Қазақ хандарының Ресей бодандығына ресми түрде келісім бергенге дейін-ақ орыс имперализмі ұлы дала территориясына өңмеңдеп еніп қойған еді. Келе — келе «ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен» сақталып, аманатқа қалып отырған байтақ мекеннің төрт қиырындағы бабалар бейіті – шегенделген шекара белгісі болудан қала бастады.
Осы кезеңнен бастап қазақ даласын жаулаудың тарихы жазыла бастады. Негізінде, бізге Тәуелсіздік шежіресін түзу қаншалықты мақтаныш болса, отарлау саясатының шындығын жариялау соншалықты жауапты болуы тиіс.
Ұлы Даланы орыстардың отарлауын ерікті отарлаушылардың болуы және олардың ізін ала келген үкіметтік дружиналардың қозғалысы арқылы айыруға болады. Орыс ғалымдарының өзі «Ерікті отарлаушылар» деп жұмыскер шаруаларды, сектанттарды, басқа да әртүрлі тобырды таныды. Бұлар Ресейден XVI – XVII ғасырларда қашып кеткен болатын. Отарлауда қамалдар салып, поселкелер мен қалалар тұрғызған әскери отрядтар шешушi роль атқарады. Олар Ертiс пен Горька желісі атанған бекіністерді жасады.
Патша өкіметі 1868 жылы «Далалық облыстар туралы уақытша ережені» бекітті. Осы заманға сәйкес Қазақстанның территориясы үшке бөлінеді. Атап айтқанда, әкімшілік басқарылуы жағынан Сырдария мен Жетісу облысы – Түркістан, Орал мен Торғай – Орынбор, Ақмола мен Семей – Батыс Сібір генерал губернаторлығына бағынышты болды. Сөйтіп, Ресей отаршылары ежелгі басқыншылардың «Бөліп ал да, билей бер!» деген жауыздық ұранын патша жарлығымен заңға сәйкестендіріп алды.1868 жылғы «Уақытша ережеге» сәйкес, сан ғасырлар бойы қазақ халқының атамекені – Атыраудан Алматыға дейін кең байтақ жер мемлекет меншігі деп жарияланды. Бұл ұқсастығы аз болғандай патша үкіметі 1889 жылы орыс шаруаларын Қазақстанға қоныстандыру жөніндегі тағы бір заң шығарды. Арнайы қоныс аудару басқармасы құрылды. Міне, нақ осы басқарманың араласу нәтижесінде алты алаштың ең шырайлы жерлері тартып алынды. Сөйтіп, ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында сахараға кем дегенде 1,5 миллион ресейлік қоныс аударып, Қазақстанның ең шұрайлы деген 45 миллион тақта жерін тартып алды. Бұл ретте әсіресе Орал, Жетісу Сібір қазақтары қит етсе найзасын шошаңдатып, қылышын жалаңдатып, момын халыққа күн көрсетпегені өз алдына бір бөлек әңгіме.
Елі де тұтас, жері де тұтас қазақ халқын Ресей отаршылдары ұзақ жылдар бойы тәлкек етіп келсе «өз билігіңді өзіңе беремін» деген Кеңес үкіметі де алаштың жерін, елін біріктіруге келгенде неше түрлі құйтырқыға басты. Ең әуелі большевиктер қазақ ұлтының бірлігін, тәуелсіздігін, еңселі һәм егеменді мемлекеттігінің туын көтерген Алаш Орда өкіметін жойды, оның сүт бетінде қаймағы болған аяулы азаматтарының көзін құртты. Содан кейін барып Ресейдің ашса алақанынан, жұмса жұдырығынан шыға алмайтын қазақ автономиясын құруға келісім берді. Соның өзінде Бүкілодақтық атқару комитеті төралқасының 1919 жылғы 27 тамыздағы қаулысымен Торғай облысының Қостанай уезі Челябі губерниясына беріліп кетті.
Бұл ретте большевиктер, біздіңше, мына жайттарды аңғарған жоқ. Біріншіден, Челябі губерниясымен шектессе де, Қостанай уезі исі қазақ баласының жүрегінің төрінен орын алған Сарыарқаның кіндігі іспетті еді. Сондықтан да, Қостанай уезінің Ресейдің қанжығасына байлануы қазақтардың жүрегіне қанжар сілтеумен пара-пар болып шықты.
Екіншіден, бұл уезді Челябі губерниясына қосарда мұндағы қазақтардың ұзын-саны бүкіл халықтың есебі алынбағаны, соған орай 42 пайыздық көрсеткіштің шовинистердің ойдан шығарған далбасасы екендігі ескерілмейді. Үшіншіден, Қостанай уезі Ресейдің қарамағына өткеннен кейін қазақтардың тұрмыс-салт ерекшеліктері де көзге ілінбеді. Алаштың қазақтары патша өкіметінің тұсында да мұндай қысастық көрмеген-ді. Сондықтан халық қатты ашынды. Жер-жерге арыздар, өтініштер, талап-тілектер қардай жауды. Еділ-Каспий өңіріндегі уездердің де Қазақстанға қосылуы оңай болған жоқ. Қазан төңкерісiнен кейін Астрахань, Краснояр және Янатевский уездерінің жергілікті тұрғындары Еділ-Каспий Қазақиясы әкімшілік басқаруға қосыла алмай әуре-сарсаңға түсті.
Қазақстанның құрамына Орынбордың енуі маңызды мәселелердің бірі болды. 1919 жылы 19 қыркүйекте Қазақ әскери ревкомы Орынборды Қазақстанға қосу жөнінде шешім қабылдап, 1920 жылдың 7-шілдесінен Орынбор Қазақстанға қарады. Бүкілодақтық Орталық Атқару Комитеті мен РСФСР Халық Комиссарлары Советінің «Қырғыз (Қазақ) Автономиялы Кеңестік Социалистік Республикасын құру туралы» Декретіне 1920 жылғы тамыздың 26-ында қол қойылды. Осынау деректі жүзеге асыру мақсатымен жаңа құрылған республиканың Құрылтай съезі сол жылғы қазан айында Орынбор қаласында өтті. Құрылтайда республиканың шекарасы белгіленеді. Алайда Сібір революциялық комитеті оны-мұны сылтауратып Семей және Ақмола облыстарының байтағын қайтаруды кейінге қалдыра берді…
Сібірліктер әуелі Ақмола мен Семей облыстары Қазақстанға берілген жағдайда жергілікті халықтан басқа ұлт өкілдерінің құқына нұқсан келеді-міс деген сылтауды алға тартты. Содан кейін түрлі кәсіпорындарды біз салдық, оның құрал-жабдықтарын алып кетуге тиістіміз, мұнда өз кадрымызды да қалдырмаймыз деп қоқаңдады. Әлбетте, мұның бәрі басты сылтау емес-ті. Басты сылтау – қайткенде қазақ жерінің сүбелі тұсын қарпып қалу-тын. Сондықтан Сібір ревкомы асығыс түрде жаңадан Бұқтарма уезін құрып, оны Семей облысына қосқан. Жаңа уезге Змеиногорский, Алтай, Зайсан уезінің бірқатар болыстары енген. Оның есесіне Павлодар, Ертіс уездері Омбы облысына қаратылған. Яки Сібір ревкомы өздері мүдделі емес болыстарды Қазақстанға берген де, шаруашылық жағынан пайдалы өңірді өздеріне қалдыруға тырысқан.1920 жылдан 1922 жылға дейін Қазақстанның Сібірмен арасындағы шекара мәселесі партияның Орталық Комитетінде В.И.Лениннің қатысуымен бірнеше рет қаралған болатын. Мұндай талқылау РК(б) П Орталық Комитетінде 1920 жылғы ақпанда және 1922 жылғы ақпан мен мамырда, БОАК-те 1922 жылғы қаңтар мен ақпанда болып өтті. 1920 жылы 9-10 тамызда Лениннің төрағалық етуімен БОАК-тың президиумында барлық мүдделі жақтың қатысуымен қазақ өлкесін басқару, оның шекаралары, Ресей Федерациясымен қарым-қатынастарының мәселелері қаралды. Сібірліктер әуелі Ақмола мен Семей облыстары Қазақстанға берілген жағдайда жергілікті халықты басқа ұл өкілдерінің құқына нұқсан келеді-міс деген сылтауды тағы-да алға тартты. В.Ленин едәуір алауыздық жағдайында бірден-бір дұрыс жол табуға тырысты. Бұл ретте ол даулы жер мәселесін, шекара белгілеуді құрылғалы тұрған Қазақ Республикасының пайдасына шешудің қажеттілігін дәлелдеп берді. Тамыздың он жетісі мен жиырма төртінде бүкіл талқылау аяқталған соң Омбы уезінің жері қақ бөлініп, бір бөлігі Сібірге, екінші бөлігі Қазақстанға қарады. Мәселен, Есіл уезінің шығыс жағындағы бес болыс Ақмола облысының Петропавл уезіне берілді. Кейінірек, дәлірек айтқанда, 1921 жылы қарашаның 10-да Омбы уезінің 15 болысы шалқар уезіне беріліп, Ақмола губерниясына қосылды.
Петропавл уезінің жалпы алғанда, Ақмола облысының территориясын қайтарып алу нақ сол жылдардағы азық-түлік салығы саясатына наразылық білдірген ереуілдердің салдарынан да едәуір кешікті. Дегенмен, «ештен кеш жақсы», Сібір ревкомының сергелдеңі қазақ халқының тәуелсіз, егеменді ел болу жолындағы талпынысына тосқауыл бола алмады.
1921 жылы 19 көкекте Қазақстан Орталық Атқару комитетінің декреті бойынша Жайық пен Ертіс өңірінде бұрын казақтарға тартып әперілген он шақырымдық шеп құрған жерлер қазақ халқына қайтарылды. Бұл жекелеген орыс жауапты қызметкерлерінің ызалы қарсылығын туғызды. Республиканың құрамынан жекелеген уездерді, тіпті губернияларды бөліп әкетуге әрекеттер жасалды. Мысалы, 1921 жылы маусымда Орал губкомы Казақтардың құқығын қорғау деген желеумен Жайықтың сол жақ жағалауында қазақтарға қайтарылған он шақырымдық шеп құрайтын жерді бермеу туралы шешім қабылдап, орталыққа Орал губерниясының Қазақ АССР-інен бөлінетіндігі туралы хабарлады. Алайда, партияның Орталық комитеті мұндай өтінішті қабылдамай тастады. Ал РК (б) П Қазақ обкомының президиумы губкомның позициясын саяси қажеттілік ретінде айыптады. Сөйтіп, губкомның құрамына өзгерістер енгізді.
Қостанай губерниясының кейбір басшы қызметкерлерінің тарапынан да шовинистік әрекеттер көрінді. Ұлт саясатының мәнісін түсінбеген олар Қостанай уезін Қазақ АССР-ның құрамынан бөліп Челябі губерниясына қосу туралы талап қойды. Алайда, С. Меңдешев, С. Сейфуллин, Ә.Досов басқарған арнайы комиссия Қостанай губкомының жұмысын зерттеп, басшы қызметкерлер тобының шовинистік көзқарасын айыптады. Сөйтіп, губкомның хатшысы Шафрет бастаған бұл топты қызметтен босатты.
Бүкілодақтық Орталық Атқару Комитетінің Қазақ автономиялы республикасын құру жөніндегі декретте жаңа құрылған мемлекетке Түркістанға қарасты Жетісу мен Сырдария облыстарын Қазақстанға беру процесі де бірнеше жылға созылды. Әрине, осындай кешігудің өзіндік себептері жоқ емес-ті. Бұл жерде, сөз жоқ ең басты қиыншылық ұлттық шекараны айқындау процесінен туындады.
Тұрғындары мидай араласып жатқан Түркістан өлкесінде шекараны белгілеу расында оңай шешіле қоймады. Әуелі халықтар арасында, еңбекшілер ортасында түсінік беру жұмыстарын жүргізуге тура келді. Соның өзінде Ташкент маңындағы бірқатар Қазақстанды қаласа, Шымкент маңында, Ош өңіріндегі өзбектер Өзбекстан республикасын таңдады. Мұндай айтыс-тартыстар шекараға жақын аудандардың бәрінде де өрістеді. Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы көп талқылаған мәселе – Мырзашөл мен Ташкент уездерінің қай республикаға қарайтыны. Өйткені, бұл екі уезде жалпы алғанда қазақтар көп те, өзбектер аз еді. Ақырында бұл даулы мәселеге РК (б) П Орталық Комитеті араласып, мәселені «айттым болды, кестім үзілді» принципімен шешіп, бұл жерлерді Өзбекстан жерлері деп таныды. Нәтижесінде Ташкент уезінің – 10, Мырзашөл уезінің – 2 болысы Қазақстанға қайтарылды. Жалпы алғанда әлгіндегі 12 болыс елден басқа Жетісу облысының Алматы, Жаркент, Лепсі, Талдықорған уездері, Сырдария облысының Қазалы, Ақмешіт, Түркістан, Шымкент, Әулиеата уездері, сондай-ақ Жизақ уезінің 6 болысы Қазақстанға қарады. Түркістанға қарасты – Әмудария, Хорезм республикасына қарасты Өжейлі облыстарының қарақалпақтары мен қазақтары өз тағдырларын Қазақстан халқымен байланыстырғысы келді. Қарақалпақ автономиялы республикасы құрылып, Қазақстанның құрамына енді. Сайып келгенде, Түркістан республикасының 1500 адам мекендейтін 600 000 шаршы шақырым жері Қазақстан жеріне өтті. Бұл аз ба, көп бе? Әлбетте, бастапқы шешімге қарағанда бұл едәуір олқы көрсеткіш. Өйткені алғашқы құжат бойынша, Қазақстанға 2,5 млн. тұрғыны бар 900 000 шаршы метр жер берілуі тиіс еді.
1930 жылы Қарақалпақ автономиялы облысы Мәскеудің нұсқауымен Өзбекстанның құзырына кетті. Кейінірек, әкімшілік басқару тұрғысынан қолайлы деп Бостандық ауданы да Өзбекстанға берілді. Араға тағы біраз уақыт салып Мақтарал, Жетісай, Киров, Ильич аудандары Өзбекстанның қанжығасына байланды. Осынау алыс-берістің бірде-біріне халық ықылас білдірген жоқ. Бәрін шешуші – Мәскеу, бәрін реттеуші – Компартия. Осындай қиғаштық салдарынан Қарақалпақстанда, Бостандық ауданында Ташкент, Самарқан, Бұқара, Жизақ және тағы басқа облыстарда қазақтар өз республикасынан тысқары мемлекеттерде қалып қойды. Сонымен бірге, Қазақстан халқының саны едәуір өсті. Егер 1920 жылы тұрғындарының жалпы саны – 4,8 млн. адам болса, 1925 жылы ол көрсеткіш 6,5 млн. адамға көбейді. Осы кезеңде жергілікті ұлттық үлес салмағы да 10 пайызға өсіп, 1925 жылы республика халқының 57 пайызын қазақтар құрайды.
Республиканың геосаяси және экономикалық-географиялық жағдайы да біршама өзгеріске ұшырайды. Бұрындары Қазақстан азғантай ғана бөлікте Қытай мемлекетімен шектессе, енді Орта Азия республикаларының межеленіп, бөлінуі нәтижесінде оның мемлекеттік шекаралық сызығының ұзындығы 2200 шақырымға дейін ұзартып, сол кездегі одақтың шетелдік мемлекеттермен шекаралас шеткергі аумақтарының біріне айналды. Мұндай өзгерістер және қазақ халқының бір мемлекет шеңберіндегі толық жинақталып қосылуы – Қазақ АКСР-нің одақтас республика болып кейіннен қайта құрылуына себепші болды. 1925 жылы республикамызда бұдан басқа да айтарлықтай ірі өзгерістер болған. Мәселен, Республика астанасы сол жылғы ақпанда Орынбордан Ақмешітке көшіріледі, ал маусым айында оның аты Қызылорда болып өзгертіледі. 1927 жылы мамыр айында республика астанасын Қызылордадан Алматы қаласына ауыстыру туралы шешім қабылдап, тура екі жылдан соң Қазақстан үкіметі Алматыға көшіріледі.
Екінші жаһан соғысы кезінде тыншу алған орыстандыру, қазақ жерін бөлшектеу процестері, репрессия… өткен ғасырдың 50-ші жылдары қайта жанданды. Үкімет пен партия басшылығына Н.Хрущев келген жылдарда дау-дамай күшейді. «Тың және тыңайған жерлерді игереміз» деген желеумен баяғыда сібірліктер қымқырып қалмақ болған төрт-бес облысты Ресейге беру талабы қайта қозғалғандығы көпшілікке мәлім. Қулығына құрық бойламайтын Хрущев алдымен үнемі тамағын майлап тұратын өзбектерге «Мақталы өңірді игерейік» деген сылтаумен Қазақстанның оңтүстігін бермекші болды. 1954 жылдың тамыз айында Хрущев Қазақстанның Бостандық ауданын Өзбекстанға қосуға ұсыныс жасады. Комиссия құрылды. Комиссияның басшысы болып Қазақ КСР-і Министрлер кеңесінің төрағасы Жұмабек Тәшенов тағайындалды. Комиссия мүшелері Хрущевтың ұсынысын қабылдамайды. Бұл жөніндегі қарсы пікірлерін сол кездегі Қазақстанның бірінші хатшысы Л.Брежнев жазып береді. Бұрын-соңды мұндай қарсылық көрмеген Хрущев тас-талқан ашуланды. Бұл қарсылыққа қарамастан 1955 жылы қарашада тізеге басып, Бостандық ауданын Өзбекстанға қосуға бұйрық берді. Бұйрық орындалды. Қазақтың 4 миллион гектар жері мен қалың елі бірге көзі жәудіреп өзбектерге кете барды. Бұл жердің негізгісі әлі күнге дейін қайтарылған жоқ. Бұл тек бастамасы ғана екен. Хрущев енді Қазақстанның солтүстігіне көзін қадап, Ресейге қосуға ниеттенді. Саяси бюроға қайта-қайта ұсыныс жасайды. 1961 жылдың күзінде Ақмолада үлкен жиналыс болады. Жиналысқа Хрущев қатысады. Ж. Тәшеновтің табандылығы мен туған жерге деген сүйіспеншілігі, оның Н. Хрущевтің даурықпа және жүгенсіз жымысқы пиғылдарына ашықтан-ашық қарсылық білдіруі туған жерімізді ұрпақтарға аманат етіп сақтап қалуға мүмкіндік берді.
Жалпы, Тәуелсіздік тұғырының мықты болмағы көп жайттарға байланысты. Соның бірегейі – мемлекеттік шекара. Мемлекеттік шекараның мән-маңызы бұрынғыдан да арта түсті. 2005 жылдың 18 қаңтарында Қазақстан – Ресей арасында мемлекеттік шекара туралы шартқа қол қойды. Еліміздің құрлықтағы шекарасының жалпы ұзындығы 15 мың шақырымға жуық болса, соның жартысынан астамы, яғни 7591 шақырымы көршілес ел Ресеймен шектеседі екен.1998 жылы Қазақстан мен Қытай арасындағы Мемлекеттік шекара туралы келісімшартқа қол қойылды. Осы жылдар аралығында түбіміз бір өзбек, қырғыз, түрікмен елдерімен арадағы Мемлекеттік шекара туралы келісімшартқа да дау-дамайсыз қол жеткізгеніміз белгілі. Біз бүгіндері барлық көршілерімізбен мемлекеттік шекара мәселесін түпкілікті шешкен елміз.
Отарлау ойраны: басталуы, шарықтау шегі, аяқталуы…
Последние статьи автора