Елімізге танымал ғалым, Қазақстан педагогикалық ғылымдар академиясының президенті, Қазақстан Республикасының мемлекеттік сыйлығының лауреаты А.Құсайыновтың «Егемен Қазақстан» газетінің 2014 жылғы 12 наурыздағы №48 санында жарияланған «Стандартты сарапқа салайық» атты мақаласында 2015 жылы қолданысқа енгізілгелі отырған 12 жылдық білім беру стандарты жобасының кемшілік тұстары жөнінде жарияланған мақаласын оқып отырып, ой түйіндеп, біз де өз пікірімізді ортаға салуды жөн көрдік. Қай мемлекетте, қай қоғамда болмасын, білім беру – қоғам дамуындағы бәсекелестікке қабілеттіліктің басты көрсеткіші. Баланың мектепте алатын білімі оның өмір сүру деңгейіне, ортаға бейімделе білуіне әсер етеді.
Ал, мектепте берілетін білім сапасы, алдымен, білім беру стандартына, оқу бағдарламасына және оқулықтарға тікелей байланысты екендігі белгілі. Олай болса, 2015 жылғы 1 қыркүйектен бас¬тап, Республиканың барлық мектептерінде жаппай енгізілгелі отырған 12 жылдық білім берудің мемлекеттік білім стандарты жан-жақты талданып, осы салада қызмет атқарып жүрген ғалымдар мен мамандардың талқысынан өтіп барып, қолданысқа енгізілуі керек. Ал, мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарты талқыға түсу үшін, алдымен, жер-жердегі білім мекемелеріне таратылып, көпшілік қауым оның артықшылықтары мен кемшіліктерін алдын-ала көріп, ой елегінен өткізгенде ғана нағыз талқылау болар еді. Енді қолымызға күні кеше ғана тиген «Бастауыш білім берудің жалпыға міндетті білім стандартына» аз-кем тоқтала кетейік.
Аталмыш стандартта «Орта білім беру, оның ішінде бастауыш білім беру қазақстандық сана-сезім мен мәдени ұқсастық негізінде Отан үшін жауапты болуға қабілетті зиятты және рухани адамгершілік жағынан тұлға дамытуға бағытталған» делінген. Қарап отырсақ, осы сөйлемнің өзін түсіну қиын. Мұның түпнұсқасы қазақ тілінде емес, басқа тілде дайындалып, қазақшаға аударылғаны бірден көзге ұрады. Жақсы, бұл жерде біздің айтпағымыз: сөйлемнің мағынасы мен құрылысының дұрыс-бұрыстығы емес, оның білім мазмұнындағы көрініс табуы. Бұл жерде ұлттық құндылықтар мен мемлекеттік тілді (қазақ тілін) меңгерту мен дамыту туралы бір ауыз сөз жазылмаған. Сонда біз онсыз да жойылып бара жатқан салт-дәстүрлеріміз бен «өлімші» халде тұрған, өз жерінде өгейдің күнін кешіп отырған ана тілімізді қай жерде, қай кезде үйретпекпіз? Сондай-ақ, стандарттың әр пән бойынша берілген бөлімдерінде «Үш тұғырлы тіл саясатын жүзеге асыру» деген бөлім бар екен. Сонда бұл мектепке жаңа қабылданған, тілі мен ойы әлі де жетіле қоймаған балаға білімді басқа тілде меңгерту дегенді білдіре ме? Кезінде орыстың ұлы педагогы К.Д.Ушинский «Басқа тілде оқыту баланың табиғи күші мен қабілетін әлсіретеді, сондықтан, оны ана тілінде оқыту керек» деп ана тілінің бала тәрбиесі мен білім сапасына тигізер әсерін ерекше атап өткен.
Сондай-ақ, «халық шығармашылығы – ертегілер, мақал-мәтелдер, жұмбақтар білімділікке көмектеседі» деп халықтық педагогиканың білім алудағы маңыздылығын да көре білген. Ал, енді ұсынылып отырған стандарттың инварианттық компонент бөліміндегі «Тіл және әдебиет» саласы бойынша бөлінген 11 сағаттың тең жартысын екінші тілге (орыс тіліне) және ағылшын тіліне берген. Сондықтан, стандартта берілген тіл және әдебиет саласы бойынша енгізілген екінші тіл және ағылшын тілі деген пәндерге бөлінген сағаттарды мүлдем алып тастаса жөн болар еді. Есесіне, бұл сағаттарды «Өнер» саласындағы бейнелеу өнері, музыка, технология сияқты пәндерге бөлген дұрыс.
Стандарт жобасында кейбір пәндерді, мысалы, математика, дүниетану, өнер пәндерін ағылшын тілінде оқыту қарастырылған. Бұл ұсыныс мүлдем ақылға сыймайды. Сонда біз қай мемлекетке, қандай қоғамға қызмет етпекпіз?! Ағылшын тілі халықаралық қарым-қатынас тілі екендігінде сөз жоқ. Оны меңгеру қажет. Ол – заман талабы. Бірақ, пәндерді ағылшынша оқытқаннан біз не ұтамыз, неден ұтыламыз? Оның нәтижесі қандай болмақ? Жалпы, әлемдік тәжірибеде тілді игеру үшін оған сол тілде сөйлейтін орта керек. Ал, бізде ағылшын тілді орта бар ма? Сондықтан да, кейбір пәндерді оқыту деген ойдан бас тартуымыз қажет. Біздің балаларымыз әркімнің ойына келген ақылға қонымсыз эксперимент жасай беретін техника емес қой!
Стандарттағы тағы бір келіспейтін мәселе: «Жаратылыстану» саласы бойынша өте күрделі ұғымдар мен іс-әрекеттерді меңгерту көзделген. Сондықтан, бұл сала бойынша да білім мазмұны баланың жас ерекшеліктеріне сай келмейтіндігін айта кеткен жөн.
Жалпы, 12 жылдық білім беру моделіне көшудегі негізгі мақсаттардың бірі – білім алушының денсаулығына зиян келтірмеу, яғни оқушыны шамадан тыс жүктемемен қажытпау. Ұсынылып отырған стандарт жобасында вариативтік компонентті қоспағанның өзінде 1-сыныптағы апталық жүктеме 24 сағатты құрайды. Бұл жүктеме 1-сынып оқушылары үшін ауыр болып есептеледі деп ойлаймыз.
Стандарт жобасында математика пәнін оқытуға барлық сыныптар үшін аптасына 4 сағат бөлінген. Тәуелсіздік алғаннан бері жиырма жылдан астам уақыт ішінде математика пәнінің мазмұны туралы мәселе айта-айта жауыр болды. Бірақ, айналып келіп, сол математика мазмұны жеңілдеудің орнына, керісінше қиындап барады. Мұны айтып отырғанымыз: жаңа стандарт бойынша бастауыш сыныптан бастап, бөлшек ұғымы, оларға амалдар қолдану, комбинаторика элементтері, математикалық модельдеу, координаттық жазықтық сияқты ұғымдарды енгізу көзделіп отыр. Онсыз да меңгерілуі қиын, күрделі пән – математиканы одан әрі қиындатып отырған жоқпыз ба? Біздің ойымызша, бастауыш сынып оқушылары арифметикалық төрт амалды жақсы меңгеріп, соған сәйкес шамаларға амалдар қолдану мен есептеулер жүргізуді үйренсе, сонымен қатар, қарапайым алгебралық теңдіктер, теңсіздіктер, теңдеулер жөнінде түсінік алып, оларды шешуді игерсе жеткілікті. Әрине, өмірге аса қажетті геометриялық ұғымдар да бастауышта оқытылуы керек. Бүгінгі күні бастауыш сыныптарда оқытылып жүрген мазмұндағы материалды түсінікті етіп жеткізсе де бастауыш мектеп оқушысы үшін жеткілікті болар еді.
Ақпараттық және коммуникациялық технология (АКТ) пәні оқу жоспарына бастауыш сыныптан бастап енгізіледі. Әрине, дұрыс. Алайда, ұсынылып отырған бөлімдердің мазмұны бастауыш сыныптар үшін тым күрделі екен. Компьютерлік желілер, деректерді талдау, программалау, модельдеу ұғымдары қаншалықты деңгейде қарастырылуы қажет? Сондықтан, АКТ пәні бойынша ойын түріндегі программаларды көбірек енгізіп, оларды басқа пәндерді оқытуда да қолдануға болатын жағын ойластырсақ дұрыс болар еді.
Сондай-ақ, бастауыш мектепті 4 жылдықтан 5 жылдыққа ауыстырудағы мақсат та оқу материалын азайтып, қиын материалдарды ілгері, жоғарғы сыныптарға ауыстыруды көздесе керек еді. Ал, енді бұл жобада, керісінше, материалдың көлемі ұлғайып, мазмұны қиындаған. Егер бұл стандарт жобасы осы қалпында қабылданатын болса, онда біздің келешек ұрпағымыз бұдан да сорақы, мәңгүрт, маргинал ұрпаққа айналары сөзсіз. Осы жерде тағы бір айтарымыз – стандарт жобасының «Назарбаев зияткерлік мектебінің» деңгейінде дайындалуы. Бұл әрине, жақсы. Дегенмен, зияткерлік мектептерге балалар арнайы тест арқылы іріктеуден өтіп, ең жақсы дегендері қабылданады. Сондықтан, ұсынылған білім стандартын сол қалпында қабылдау барлық балаларды бір қалыпқа салып оқыту дегенді білдіреді. Бұл жерде біз балалардың жас ерекшеліктерін, психологиялық-педагогикалық факторларды есепке алмауымызға болмайды.
Ал, енді Республикамыздағы барлық мектептердің материалдық базасы, онда білім алатын балалардың мүмкіндіктері мен қабілет деңгейлері туралы неліктен ойланбаймыз? Стандарт жобасының әр бөлімінде қажетті ресурстар мен құрал-жабдықтар тізбесі берілген. Мысалы, стандарттың «Өнер» бөліміндегі қажетті ресурстар мен құрал-жабдықтардың тізбесінде «муфельдік пеш» болуы мүмкін екендігі, станоктар т.б. жабдықтар болуы қарастырылған. Мұндай жабдықтардың болғаны жақсы, бірақ материалдық база тұрмақ, жөні түзу мектеп ғимаратына қолдары жетпей отырған ауыл мектептерінің жабдықталуы қалай болмақ?
Сондықтан, стандартты әбден талқыдан өткізіп, оны эксперимент арқылы тексеріп көрмей қолданысқа енгізу жақсылыққа апармайды. Осы тұста Білім және ғылым министрлігі ескеретін тағы бір жайт – 12 жылдық білім жүйесі бойынша эксперимент жұмысы мүлдем басқа стандарт бойынша жүргізілді, ал енді 2015 жылы 12 жылдыққа басқа стандартпен көшкелі отырмыз. Мұны қалай түсінуге болады? Өткізілген эксперимент жұмысының нәтижесі қандай? Ол неге көпшілікке жария етілмейді? Айта берсек, мұндай сұрақтарды шексіз жалғастыра беруге болар еді.
Мектепке дейінгі ұйымдар мен бастауыш білім беру ісін жаңа сапалық деңгейге көтеру бүгінгі күннің өзекті мәселесі болып отыр. Сонымен қатар, мектепке дейінгі ұйымның даярлық тобы мен бастауыш білім мазмұны стандарттары арасында сабақтастықтың орын алуы шарт. Осы сабақтастық мәселесі стандартта берілген бе? Әлде, дәстүрлі жүйедегідей балабақша мен мектептің арасында алшақтық тағы орын алып, бірін-бірі қайталай ма? Осы жерде айта кететін мәселе: балабақшалардың қазақ топтарындағы орыс тілін оқыту стандарттың инвариантты бөлімінен алынады, ал ағылшын тілі пәні ата-аналардың қалауы бойынша оқытылады. Тілі енді шығып келе жатқан балаға басқа тілді, оның грамматикасын үйрету бізден басқа бірде-бір елдің тәжірибесінде жоқ. Орыс тілін балалар оны оқытпай-ақ та меңгеріп алады.
Өйткені, біздің қазіргі өмір сүру ортамыз сондай, оны өмірлік тәжірибеден зерттемей-ақ көріп жүрміз. Сондықтан, балабақшада, бас¬тауыш сыныптарда басқа тілді оқытудың еш қажеттілігі жоқ.
Кезінде ұлы ұстаз Әбу Насыр әл-Фараби «Адамға ең әуелі білім емес, тәрбие берілуі керек. Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы. Ол келешекте оның бүкіл өміріне опат әкеледі» деген еді.
Сол сияқты, педагогиканың ғылы¬ми негізін салған ұлы педагог Я.А. Ко¬менский «Тәрбие мақсаты және міндеттері, маңызы, жүзеге асыру жолдары адамның қоғамда алатын орнымен анықталуы қажет. Келесі ғасырдың қандай болатындығы сол ғасыр үшін тәрбиеленген азаматтарға байланысты» деген өте маңызды ой айтқан екен. Я.А.Коменскийдің осы сөздері бүгінгі күні әлі де өзінің маңыздылығын жойған жоқ. Сондықтан, біз болашағымызды, елдігімізді ойласақ, жас ұрпақты ұлттық рухта тәрбиелеп, ғасыр талабына сай білім беру жолында қателеспеу жағын ойластырайық.
Нұртас Ахат,
филология ғылымдарының кандидаты,
Ж.Мусин атындағы педагогикалық колледжінің директоры,
Өмірбек Төлегенов.
математика пәнінің жоғары санатты оқытушысы,
Ы. Алтынсарин төсбелгісінің иегері
Көкшетау қаласы
(«Түркістан» газетінен)