ҚАРАҚАН БИДІҢ МӨРІ ҚАЙДА?
Өткен жылы Шығыс Қазақстан облысы, Абай ауданы, Құндызды ауылындағы Шыңғыстауға саяхат жасаған бір оқушылар бір сүйектің буынынан жасалған мөр тауып алып, оны өздерінің мұғалім апайына береді.
Мөрдің беті төрт бұрыш болып жасалған, онда арабша жазылған жазу барын байқаған мұғалім ескіше білетін үлкен кісілерге көрсетіп, оқытып алады. Өзіқан, Қарақан деген жазудың бары анықталыпты.
Өзіқан мен Қарақан деген кім? Ел арасында бұл аз сөз болмайды. Бұл әңгіме Семей қаласында тұратын 87 жастағы Дәмелі Дүйсенбайқызына да жетеді. Дәмелі апай Өзіқан мен Қарақан өзінің үлкен атасы екендігін бала күнде әкесінен естігендіктен, Құндыздыдағы мұғалімге барып жолығады. «Қарақанның шөбересімін» деп таныстырған апай мөрді көзімен көргісі келетіндігін айтқанда, мұғалім «Алматыдағы мұражайға өткіземін» деп бермей, мөрдің таңбасын ақ қағазға көшіріп береді. Қағазға басылған мөрді апай Аягөз қаласындағы арабша оқитын бір ақсақалға оқытқанда, ол «ХVІІ ғасырда қалмақтың соғысынан кейін жұрт малбасы өсіп, жағдайлары жақсарған соң, Балқашқа, Шыңғыстау өңіріне қоныстанған. Бірақ бұрынғы жергілікті жердің адамдары олардың кіруіне жол бермегеннен кейін жерге талас туындаған. Сол кезде Шыңғыстаудың биі болған Қарақан халықты тоқтатып, жерді бөліп берген. Қарақанда мөр болған» дейді. Ал Семейдегі орталық мешітіндегілер де мөрдегі жазудың дұрыстығын растаған. Кейін Дәмелі апай Алматыда еліміздің бас мүфтиі Ержан қажы Малғажыұлына да мөрдің таңбасын көрсетіп оқытады. Бас мүфти жазудың дұрыстығын сараптап беріпті. Үлкен әжейдің бұл ізденісі бір қарағанда жай нәрсе болуы мүмкін, алайда мөрдің тарихқа қатысы барын растап, өзі Қарақанның шөбересі екенін және мөр бидікі екені заңдық тұрғыда растала ма екен деген оймен жүргізгенін жеткізді.
– Біздің ең үлкен атамыз – Ергөбектен Шектібай. Шектібай ел ауызына іліккен батыр адам болыпты. Батырдың әлі күнге дейін сақталған кісесі бар. Қалмақтың соғысынан кейін ел есін жиып, өз жеріне қайта қоныстанады. Осы кезде Шектібайдан туған Аққозының баласы Қарақан Шыңғыстауда би болып, елдің қоныстануына өзіндік үлесін қосады. Сырттан келгендерге жер беріп, қамқорлық жасаған. Әр іске әділ төрелігін айтқан. Сол төрелікке би болған соң мөрін басқан. Ол заманда жер мен жесір дауын билер шешіп отырғаны белгілі жағдай. Қарақан атамыз Ақсуатқа кеткенінде, біреулер бір ағайын адамды өлтіріпті. Соның құнын даулап барғанда, Қарақан биге олар өздері кінәлі екенін сезіп, адамның құнына бес қыз берген деген әңгіме әлі де айтылады. Бірақ би «алмаймын» десе де, бес қыз беріп жіберіпті. Сол бес қыздың артынан тағы екі қыз еріп келген. Оның біреуін үлкен әкемізге берсе, біреуін Атақанға, қалған үшеуін де жақын туысқандарымызға, тағы бірін жақын туысқанымыз алыпты. Соның бірі – Кемелхан шешеміз еді. Ол шешеміз кейін қайтыс болды. Қарақан атам 90-нан асып, жүзге келіп, алжып өлген деп әкеміз айтып отыратын. Өзі батыр, еңгезердей денелі адам болған. Ірі қара малдың сүйектерін қолымен бырт етіп сындырып отыратынын әкем айтатын. Атамыз көзі тірісінде атасы Шектібайға үш жүзге сауын айтып, жүз қара мал сойылып, ас берген. «Шектібайдың асы бар, Жүз қаралы басы бар. Балаларыңды ала кел, Қоржындарыңды сала кел» деп жар салып, жан-жаққа ат шаптырған. Қарақаннан – Темірхан, Намазхан, Өзбехан және Өзіхан туады. Темірханнан менің әкем Дүйсенбай туады. Мөрдегі Өзіхан – Қараханның баласы. Мұны көп адамдар білмеуі мүмкін. Өзімнен өсіп өнген балаларымнан 20-дан астам немере және шөбере сүйіп отырған әжемін. Оларға аталарымыздың тарихын айтып, түсіндіріп те жүрген жайым бар. Міне, табылған мөр сол Қарақан мен Өзіқан атамдікі екені даусыз. Себебі аталарымыз дәулетті бай болып, кәмпіскелегенде үйіндегі көп мүліктері жоғалып, тоналып кеткенін кейін білдік. Осындай жағдай біздің жетінші атамыз болып келетін Ақтамберді батыр жыраудың да басында болды. Ақтамбердінің арғы аталары Бөрі, одан Бөлтірік туады. Бөлтіріктен Сақадам, Сары. Сарыдан Ақтамберді туған. Оның баласының атын Сәнжі деп қойған. Балам сәнді бала болып жүрсін деп қойыпты. Сәнжіден Есім, Нұрмағамбет туады. Есімнен Мұстахит, Төлетай, Нұрбай есімді балалар туады. Біздер – жыраудың алтыншы ұрпағымыз. Ата-бабаларымыз Аягөзге 52 шақырым жетпейтін Қоңыр шаулы, Ақ шаулы деген тауды мекен еткен. Тауда Сәнжінің баласы Есімнен тарайтын Мұстахиттың қыстауы және Жантұқтың тұрған тошаласының (туған үйі) тұрған орнын жолдасымыз екеуміз көргенбіз. Оның жарты метрлік іргесі сақталған еді. Тошала тастан жасалған. Таудың ортасында мөлдіреп су ағып, ол Ай деген өзенге құятын. Осы жерде Ақтамберді батырдың ұрпақтары тұрды. Батырдың жауға аттанарда киетін сауыты күні бүгінге дейін сақтаулы, оны қыстаудың маңындағы тауға жасырып тығыпты. Оны Ақтанбердінің ұрпағы болып келетін Сәлима деген әйелдің ағасы Қарамендінің Шәкер деген баласы таудан тауып алады. Сандықтың ішінен сары шәугім мен алақандай кішкентай Құран кітабы шыққан. Кейін Батыр деген азамат «Ақтанбердіден сақталған заттар бар ма?» деген соң, Сәлимадан Құран кітапты сұрап алып бердім. Кітапта оны оқыған адамдардың аттары жазылған. Батыр кітапты «Алматы мұражайына өткіземін» деп алып кетті. Міне, біздің ата-бабаларымызға қатысты осындай тарихи заттар болды. Бірақ оны ел білмей жатқаны көңілге қаяу әкеледі, – дейді Дәмелі апай