Шоқайтануға қосылған сүбелі еңбек

Көрнекті ақын Қасымхан Бегмановтың «Мұстафа Шоқай жолымен» деп аталған және М.Шоқайдың туған жерінен бастап, фәни дүниеден өткенге дейінгі барған-тұрған жерлерін деректі фильм ретінде түсіру идеясын естігенде қатты толқып қуандым. Өйткені бұл екінің бірінің қолынан келе бермейтін үлкен іс-шара еді. Сондықтан тек мұны іске асыру ғана емес, осындай үлкен жобаға демеуші табудың өзі – үлкен табыс. Өйткені біз – ғалымдар және шығармашылық саласының қызметкерлері көптеген ұлттың игілігіне қажет жоба-жоспарларды ойлаймыз, бірақ оларды іске асыруға қаржылай көмек бере алатын азаматтарды оған ортақтастырудың жолын таба алмаймыз. Негізінде, барлық нәрсені мемлекеттен күтуге болмайды. Шығармашылық және бизнес саласының адамдары арасында мықты байланыс, ынтымақтастық болуы қажет. Сонда осы екі топтың бірігуімен ұлт игілігіне жарайтын көптеген іс-шаралар дүниеге келер еді.
Аталған жобаның экспедициясы құрамында Түркия, Париж және Берлин сапарларына қатысуым туралы Қасымхан Бегманов жасаған ұсынысты іркілместен қабыл алдым. Оның ойдағыдай іске асуына көмектесуді өзіме ұлы міндет деп санаймын. Өйткені Мұстафа Шоқайды әлі де болса өз деңгейінде құрметтеп, біліп жатқан жоқпыз. Бұл салада тек ғалымдар емес, сонымен қатар шығармашылық сала қызметкерлері де жұмыс істеп, романдар, әндер, өлеңдер жазылып, көшелерге аттары беріліп, оның атында саябақтар ашып, университеттерге, үлкен залдарға есімін беріп, көркем фильмдер мен деректі фильмдер түсірілуі лазым. Сөйтіп, М.Шоқайды Қазақстанға және бүкіл әлемге таныстыруымыз керек.
Енді бұл жоба бойынша атсалысуым сұралған Ыстамбұл, Париж және Берлин маған бұрыннан таныс. Онда Мұстафа Шоқайға қатысты құжаттар жинап, талай жүрген соқпақтарым жатыр. Түркияда болғанымызда топ құрамы Мұстафа Шоқай атамызға қатысты бірқатар тарихи орындарда болды. Қайраткердің өмірімен және азаттық жолындағы қызметімен ертеден айналысып келе жатқан ғалымдармен кездесудің мүмкіндігі туды. Басы-қасында өзім жүріп, іздеу жұмыстарының сәтті болуына экспедицияның ресми үйлестірушісі ретінде бар күшімді салдым. Мұстафа Шоқайдың жиырмадан астам суреті бар және өмір жолы мен еңбектері туралы мәліметтер келтірілген, 1942 жылы жарық көрген альбом кітапшаны сол жердегі зерттеушілердің бірінен алдық. Осындай-осындай әртүрлі деңгейдегі 20-30 тариха құжаттарға қолымыз жетті.
Париж сапары да табыссыз болған жоқ. Негізгісіне тоқталатын болсам, Мұстафа Шоқайдың Париждегі алғаш аяғы тиген жері «Гарди Лион» теміржол бекетінде болып, оны суретке түсіріп алдық. Париждегі алғашқы тұрақтаған үйінің (Моцарт көшесі, 64) орнын іздеп таптық. Өкінішке қарай, бүгінгі таңда ол үй орнында жоқ болып шықты. Кішігірім алаңға айналдырылған.


Ақын, Мұстафа Шоқайды зерттеуші – Қасымхан Бегманов
Қазақстанның Париждегі Төтенше және өкілетті елшісі Мұрат Тәшібаев топ мүшелерін қабылдады, қолынан келген көмегін аяған жоқ. Эйфель мұнарасы, Трокадеро музейі, Нотр-Дам, Шанзелизе, Конкорт, Опера, Мадлен, Олимпиада залы, Лувр тағы да басқа тарихи орындарды экспедиция мүшелері аралап көрді, тиісті деректер мен құжаттарды алды. Экспедиция М.Шоқай атамыздың қырық күндік асы берілген Париждегі ең үлкен мешітте болды. Бабамызға дұға бағыштады. Топ мүшелері бұл жерден де қажет құжаттарды қоржындарына салды. Париждегі Мұстафа Шоқай француз-қазақ достық қоғамының өкілдерімен кездесті. Парижде тұратын қазақтардың беделді ақсақалдарының бірі – Садық Жігіт деген қарияның үйінде болдық. Көп деректерге бұл жерде де қанықтық. Ақ орыстар туралы кітап жазып жүрген Андрей Карлоковпен кездесудің сәті түсті. Мұстафа Шоқайдың бұрын еш жерде жарық көрмеген, ешқандай зерттеушінің қолына түспеген суретін Андрейдің кітабынан Қасымхан Бегмановтың өзі іздеп тапты.
Берлинге жасалған сапар Мұстафа Шоқайдың бейітінен басталды. Бейіт Еуропадағы ішінде екі мұнаралы мешіті де бар бірден-бір мұсылман зиратында орналасқан. Сондағы екі мұнарасы бар мешіттің қызметкерлерімен әңгімелестік. Олар бабамызға қатысты қызықты әңгімелер айтты. Заксенхаузен тұтқын лагерінде болдық. Мұстафа Шоқай герман әскери басшыларының тапсырмасымен осы және тағы басқа ондаған тұтқын лагерьлерінде болып, түркістандық жауынгерлерге уағыз-әңгіме айтқанын тарихтан білеміз.
Татар мәдени орталығында болдық. Шоқайдың татар жолдасы Ғаяз Исхахи, оның күйеу баласы Тахир Шағатай туралы әңгімелер айтылды. «Яш Түркістан» журналының қалай шығарылғандығы, кездескен қиындықтар төңірегінде сөз болды.
Берлиннің ұлттық кітапханасында және қайраткер ғұмырының соңғы күндері өткен Виктория ауруханасында болдық. М.Шоқай жатқан палатаны көрдік. Кітапханадан Вали Қаюмханның Түркістан легионы неміс қолбасшысы Хайгендорфпен бірге түскен суреті кездейсоқ табылды. Бұл да бұрын – біз үшін тың дерек. Берлинде тұратын өзбек ғалымдарымен кездесіп сұхбаттастық.
Бранденбург қақпасы, «Адлон» қонақүйінде болып, қажетті деректер жинадық. Мұстафа Шоқай қайтыс болғаннан кейін оның орнына адам тағайындау жөніндегі үлкен тартыс осы қонақүйде өткен екен. Бұл да осы сапарда анықталды. Берлин дуалын көрдік. Бұл – Батыс пен Шығыс арасындағы қырғи-қабақ соғыстың қақпасы болған тарихи орын. «Яш Түркістан» журналы шығып тұрған Рихард Вангер көшесіндегі 15-інші үйге бардық.
Моабит түрмесінде болған кезіміз ерекше есте қалды. Бұл татар халқының классик ақыны Мұса Жәлел жатқан атақты түрме ғой. Мұса Жәлелдің «Моабит дәптері» деп аталатын өлеңдер жинағын оқымағандар кемде-кем болар. Кеңес әскері жауынгерлеріне арнап орнатылған ескерткішке соқтық. Қазақ солдаттарының аты-жөндерін жазып алдық.
Берлиндегі қазақ қоғамының төрағасы Жүнісбек Тораман мырзамен кездестік. Ол топ мүшелерін ерекше қабылдап, қонақасы берді. Мұстафа Шоқайға қатысты өзі білетін және қоғам мүшелері жинастырған деректерден хабардар етті. Топ мүшелері барынша қажырлылық танытып, ыждағаттылықпен жұмыс жүргізді. Соның нәтижесінде Түркияға, Парижге, Берлинге жасалған сапарлар барынша сәтті болды.
Мен өз басым «Мұстафа Шоқай жолымен» атты жобаны ұйымдастырған және топқа жетекшілік еткен көрнекті ақын, ұлтжанды азамат Қасымхан Бегмановтың бұл ісіне өте-мөте іштей риза болдым. Өзі шығармашылықтың адамы болғанына қарамастан, мықты тарихшылардың ғана қолынан келетін ғылыми дерек жинау жұмыстарын өте мұқият атқарды, әрбір құжаттың қатесіз алынуына, мағлұматы мол болуына және тарихи маңыздылығына ерекше мән берді. Мұстафа Шоқайға қатысты бір ауыз тың сөз айтатын немесе бір парақ соны мәлімет беретін адам табылса, алыс-жақынына қарамай, уақытпен санаспай, күн-түн демей, сол құжатты алуға әрекет жасады.
Қасымхан Бегманов осы сапарлар кезінде көрген-білгендерін қолыңыздағы кітапқа арқау етіп, алдарыңызға тарту қылып ұсынып отыр. Меніңше, бұл кітаптың құны жоба бойынша түсірілген осы деректі фильмнен жоғары болмаса, кем емес. Өйткені кітапта деректі фильмге сұхбат берген бүкіл адамдардың айтқан сөздері қамтылған. Маңызды құжаттардың көшірмелері берілген. Сонымен қатар автор осы сапарлар кезінде алған әсерлерін жалпақ әдеби тілмен де, өлең тілімен де жеткізе алған. Сондықтан бұл еңбек сауапты іс болып қана қалмай, Тәуелсіз қазақ елінің 20 жылдығында тартуы әрі оның азаттық жолындағы тарихының, егемендік үшін еңбек еткен ерлерінің жасампаз істерін келешек ұрпаққа жеткізетін өте құнды тарихи дүние болатыны сөзсіз. Бұл жоба Мұстафа Шоқай арқылы ол өмір сүрген, еңбек еткен, уақытша мекендеген бірнеше мемлекеттермен арадағы достығымыздың берік қалыптасуына да алдағы уақыттарда мұрындық бола алады.
Сонымен, қорыта айтар болсақ, белгілі ақын Қасымхан Бегманов осы еңбегімен шоқайтану саласына деректі, ғылыми, танымдық үлкен еңбек сыйлап отыр. Қасымхан Бегмановты осы құнды еңбегімен құттықтаймын және оқырманның да көңілінен шығады деген ойдамын.
Әбдіуақап ҚАРА, Ыстамбұлдағы Мимар Синан Көркем өнер университетінің профессоры, тарих ғылымының докторы.
“Алты Алаш” ақпарат

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста