Ш.Айманов туралы әнші Б.Төлегенованың естелік әңгімесі

Ш.Айманов туралы әнші Б.Төлегенованың естелік әңгімесі

Қазақстанның халық әртісі, КСРО және Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Шәкен Кенжетайұлы Аймановтың (1914-1970) туғанына — бір ғасыр. Ерекше дарын иесінің қазақ кино өнеріндегі орны айрықша. Аты аңызға айналған ұлы тұлғамен аралас-дәмдес болған, төрткүл дүниені бұлбұл үнімен тәнтті еткен қазақ әншісі Бибігүл Төлегенова апайымыз көзімен көрген көңілді сәттерін, есіл күндердің естелік әңгімесін «Қазақиямен» бөлісті.
«Шәкен ағамен консерваторияның алғашқы курсында оқып жүргенімде танысқанмын. Әкемдей кісі. Ылғы да қарындасым деп қамқор болып жүруші еді. Маған бір үлкен жастағы данышпандай көрінетін. Солай болды да. Шығармашылық жолда қажырлы еңбегі мен қас талантының арқасында тез көтерілді. Атағы аспандап тұрған адам еді. Өкініштісі, бар болғаны 54 жасында дүниеден озды. Ол кісі жайында кім айтса да, не десе де тек жақсы сөз айтатынын білемін. Себебі ол кісі өмірде де, өнерде де АДАМ еді.
Театр өнерімен әуестенді. Қазақ драма театрының сахнасында 20 жыл еңбек етіп, актерлық шығармашылығын шыңдады. Қазақ және әлем драматургиясынан бір-біріне ұқсамайтын керемет рөлдерді сомдады. «Асауға тұсау» спектаклінде Петручио сияқты психологиялық бейнені қалай сомдап шықты! Хадиша Бөкеевамен бірге ойнағанда зал үнемі лық толы болатын. 1947-1951 жылдары М.Әуезов атындағы Қазақ академиялық драма театрының бас режиссері қызметін атқара жүріп, шығармашылықпен айналысты. 1954 жылдан бастап кино әлеміне шақырту алып, режиссерлыққа бел шеше кірісті, құлашын кеңінен сермеді. 1959 жылы КСРО Халық әртісі атағын иеленді.
Бүкiл күш-жiгерiн, дарынын қазақ киносына жұмсады, қазақ киносының алғашқы кірпішін қалады. «Махаббат дастаны», «Алдар көсе», «Біз осында тұрамыз», «Атамекен», «Атаманның ақыры», «Ән қанатында» сынды киноларымен халқымызды күллі әлемге танытып, артына өлмейтін мұра қалдырды.
Кинода кейіпкерінің ішкі дүниесін ақтарып, жай ғана бір қасын көтеріп, күлімдегенімен-ақ астарлы ойды лақтыра салатын. «Незаменимых людей не бывает». Десе де, Шәкеңдей адамды ешкіммен алмастыра алмаймыз. Ондай жан біреу ғана, дара.
Өте сәтті шыққан киноларының ішінде әйгілі «Біздің сүйікті дәрігер» және «Тақиялы періште» атты екі музыкалық комедиясы бар.
«Біздің сүйікті дәрігерге» шақырту алдым. Ешқандай бір ерекше сезім де, ой да болған жоқ. Шақырды, бардым. Ол кісі барлық актерларға ат қоятын. Мені Бибигулиха деп еркелетуші еді.
- Кинода ешкімді ойнамайсыз. Өзіңізді сомдайсыз. Тамаша, керемет адам, сүйікті дәрігердің алпыс жылдығын атап өту үшін сізді және сахнада жүрген барлық әншілерді, актерларды концертке шақырады. Әнші ретінде келіп ән салып кетесіз,- деп сюжетті түсіндіріп берді. Келісім бердім. Ешқандай жаңалық емес қиындық тудыратын. Күнделікті айтып жүрген әнім. Олай-бұлай болды деп айта алмаймын. Енді ол опера театры емес, сахна емес, дауысыңды жеткізіп айтатын. Әдеттегідей әнімді орындап бердім. Аз ғана, бір-екі эпизод қана, оны өздеріңіз де білесіздер. Тек орындайтын әнді өздері таңдады.
Бұл фильмді қолға алғанда, танымал әртістердің басын қосып лирикалық комедия жасаймыз деп ойлады. Драма әртістері, әншілер, бишілер, өнердің қайнаған ортасында жүрген таланттардың барлығы қатыстырылған. Музыканттар, оркестр, дирижерлар тартылды. Есесіне, өз ойынан асып түсті, бұл кино тарихта қалды. Кейiнгi ұрпаққа мол мұра қалдырып кетті. Өнердегі барлық таланттардың тарихы осы кинода жатыр. Өте жоғары деңгейде түсірілген фильм. Осы киноға түскен әртістің көбі қазір арамызда жоқ. Ермек Серкебаев та өмірден озды. Померанцев пен мен ғана қалдым.
«Біздің сүйікті дәрігер» менің шығармашылығымда үлкен рөл атқарды. Фильм бүкіл Кеңес Одағында кең көлемде жүрді, тіпті шет елде де көрсетілді. Южно-Сахалинскіде, Туруханскіде, Украина, Прибалтика, қайда барсам да «Біздің сүйікті дәрігер» фильміндегі «Көктем вальсін» орындаңызшы деп өтінеді. «Екі сағат классиканы орындап тұрсам да, бұлар менен кинодағы орындаған әнімді сұрайды» деп таңқалатынмын. Ол кезде ол әнге аса бір жақсы көзқарас бола қоймаған еді. Шеберліктің жоғары сатысына көтеріліп, классика, операдан үзінді орындап жүрген мен үшін «Көктем вальсі» керемет ән болып көрінген жоқ.
Театрға бармай тұрып, 1951-1954 жылдары радиода жұмыс істеп жүргенімде ән салдым, әнші ретінде Қазақстанға танылуыма радионың үлесі зор болды. Шәкен ағамыздың шеберлігінен туындаған кино арқылы, А.Зацепиннің «Көктем вальсі» арқылы Кеңес Одағына әйгілі болдым.
Мейірімді, түсінігі мол адам еді. Ешқашан актерларына дауыс көтерген емес. Біріншіде болмаса, екінші рет түсіреді, үшінші, төртінші. Тіпті он дубль түсіретін, қашан ойындағыдай болғанша. Және жұмыс басында ешқашан ішімдік ішіп, ерсі қылықтар танытпады. Түсірілім алаңында небір түрлі жағдайлар болып жатады. Режиссерлар жаман сөйлеп, ерсі қылық, әрекет жасап жатады. Қазірде түсірілімдерге шақырады, барасың. Жан-жақтан айқай, у-шу, біріне-бірі дауыс көтеру, ырың-жырың. Немқұрайлылық, дөрекілік, менсінбеушілік, кісімсіну…
Құдай сақтасын, ол кісі ешқашан мұндайға жол бермеген. Мейлі ол танымал болсын, жай қызметкер болсын, адамның жеке басын құрметтейтін. Шәкен аға тума талант еді. Шығармашылығына, жұмысына қатты мән беретін. Кейіпкерлерін сомдағанда қилы іс-қимылдар жасап, көркемдік жағын тамаша суреттейтін.
Жан-жақты дарынды, музыка әлемін жетік меңгерген, нағыз маман еді. Тіпті киноға ән жазып жатқанымызда да келіп, өзі тыңдап отыратын. Музыкалық сауаты жоғары. Сәл ұнамаған жері болса бірден өзгертіп, ойын білдіретін. Актерды жан-жақты түсіне білетін, ішкі дүниесін аша білетін, айрықша жан болатын.
«Тақиялы періште» фильміне ағамыз емес, басқа режиссер шақырды. Өздеріңіз білетін әйгілі «Мама» әнін орындап шығуым керек болды. Мен тек рөлде ойнадым. Фонограмма деген сол кезден бастап шықса керек. Қайда және қай жерде болмасын мен «кинодағы дауыс Бақыт Әшімованың дауысы, әнді орындаған сол кісі» деп үнемі айтып жүремін. Бірақ қайда барсам да осы әнді орындап беруімді өтінетін. Амал жоқ, жаттап алуға тура келді. Осылайша өз репертуарыма қосып алдым. «Тақиялы періште» фильмінен кейін Әмина Өмірзақова барша қазақтың анасы болды. Көрермен солай қабылдады. Өмірден озса да әлі күнге дейін ол кісіні пір тұтады. Солай болуы да тиіс еді.
«Қозы Көрпеш - Баян сұлу» фильмін түсіргенде шақырды. Шолпан Жандарбекова «Қоштасу» әнін айтады. Мен сомдап шықтым. 1953 жылы «Дала қызы» фильміне түстім. Нұржамалды Зәмзәгүл Шарипова ойнады. Мен құрбысы Қарашашты сомдадым.
Шәкен Айманов талантты режиссер еді. Экрандық өнерді көркемдей алған суреткердің, қазақ киносының мәртебесiн жоғары көтерген алтын адамның киносын қайта түсіру мүмкін емес. Түсіріп көрді, бірақ сәтсіз. Қазіргі біздің режиссерлар ол кісіні қайталаймыз деп әуре болмасын. Одан да өздері жеке образ жасасын. Ескіні қайталағанша жаңа туынды түсірсін.
Театрда актер ретінде де, режиссер ретінде, кино әлемінде де өз биігін бағындырған, қамалын алған адам. Ондай режиссерді мен қайтып көрмедім, көрмейтін де шығармын. 1970 жылы «Атаманның ақыры» фильмі үшін Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығы берілді, бірақ сол сәтті өзі көре алмады. Ол кісінің қазақ киноөнері үшін сіңірген еңбегі ұлан-ғайыр. Артына қалдырған мол мұрасы мен өнегелі өмірін үлгі етуіміз керек. Әлі де болса, кейінгі ұрпақ киноөнеріндегі Шәкен Кенжетайұлының желбіретіп кеткен жалауын түсірмей, «Қазақфильмді» жандандырып, ұлттық киномызды шарықтау шегіне жеткізеді деген үмітім бар».
Кеңес Одағының халық әртісі, Кеңес Одағының және Қазақстанның Мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты, Құрманғазы атындағы консерваторияның профессоры, Социалистік Еңбек Ері, ХХ ғасырдың үздік әншіcі Бибігүл Төлегенова апайымыздың деніне саулық берсін! Қазақтың атын, даңқын әлемге паш еткен жанның риясыз әңгімесіне, жылы лебізіне алғысымызды білдіреміз.
kazakia.kz сайтынан алынған

 

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста