Қалила ОМАРОВ: Мұстафа – ашаршылықтан қырылған халықтың көз жасының бір тамшысынан туған
Мұстафа ӨЗТҮРІК: «Мен әлемді көрдім, енді өз елімді көрдім. Несін айтасыз, үлкен айырмашылық. Сондықтан еліме өз біліміммен, күшіммен көмектесу үшін елде қалуға шештім».
Таэквондодан 6-дан иегері Мұстафа Өзтүріктің құпия өлімі жайлы немере ағасы Мансұр Тәйжі режиссер Қалила Омаровқа спортшының зиратының басында тұрып, оның соңғы күндері туралы не деді?
Халықаралық дәрежеде таэквондо жаттықтырушысы болған Мұстафа Өзтүріктің 60 жылдық мерейтойы Түркияда қалай аталып өтті?
Түріктер өз елінде «қазақ» сөзін қандай мағынада қолданады?
Жақында ғана Түркиядан оралған режиссер Қалила Омаров «Ақшамның» оқырмандары үшін жоғарыдағы сауалдар төңірегінде ой бөлісуге арнайы редакциямызға келген еді.
Мұстафа Брюс Лимен бірге Гонконгта таэквондомен айналысқан
Түркі еліне бірінші рет баруым. Жолсапар өте әсерлі болды. Бірінші себеп – Мұстафа Өзтүріктің 60 жылдық мерейтойы. Екіншісі – Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш білім министрі болған Шайсұлтан Шаяхметов туралы деректі фильм түсіріп жатырмын. Сол фильмнің кезекті бір эпизоды Анкара, Стамбұлда түсірілетін еді. Орайы келіп тұрғандықтан, өзіммен бірге бұрын түсірілген «Нәубет», «Алашорда» деректі фильмдерімді де ала бардым. Қазақ документалисі келе жатыр деп түрік ағайындар өздерінің Анкарадағы парламентіне шақырып, кездесулер өткізді.
1990 жылы Мұстафа Өзтүрік алғаш рет Қазақ жеріне келген кезде онымен жолығып, қасында жүріп, «Барып қайт, балам, ауылға» деректі фильмін түсірдім. Бұл фильм қазақ қауымына жақсы таныс. Мұстафаны мен өз заманының жұлдызы деп есептеймін әрі мынаны айтқым келеді. ХХ ғасырдың басында Алаш көсемі Әлихан Бөкейхановтың жанында жүрген жансерігі Міржақып Дулатов «Әлхамдулиллә, 6 миллион қазақпыз» деп бөркін аспанға атып қуанған еді. Бірақ, отызыншы жылдары сол қазақтың жартысы ашаршылықтан қырылып қалды. Қаншасы жан-жаққа бытырап көшті. Алтай жағынан, біздің Шығыс Қазақстан жағындағы қазақтар Қытайға өтіп, Қытайдан Тибет арқылы Үндістанға, Кашмирге, Пәкістан арқылы Түркияға жеткен болатын. Жолда қырылған жұртта есеп жоқ. Жатқан жерлері жәннатта болсын! Олардың ішінде бастарында бір белгі де жоқ қаншама қазақ кетті. Солардың көз жасының бір тамшысынан туған деп есептеймін мен Мұстафаны. Мұстафа – сол қазақтарды Түркияға бастап барған Хұсейін Тәйжі деген атамыздың інісі Кәбен қажының ұлы. Қазақ елі Тәуелсіздік алған кезде Мұстафа қуана, туған жеріне құшағын айқара ашып келді. Оның әрбір сөзі, қимылы, қазағым деп еміренген көңілінің соншалықты шынайылығы сусап отырған қазақтың шөлін қандырғандай болған еді. Біз «сыртқа кеткен қазағымыздан не хабар бар, олар кімдер, қайда жүр?» деп, бұрын кеңес кезінде аңсаушы едік, міне, сол миллиондаған қазақтың атынан Мұстафа елге оралып, бірден жарқ етіп жұлдызға айналды. Әрине, оның артында Қазақстан жағынан сенімді ағалары, інілері болды. Атап айтсам, сол кездегі комсомол жастардың лидері болған Иманғали Тасмағамбетов, Серік Әбдірахманов, Талғат Теменов, Досхан Жолжақсынов, Сергей Әзімов сияқты ағалары еді. Ең жақыны Бексейіт Түлкиев болатын. Бексейіттің себеп болуымен Мұстафа қазақ жерін тапты. Ол Германияда жүргенде Мұстафаның қазақ екенін танып, елге келген соң жаңа аты аталған қазақтың мықты жігіттеріне хабар береді. Әрине, бұл жігіттердің ар жағында қазақ халқының кең жүрегі тұр. Біз Мұстафамен Жаркентке, Таразға, Айша бибінің басына, Алматыға келіп, қаншама кездесулер өткіздік. Мұстафа жарқ етіп шыққан кезде ол кісіден керемет леп (аура) есіп тұратын. Сонда қазақтың үлкен қариялары, ақ орамал таққан апаларымыз «айналайын, Мұстафа» деп емірене маңдайынан сүйіп, арқасынан қағып, немерелерін Мұстафаның бұтының астынан өткізіп жататын. Сөйтсем, қазақтың сондай ырымы бар екен.
Мұстафа Брюс Лимен бірге Гонконгта таэквондомен айналысқан. Әрі журналистика мамандығын да бітірген. Кейін Германия полицейлерін дайындайтын арнайы өзінің спорт мектебін ашады сол елде. Тәуелсіз Қазақстанға келгенде «қазақтың жастарын үйретемін, егемен елді қорғайтын ертеңгі сарбаздар керек» деп спорт мектептерін ашты. Сол кездер бір кең заман еді. Мұстафамен қай жерге бармайық, халықтың ықыласы ерекше болатын. «Айналайын, мынау біздің саған мінгізген атымыз болсын» деп елдің бәрі ақша береді. Мұстафа оның бір теңге, бір рублін де алған жоқ. Жиналған ақшаның бәріне барған жерінде спорт мектептері, таэквондо мектептерін аша берді. Сөйтіп, көп ұзамай Мұстафаның артынан ерген үлкен жастар тобы, шәкірттері дүниеге келді. Мұстафа ұстаз ретінде егемен Қазақстан жерінде өзінің таэквондо мектебін қалаушы болса, екінші, өзі тәрбиелеген шәкірттері ұстаздарының көз алдында үлкен жетістіктерге жетті. Яғни, бес-алты жылдың ішінде таэквондоның мыңжылдық тарихы бар корей еліне барып, сондағы қарсыластарын жеңіп, көзге түседі. Мен Мұстафаны өз еңбегінің нәтижесін көзі көрген бақытты қазақ деп есептеймін. Туған жері Қазақкентте де спорт мектебін ашып, қазақ балалары үшін тегін дайындалуға мүмкіншілік жасаған. Әлі күнге дейін сол елдің қазақтары «жарықтық Мұстафаның кезінде көзіміз ашылды» деп отырады. Ол өзінің бар тапқан дүниесін осы таэквандоның жолына салды. Амал қанша, қырқында, қамал алатын жасында Мұстафа кенеттен, қапияда көз жұмды. Ол өте ауыр жағдай.
Сонау тоқсан бірінші жылы «Барып қайт, балам, ауылға» деректі фильмімнің тұсаукесерін Алматыдағы Достық үйінде жасағанбыз. Мұстафаның өзі келіп көріп, риза болып, арқамнан қаққан еді. Сол кезде Мұстафаға «фильмді туған жеріңе де апарып көрсетейік» дедім. «Апарамын, сыртта жүрген қазақтың намысты қазақ екенін көрсетемін» деген еді. Өкінішке қарай, ол орындалмады.
«Түріктер – экспертиза жасауға Мұстафаның бір тал шашын сұрады»
Қазақкент – Мұстафаның кіндік қаны тамған туған жері. Осы сапарымда Мұстафаның туған үйін көріп, немере ағасы Мансұр Тәйжімен оның зиратына барып, Құран бағыштадық. Одан кейін Зейтінбұрны деген ауданның Өнер және мәдениет сарайында кездесу болды. Кездесуде «Барып қайт, балам, ауылға» деректі фильмім көрсетілді. Мұстафаның зиратының басында тұрғанда мен Мансұр Тәйжіден оның соңғы күндері жайлы сұрап, сұхбат алдым. Осыдан 19 жыл бұрынғы оқиғаны есіне түсіре, Мансұр Тәйжі былай деді:
– Түркиядан кетіп бара жатқан кезінде Мұстафа маған келді. «Құдай қаласа, бес күннен кейін келемін» деген. Бірақ, үш күннен кейін хабарласып, «Америкаға бара жатырмын, Американы аралап, қайтып келемін» деді. Бір кезде «жоқ, аға, мен Қазақстанға ұшып барамын. Қазақ жеріне барып, бір шаруаларды бітіремін, содан кейін жолығамыз» деді телефонмен хабарласып. Сол әңгімеден кейін үш күннен соң «ойбай, Мұстафа ауырып, емханаға түсті» деген хабар келді. Ертесінде қайтыс болғанын естідік.
Осы жерде мен нақтылап тағы да:
– Мұстафаның қазағым деп еңіреп келгенін білеміз. «Жоқ, мұнда жерлемеңдер, елдеріңе алып кетіңдер» деген Қазақстан жағынан әлдебір ықпалды топтардың өтініші болған жоқ па?» деп екі рет сұрадым. Екі ретінде де «жоқ» деген жауап алдым. «Тағы не айтасыз?» деп сұраған едім.
– Түркі елінің журналистері сол кезде менен «Түркі елдерінің ішіндегі таэквондодан жалғыз алтыншы дан иегері тұңғыш қазақ, дені сап-сау ұшып кетіп, кенеттен көз жұмуының не себебі бар? Сіздер рұқсат беріңіздер, біз бір тал шашын алып, экспертиза жасайық», – деді. Мен рұқсат етпедім. Өйткені, бәрі Алладан. Қалай айтсақ та, Мұстафа арамызда жоқ, тіріліп келмейді. Қаншама әңгіме болады, қазақтар жағына ауыр тиеді деп рұқсат бермедім, – деп ақсақал зират басында әңгімесін тәмәмдады.
Түркияда «Алаш жастары» деген ұйым бар
Әңгімеміздің басында Түркияға өзіммен бірге екі фильм ала бардым дедім ғой. Анкара қазақ жастары бірлестігінің ұйымдастыруымен ашаршылық туралы «Нәубет» фильмімді сонда көрсеттім. Бұл киноның түсірілгеніне 22 жыл өткен. Содан бері Қазақстаннан тыс жерде, Түрік елінде тұңғыш рет көрсетілді. Фильмді сол жақта оқып жүрген қазақтар, түріктің ғалымдары, олардың Қазақстанға келіп-кетіп жүрген зиялы қауым өкілдері келіп көрді. 33 елге тарайтын түріктердің «ТРТ-Аваз» телеарнасы келіп түсіріп, сұхбат алды. Одан кейін Түркияның Кония қаласына бардық. Ол жер түріктер үшін киелі жер саналады екен. Өйткені, онда түріктердің Мәулана деген үлкен әулиелері жатыр. Ең қызығы, сол Мәулана өзін Қожа Ахмет Яссауидің шәкірті санаған. Сопылық мектептің негізін қалаған Яссауидің артынан ерген шәкірттерінің бірі қазір Конияда жатыр. Тағы бір айтатыны, сол жердегі қазақ жастары «Алаш жастары» деген ұйым құрған екен. Сол ұйымның шақыруымен мен оларға «Алашорда» фильмімді көрсеттім.
Түріктер «қазақ» сөзін екі мағынада қолданады
Айтпақшы, Түркияда жүріп, бір дүкенге кіргенде витринадағы шынының аржағынан «қазақ» деген жазуды көрдім. Не екен деп ары-бері қарап, түк түсінбедім. Парламентте отырғанда әңгімеден әңгіме туып, Түркия Парламенті Басқармасының кеңесшісі Женгиз Сағлам: «сіз білесіз бе, бізде қазақ деген екі ұғым бар. Түріктер тоқылған жылы жемпірді – қазақ деп айтады. Екіншісі, әйелінен қорықпайтын еркекті – нағыз қазақ дейді», – деп қызық жаңалық айтты.
Қайтар жолымызда Стамбұлдың аэропортында Мюнхеннен Мұстафаның жұбайы Нұрилә жеңгеміз, екі қызы және күйеу баласы қатарымызға қосылды. Алматы әуежайында бізді таэквондо федерациясының жігіттері домбырамен думандатып, шашу шашып, жеңгеміздің басына ақ орамал жауып қарсы алды.
Мұстафаның ендігі тойы – Атамекенінде!