Сириядағы қазақтар: қасиетті соғысқа үндеу
Мүдделі топтардың ықпалымен Әл-Фурқан және Әл-Хайат студиялары дайындаған бейнежазбалар еліміздегі радикалды ілімнің жетегінде кеткен жастардың көзқарастарына әсер етуде және бейне нашидтер кеңінен таралуда. Мәселен, «Вконтакте» парақшаларының бірінде жарық көрген видеоны бірнеше күнде 500-ге жуық адам көріп үлгерген.
Соңғы уақытта елімізде терроризм және Сириядағы қазақтардың джихадқа үндеу мәселесі ұлттық қауіпсіздікке нақты қауіп төндіретіндей дәрежеге жетті. Бұған себеп, «муджахеттердің» қазақстандықтарды «қасиетті соғысқа» шақыру бейнежазбалары әлеуметтік желілерде бірінен кейін бірінің үздіксіз жарық көруі. 2011 жылдың соңынан бастап Аллах жолында джихадқа шақыратын мұндай бейнежазбалардың төртеуі шықты:
1. «Джунд әл-Халифат» немесе «Халифат сарбаздарының» үндеуі (2011 жыл, қазан);
2. Әлеуметтік желіде жарық көрген «Шамға келген 150 қазақ» атты видео-үндеу (2013 жыл, қазан);
3. Әл-Хайат телестудиясы дайындаған «Те кто были правдивы с Аллахом» атты видео-үндеу (2014 жыл, шілде);
4. Және жуырда ғана Әл-Фурқан телестудиясы дайындап шығарған «Обращение казахстанских братьев из Шама» атты видео-үндеуі. (2014 жыл, тамыз).
Сырттан төнген қауіп-қатер: үндеулердің қазақстандықтарға ықпалы
«Джунд әл-Халифат» немесе «Халифат сарбаздары» деген лақап атпен ұйымдасқан джихадшылар тобы 2011 жылы 21 қазанда араб телеарнасында жарық көрген видео үндеу Еліміздегі жаңа қабылданған дін туралы заңның күшін жоюға шақырған. Ол видеода беттерін бүркемелеген қарулы 4 жауынгер Қазақстан үкіметінен жаңа қабылданған дін туралы заңның күшін жоюды талап еткен болатын.
Топ мүшелері: «бұл заңда мемлекеттік орындарда намаз оқып, орамал тағып жүруге тыйым салынған, егер бұл ұстанымдарыңыздан бас тартпасаңыздар, біз сіздерге қарсы әрекет ете бастаймыз» деген. Іле-шала Атырауда 2011 жылдың 31 қазанында екі жарылыс болып, оның жауапкершілігін «Джунд әл-Халифат» өз мойнына алды. Атыраудағы жарылыстарға «бұл ұйымның қатысы бар екенін» бір аптадан соң Қазақстан бас прокуратурасы растап, ондағы айыпталушы азаматтардың «шетелдегі террорлық топқа қатысы барын» айтқан.(www.azattyq.org «Сириядағы жиһадшы 150 қазақ» әлеуметтік желіні тіксінтті)
«Хиджрат», «Джихад» және «Шариғат»
Мүдделі топтардың ықпалымен Әл-Фурқан және Әл-Хайат студиялары дайындаған бейнежазбалар еліміздегі радикалды ілімнің жетегінде кеткен жастардың көзқарастарына әсер етуде және бейне нашидтер кеңінен таралуда. Мәселен, «Вконтакте» парақшаларының бірінде жарық көрген видеоны бірнеше күнде 500-ге жуық адам көріп үлгерген.
Әлеуметтік желіде жарық көрген үндеулерге назар аударатын болсақ, видео сыртқы топтардың ықпалымен дайындалғаны анық және арнайы бағытталған насихат екені белгілі. Дегенмен, видеолардағы үндеулер мен ондағы айтылған мәтіндерге контент талдау жасап көрелік.
Видео-үндеулерге контент талдау (ең көп қолданған сөздер)
Бірінші видеода «Муджахеттердің» ең көп қолданған сөздері «джихад», «соғыс» және «шахид» сөздері екен және «хиджрат» мен «шариғат» сөздерін аз қолданған. Сондай-ақ, видеоның өзіне назар аударатын болсақ, әйел, бала-шағасын алып Сирияға кеткендердің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайының «керемет» екендігін көрсеткілері келген.
Зәулім үй, жайылған дастархан мен арнайы пісірілген бауырсақ, бала-шағаның ойнауы мен құран аяттарын айтып жарысуы барлығы бұған дәлел. Яғни, бұл дегеніміз видеода басты акцент исламдағы джихадтың маңыздылығы, шахид болғандарға Аллах уәде еткен дәрежелерін Қазақстандағы мұсылмандарға жеткізгілері келгенін көрсетеді.
Ал, екінші видеода ең көп қолданған сөз «джихад» болды. Дегенмен, «шариғат» сөзін 9 рет пайдаланған екен және ол «Аллахтың заңына бағыну керек», «шариғатпен үкім етіп жатырмыз» және «Аллахтың заңымен амал етудеміз» деген сөз тіркестерімен байланысып жатты. Яғни, бұл үндеуде басты назар Шамда шариғат заңынын орнатылғанын жеткізу, сол арқылы Қазақстандағы экстремистік іліммен уланған азаматтарды қызықтыру және қасиетті соғысқа шақыру еді.
Үндеуші батыс өңірінің азаматы екені анық.
Үшінші бейнероликті Иракпен Шам ислам мемлекеті тапсырмасымен Әл-Фурқан телестудиясы түсірген. Бейнеде қазақтың қара домалағы «Әбу Муаз» қазақ тілінде Қазақстандағы "мұсылман бауырларына" үндеу жариялап, Сириядағы соғысқа қатысуын талап етеді. Үндеу барысында басты акцент «хиджрат» сөзіне басымдық береді және қазақстандық мұсылмандарды Сирияға болсын, Иракқа болсын джихад жасауға келуін үндейді. Талдаудан кейін сауал туындайды «неге хиджрат сөзі көп қолданылған, неге джихад сөзі, не шариғат сөзі сирек қолданған?». Сирияға джихадқа бару үшін ешқандай қиыншылықтар мен ауыртпашылықтардың болмайтынын айтып, қаласаңыз джихад жасаудың мүмкіншіліктері көп екенін көрсеткілері келген. Демек, сыртқы күштер қазақстандықтардың Сирия мен Ирак мемлекеттеріне джихад жасауға ағылуларын, одан әрі көптеп келуіне, елімізде жүрген азаматтардың келе алмай қалған жағдайда мал-мүліктерімен джихад жасауларына шақыруда, соған ықпал етуде.
Келер видео қандай бағытта болуы мүмкін?
Алдағы уақытта ықпал етуші топтардың видео-үндеулері одан әрі әлеуметтік топтарға бағытталған болуы ықтимал.
Мәселен, Сириядағы джихадқа кеткен азаматтарымыздың әйелдерінің үндеуін таратулары мүмкін. Себебі, биылғы жылдың басында «Ирак пен Шам ислам мемлекеті» ұйымы Әл-Ракка провинциясында «Хансаа» және «Умм Райян» атты әйелдер батальоны қатарына джихадшы әйелдерді қабылдауға дайын екенін мәлімдеген еді. Қазіргі уақытта аталмыш әйелдер батальоны радикалдар тарапынан қызығушылық танытып отыр. Ұйымға мүше әйелдердің жас аралығы 18 бен 25 жас. Себебі, әйелдер өз қызметтеріне тиянақты және радикалды әрекеттерді жасауда күдік тудырмайды. Сондай-ақ, халықаралық терроризм әрекеттерінде әйел джихадшылардың орны ерекшеленіп келе жатқан тенденция байқалуда.
Сонымен қатар, саясаттанушы Ерлан Кариннің пікірінше, әлеуметтік желіде пайда болған Сирияда соғысып жүрген қазақстандықтардың бейнероликтері Елімізде діни экстремизм мен терроризм мәселесі өзекті күн тәртібіне айналды.
Видеоның айналасындағы қалыптасқан күрделі ахуал, оның таралу хронологиясы мен ол үндеудің қаралу көрсеткішінің күннен күнге өсуі Еліміздегі ақпараттық қауіпсіздік қамтамасыз ету механизмдерінің одан әрі жетілдіруін және кешенді әрекет етуін қажет етеді.
Еркеш ҚОЖБАНХАН
Саясаттану магистры, Назарбаев стипендиаты
ult.kz сайтынан алынды