"Қырымның қырық батыры" автономия құрмақ
Қырым татарлары өздерінің Қырымның нағыз қожасы екендігін мойындату үшін бар күшін аямауда. Тіптен, Ресей президентімен де келісе алмай отыр. Украинаның халық депутаты, Меджлистің бұрынғы төрағасы Мұстафа Жемилев Путинмен кездескенде де Қырым татарларының өзін-өзі басқару құқын қайтаруды талап етіп, Қырымды Ресейге қосып алуын халықаралық заңдарға қайшы әрекет деп жариялаған болатын.
29 наурыз күні Қырым татарларының кезектен тыс құрылтайы өтті. Бақшасарай қаласында өткен құрылтайға 236 делегат және Татарстан президенті Рус-там Минниханов пен Ресей Мүфтилер Кеңесінің төрағасы Равиль Гайнутдинов қатысты.
Құрылтайға қатысушылар Қырымдағы татар халқының мәртебесін анықтау туралы қаулы жобасын талқылады. Қырым татарлары меджлисінің төр-ағасы Рефат Чубаров Қырымдағы татар халқының ұлттық-аумақтық автономиясын құру процедурасының басталғанын хабарлады.
Құрылтай делагаттары «Татар халқының өз тарихи атамекені – Қырымда өзін-өзі билеу құқығын жүзеге асыру туралы» қаулы қабылдады. Құжатта Қырымдағы татар халқының өз тарихи отанында «Ұлттық және территориялық автономия құру бойынша саяси және құқықтық процедураларды бастау» жайлы айтылған. Қырым татар халқы өзінің тарихи отанында ұлттық территориялық автономия формасында өзін-өзі билеу құқығы туралы барлық мәселелері бойынша халықаралық ұйымдар – БҰҰ, Еуропа Кеңесі, Еуропа одағы, ЕЫҚҰ және мемлекеттердің үкіметтері, парламенттерімен қарым-қатынас орнату құқын Мәжіліске тапсырды.
Рефат Чубаров брифингте Қырым мәселесі туралы сөз сөйлеп, БҰҰ-ның жарғысы мен халықаралық құқықтық нормаларға сай, халықаралық тәжірибе негізінде зерттей отырып, өз шешімдерін шығарғанын хабарлады. Ол Қырым татарлары өз жерлерінде өз құқықтарын талап етуге құқылы екенін, халықаралық құқықтық нормалар негізінде жүзеге асыру талассыз мәселе екенін жеткізді.
Р.Чубаров: «Біздің құжатымызды бірінші болып Украина Парламенті қолдайтынына күмәнім жоқ, алайда бұған Ресей және басқа да қатысты елдердің үн қосатынын дөп басып айта алмаймын» – деп өз сөзін қорытындылады.
Рефат Чубаров бір апта бұрын өздерін толғандырған мәселелер бойынша кездесу ұйымдастырғанын айтты. Ол тағы да халықаралық келісімдерге сәйкес Ресей секілді елдер мұндай мәртебеге ие болуға қарсы болса да, елде болып жатқан саяси құбылыс-
тар мен адам өміріне жауап беруі керек екендігін ескертті. Әрі осы жағдайлар бойынша бұл мәселелердің құқықтық жақтан дамуына себепкер болған Ресей президенті Владимир Путинмен кездесетінін айтты.
Ресейден келген елшілер
Құрылтайға бір күн қалғанда Татарстан президенті мен Ресей мүфтилер кеңесінің төрағасы Равил Гайнутдин келген болатын. Путиннің елшілері әзірше жан-жақты қолдаймыз деп отыр…
Рустам Минниханов: «Біз не болса да сіздермен біргеміз. Қырым татарларының тағдыры бізге бөтен емес. Сіздерге қажетті барлық мүмкіндіктерді жасауға шамамыздың келгенінше дайынбыз», – деп жариялады. Президент өз сөзінде осы мәселелер бойынша Ресей президенті Владимир Путинмен ақылдасқанын жеткізді. «70 жылдық трагедиялық тарих өтсе де, қазірге дейін сіздерде ештеңе өзгерген жоқ. Сіздер, Қырым татарлары құрылтайы мен Қырым татарлары мәжілісі Қырым – Қырым татарларының тарихи отаны екенін, тарихи әділетсіздіктің әлі де өзгермегенін айтумен келесіздер. Менің ойымша бұл әлемдік қауымдастық пен Ресей Федерациясы тарапынан қолдау табады», – деді. Президент экономикалық, сауда саласымен қатар мәдени байланыстарға барынша қолдау көрсететіндіктерін де жариялады.
Равил Гайнутдин: «Алла Тағалаға мадақ болсын! Мен өзімнің атыма айтылған және Ресей мемлекетінің атына айтылғанды, көзбен көріп, құлақпен естігендерімді жеткізуге тырысамын. Жоспарымызды барлық күш-қуатыммен орындауға тырысамын. Діні бір, туысқан Қырым татарларына пайдалы болуын құптаймын. Қабылдайтын шешімдеріңіздің Қырым татарларына пайда әкелуін Алладан тілеймін. Қырым – қырым татарларының отаны. Қазір Қырымда әр түрлі діндегі орыс, украин қатарлы халықтар тұрады. Қырым Татарстан Республикасы секілді көп ұлтты ел. Мұсылмандар, әсіресе, біз, татарлар – өзіміздің ортақ үйімізде балаларымыз бен немерелеріміздің қам-қайғысыз өмір сүруі үшін қалай бейбіт орта жаратуды білеміз. Қырым татарларының бастан кешірген тауқыметті тарихы, жинаған тәжірибесі мен түйген парасаты Қырым халқы үшін дұрыс бағыт, дана шешім шығаруға септігін тигізеді деп сенемін», – деді.
Естеріңізге сала кетейік, биылғы жылдың 16 наурызында өткен референдумнан бұрын Ресей тарапынан келген Татарстан президенті мен депутаттарының Қырым татарлары арасындағы кездесулері нәтижесіз аяқталған болатын.
Қырым татарларының саяси күресі жаңа белеске көтерілді
Қырым татарлары өздерінің тарихи отаны Қырымда құқықтарының тапталып жатуына қарсы көтеріліп жатыр. Бұрыннан үстемдік етіп келген Қырымның 58 пайызын құрайтын орыстар Ресейдің күшін пайдаланып, Қырым татарларына қыр көрсетуі, құқықтарын таптауы халықтың ашуы мен қарсылығын тудырды. Тіптен Қырым татарларының мәжілісі 16-шы наурыз-
да өткен референдумға бойкот жариялаған болатын. Десе де, нақты билік пен мүмкіндікті мықты пайдаланған орыстар түрлі жолдар арқылы референдумды өткізді әрі өздеріне қажетті таңдауға қол жеткізді. Іле-шала БҰҰ бастаған батыс елдері мен Украина референдумды заңсыз деп жариялаған болатын.
Қырым татарлары өздерінің Қырымның нағыз қожасы екендігін мойындату үшін бар күшін аямауда. Тіптен, Ресей президентімен де келісе алмай отыр. Украинаның халық депутаты, Меджлистің бұрынғы төрағасы Мұстафа Жемилев Путинмен кездескенде де Қырым татарларының өзін-өзі басқару құқын қайтаруды талап етіп, Қырымды Ресейге қосып алуын халықаралық заңдарға қайшы әрекет деп жариялаған болатын. Сонымен Мұстафа Жемилевтің Қырымға кіруі Ресей жағынан шектелген болатын. Ал Ресей президенті Қырым татарларының барлық құқықтарын қорғайтынын әлемге жариялап, Қырымдағы басқарушы және атқарушы биліктен 20 пайыз орынды ұсынған болатын.
«Қырық батыр» ұрпақтары атқа қонды
Естеріңізге сала кетейік, Қырым татарлары түркі халықтарының ішінде қазаққа ең жақын туысқан халық. Тіпті Татарстан татарларына қарағанда бізге көп жақын. Ноғайлармен қатар трагедиялы тауқыметті әлі де тартып келеді. Қырым татарлары біздің тарихымызда елеулі орын алған. Қазақта «Қырымның қырық батыры» атты аңыз- дастандар бар екенін бәріміз білеміз. Оның үстіне «Қызым Қырымға, ұлым Үрімге кетті» деп қазақ халқы бекер айтпаған. Алты Алаштың баласының бірі Қырым татарларының тағдыры бізді де ойландырмай қоймайды. Орыстың отарлық езгісі мен жер аударудың тақсіретін әбден тартты. Олар 1944 жылы жабылған «Отанға опасыздық жасағаны туралы» жаладан тек 1979 жылы ғана ақталды. 1989 жылы Кремльде, Қазақтың батыр ақыны Мұхтар Шахановтың баяндамасынан кейін Кеңес Одағының шешімімен олар отаны Қырымға оралуға мүмкіндік алды. 1944 жылғы сүргінделген 200 мыңнан астам қырымдық туыстардың жарымынан астамы қырылып кетсе, бір бөлігі Түркияға ауды, бір бөлігі Орта Азияны паналады. Ал қазір тарихи отандарында 13 пайызды ғана ұстайтын азшылыққа айналған. Алайда күрескерліктері мен ерік-жігері берік халық әлі мойымаған. Тіптен, саяси саналары озық, тәуқыметті тәжірибеге бай.
Өмірден өткеніне 100 жыл болған, Түркі жұртының ұлы тұлғасы, аты аңызға айналған Алаштың алыбы Исмайыл Мұстафаұлы Гасперский, Қырым Халық Республикасы үкіметінің тұңғыш төрағасы, Қырым татарлары құрылтайын ұйымдастырушылардың бірі, Қырым мұсылмандырының мүфтиі, Қырым татарларының елұраны «Ант етемін» әнінің авторы Нома́н Челеби джиха́нның (Челеби́ Челеби́ев 1885, 23 ақпан, Севастополь) жолын қуған жігіттер ереуіл атқа ер салды.
Оның басын Украина халық депутаты Мұстафа Жемилев бастап, әрі қарай Қырым татарларының Мәжілісінің төрағасы Рефат Чубаров, оның орынбасары Ахтем Чиигоз, Заур Смирнов, Айдер Аджимамбетов, Нариман Джелял, Али Озенбаш, Қырым мұсылмандарының Муфтиі қажы Эмирали Аблаевтар жалғастыруда.
Біз қандай жағдай болса да Қырым татарларының шешімін қолдаймыз. Туысқан халықтың арман-мұратының іске асуына тілектестік білдіреміз. Алланың ықыласы түссін деп дұға қыламыз!