Қазақстан Ресейдің отары болды ма?

Қазақстан Ресейдің отары болды ма?

Ұлт тарихын зерделеудегі бетбұрыс әлдеқашан пісіп жетілген десек, қателеспейміз. Себебі кейінгі жылдары Отан тарихын орта және жоғары мектептерде оқыту мен ғылыми зерттеу саласы күрделеніп, тарихшыларды алаңдататын, дүрліктіретін мәселелер орын алған-ды.
Отан тарихында әлі де нақтылай түсетін, кейбір жағдайда орынсыз дау-дамай, артыс-тартыс туғызып жүрген, бірақ арнайы зерттеуді, салиқалы пікір алысуды қажет ететін мәселелер де баршылық. Олардың ішінде Ресейдің ат төбеліндей, бірақ биліктегі тарихшылары жасанды түрде жасырын пиғылмен туғызып жүрген бір күрделі жағдай – «Қазақстан Ресей империясының отары болды ма?» деген негізінде ғылыми емес, саяси мәселе де әредік-әредік қозғалып жүр.
Сонымен, Қазақстан Ресей империясының отары болды ма? Бұл өте маңызды мәселе және ол Қазақстан Республикасының көптомдық тарихында, әсіресе Жаңа тарих пен Кеңестік дәуірлерге арналған томдарда жан-жақты баяндалуы керек. Ресей Ғылым Академиясы Ресей тарихы институты директоры Ю.А. Петров: «өте өткір мәселе – әртүрлі халықтар мен аймақтардың Ресей мемлекеті құрамында болуын түсіндіру», – деп мейлінше дұрыс айтады, соны айта отырып, «Отан тарихшыларының көпшілігі (шамасы, Ресей Федерациясын нұсқайды) Ресей империясын отарлық империя деп санауды қаламайды (бұл жерде Оттоман және Габсбург империялары сияқты, континенталдық-құрлық империя деген оңды болар еді), осыған орай олардың Ресей мемлекеті құрамында болған уақытын отарлық дәуір деп атауға болмайды», – деп қорытындылайды.
Өкінішке орай, Ресейдің отандық тарих ғылымының аса құрметті жетекшісі Ю.А. Петров бұл жерде Ресей империясының мемлекеттік актілері мен оның көптеген ресми құжаттарын, сонымен қатар КСРО ҒА академиктері А.М. Панкратова, Н.М. Дружинин және атақты М.П. Вяткин мен басқа белгілі кеңес тарихшылары зерттеулерін жоққа шығарып, қарама-қарсы пікір айтып отыр. «Көпшілік» емес, шынында ат төбеліндей азғана ресейлік тарихшылар Ресей империясының отаршылдық сипатта болмағандығы туралы пікірді ұстанып отыр, олардың қатарында тек РҒА этнология және антропология институтының директоры В. Тишков, РҒА ТМД елдері институтының директоры К. Затулин, сонымен қатар, А. Князев, А. Лобанов, В. Третьяков, А.Д. Дугин, С. Козлов және басқалары бар, бірақ оларды «көпшілік» деп атауға болмайды. Сонымен, бұл ресейлік құрметті әріптес-ғалымдар тарих ғылымында А.И.Солженицынның, М.С. Горбачевтың және В.В. Жириновскийдің айтқандарын өздерінше, жаңа сарынмен қайталауда. Соңғысы Қазақстанда «персона нон грата» (дипломатиялық өкілдіктің елге келуін үкімет қаламайтын адамы) атанды.
Бұрын тарих ғылымында, Ресей империясы мен КСРО-да, сонымен қатар Кеңес Одағына кіретін басқа ұлттық республикалар мен облыс- округтерде бұл мәселе ешқандай пікірталастар да, келіспеушіліктер де тудырмаған, сонымен қатар сол кездің нақты шындығы ретінде дәлелденген болатын. Тек кейінгі жылдары ғана Ресей мен Кеңес Одағында ғасырлар бойы қалыптасқан тарих ғылымындағы жан-жақты және нақтылы дәлелденген тұжырымды қайта қарауға әрекет жасалуда. Байқауымызша, бұл жаңа жағдай Ресей Федерациясы басшылығының Кедендік Одақ түріндегі экономикалық интеграцияны дамыту үшін ғана емес, Ортақ экономикалық кеңістік құру, Кеңес Одағына енген бұрынғы республикаларды өз төңірегіне жинау сияқты геосаяси мақсатқа байланысты өрбіп отырған сияқты. Осыған байланысты әлемге әйгілі қоғамдық фактіні жасыруға болмас. Кеңес Одағына дейінгі дәуірде, Габсбург, Оттоман және Британ империялары секілді Ресей де отар империя болып табылатын. Тек айырмашылық мынада болды: Британ империясы теңіздің ар жағындағы аймақтарды отар етті, ал басқалары – жақын және алыс шектескен елдерді отар етті. Кейбір қадірменді ресейлік тарихшылар мына бір жайтты ескермейді: Ресей халықтардың түрмесі болған, ал басқаны езіп отырған халық ешқашан азаттыққа қолы жетпейді, – деп көрсеткен осы елдің талай ұлы классиктері. Тек қана Ресей империясы ғана емес, сонымен қатар басқа империялар да полиэтникалық, поликонфессионалдық мемлекет болған, ал оның жеке бөлімдері, ұлттық өлкелері әлеуметтік-экономикалық дамуында әркелкі болды, метрополиядан артта қалған еді. Бұл белгілі жағдай. Дау жоқ, великоростер отар өлкелердің өкілдерімен салыстырғанда, көптеген артықшылықтарға ие болды. Мәселен, жұмыспен қамту мәселесінде, білім алуда, қызметте өсу бойынша және т.б. Тіл жағынан кемсітушілікті айтпаса да түсінікті. «Бұратаналарды» темір жолға, әсіресе пойыздар жүрісіне байланысты қызметтерге алмады. Басқа діни де, өзге де, ұлттық та төзімділік болған жоқ. Киевтегі кірпіш зауыттың приказчигі, еврей М. Бейлис (1913 ж.) ісін еске алайық. XIX ғ. соңы XX ғ. басында Ресейде еврейлерді қырғынға ұшырату, басқа діндегілерді қуғындау, жабайы әрекеттерге бару оқиғалары орын алды. Естеріңізде болса, Ресейде басқа ұлттың өкілдерін былайша атаған: жидтер, самоедтер, калбиттер және т.б. В.И. Ленин 1922 жылы «ұлтшылдық жөнінде тарихи тәжірибеде әрдайым дерлік біз, үлкен ұлттың өкілдері, сансыз көп зорлық жасап, кінәлі болып жүрміз, тіпті одан да асып – өзіміз байқамайтын сансыз көп зорлық, зәбір көрсетеміз, – бұл жөнінде менің Еділдегі есте қалғандарымды еске алудың өзі-ақ жеткілікті: бізде бұратана халықтарды ылғи кемсітетін, полякты басқаша емес, «полячишка» деп атайтын, татарды басқаша емес, «князь» деп келемеждейтін, украинды басқаша емес, «хохол» деп атайтын, грузинді және Кавказдың басқа да халықтарын – «Капказ адамы» деп атайтын» – деп жазған-ды. Ол кездегі Ресей империясында отар халықтардың мәселесі бойынша үйлесімді саясат та жүргізілген жоқ, керісінше казактардың «іздестіру шаралары» жүргізілді, сонымен қатар ұлт-азаттық қозғалыстарға қарсы қатігез экспедициялар ұйымдастырылды, оларды патшалық Ресейдің ірі қандықол қолбасшылары – генерал-жаулаушылар Ермолов, Скобелев, Черняев және т.б. басқарды. Біздің көзқарасымызша, сондықтан, Ресей империясы құрамында «ұлттық құрылымдардың сіңісу» тезисі сын көтермейді. Бұл жағдайға Ресей тарихшыларының кейбіреулері айтқандай, империяның билеуші топтары жүргізген этникалық элиталармен тығыз байланыста болу туралы дәстүрлі ұстаным болғаны да, осылардың нәтижесінде көпэтникалық жүйенің біріктірілгені де, империялық «беріктік» болғаны да шындыққа жанаспайды. Мұндай аты шулы империялық «беріктік» болған да жоқ. Бұл «беріктік» 1917 жылы ақпан мен қазанда тас-талқан болған-ды, оның күйреуіне Ресейдің құрамындағы езілген халықтардың ұлт-азаттық қозғалыстары да өзінің қомақты үлестерін қосты ғой. Езілген ұлттар жұмысшы және шаруа қозғалысымен одақтаса отырып, басқа елдерді тонау үшін басталған бірінші дүниежүзілік соғысты тоқтату үшін күрес нәтижесінде, алдымен Ресей халықтарын «біріктірген» патшалық «феноменді», соңынан іріп-шіріген, дарынсыз Уақытша өкіметті құлатқан-ды. 1730 жылы 19 ақпанда Ресейдің бодандығын қабылдау туралы Анна Иоановна патшайымның Әбілқайыр ханға жіберген Грамотасы, 1917 жылға шейін патша билігінің барлық жарлықтары мен ережелерінде, генерал-губернаторлардың есептерінде және т.б. Қазақстанның отарлық жағдайлары көрсетіледі. Қазақстанды Ресейге бағындыру Империяның Азияның басқа елдеріндегі мүдделерін жүргізудегі стратегиялық мақсат болатын. I Петр 1722 жылы ерекше басып көрсетті:«Барлық Азия елдері мен жерлеріне бұл (Қазақ) орда кілт және қақпа. Сол себепті бұл орданы Ресейге бағындыру қажет, сол арқылы барлық Азия елдеріне байланыс жасап, Ресей үшін пайдалы және жағымды шараларды іске асыру керек». I Петр А.Тепкелевке төмендегідей тапсырма берді: «Егер ол орда нақтылы түрде бодандыққа кіргісі келмесе, онда қанша болса да қаражатты аямай, миллион болса да, тек Ресей империясына бодан болуға міндеттенген бір бет қағаз берсе де болғаны».
Қазақстан Ресейдің отары болғаны туралы патшаның генералдары, аға офицерлері, отарлық биліктегі шенеуніктер, ғалымдар және т.б. өз уақытысында жазған болатын. Солардың ішінен бірнешеуін атап өтетін болсақ: Терентьев М.А., Бартольд В.В., Абаза К.К. және т.б. Ресей империясының отарлау саясатында маңызды рөл атқарған казак әскерлері туралы еңбектерді де көрсетуімізге болады. Бұл туралы Қазақстанның кеңес тарихшыларының алғашқы буынынан С. Асфендияров, Т. Рысқұловтың және т.б. жазған зерттеулері жарияланды. П.Г. Галузо 1934 жылы Ташкентте «Түркестан – колония» — деген кітап шығарды. Қазақстандағы кеңес тарихшыларының екінші буыны өкілдерінің қатарында Б.С. Сүлейменов, Е. Бекмаханов және т.б. еңбектері Ресейдің Қазақстанды отарлау дәуіріне арналды; бұл жерде айта кететіні, олар Ресейге қосылуының прогресс болғанын да көрсетті. Бұл жерде айрықша мән беретін мәселе, КСРО ҒА-ның академигі А.М. Панкратова Қазақстан мен Ресейдің отары болғаны және де көп отарларының бірі болғаны туралы өз ұстанымында нық тұра алды.
Кеңес дәуірі кезеңінде қазақтарды Мәскеу билігінің отарлауының сипаты мен тамырын терең саралап көрсетуіміз керек. Ол үшін мына жағдаяттарға терең мән берген жөн: Алаш қайраткерлері мен Қазақ коммунистері арасындағы айтыс-тартыс, саяси күрес, оның себептері мен салдары, Қазақстандағы 1918, 1921, әсіресе 1931-1933 жж. жаппай ашаршылықты Орталық билік – Мәскеу әдейі ұйымдастырған деген тұжырым қаншалықты дұрыс? 1970-1980 жж. Қазақстанда «тоқырау» болды ма? – деген сияқты көптеген мәселелерге біз дұрыс тұжырым жасауымыз керек, оны он томдықта көрсете отырып, оның ішінде бұл жергілікті коммунистер мен «Алаш» қозғалысының қайраткерлері арасындағы күресті анықтап алуды тағы да қажет етеді.
Тарих ғылымы төңірегіндегі кейбір қаламгерлер Әліби Жангелдинді, Сәкен Сейфуллинді, Бақытжан Қаратаевты, Тұрар Рысқұловты, Мұхамедияр Тұнғаншинді және де басқа Кеңес билігінде болған қайраткерлерді «әшкерелейді», 1917-1930 жж. қарқынды саяси қарама-қайшылықтар арасындағы жағдайды саяси-таптық тұрғыдан қарастырмай, тарихымызды игере алмаймыз. Ұлт коммунистері де, «Алаш» қайраткерлері де, олардың барлығы өздерінше қазақ халқының әлеуметтік-мәдени және саяси дамуы үшін, жарқын болашағы үшін еңбек етті және күресті. Бұл мәселеде РСФСР Халық Комиссарлар кеңесі төрағасының орынбасары Т. Рысқұлов пен Қоқан автономия үкіметінің төрағасы, Уақытша үкіметтің Жетісудағы комиссары М. Тынышбаевтың Түркістан-Сібір теміржолын салудағы бірлесіп атқарған қызметі жарқын үлгі бола алады. Қазақ элитасының осы екі тобының қасіретті тағдыры тек бірін-бірі жойғанында ғана емес, «бөліп ал да, билей бер» деген отарлық саясаттың іске асуында да жатыр. Бұл Орталықтың ұлттық республикаларды басқарудағы сынақтан өткізу әдісі, әр 5-10 жыл сайын қазақтың ұлттық қаймағы – қазақ интеллегенциясы өкілдерін жойып отырды. Дәл осы жағдай Кеңес Одағының басқа ұлттық республикаларында да, облыстары мен округтарында да орын алған еді. Осы көптомдық «Қазақстан тарихында» М. Шоқай да лайықты орнын алуы керек. Бізге Кеңес уақытысындағы Мұса Жалилді ардақтай алған татар тарихшыларының қызметі үлгі бола алады. Жалпы соғыста жау қолына тұтқынға түскен өз азаматтарына көрсеткен қуғын-сүргіні бойынша Кеңес өкіметі шектен шыққан қатігездік көрсеткенін арнайы зерттеген жөн.
Әйткенмен Отан тарихында әлі де нақтылай түсетін, кейбір жағдайда орынсыз дау-дамай, артыс-тартыс туғызып жүрген, бірақ арнайы зерттеуді, салиқалы пікір алысуды қажет ететін мәселелер де баршылық. Әсіресе Кеңес Одағының фашистік Германияға қарсы 1941-1945 жылдары жүргізген Ұлы Отан соғысы кезіндегі Қазақстан жағдайы жөнінде әлі де зерттей түсетін мәселелер де жеткілікті, соның ішінде соғыстың нәтижесінде жау қолына түскен тұтқындар тағдыры, елдегі әлеуметтік-демографиялық жағдай, қазақтардың шығыны және т.б жайттар арнайы зерделенуі тиіс.
Қорыта айтқанда, тарихымызды жаңаша зерделеуде тарих саласын зерттейтін төрт ғылыми зерттеу институттары мен университеттердегі тарих кафедраларының жауапкершілігін күшейту қажет.

Мәлікайдар АСЫЛБЕК,
ҚР ҰҒА академигі,
тарих ғылымдарының докторы, профессор.
Абай.kz 

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста