"Шымкентскийлер" субэтнос па? Неге оларды жек көреді?
Алматы қаласының бір көшесінде Х нөмірлі автокөлік жанымнан зу ете қалды. Көше ережесін бұзған жоқ. Өз жайымен кетіп барады. Орыстілді бір қазақ әйелі Х деген нөмірді көре сала, «Қайда барсаң да - осы, «шымкентскийлер» шегірткедей қаптап жүреді. Бұларды өкшемен қарақұртша езгілеу керек!» - деп, шаян шаққандай баж ете қалды. «Шымкентскийлерге» деген өшпенділіктің бұл бір мысалы ғана. Бұл жайт мені қатты ойландырды.
Шын мәнінде, өзге өңір тұрғындарының оңтүстік жұртын жақтырмайтыны дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома. «Шымкенттен келін алма», «Шымкентке қыз берме» деп те жатады. Осы жұрттың шымкенттіктерден ала алмай жүрген қандай өші бар? Неге жек көреді екен?
Оның бірнеше қыры бар.
Біріншісі, әрине, тіл. Тіл – тек қарым-қатынас құралы ғана емес, ойлау жүйесі де. Тіл ерекшелігінің дүниетанымға да ерекше әсері бар екенін айтып жату артық болар. Мәселен, өзге аймақ өкілдері орыс тілін жақсы игергенін мақтан тұтса, шала білгеніне намыстанса, ал оңтүстік қазақтары үшін орыс тілі – шет тілі, оны білмеу еш айып емес. Орыс тілі не, суахили тілі не, иврит тілі не, бәрібір. Орыс тілінің, орыс мәдениетінің ықпалы басым аймақ үшін бұл жағдай «дикость» болып көрінеді. Қазақстандық орыстардың «Шымкентте орыс адамдарына анықтама қағазды қазақ тілінде жазып береді, орыстілділерге қысым жасайды», – деп байбалам салып жүргені содан. Бірақ Кеңес Одағының тұсында орысша сөйлемеген оңтүстіктің енді сөйлей қоюы екіталай. Бұл орыстілді қазақтар үшін де «үлкен мәселе».
Екіншісі – саяси Һәм тарихи қыры. «Әлемдік тілде» сөйлемейтін немесе нашар сөйлейтін «шымкентскийлер» – «этнократиялық мемлекет құрудың» жақтаушылары. Яғни, «шымкентскийлердің» ұлтшылдығы басым. Мәселен, мұны Қанат Нұров өзінің «Казакстан: национальная идея и традиции» атты еңбегінде әдемі көрсеткен: «Казахи как национальность, опять же в силу своего «казачества», по определению вряд ли станут «сторонниками этнократического государства». То обстоятельство, что так называемые «южане», то есть присырдарьинские казахи, издавна подпавшие под деспотическое влияние среднеазиатских ханств и ортодоксального ислама, стали при вполне определенном содействии постноменклатурного правительства проявлять значительную националистическую активность, подавая пример остальным, является прискорбным фактом настоящего момента, но не составляет характерной черты казахского народа».
Ғалым Қанат Нұровтың пікірінше, «Қоқан-Тәшкен» немесе «Сырдария маңы» аймағындағы қазақтар – өзге қазақтардан өзгеше, жат субэтнос. Оларға ортаазиялық, деспоттық мінез-құлық тән. «Безусловно, что современная «активность» «южан» представляет собой симптоматическое политическое явление и должна быть «нейтрализована» соответствующей автивностью», – деп, Қанат Нұров «южандарға» қарсы күресуге шақырады.
Рас, Өзбекстанмен шекаралас жатқандықтан, Шымкент өңіріне өзбек мәдениетінің ықпалын жоққа шығармаймыз. Алматы, Жамбыл облыстарының қазақтарында қырғыз, ұйғыр, дүнген, ал солтүстік қазақтарында орыс мәдениетінің ықпалы байқалады. Бірақ одан ешкім үлкен мәселе көрмейді. Бұл табиғи нәрсе. Демек, бар гәп – шымкенттіктердің «ұлтшыл» белсенділігінде болса керек. Айталық, Шымкентте өзге ұлт өкілдері – өзбегі болсын, әзірбайжаны болсын, орысы мен кәрісі болсын, бәрі қазақша тәп-тәуір сөйлейді. Осындай ортадан шыққан «шымкентский» Алматы, Астана, Павлодарға келіп, «Бұл жерде жұрт неге қазақша сөйлемейді?» – деп сұрақ қоюы табиғи нәрсе. Ал орысша сөйлегенін «абырой» көретін, өзін «озық мәдениеттің қайнар көзінен сусындап отырған адаммын» деп білетін алматылық немесе павлодарлық қазаққа бұл сауал түрпідей тиетіні анық.
Қанат Нұровтың пайымдауынша, оңтүстік қазақтарының өзге субэтнос екенін орыс ғалымдары сонау ХІХ ғасырда-ақ байқапты. Айталық, Левшин «бұл субэтностың қазақ халқының ішіндегі өзгеше топ екенін, тұрақты салық төлеп, Тәшкен билеушілеріне есеп беріп тұрғанын, «ештеңеден қорықпайтын қандастарына қарағанда, ішкі сырын жасырып жүретін жылпос әрі өте секемшіл болып келетінін» жазған.
Орыстар мен орыстілді қазақтардың мұндай пікірлерін жоққа шығарып, уәж айтуға болады. Алайда, қазақша сөйлейтін, қазақша ойлайтын қазақтардың да «шымкентскийлер» десе, төбе шашы тік тұратынын қалай түсінуге болады?
Біріншіден, соңғы жылдардағы ішкі миграция бағыттары көрсетілген картаға көз жүгіртсеңіз, еліміздегі көші-қон былайша түзілген: Тараз бен Қызылорда тұрғындары Шымкентке көшіп келіп жатыр да, ал Оңтүстік Қазақстан облысынан шыққан көш бүкіл Қазақстанға шегірткеше тарап жатыр. Жергілікті қазақтар үшін шымкенттіктер «понаехавшие».
Екіншіден, оңтүстік тұрғындары дәстүршіл. Қазақтың салтын берік ұстанады. Өзге өңірлер ұлттық этикет түрлерін «ескіліктің қалдығы» деп есептейді. «Бір қызығы, қазақта әйелдердің «үлкенге» иіліп сәлем беруі – «артта қалғандық» та, ал әлемде озық тұрған жапон еркектерінің бір-біріне иіліп сәлем беруі ұлттық этикет па?» деп уәж айтады оңтүстіктен шыққандар.
Үшіншіден, оңтүстік тұрғындарының менталитетінде айырмашылық бар. Сондықтан шымкенттіктерді қазаққа жатқызбайтындар да кездеседі. Солтүстік тұрғындарының аузынан «Жұмыста екі қазақ қана бармыз, қалғандары – кілең шымкентскийлер», – деген сөзді де естіп қаламыз. Шымкенттіктерді сипаттағанда, былайғы жұрт «әккі, қу, өтірік айтады, достыққа адал емес, қара басының қамын басты орынға шығарады, тым пысықай, сараң» деп бағалайды. Шымкенттіктерге рушылдық пен жемқорлықты таратушы адамдар ретінде қарайтындар да бар. Алайда мұның бәрі стереотиптен өзге ештеңе емесі анық.
Санамалап өткен осы себептердің кесірінен Алматы көшелерінде жол ережесін өрескел бұзған көліктердің нөмірлері Н, В, А, Z болып келсе, еленбейді де, ал Х көзімізге тікенектей қадалады. «Шаншар», «Шымкент-шоу», «Бауыржан-шоу» әзілдеріне күле отырып, шымкенттіктерге мысқылмен қараймыз. Тойларымызда Шымкенттен шыққан дарынды әншілердің ойнақы әндеріне рахаттанып билеп жүріп, «южандарға» шекеден қараймыз. Мұнымыз екіжүзділік, аярлық емес пе?!
Қазақтілділерге мұрын шүйіріп жүрген бір атақты орыстілді журналист екеуара әңгіме кезінде «Мойындау керек, егер Шымкент болмағанда, қазір қазақ мәдениеті, қазақ тілі, тіпті қазақ мемлекетінің де болуы неғайбыл еді» деп ағынан жарылды. Шын мәнінде бұл тым асыра айтылған пікір. Десе де, бұл сөздің де жаны бар секілді.
Бұл тақырыпты қозғағандағы мақсатымыз – «шымкенттіктерді» жамандау немесе ақтау емес, қоғамда бар жікшілдікті талқыға салып, ұлттық тұтастыққа келетін қауіптің алдын алу. Аумалы-төкпелі кезеңдерде тіл мен менталитет айырмашылығынан батыс пен шығыс, оңтүстік пен солтүстік болып, екіге бөлініп жатқан немесе бөлінуге шақ қалған елдер аз емес. Сондықтан, дертімізді бүгінгідей мамыражай заманда емдеп алғанымыз абзал. Сіз не дейсіз, оқырман?
Берік МЫҢЖАСАР «Cерке» газеті