Қазақ палуан халық па?

Қазақ палуан халық па?

«Далалықтар атқан оғын жүзіктің көзінен өткізетін шетінен мерген болыпты».

«Аталарымыз аттың құлағында ойнаған».
«Қазақ «күш атасын танымайды» деп тірескеннің тізесін бүктірген, ұстасқанның жауырынын жер иіскетпей жібермеген палуан халық».

Бұл сөздер біздің құлағымызға сонау бала күнімізден сіңісті болып қалған. Сондықтан да болса керек, кімде-кім «қазақтың атқан оғы қисық ұшады, олар атқа икемсіз, палуандығы шамалы» деп батылы жетіп әңгіме айта қалатындай болса өзін өлдім деп есептей берулеріне әбден болады. Мұндай әңгіме айтатындарды өлтіріп жібермегенмен өңешін суырып аламыз.
Туасы, бала бір әңгімеге иланды бар ма, оның көзқарасын өзгерту ешкімге де оңай болмайды. Әлемде баладай әсерленгіш, баладай иланғыш жан кем. Сол себепті болу керек, осы бүгінге дейін маған мынау он сегіз мың ғаламда бізден өткен мерген, бізден асқан атқа мықты, шындап күрессек бізді жеңетін халық жоқтай көрінетін. Біреулер «бізден де өткен мықтылар бар» десе де мен оны бәрібір қабылдамас едім. Алайда, келе-келе көп нәрсеге көз жете бастады... Пікір, көзқарас дегендеріңіз 180 градусқа өзгеріп кетпесе де көп мәселеде басқаша ойлануға мәжбүр болған жайымыз бар.
Бүгін кешегідей ат үстінде жүріп ел қорғайтын заман емес, Сіз өзіңіздің ептілігіңізді, күштілігіңізді, батылдығыңызды, әбжілдігіңізді спорттық бәсекелерде дәлелдейсіз. Спорттық бәсекелердің төресі – Олимпиада Ойындары. «Бізден асқан құралайды көзге ататын мерген халық жоқ» деген екенбіз, онда бір сәт өткен күндерге ой жіберіп көріңізші, қай қазақ ұланы садақ атудан, тапаншамен, мылтықпен нысана көздеуден Олимпиада чемпионы атаныпты?! Бұл өнер қанда болса ертелі-кеш бір жарып шығуы керек еді ғой! Олимпиада Ойындарының арғы тарихына үңілмей-ақ қойыңыз, 1952 жылдан бері бір қандасымыз чемпион атанбай-ақ қойсын, еш болмаса жүлдегерлердің сапынан табылып па? Жарайды, Олимпиаданы да айтпаңыз, Сіз әлем чемпионатында, әлем кубогі жолындағы бәсекелерде, құрлық біріншіліктерінде, кешегі КСРО чемпионатында ең болмағанда ... оныншы орын алған қазақты білесіз бе? «Кешегі Одақтың кезінде қазақтарды қысып ұстады ғой» дейсіз бе? Ендеше, тәуелсіздік алғаныңызға да 23 жыл болды емес пе?! Мергендіктің қанда бары рас болса тәуелсіздік алғалы бері қазақтан ең болмағанда екі Азия чемпионы шығуы керек еді ғой. Ондай мықтылар алдағы бес-он жылда шықпаса дәл қазір ешкім көрінбейді.
Ат спорты десе аузымызға алдымен Абсент түседі. Алайда, Абсенттей қылқұйрықтың көзін көргендердің өздерінің қатары кәдімгідей селдіреп қалғанын ескермейміз. Абсент топ жарғанда дүниеге келген сәбилер алдағы жазда 55-ке толады... Содан бергі уақыт ішінде не бір қазақ баласының, не бір қазақ арғымағының топ жару былай тұрсын, елішілік, халықаралық додаларда бәсекеге түсіп жүргенін көрмеппіз. Аталары ат құлағында ойнаған ұлттың ұрпақтарының алды бүгінде атпен көкпар шауып, арты атпен мал бағып жүр. Осыны дәтке қуат санамасаңыз, бұл салада басқа шаттанатындай ешнәрсе көрінбейді.
Ал, енді палуандыққа келгенде таңды таңға ұрып әңгіме айтуға болады. Құдай қолдап, әруақ жар болғанның арқасында әлемді мойындатқан Қажымұқан атамызбен қалай мақтансақ та жарасады. Балуан Шолақ, Битабар аталарымыз ше?! Олардан бері қарай түссеңіз... Қазақ палуандарының арасында Олимп биігін Жақсылық пен Шәміл ғана бағындырыпты. Дәулет Тұрлыханов екі бірдей Олимпиадада жүлдегерлер сапынан табылыпты. Кешегі империяға қарап тұрған жылдары Әбілсейіт, Аманжол ағаларымыз КСРО чемпионы атаныпты. Дәулет бауырымыз ғой, әлем чемпионы атанумен қатар, Одақ біріншілігінде жеті рет (!) топ жарыпты. Ол кездері Одақ дегеніңіз жарты әлем еді ғой. Осыдан оншақты жыл бұрын Бақтияр Байсейітов әлем чемпионы атанды. Сосын... Рас, Олимпиада Ойындарында, әлем чемпионаттарында жүлдеге ілініп жүрміз, бірақ алтын ұстап қалған жанкүйер күміс пен қоланы місе тұтушы ма еді?! Қазақ палуандары 34 жылдан бері, яғни 1980 жылдан бері Олимп шыңына шықпапты.
Сонымен, жолымыздың болмау себебін отыз жылдан бері анадан да, мынадан да іздеп келеміз. Бір нәрсеге тоқтап, ойымыздың барқадар тапқаны шамалы. Алайда, айналып келіп бәрін төрешілерден көруден кетәрі емеспіз. Біздің әңгімеге сенсеңіз бүкіл әлемнің төрешілері жиналып алып «осы қазақтарды қайтсек сүріндіреміз?» деп ақылдасып отыратын сияқты. «Мықтылардан көп төменбіз» дегенді ешқайсысымыз айтқымыз келмейді, ешқайсысымыз мойындағымыз келмейді.Біздің палуандардың екі сөзінің бірі «баспен қададым!» деген сөз. Алайда, көшеде өз бауырларын баспен қадап жүргендері болмаса күрес кілемінде қарсыластарын, әсіресе Қап тауының өкілдерін баспен қадағанын көрген де, естіген де ешкім жоқ.
Кеше ғана Кереку төрінде қазақ күресінен «Әлем барысы» додасы мәреге жетті. Жүлде қоры 150 мың АҚШ долларын құрайтын дүбірлі додада Кубадан келген Оскар Рене Видал Брайсон деген спортшы біздің жігіттердің «өз тілімен» айтқанда, барлық қазақ палуандарын баспен қадап кетті. Егер жарыс еркін күрестен немесе грек-рим күресінен өткен болса жігіттердің жағдайын ептеп түсінуге болар еді. Біз Қазақстанда отырып, еркін, грек-рим, дзю-до күресінен емес, қазақ күресінен қирай жеңілдік. Не істейміз, сәтсіздіктің сырын тағы да төрешілерден көреміз бе?
Алайда, ақталуға сөз табылады екен. «Ана Брайсоның Құдай-ау, түйенің жарты етіндей ғой. Оған адамның шамасы келмейді, салмағымен басып қалады» дейді кейбір жанкүйерлер мен мамандар.
Бұлардың қисынына салсақ Қажымұқан, Балуан Шолақ аталарымыз тек өздерінен салмағы жеңілдермен ғана күрескен болып шығады ғой. Қазақтың «Күш атасын танымайды» дегені қайда, сонда?!
Рас, бас жүлдені шетелдіктің қанжығалап кетуін бір есептен жақсылыққа жоруға да болады.Өмірінде 100 мың доллар түгілі 100 долларды ұстап көргені күмәнді кубалық палуан енді жүрген жерінде қазақ күресі туралы айтып жүретініне, қолынан келгенше насихаттап жүреріне бек сенімдіміз. Олимпиаданы ұтқанда өз елінде ондай сыйақы алмайды, Қазақстанға келді де бір күнде қазына толы қапшықты арқалап кетті, әрине, бұл жағдай оның есінен өмірі шықпайды.Алайда, әлемге қазақ күресін масқара болып жеңіліп қана насихаттау керек пе?! Қайта дағыстандықтар мен осетиндер келмей қалды, келгенде бізге Қазақстанда тұрып, қазақ күресінен екінші орын мен төртінші орынды алудың өзі де күшке түсер ме еді, қайтер еді?!
Сонау Шекспир заманынан келе жатқан «Не істеу керек?» атты мәңгілік маңызды сауал бүгін де алдымызды кесе көлденеңдейді. Иә, шынында да не істеу керек? «Мынадай-мынадай әдіс-тәсілдерді жетілдіру керек» дейтіндей біз маман емеспіз. Сөйте тұра біздің де айтарымыз бар. Ендігі жерде «біз палуан халықпыз» деген көппе, бөспе әңгімелерді барынша азайтуымыз керек. Отыз төрт жыл бойы Олимпиададан алтын ала алмай жүріп, ненің палуандығы?! Грек-рим, дзю-до, еркін күрес емес, өзінің төл күресінен өзінің Отанында қирай жеңіліп отырып та «палуанбыз» деп бөсуге бола ма екен?! «Біз палуанбыз» дегенді Олимпиада сайын кемі бес-алты алтын алатын Қап тауының жігіттері айтса жарасады. Бізге ерсілі-қарсылы бөсіп әңгіме айтқаннан гөрі көбірек жұмыс істеу керек болып тұр. Қазақ күресін әлемге таныту үшін қирай жеңіліп жарнама жасағаннан гөрі оны көп кешіктірмей мектеп бағдарламаларына ендіргеніміз абзалырақ іс болады. Біздің палуандарымыз уақытының басым көпшілігін көше «разборкаларында» емес, күрес залдарында өткізсе одан өзі де, қазақ күресі де ұтады. Сонда ғана түйе палуандар бәсекесінде «қарсыластың салмағы ауыр болды ғой» деген болымсыз әңгімені айтпаймыз. Қарсыластың салмағы тонна тартса да алып та жығамыз, шалып та жығамыз! Баспен сол кезде қадаймыз!
Ал, кеше Оскар Рене Видал Брайсон бізді баспен қадап кетті...

«SKIFNEWS.KZ»
(Тақырып өзгертілген)

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста