Қалтаның жұқалығы асқазанды ауырлатып тұр
Әлем елдерінің тамақтану үрдісіне зерттеу жүргізген Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы «қазақстандықтар тойып тамақ іше алмай жүр» деген қорытындыға келіпті. Себебі, ДДҰ есебінше, жер бетіндегі әрбір адам жылына 960 келі азық-түлік өнімін тұтынуы тиіс. Ал отандастарымыз белгіленген бұл мөлшерден әлдеқайда аз өнім тұтынады екен. Атап айтқанда, 722 келі. «Ас – адамның арқауы» десек, сан түрлі азық-түлік пен қалаған нәрсеңді ішіп-жеудің денсаулық үшін пайдасы зор екені анық.
Айтпақшы, аталмыш халықаралық ұйым еліміздегі ашқұрсақ жүрген ағайынның қай топтың өкілдері екенін де анықтапты. Яғни еліміздегі әлеуметтік аз қамтылған отбасылар, зейнеткерлер мен студенттер, балалар мен жүкті әйелдердің жеткілікті түрде тамақтана алмауымен қатар, олардың дастарқандарында әр түрлі азық-түлік өнімдерінің жоқтығын да есепке алған. Демек, жүкті әйелдің неге қаны аз, балаларға ауру неге үйірсек деп даурығуымыз бекер емес. ДДҰ тізіп берген ашқұрсақ жүрген топқа көз салсақ, олар – шәкіртақысы мен зейнетақысы басына тартса, аяғына жетпейтін зейнеткер мен студент, әлеуметтік аз қамтылған отбасы мүшелері. Яғни олар қалтасында ақшасы болса, асқазанынан ештеңені аямас еді. Сондықтан олардың «жегізбесім жегізбейді» күйге түсуінің сыры белгілі секілді.
Ал тойып тамақ ішпегендердің түрлі эпидемиялық науқастарға шалдығуы күшейетіні сөзсіз. Осы орайда аз тамақтану мен сапалы тамақтанбаудан еліміздегі балалар денсаулығының күрт төмендеп кеткені де жасырын емес. Сондай-ақ еліміздегі халықтың 65 пайызы йод тапшылығынан зардап шегіп, осы жетіспеушіліктен туындайтын зоб, қан аздық ауруларына шалдыққан. Сондықтан күнделікті тұтынатын тағамдар арасында йодтың мол болуын қатаң қадағалап отыру қажет. Әйтпесе йодтың жетіспеушілігі салдарынан ағзаның түрлі ауруларға душар болуы жиілейді.
Айқын ӘМІРОВА, эндокринолог:
– Біз әрқашан тағамдар арасында йодтың мол болуын қатаң қадағалап отыруымыз қажет. Өкінішке қарай, халқымыз тек қарын тойдыруды ғана ойлайды. Ал аузына салған әрбір тағамының денсаулыққа пайдалы, құнарлы болуын ойлай бермейді. Негізі, йод тапшылығынан туындайтын аурулардың тарттырар азабы мол. Соңғы кезде балалар арасында қан аздық, бойдың өспей қалуы, яғни олардың кеш жетілуі секілді дерттер жиілеп кетті. Мұның бірден-бір себебі – жейтін тағамдарымыздың құрамында йодтың жетіспеушілігінен. Сондай-ақ бұрын зоб аурулары жасы келген адамдар арасында көп кездессе, бүгінде кішкентай балалар арасында да белең алып барады. Себебі өмірге бала әкелетін аналарымыздың өзіне йод жетісе бермейді. Ал анасының бойындағы жетіспеушіліктердің бала бойынан да табылып, дерт болып жабысары сөзсіз.
Айта кетер жайт, еліміздегі аяғы ауыр әйелдердің 85 пайызы қан аздық ауруынан зардап шегеді. Ана бойындағы қан аздық салдарынан өмірге келген сәби де түрлі ауруларды ала туады. Ал мамандар «жыл өткен сайын аурулар жасарып барады» деп дабыл қағуда.
Бақыт ТҮМЕНОВА, «Аман-саулық» қоғамдық қорының президенті:
– Сәбилеріміздің іштен ауру болып тууы тікелей анасының денсаулығына байланысты. Бала көтерген әйелдің ішіп-жемі неғұрлым құнарлы болуы керек. Сондықтан біз мемлекет болып аяғы ауыр әйелдің дұрыс ішіп-жеуін, құрсақтағы сәбиінің анасынан керекті дәрумендерді ала алуын қадағалауымыз қажет. Мәселен, адамға берері мол еттің бағасы күн өткен сайын қымбаттап барады. Ал ауылдағы аналарға жеміс-жидек, көкөніс арман десе болғандай. Ендеше, аналарымыз ағзасына керекті дәрумендерді қайдан алады? Егер келешек ұрпағымыздың денсаулығы дұрыс болып, болашағымыз жарқын болсын десек, аяғы ауыр әйелді бала көтерген күнінен бастап ай сайын азық-түлігіне арналған арнайы жәрдемақы тағайындап, қамқорлыққа алуымыз керек.
Сондай-ақ бүгінде отандастарымыз тез дайындалатын қытайлық тағамдарды арзан деп жиі тұтынады. Шын мәнінде, дәрумендерден жұрдай қытайлық арзан тағамдардың денсаулыққа пайдасынан гөрі, зияны көп екеніне мән бермейді. Мамандар қытайлық арзан лапшалардың денсаулыққа зиянды екенін қанша айтып жатса да, халық «арзанның сорпасы татымайтынын» ескерер емес. Себебі кез келгеннің қалтасы қазы мен қартаны кертіп жеп отыруды көтере бермейді. Осылайша, халқымыздың қалтасының жұқалығы асқазанға салмақ салуда...
«Алаш айнасының» мұрағатынан