын төмпешiктен басқа жерде тастың жоқтығы.

Қорен қалмақтың Қыз Жiбектi алып кетiп бара жатқан Сансызбаймен жекпе-жекке түскен жерi, су iшкен бастауы, моласы Қызылкөл жағасына өрмек құрып, Назым тоқтатпақ болған Қамбар батырдың моласына жақын маңда. Талайлар келiп тәу еткен, Төлегеннiң анасының тапсырған Баба түктi Шашты Әзiздiң мазары да одан алыс емес.

Бiздiң мақсатымыз — аңыздарға, жазбаларға қарап, соларға сүйене отырып, осы оқиғалардың қайсысы дұрыс екендiгiн, бұрмаланып кеткен себептерiн оқырмандарға айту. Сөйтiп бiз Төлегендi өлтiрген Бекежан емес, Кескентерек атты қарақшы екенiн, оның атының аталмай, Қыз Жiбекке туыс Бекежанның атының неге аталғанын түсiндiк. Расында да, Төлеген аттанарда iнiсi Сансызбайға: «Мен кешiксем, iздеп келерсiң, қасыңа Шегенi ерт, алай-бұлай қиындық iс болса, Шектi елiнде Бекежан батыр деген досым бар, соған жолыққайсың», – деуi де көп жайды аңғартқандай.

Олай болса, шығыстан жоңғарлар, Едiлдiң құяр аймағынан қалмақтар маза бермей тұрған жаугершiлiк заманында өзiнiң жеке басының батырлығымен қоса, үш ұлын ел үшiн тәрбиелеп өсiрген Бекежан сынды тұлғаның тарихтан өзiнiң орнын алатын кез жеттi. Екiншiден, Кеңес заманында қазақтың ғасырлар бойы адамгершiлiкке негiзделiп келген, жесiрiн өзгеге жiбермей, жетiмiн өзгеге есiркетпей өз қамқорлықтарына алған әмеңгерлiкке қарсы болып, кинода Төлегеннiң iнiсi Сансызбайға Қыз Жiбектi қоспай, суға ағызып өлтiрдiк. Сөйтiп Қыз Жiбек оқиғасының бiр кезеңiнiң оңтүстiк өңiрiнде өрбiгенiн бiлдiк. Бiздiң мұндағы мақсатымыз — тағы да айтамыз, оқиғаны өзiмiздiң ауылымызға қарай, оңтүстiкке тарту емес, өмiрдегi шындықты қалпына келтiру.

Үнемi тек жаман жағынан аталатын қайран Бекежан сынды жанның ел сүйiспеншiлiгiне бөленiп, артында қалған ұрпақтарының жүздерi жарқын болып, марқұмның аруағы жай табатын, Қыз Жiбектiң суға кетпей, өзiнiң ажалынан өлгенiн, олардың ұрпақтарының ел тәуелсiздiгi үшiн күрескенiн бүкiл оқырман бiлетiн кездiң келгенi қашан?!

Сөз соңында айтарымыз, «Қыз Жiбек» дастанының 500 жылдығын ЮНЕСКО көлемiнде атап өту жөнiнде. Осыны насихаттау үшiн астанадан келген азаматтардың бiздiң Шымкенттегi А.С.Пушкин атындағы облыстық кiтапхана залында өткiзген салиқалы жиында мен «Қыз Жiбек» дастанының маңыздылығы, оның кейбiр тұстарының бұрмаланғандығын, бiрақ бұл жыр түгiл, оларлың кейiпкерлерiнiң дүниеге келгенiне бес ғасыр толмағанын айттым.

Тарихымызды қарасақ, бұдан 500 жыл бұрын дегенiмiз, Қасым ханның билiк жүргiзген кезiмен тура келедi екен. Расында, дастандағы оқиғаларға бес ғасыр бола алмайды. Жоңғар мемлекетiнiң түрлi бытыраңқы тайпалардан бiрiгiп, 1635 жылы Баатур қонтайшының басшылығымен Жоңғария мемлекетi құрылды. Мемлекет болғанына әлi төрт ғасыр болған жоқ. Оған дейiн олардың (бытыраңқы тайпалардың) сол кезде едәуiр нығайған Қазақ хандығының жерiн басып алып, билiк жүргiзетiндей қауқары жоқтығы белгiлi. Ал сондағы басты кейiпкердiң бiрi Бекежанның қайтыс болғанының өзiне 280 жыл ендi ғана толып отыр. Бiздiң ойымызша, оқиға «Ақтабан-шұбырындыдан» көп бұрын, шамасы жоңғарлардың Қалдан Бошоқту қонтайшының заманында, 1683 жылғы Сайрам өңiрiн басып алғаннан кейiн орын алған.

Олай болса, бiз «Қыз Жiбек» дастанының 500 жылдығын тек екi ғасырдан кейiн ғана өткiземiз. Жалпы тарихымыздың бiр жерiн туралай алмай жатқанда, екiншi жағын тағы да бұзып жүрмегенiмiз жөн деймiз. Тарих ешқашан бұрмалауды көтермейдi. Баршамыздың осыны бiлгенiмiз абзал.

Сәбит Жолдасов, тарих ғылымдарының докторы, профессор

Дайындаған: Алшын Матай

Дереккөз: suhbat.bozbala.com

сурет: kazakhfilmstudios.kz, kk.wikipedia.org

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста