Омбы қазақтары тіл мен дәстүрімізден қол үзіп қалмасын!…
Ресей елінің Омск қаласын қазақтар ежелден Омбы деп атайды. Халық арасында «Омбыдан келдім», «Омбыға бара жатырмын», «Омбы қазақтары» деген сөздер бүгінде тұрақты сөз тіркестеріне айналғандай. Бізді Омбы қаласына рухани тұрғыдан да, тарихи-мәдени, елдік тұрғыдан да жақындастырып тұрған не десек, ол әрине, сол жақта тұрып жатқан ұлты қазақ ағайындарымыз. «Олардың саны қанша?», «тілін, салт-дәстүрлерін қалай сақтап, дамытып келеді?» деген сауалдар бізді Омбыға қарай бастай берді.
Омбы облысы еліміздің Павлодар облысымен шектеседі. Алайда Павлодарға жеткенімізбен әрі қарай жол жағдайы қалай болады деп тұрғанда, Павлодар облысы әкімдігі баспасөз қызметінің бастығы, әріптесіміз Асқар Жалдинов сапарымызға қолдау көрсетіп, Омбыға барып қайтуға көлік бөлдірді. Сапардың маңыздылығын түсініп, алыс жолға бірге шыққан «Ертіс медиа холдингі» акционерлік қоғамы «Аналитикалық ақпарат» орталығының директоры, білікті журналист Жұмабек Сманов жол бастар ақылшымыз болды. Көлік жүргізушісі – Самат Бекмурзинов дейтін азамат. Осы тұста Самат бауырымыз туралы ерекше айтқым келіп отыр. Самат – Омбы қаласының тумасы екен. Мектепті де сол қалада оқып бітірген. Қазір Павлодар қаласында тұрады. Ол бізге жол бойы Омбы қазақтары туралы сыр шертіп, ондағы қандастарымыздың тыныс-тіршілігінен жан-жақты хабардар етіп отырды. Саматтың әңгімесінен көкейдегі біраз сауалдарға жауап алғандай болдық.
«Мен Омбыда дүниеге келдім. Мектепті де сол қалада бітірдім. Ағайын-туғандарым, дос-жарандарымның барлығы сонда тұрады. Жалпы, Омбы жерінде қазақтар өте көп. Облыс аумағында шоғырланған бірыңғай қазақ ауылдары да бар. Қалада қазақ мәдениетін, салт-дәстүрін, тілін сақтап, дамытып отырған ұлттық-мәдени орталықтар ашылған» деген Саматтың сөзі біздің Омбыны көруге деген ынтызарлығымызды одан сайын арттырып жібергендей болды. «Омбыға бара жатқанда бір қуанамын, Павлодарға келе жатқанда да қуанамын» дейді Самат. Себебі екі қала да ол үшін бөтен емес.
Алтынай Жүнісова және «Мөлдір» мәдени орталығының мүшелері «Жол мұраты – жету». Әсерлі әңгіме көңілге түрлі ой салып, Омбыға қарай әр шақырымды артқа тастап, ілгерлей түскен сайын, жан дүниең ерекше бір тебіреніске түсетіндей. Себебі Омбы ұлт мақтанышы Шоқан Уәлихановтың білім алып, ғылым көгіне самғап ұшырған мекені болса, бұл қала бізге неге ыстық болмасын? «Жақсы – ортақ» деген ғой, Шоқан есіміне бүгінде бәрі қанық. Шоқан арқылы әлем қазақты таныды. Біз де Шоқан арқылы өзіміздің қандай дәрежедегі ұлт екенімізді танып-білдік. Сонымен қатар Омбы кешегі Алаш зиялыларының, Алаш қайраткерлерінің бас қосып, қызмет еткен, ұлттың өзегін өртейтін мәселелер бойынша пікір алмасқан, халық қамын ойлап тізге қосқан, ортақ мүдде бағытында ниет-мақсаттарын біріктірген жер болса, бұл қала бізге неге ыстық болмасын? Ал бүгінгі өмір, бүгінгі кезеңде Омбы жерін мекен етіп жатқан әр қазақ та біздің ең жақынымыз емес пе? Сол себепті олармен жүздесіп қайтудағы басты мақсатымыз – Омбы қазақтарының тыныс-тіршілігімен танысып, Ата дәстүрлерін, ана тілдерін қалай сақтап жүр, не ойландырады, қандай мәселелер толғандырады, мұң-мұқтаждары қандай?» деген сауалдарға жауап алу еді. Ал бұл сапарымыздан байқағанымыздай, мұндай ортаға салар мәселелер аз емес. Әсіресе, ана тіліміздің жай-күйі алаңдатарлықтай. Оған осы мақаламыздың барысында кеңінен тоқталатын боламыз…
Омбы – ұлттық тарихымыздың бір бөлшегі. Демек, бұл аймақты, бұл өлкені, бұл атырапты біз өзіміздің байтақ тарихымыздан бөліп қарай алмақ емеспіз. Ұлттық санамыздың жаңғыру, ояну кезеңдері де осы шаһармен тығыз байланысты.
Алда қос елдің кеден бекеттері күтіп тұр. Куәлік тексеру, құжат ресімдеу дегендей шаралардан өтуіміз керек. Ресей күнде барып-келіп жүрген ел емес. Қазақстан шекарасынан өтіп, көз ұшында тұрған көршілес елдің кеден бекетіне табан тіредік. Жолымыздың жеңіл болғаны шығар, бекетте сапырылысқан жұрт жоқ екен. «Адам көп болса, әдетте ұзақ-сонар кезек күтіп тұрып қалатын кездер де болады» деді Самат. Ал бүгін онша көп бөгелмедік. Құжат толтырған соң, әрі қарай жүріп кеттік.
Қазақстан шекарасынан асып, Ресей елінің аумағына кіргеніміз сол еді, айнала жап-жасыл түске боялғандай әсер берді. Тап осы арадан орман белдеулері басталатындай. Жолдың екі жағын ала сонау Омбыға дейін жағалай біткен ағаштардың небір түрлері жайқалып, қаз-қатар тізіліп тұр.
Ауаның жұпар исі кеудеңнің тынысын ашып, денеге қуат бітіргендей болады. Кезінде бабаларымыздың аттың жалында, түйенің қомында күн кешкен саялы мекені ғой. Жер келбеті де соны меңзейді. Қазақтың дарқан мінезіндей көсіліп жатқан жусанды дала. Осынау алып далада қазақтың аяулы азаматтары жүргенін де мақтан тұтасың.
Омбы жерінің әр тұсынан терең тарихымыздың әр кезеңдерін көз алдыма елестетіп келемін. Не көрмеген, нелер заманды басынан кешпеген дала бұл.
Омбыға жеткен бойда осы қалада 1989 жылы құрылған «Мөлдір» деп аталатын қазақтардың мәдени орталығының жетекшісі Алтынай Жүнісова: «Бауырларым, аман-есен келдіңдер ме?» деп құшақ жая қарсы алды. Алтынай Хайдоллақызымен бірге «Мөлдір» орталығының өзге де қызметкерлері түгел жиналыпты. Амандық-саулық сұрасып, елдің сәлемін жеткізген соң Алтынай бізге «Мөлдір» орталығының тарихын таныстыра отырып, бір күннен кейін осы орталықтың 25 жылдығы тойланғалы жатқанын айтты. Ол үлкен ғылыми-практикалық конференциямен ашылып, арнайы ұйымдастырылған көрмеге, мәдени шараларға ұласады екен. Мерекелік шараға Ресейдің өзге қалаларындағы қазақтар, сондай-ақ Қазақстаннан да бір топ делегация қатыспақ екен.
«Мөлдір» орталығы туралы қысқаша айта кетер болсақ, ол бүгінде Омбы қазақтарының қазақ болып сақталып қалуына, тілін, дәстүрін, мәдениетін, тарихын танып-білуге көп еңбек сіңіріп келе жатқан ұйымның бірі. Сонымен қатар жалпы омбылық тұрғындарға қазақ халқының қандай ұлт екенін кеңінен таныстырып келеді. Алтынай Хайдоллақызы өнерден де кенде емес. Кезінде «Мөлдір» атты музыкалық-этнографиялық ансамблімен ауыл-ауылды аралап, концерттер қойған. Қазақтың дарынды да талантты қызы өз халқының тарихын, әдет-ғұрпын, салт-санасын, өнері мен мәдениетін терең біледі. «Жыламаған балаға емшек қайда» дегендей қазір сен өз мәдениетіңді сақта, дамыт деп айта қояр кім бар? Бәрі де қаражатқа келіп тіреледі емес пе? Осындай қиындықтарға қарамастан өздерінің мұрат-мақсаттарын жүзеге асырып келе жатқан Алтынай Жүнісова басқарып келе жатқан «Мөлдір» орталығымен қалай мақтансақ та жарасады. Алтынай Хайдоллақызымен өрбіген әңгімеге сәл кейінірек тоқталамыз.
Мемлекеттік қолдау керек
Тәуелсіздік алғаннан кейін Омбыдан Қазақстанға қоныс аударған отандастарымыз көп. Ал біз бұл сапарымызда Қазақстаннан Омбы қаласына барып, «Халықтар өнері жоғары мектебі» институтының негізін қалаған, қазір осы институттың ректоры болып қызмет атқаратын педагогика ғылымдарының докторы, Петровский академиясының академигі Қайыртай Әмірғазинмен таныстық.
– Мен Омбы қаласына осыдан 18 жыл бұрын келдім. Көп жылдар бойы Қазақстанның жоғары білім саласында еңбек еттім. Қазір осында қолөнер мамандарын даярлауға, жергілікті қазақ жастарының осы қолөнер саласын меңгеруіне, Қазақстанмен білім, ғылым саласында әріптестік байланыстар орнатуға, мұндағы қазақ жастарының Қазақстанның жоғары оқу орындарында білім алуына атсалысып келеміз. Әрине, Омбы қазақтарына байланысты ортаға салып, талқылайтын мәселелер көп. Бұл қалада Шоқан заманынан бері орнығып, қалыптасқан «Казачий край» деген аудан болған. Ол жерде Омбыға білім іздеп келген қазақтар үй соғып, бір қауым ел болып өмір сүрген. Қазақтардың бір ауданға шоғырланғаны олардың ана тілдерін, салт-дәстүрлерін жоғалтпай, сақтауға мүмкіндік берді. Кейін Хрущевтің заманында бұл ауданға жаңа үйлер саламыз деп, тұрғындарды қаланың жан-жағына көшіріп, үйлерін бір-бірінен алыстатып жіберді. Бұған дейін әр үй бір-бірін қонаққа шақырып, етене араласып келген болса, енді мұндай тығыз байланыс болмағаннан кейін, әрине, тіл де ұмытыла бастайды. Қаланың басқа ауданына көшіп барған қазақ отбасының баласы аулаға ойнауға шыққанда орыстың баласымен дос болады, мектепке бірге барады. Сөйтіп, бірте-бірте өзінің ана тілін ұмытады. Өкінішке орай, бүгінде өз тілін ұмытқан қазақтар бар. Сөйлесе кетсең, ұлтын білмейді. Түрлеріне қарасаң қазақ, бірақ ойы, санасы өзге ұлттікі. Орыс болып кетейін десе, түрі жібермейді. Кезінде осы қалада Бутаков деген вице-губернатор болды. Өзі қазақ болса да «Мен қазақ емеспін» дейтін. Тегінің өзі «бұтақ» деген сөзден шығып тұрған жоқ па? Міне, қарап тұрсаңыз ататегін, тілін білмейтін қазақтар туралы не деуге болады? Тілсіз – ешқандай мәдениет дамымайды. Мен қанша жерден орысша сөйлейін, қанша жерден ағылшын тілінде сөйлейін, мен бәрібір ол ұлттың азаматы болып есептелмеймін ғой. Сондықтан ұлттық намысты көтеретін, ұлттық сезімді оятатын тек – тіл. Олай болса, Омбыдағы қазақтардың тілін сақтауға күш салуымыз керек, – дейді Қайыртай Әмірғазин.
«Осы мәселелерді шешудің қандай жолдары бар?» дегенімізде ол бізге былай деп жауап берді:
– Мемлекет тарапынан қолдау көрсетілуі керек деп ойлаймын. Мәселен, осында Азов деген аудан бар. Сол ауданның басшысы неміс ұлтының азаматы. Ауданда неміс тілінің, неміс мәдениетінің дамуына барлық жағдайлар жасалған. Олар Германиядан қаржылай көмек алып тұрады. Міне, бұл мемлекеттік дәрежеде жасалып отырған қамқорлық. «Жаяудың шаңы, жалғыздың үні шықпас» дегендей, жалғыз Алтынай Жүнісова не істей алады? Сондықтан Қазақстан тарапынан Германияның немістерге қолұшын беріп, демеп отырғанындай нақты көмектер жасалуы керек. Мен Қазақстанда жиі боламын. Сонда университет басшыларына жолыққанымда: «Сендер Омбыдан бір-бір шәкірт алып оқытыңдар. Бір қазақ баласына көмектессек, бір Шоқанға көмектескендей боламыз» деп айтып жүремін. Осындай сөйлесулердің арқасында Омбыдан Павлодарға, Астана қалаларына білім алуға біраз жастарымыз барды. Міне, бізге мәдениет, ғылым, білім, өнер, тағы басқа салаларда осындай байланыстар орнату қажет. Жастар барсын, оқысын. «Шетте жүрген қандастарын далаға тастамай, оларға қамқорлық танытып отыратын қуатты, күшті мемлекетіміз бар екен ғой» деп туған елдеріне деген сенім пайда болады.
Ғалымның айтуы дұрыс. Қазақстан мемлекеті тарапынан қамқорлық қажет. Әсіресе, мына жаһандану заманында шетте жүрген қандастарымыздың тілін, дәстүрін жойып алмауына көп күш салуымыз керек. Ресей мен Қазақстан көршілес ел. Екі мемлекет арасында стратегиялық, ықпалдастық тұрғысынан көптеген байланыстар орнаған. Осындай мүмкіндіктің бір саласын Ресейдегі қазақтардың рухани-мәдени, тіл мен дәстүр мәселелеріне бұрып, ерекше назар аудармасақ, күні ертең мұндағы ана тіліміздің жағдайы мүшкіл халге түсуі бек мүмкін. Бұл сөзімізге біз осы елге жасаған сапарымыздың барысында анық көз жеткізіп қайттық. Ашығын айтқанда, көптеген қазақ жастары ана тілдерін білмейді. Білімді, көзі ашық, көкірегі ояу жастар болғанымен, өз тілдерінде сөйлемейді. Бұл мәселе бізді мемлекет ретінде ойлантуы тиіс емес пе? Адам қай мемлекетте өмір сүрсе, сол мемлекеттің мәдениетін, ерекшелігін бойына сіңіріп, өзінің ұлттық ерекшеліктерін сақтауда біршама қиындақтарға тап болатыны белгілі. Сол сияқты, Омбыдағы қазақтардың тіл мәселесінде қалыптасып отырған осындай жағдайлардың бар екеніне көз жеткіздік. Әрине, барлығы бірдей тілдерін ұмытқан деп айтудан аулақпыз. Мәселе ана тілдерін білмейтін, ана тілінде сөйлей алмайтын қазақтар туралы болып отыр. Бұл жергілікті қазақтардың орыстанып бара жатқанын көрсетеді. Не істемек керек? Қазақты қазақ етіп тұрған белгінің бірі оның ұлттық тілі болса, сол тілді сақтау бағытында кешенді шараларды қолға алғанымыз жөн.
«Шоқан жолы» мен «Бірлік» ұйымдары
Омбы қаласында «Мөлдір» тәрізді «Шоқан жолы», «Бірлік» деп аталатын қоғамдық-мәдени орталықтар бар. Біз сапар барысында аталған ұйымдардың жетекшілерімен де кездестік.
«Шоқан жолы» қоғамдық-мәдени ұйымының президенті Ермак Жұмабаевтың айтуына қарағанда, «Шоқан жолы» қоғамдық ұйымы ресми түрде 2012 жылы қаңтар айында тіркеліпті.
– Мақсатымыз – Омбы қазақтарының бірлігін нығайтып, мәдени-рухани құндылықтарды жаңғырту, тарихты зерделеу арқылы жас ұрпақты ұлттық тәрбие мен салт-сананың аясында тәрбиелеу арқылы оларды Шоқанның жолымен, яғни ғылым мен білім алуға, жақсы азамат болып қалыптасуға ұмтылдыру. Сонымен қатар Омбыдағы қазақ зиялыларымен, кәсіпкерлерімен, қоғам өкілдерімен байланыс орната отырып, бірлесе жұмыс атқару. Екінші бір мәселе, Омбыда қалалық, облыстық әкімшілік құрылымдарында қызмет атқаратын қазақтардың саны өте аз. Атап айтқанда, заң шығару органдарында бір ғана қазақ жұмыс істейтін болса, Омбы әкімшілігінің экономикалық саясат департаментінде де бір ғана қазақ жұмыс істейді. Мұның себебі біз осы уақытқа дейін әкімшілік-басқару құрылымдарында қызмет атқаруға онша құлық танытпағанбыз. Бәлкім, өзімізді лайықты түрде көрсете алмаған шығармыз. Соның салдары болар, Омбыдағы әкімшілік салаларда қазақтардың саны өте аз. Енді алдағы уақытта Омбы қазақтары да осындай қызметтерден тыс қалмауы керек деп ойлаймын.
Ермак Жұмабаевтың сөзінен байқағанымыз, билік құрылымдарында қазақтар жоқтың қасы. Неліктен олай? Билік құрылымдарында қазақтардың мүддесін қорғайтын қазақ болмаса, Омбыдағы қазақ мәселесі қалай шешіледі? Кім шешеді? Қазақтар құқығының қорғалуын кім қамтамасыз етеді? Мәдени орталықтардан не қауқар бар? Олар Омбыдағы қазақтар мәселесін шеше алмайды. Бұл түсінікті. Ұлтымыздың өкілдері жергілікті орыс халқымен тең құқықта болуы керек емес пе?
Ермак Жұмабаевтың нақты істің адамы екені көрініп тұр. Ол «Қазақ үшін не істей аламын?» деген ұлтына жанашыр азаматтың бірі. Бірақ мұндай азаматттар аз. Омбы жерінде қазақ ұйымдарының көбейгені ұлттық мәселелердің шешілуіне қаншалықты атсалысады? Біздіңше, бұл мәселеге Қазақстан Үкіметі көмектеспесе, олардың қызметтік аясы көп жағдайда өте шектеулі дәрежеде қалып отыр. Мәдени шараларды өткізер, конференциялар ұйымдастырар. Бар болғаны осы. Ал Омбыдағы қазақ мәселелерінің шешілуіне байланысты қолдарынан көп нәрсе келмейді. Бұл айдан анық. Ал мәселенің басқа қырынан келетін болсақ, Қазақстандағы орыстардың барлық мәселесі шешілген. Шешілмеген мәселе бар ма? Жоқ! Тіл бар ма? Бар. Мәдениет сақтаулы ма? Сақтаулы. Қалаған қызметке орналаса ала ма? Орналасады. Шынын айтсақ, біздің елде барлық ұлттарға бірдей жағдай жасалған. Біз елімізде жүріп өз қазақтарымызды қазақыландыра алмай жүрсек, Ресей өзге ұлттарын да орыстандыру саясатына көшіріп алғандай әсер қалдырды. Оның бір дәлелі Омбыдағы қазақтардың шетінен орыстанып бара жатқаны. Олардың арасында қазақ тілін мүлдем білмейтін, түсінбейтін қазақтар қаншама?
Омбыда былтырдан бастап «Замандас» деген газет ашылған екен. Бірақ газет тек мәдени-әдеби тақырыптарды жазады. Сондықтан ол ұлттық мәселелерді қозғай алмайды. Ал Қазақстанда шығатын өзіміздің республикалық газеттер Омбыда мүлде жоқ деуге болады. Бұл да қазақтардың өз басылымын оқи алмай, ұлтының тамырынан ажырап бара жатқанын көрсетеді. Ал біздің елде Ресейде шығатын барлық газеттер еркін таралады. Көше бойындағы киоскілерде, дүкендерді былай қойғанда, «Казпоштаның» каталогында да Ресей басылымдары самсап тұр. Демек, жалғыз Омбы ғана емес, Астрахан, Түмен, Орынбор, Саратов, Құлынды, т.б.жерлердегі қазақтар Қазақстанның газеттерін оқуға қол жеткізуі керек. Бұл еліміздің Сыртқы істер министрлігінің айналысатын бірден бір шаруасы емес пе? Неге ұлтымыздың өкілдері өздерінің ата жұртында шығатын басылымдардан тыс қалуы керек?
Келесі осындай орталықтың бірі «Бірлік» деп аталады. Оны ашып, жұмысын алға бастырып отырған қазақтың кәсіпкер азаматы – Бақытжан Әлжанов. Қалталы азаматтың өз шаруасынан бөлек, қоғамдық істерге араласып, туған халқының мұң-мұқтажына, әлеуметтік, рухани-мәдени мәселелерге көңіл бөліп, іскерлік танытуы да құптарлық. Кәсіпкер көптеген қазақ жастарына тұрақты жұмыс тауып беріп отырғанын айта кеткен жөн.
– «Бірлік» қоғамдық ұйымы 2013 жылдың маусым айында құрылды. Ұйымымыздың атын «Бірлік» деп атауымыздың себебі Омбыда тұрып жатқан қазақтар әрқашан бірлікте, ынтымақта болайық деген ойдан туындады. Бізге бірлік керек. Қазақ айтпақшы «Бірлік болмай, тірлік болмайды», «Береке – бірлікте» деген аталы сөздерімізді еш уақытта естен шығармаумыз керек. «Бірлік» ұйымының бағыт-бағдары сан түрлі. Біз барлық салада қызмет етуге дайынбыз. Жақында Омбы мемлекеттік техникалық университетімен бірлесе отырып «Ресей мен Қазақстанның қарым-қатынасы және интеграция жолы» деген тақырыпта халықаралық ғылыми-практикалық конференция өткіздік. Конференцияға көптеген ғалымдар, қоғам қайраткерлері, сарапшылар қатысты. Павлодар облысынан Тілдерді дамыту басқармасының бастығы Қабжан Еділбай келіп, баяндама жасады. Ұйымдарды тіркеу, қабылдау тәртібі бойынша бір жылдан кейін бізге Омбы әкімшілігінің түрлі жобаларға арналған гранттық байқауларына қатысамыз. Сол байқауға біз өзіміздің ғылыми жобаларымызды ұсынатын боламыз. Кәсіпкер ретінде «Мөлдір» орталығының қызметіне демеушілік жасап, қолдау көрсетіп келемін. Таяуда «Мөлдір» орталығының 25 жылдығына орай деректі фильм шығарып, көрермендер назарына ұсындық. Осыдан екі-үш жыл бұрын депутаттық сайлауға қатысып, бүкіл қазақ ауылдарын аралап шыққан едім. Сондықтан қазақтардың мұң-мұқтажын, ішкі мәселелерін жақсы білемін. Сол себепті Омбы қазақтарының өнерін, мәдениетін, ділін, салт-дәстүрін дамытуға, сақтауға үлес қоссақ деп отырмыз. Омбы қазақтары бұл өлкеде ғасырлар бойы өмір сүріп келеді. Әсіресе, жастарымызға: «Ана тілдеріңді ұмытпаңдар, қазақ халқының салт-дәстүрін үйреніңдер, үлкендерді сыйлаңдар, әдет-ғұрыптарды сақтаңдар» деп бағыт-бағдар беріп отырамыз. Бірақ мұндай сөздерден де шығып жатқан нәтиже аз сияқты. Өйткені жоғарыда айтқанымыздай қазақ жастары ана тілдерін ұмытып барады. Олардың жағдайын бір есептен түсінуге болады. Баратыны орыс балабақшасы, оқитыны орыс мектебі. Жоғары оқу орындары да орыс тілінде.
«Ана тілімізді білмесек, өзімізді жоғалтамыз»
Біз бұл сапарымызда «ана тілімді нашар» білемін деген қазақтың жас жігітімен кездестік.
Оның есімі Қанат Аяғанов. Ол «Жас отау» деп аталатын журнал ашыпты. Журнал қазақ тілінде емес, орыс тілінде жарық көреді.
Қанат Аяғановтың айтуынша, ол орыс мектебін бітіріпті. Айналасындағы достарының барлығы да орыстар болған. Сөйтіп, ана тілін біржола ұмытқан. Алдымда қазақ азаматы отырса да, оның жүзі қазақ болса да қазақ тілінде сұхбат өрбіте алмадық. Дегенмен, оның айтқан ойын қазақшалап жеткізуге тырысайын.
– Омбы жастарына арналған «Жас отау» деп аталатын ақпараттық, танымдық журналды шығаруды қолға алдық. Бұл идея маған өзім шаңырақ көтерген кезде келді. Болашақ жарым екеуміз той өткізу сценарийін әзірлегенде көптеген сұрақтар туындады. Содан іздеп қарасақ, Омбы қаласында қазақтың той өткізу дәстүрі туралы ақпарат беретін не бір басылым, не бір орталық жоқ екен.
– Өзіңнің замандастарыңның арасында ана тілін ұмытпай, сөйлеп жүргендер бар ма?
– Қазақ жастарының арасында өз ана тілдерін білмейтіндер бар. Мысалы, мен өзім орыс мектебінде оқыдым. Достарымның бәрі орыс балалары болды. Бірақ мен есейе келе, ана тілімді білуім керек екенін түсіндім. Себебі біз ана тілімізді білмесек, өзімізді жоғалтады екенбіз. Ана тілімізді білмесек, біз кімбіз?
– Өз болашағыңды қайда елестетесің? Омбыдағы қазақ жастарының арманы қандай?
– Мен орыстардың ортасында өстім. Енді балаларымның Қазақстанда өскенін, достарының қазақ балалары болғанын қалаймын. Сондықтан қазір екі ойда жүрмін. Болашақ балаларымның өмірі үшін Қазақстанға көшіп баруым да мүмкін.
Қанаттың «мүмкін» деп отырғаны өзіме сенімсіздеу естілді. Өйткені ана тілін білмейтін, бойларынан қазақ рухы сезілмейтін қазақтар Қазақстанға көшіп келуге ұмтылып отыр деп айта алмас едім. Өйткені тілді жоғалтқан, туған тілінен айырылған адамдар тарихи Отандарына оралуға асыға қоймасы анық. Бойында қай ұлттың үлес-дәрежесі басым деген мәселеге келгенде, қазақтығы кемшін соғып қала беретіні жасырын емес.
Омбыда қазақ мектебі неге жоқ?
Омбы қаласын біршама аралап, қала қазақтарымен жүздескеннен кейін ауылдарға қарай бет алдық. Бірінші болып атбасын тіреген ауылымыз – Южный ауылы. Бұрын – Ұзынағаш деп аталыпты.
Көше бойымен келе жатырмыз. Қарапайым тіршілік кешіп жатқан ауыл екен. Осы ауылда халқына қалаулы, еліне елеулі Қыстаубай қажы бар деген соң, қажы атамыздың үйіне сәлем бере бардық.
Атамыздың денсаулығы сыр беріп, сырқаттанып қалыпты. Қазақстаннан келгенімізді естігенде балаша мәз болып, қуанып қалды. Елдің сәлемін жеткізген соң, ашық-жарқын әңгімелесіп, елдің амандығын сұрап, мұндағы қазақтардың өмірі туралы, ауылдың тарихы туралы айтып беруін өтіндік.
Қыстаубай қажы Смаилов 1958 жылдан бастап бертінге дейін осы ауылдың әкімі болып қызмет етіпті. Ауылда 134 үй тұрғызыпты.
– Бұл жерде әуелде қазақтар көп еді. Ауылдың тарихын сонау ерте кезеңдерден бері тарқатуға болады. Ол замандарда бұл маңда бөлек-бөлек отырған қазақ ауылдары көп болған. Кейін олардың барлығын біріктіріп, колхоз, совхоздарға айналдырып жіберді ғой. Содан бірте-бірте таза қазақтар шоғырланған жерлерге орыстар да қоныстана бастады да, кейін орыстармен араласып кеттік. Айта берсек, ауылдың тарихы – терең. Қаншама ұрпақтар ауысты. «Елу жылда ең жаңа» демекші, бүгінде салт та, сана да өзгерді. Нарық заманы келді. Ауылдағы тұрмыс-тіршілік қиындап кетті. Жастарға жұмыс жоқ. Барлығы Омбыға, басқа қалаларға нәпақа табу, күнкөру үшін кетті. Қазақ тілі ұмытыла бастады. Ауылымызда қазақ мектебі болған. Ол қазір орыс мектебіне айналды. Мектепке барған бала еріксіз орыс тілін үйреніп, тілдері орысша шығып жатыр. Қазақ тілін көп қазақтар ұмыта бастады. Біз, әйтеуір, шамамыздың жеткенінше қазақтың тілін, дінін, ділін ұстанып, дәстүрін сақтап келе жатырмыз. Ал кейінгі ұрпақтарымыз ұлтымыздың құндылықтарын жалғастырып әкете ала ма, алмай ма? Бұл – үлкен мәселе. Осыған қатты алаңдаймын. Өйткені тіл ұмытылып барады, – деп күрсінді Қыстаубай қажы.
Қыстаубай қажы Омбыдағы қазақтардың мемлекеттік мекемелерге жұмысқа орналасуы қиын екенін айтты. Ал бізде орыс халқының өкілдері басшылық жұмыстарда, әртүрлі кәсіпорындарда, мемлекеттік мекемелерде қызмет атқарып, оны айтасыз, білдей бір облысты басқарып, тіпті министр де болып, қызмет жағынан шектеу көріп жатқан жоқ. Ал стратегиялық әріптесіміз болып табылатын Ресейде қазақтардың құқығы қазіргі жағдайға қарағанда жергілікті орыстармен тең дәрежеде сақталып отыр деу қиын. Айтпақшы, Ресей қазақтарының атамекенге көшіп келу мәселесі де тиісті дәрежеде шешімін таппаған сияқты. Өйткені Қыстаубай қажының қызы Қазақстанға елім, жерім деп көшіп келгенімен әлі күнге дейін үйсіз-күйсіз жүр екен. Көшіп келуден бұрын қызына уәде етілген үй сол күйі берілмепті. Қыстаубай қажының қызы пәтер жалдап, Екібастұз қаласында тұрып жатыр. Осындай жағдайдан кейін Омбылық қазақтардың Қазақстанға көшіп келуге деген ынтасы су сепкендей басылып қалмай ма? Бұл тек Омбы қазақтарына ғана қатысты мәселе емес, бүгінде мемлекеттен өзіне тиесілі мемлекеттік көмекті ала алмай жүрген оралман бауырларымыз қаншама? Омбыдан Қазақстанға көшіп келгісі келетін қазақтар жоқ емес. Бірақ мұнда шешілуге тиіс мәселе шаш етектен.
Атамыздың үйінен шыққан соң, көшеде кетіп бара жатқан қазақтың үш оқушы қызын кездестірдім. Он бірінші сыныпта оқиды екен. Өзімнің Қазақстаннан келгенімді, келудегі мақсатымды айта бастап едім: «А можно на русском?» дегенін естігенде не дерімді білмей аңтарылып тұрып қалдым. Үшеуі де қазақтың қыздары. «Сонда сіздер қазақ тілін білмейсіздер ме?» деп қайта сұрадым. «Нет, мы так понимаем, но плохо говорим» деді. «Плохо говорим» дегені мүлдем сөйлемейміз дегені ғой. Орыс мектебінде оқиды екен. Бұл ауылда қазақ мектебі болса, бәрі басқаша болар еді ғой. Оқушы қыздарды былай қойғанда, жасы орта жасқа таяп қалған екі қазақ әйелін жолықтырдық. Оларға да өзіміздің Қазақстаннан келгенімізді айтып түсіндіре бастап едік сөзіміздің жартысынан көбін ұға алмай, мұндағы өмірлері тек орыс тілінің аясында ғана өтіп жатқанын байқатты. Амал не, жағдай осындай.
«Ұзынағаш» ауылынан шыққан соң, Байдалы деп аталатын ауылға келдік. Біздің Қазақстаннан келе жатқанымызды естіп, Ерік Қабылдинов деген азамат қарсы алуға шығыпты. Сәлемдесіп, хал-жағдай сұрасқан соң, Еріктің үйінде әзірленген мол дастарқаннан дәм татып, анасы Меруерт Сәтенқызының әңгімесіне құлақ түрдік. Бұл шаңырақ тарих ғылымдарының докторы, профессор Зиябек Қабылдиновтың туған үйі екен. Зиябек Қабылдинов қазір Астана қаласындағы «Еуразия» орталығының директоры болып қызмет атқарады. Омбы, Сібір қазақтарының тарихын зерттеп, зерделеп жүрген тарихшы-ғалым.
Ерік Қабылдинов та көзі ашық, көкірегі ояу азамат. Тарих пәнінің жоғары дәрежелі мұғалімі. Ұстаздық қызметімен қатар ғылыми-зерттеу жұмыстарымен де шұғылданады.
Меруерт әжеміздің әңгімесін тыңдай отырып, ауыл туралы көп жайттарға қанық болдық.
– Биыл Байдалы ауылына 125 жыл толды. Ауыл бұрын Баятұяқ ауылы деп аталатын. Байдалы да, Баятұяқ та біздің аталарымыздың есімі. Баятұяқ бай, дәулетті адам болған. Жоңғар шапқыншылығы кезінде ерекше ерлігімен танылған Байболат Шегірекұлының ұрпағы. Биыл маусым айының 21 күні Байболат Шегірекұлының 320 жылдығына арналған үлкен той болғалы жатыр. Мен бұл ауылға келін болып түскелі елу төрт жыл. Кезінде бір қауым ел едік. Қазір ауыл тұрғындары бұрынғыдай емес азайып қалды. Көбісі Омбыға көшті. Қазақстанға қоныс аударған отбасылар бар. Ауылымызда клуб, кітапхана, мектеп жұмыс істейді. Бірақ мектепке баратын бала саны аз деп оны да жауып, оқушыларды 40 шақырым жердегі ауылға жіберіп, оқытқалы жатыр, – деді Меруерт Сәтенқызы.
Әжеміздің айтуына қарағанда, ол қолөнер шебері екен. Үйге сән беріп тұрған сырмақ, терім алаша, қатпа алаша сынды қолөнер бұйымдарының барлығын өз қолымен тігіпті. Бұл өнерге балаларын да баулыпты.
Ал өзі өнердің бұл түрін жеңгесінен үйреніпті. Жалпы, Омбы өңірінде қолөнер шеберлері аз емес екен. Ең бастысы қазақтың төл өнерлерін келесі ұрпақтарға үйретіп, жеткізу жолында еңбек етіп келе жатқан осындай әже-апаларымыз аман болсын деп тіледік. Өйткені мұндай қайталанбайтын ғажайып өнерді біз кейінгі жастарға дәріптеп, кеңінен насихаттап отырмасақ ұмытылып кету қаупі де жоқ емес.
Ерік Қабылдиновтың үйінен дәм татып, әжеміздің ұлағатты әңгімелерін тыңдаған соң, ауыл өмірімен танысуды бастадық.
Алдымен ауыл мектебіне соқтық. Жаңа мектеп. 2002 жылы салыныпты. Мектеп мұғалімі Раушан Шомбайқызы мектеп жабылудың аз-ақ алдында тұрғанын айтты. Орыс мектебі болған соң қазақ тілі пәнінің сағаттары 2010 жылы қысқартылыпты. Бұрын аптасына 6 сағат қазақ тілі оқытылса, қазір бұл факультатив деңгейіне түсіп қалған.
– 3 сағат – қазақ тілі, 3 сағат – әдебиет пәні оқытылатын. Қазір, өкінішке орай, бұл сағаттардың бәрі қысқартылды. Қазақстаннан жіберілген «Ана тілі», «Қазақ тілі» оқулықтары да қажетсіз болып қалды, – деп сөрелерде тұрған кітаптарды мұңая көрсетті. Раушан Шомбайқызының айтуынша, ауыл мұғалімдері қазақ тілі сағаттарын қалпына келтіруге байланысты Омбы қаласының білім департаментіне хат жолдапты. Бірақ ол өтініштері қанағаттандырылмаған. Білім басшылары мектеп оқушыларының Бірыңғай мемлекеттік емтиханды орыс тілінде тапсыратындықтан, қазақ тілі аса маңызды емес екенін айтыпты.
Осы мектепте 15 жыл директор, 41 жыл мұғалім болған, қазір зейнеткерлік еңбек демалысындағы Алма Қалиева да қазақ тілі пәнінің факультатив пән деңгейінде оқытылатынына өкінішін жасырмады. «Қазақтар шоғырланған ауылдарда қазақ мектептерінің болғаны дұрыс қой. Сонда ғана біз өзіміздің мәдениетімізді, тілімізді сақтап қаламыз» дейді Алма Есләмбекқызы.
Қазақ мектебінде оқымаған бала қазақ болып шықпайды. Біз осы мәселені есімізден шығармауымыз керек. Қазақстанда қаптаған орыс мектептері бар. Ал Ресейдің Омбы жерінде қазақ мектептері, балабақшалары неге жоқ? Қазақтар тұрып жатқан тұтас бір ауылдарда бірде-бір қазақ мектебі жоқ. Таң қаларлық жағдай ғой! Бұл Омбыдағы қазақтың болашақта қазақ болып қалуы екіталай деген сөз. Мына қызықты қараңыз. Бастауыш сыныптың мұғалімі – қазақ. Бастауыш сыныптың оқушысы да – қазақ. Ал сабақ орыс тілінде өтіп жатады. Адамның дүниетанымы, ақылы мен білімі бастауыш мектепте қалыптасатынын ескерсек, тілі орысша, оқыған сыныбы, мектебі орысша болған баладан күні ертең қандай қазақ азаматы шықпақ?
Бұл да мемлекеттік, Үкіметтің деңгейде көтеретін мәселе. Иә, біз Ресеймен доспыз, әріптеспіз. Жаңадан құрылған Еуразиялық экономикалық одақ аясында байланыстарымыз дамып келеді. Салыстырмалы түрде қарайықшы, Қазақстандағы орыстардың өз салттарын, тілдерін, мәдениеттерін ұстануы қалай? Керісінше, Ресейдегі қазақтардың өз тілдерін, салттарын, мәдениеттерін ұстанулары қалай? Айырмасы жер мен көктей емес пе? Қазақстандағы бұл тұрғыдан жағдайды мемлекетіміз жасап отыр емес пе? Тіпті орыс тілінің мәртебесі сондай, ол қазақ тілімен тең дәрежеде қолданылады. Ал Ресейдегі қазақ тілі ше? Оны кім керек қылып жатыр? Тоқетерін айтқанда, Қазақстанда орыс халқына жасалған жағдай, Ресейдегі қазақтарға да жасалуы керек. Олардың қазақ тіліндегі мектебі, қазақ тіліндегі мәдениет ошағы, театры, университеті, т.б. болуы керек. Әйтпесе, тілінен айырылған ұлтымыз бәрінен де айырылады.
Мектептен шығып, ауыл клубының ішінде орналасқан кітапханаға кірдік. Кітапхана меңгерушісі Сандуғаш Исабаева кітапхана қорында қазақ тіліндегі кітаптар жоқтың қасы екенін айтты. Шын мәнінде, назар аударып қарасақ ылғи орыс тілінде шыққан кітаптар самсап тұр да, қазақ тілінде жарық көрген кітаптар мүлде жоқ деуге болады. Сондықтан ауыл тұрғындары орыс кітаптарын жаздырып алып оқиды екен.
Мектеп пен кітапхана – рухани байлықтың негізі емес пе? Егер мектепте қазақ тілі пәні оқытылмаса, кітапханада қазақ тілінде жарық көрген кітаптар тұрмаса, Омбы қазақтары өздерінің ұлттық құндылықтарын қалай дамытып, өрбітпек? Оның үстіне кітапханаға Қазақстаннан да ешқандай кітаптар түспейді екен. Бұл мәселелерге Қазақстан Республикасының Үкіметі назар аударып, тиісті шаралар жасайды деген ойдамыз.
Мерейлі «Мөлдір»
Жоғарыда уәде еткеніміздей «Мөлдір» орталығының жетекшісі Алтынай Жүнісованы әңгімеге тарттық.
– «Мөлдір» мәдени орталығы 1989 жылы құрылып, биыл 25 жылдық мерейтойын атап өтудеміз. Орталықтың 100-ден астам мүшесі бар. Бұны құрудағы мақсат – Омбы жеріндегі қазақтардың ұлттық сана-сезімін ояту, салт-дәстүрін, тілін, мәдениетін дамыту, сонымен қатар өзге ұлттарға да кеңінен таныстыру. Бізден көбінесе «Сіздер диаспорасыңдар ма?» деп сұрап жатады. Біз оларға айтамыз: «Біз ешқандай да диаспора емеспіз. Осы жердің бұрыннан тұрып келе жатқан жергілікті тұрғындарымыз. Біздердің арғы аталарымыздың барлығы осы жерде туып, өсіп-өнген» деп жауап беріп жатамыз, – деді А.Жүнісова.
– Ұлттық ерекшеліктеріңізді қалай сақтап келесіздер?
– Мен Ресейдің өзге өңірлеріндегі қазақтар тұрып жатқан бірнеше қалаларда, көптеген елді мекендерде болдым. Сонда байқағаным, ол жердегі қазақтар орыстан келін алып, балалары орыстың қызына үйленіп жатқан жағдайлар көп болады екен. Сол себепті балаларының есімдерін де көбінесе орысша қойып, орыс есімдерімен атайды. Ал бізде Омбы қазақтарында мұндай жағдай өте сирек кездеседі. Біздің қазақтар бұл мәселеге өте қатты мән береді. Қазақ тек қазақпен құда болады. Қызын қазақ отбасына ұзатып, ұлына қазақтан келін әпереді.
– Омбы қазақтарының бір-бірімен араласуы қалай? Кездесіп, хабарласып тұрасыздар ма?
– Омбыда 1000-ға жуық қазақ тұрса, олар мүмкіндігі болса бір-бірін тойларынан қалдырмайды. Шілдехана болсын, бесік той, тұсаукесер, үйлену тойлары, мерейтойлар және өзге де мерекелік шараларға байланысты бір-бірін міндетті түрде шақырып тұрады. Сондықтан Омбы қазақтары біз, бір қауым елміз. Тілімізді сақтауға тырысып жүрген, өнерімізді дамытуға талпынып жүрген жұртпыз.
– Тілдерін ұмытқан қазақтарға байланысты не айтар едіңіз?
– Біз қалай болғанда да қазақ жастарына, жеткіншек ұрпаққа тілді ұмыттырмау жолында қызмет етіп келеміз. Қазір мектептерде қазақ тілі бұрынғыдай оқытылмайды. Сол себепті қазақ тілін насихаттауды түрлі байқаулар арқылы қолға алдым. Мәселен, жергілікті «Әнші балапан» байқауын ұйымдастырып, қазақ тілін ән мен күй арқылы да насихаттай аламыз. Бастапқыда «Әнші балапанның» қатысушылары аз болатын. Осыған кішкентай бүлдіршіндерімізге «Осындай байқау болады. Сен де сонда ән айтасың. Би билейсің. Әдемі киім киіп шығасың. Саған бәрі қол шапалақтайды» деп қызықтыруға тура келді. «Әнші балапанға» қатысқан әр баланың жүрегіне, санасына қазақ әнінің әуезділігін, тілінің көркемділігін жеткізе білсек, ертеңгі болашағымыздың жарқын болмағы солардан емес пе?
– Алдағы жоспарларыңыз қандай?
– Алдағы жоспарымыз «Мөлдір» орталығының жергілікті жерлердегі филиалдарын ашу. Қазақтың өнерін, әдебиетін, мәдениетін кең түрде дамыта беру. Би топтарын ұйымдастырып, қолға алып жатырмыз. Би көйлектері жеткіліксіз болып жатыр. Қазақстан тарапынан осындай көмектер жасалса деп ойлаймын. Өткен жылдары біздің орталыққа Қазақстаннан әдемі киіз үй сыйға тартылған. Осындай қамқорлық көбірек жасалса, бірлесе еңбек етсек, бағындырмайтын асуымыз болмас еді, – деді Алтынай Жүнісова.
Түйін
Осылайша Омбыдағы қазақтарды толғандырған мәселе аз емес екенін байқадық. Бұған қарайласып жатқан ешкім жоқ. Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі бұл мәселеге білек сыбанып кіріспесе, енді бір он-он бес жылда Омбыдағы қазақтар түбегейлі орыстанып кетуі ғажап емес. Бүгіннің өзінде мұндай үдерістер қатты қарқынмен жүріп жатыр. Мақалада айтқанымыздай, не балабақшасы, не мектебі жоқ қазақтар өздерінің ұлттық ерекшеліктерін сақтай алмай, қиналып отыр. Қазақстанда жарық көретін қазақ газеттері, баспа өнімдері Ресей аумағында таратылмаса, ондағы қазақтарымыздың қазақ болып, ұлт ретінде сақталып қалуы неғайбыл мәселе. Сондықтан еліміздің Сыртқы істер министрлігі, Ресейдегі Қазақстан Республикасының Елшілігі Ресей билігінің алдына осы мәселені қойып, тиісті дәрежеде шешілуіне ықпал етуі керек.
Тағы да қайталап айтқымыз келеді. Қазақстанның әр облысында, қала, аудан, ауылдарында орыс мектептері, орыс балабақшалары бар. Ресейден келетін газет-журналдар қаншама. Қала көшелеріндегі дүңгіршектерде орыс газеттері толып тұр. Баспа, өнер, музыка, кино өнімдері де молынан. Орыс ұлтының өкілдері қалаған қызметтеріне орналасып, депутат, әкім, шенеунік те бола алатын мүмкіндікке ие. Ал Ресейдегі қазақтар туралы біз осылай деп айта аламыз ба? Жоқ, әрине, олай деп айту қиын. Осыдан кейін келіп туындайтын мәселе мынада. Неліктен Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі Ресей аумағында қазақ мектептерін ашу, орыс мектептеріне қазақ тілі пәнін енгізу мәселесін қарастырмайды. Мәселен, Омбы ауылдарындағы кітапханаларда қазақ мектептері, мәдени нысандар жоқ. Бұған еліміздің Мәдениет министрлігі назар аударуы тиіс емес пе? Ақпарат саласына келетін болсақ, еліміздің Байланыс және ақпарат агенттігі Ресей аумағында қазақ тіліндегі баспасөз өнімдерін тарату мәселесін қолға алса дейміз. Омбыдағы қазақтардың атамекенге оралу мәселесі Көші-қон агенттігінің назарынан тыс қалмай, бұл шаруа да тиісті дәрежеде жүзеге асырылуы керек деп білеміз. Ал бұл шаруалардың барлығын үйлестіріп отыратын Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігінен ғана емес, еліміздің Үкіметінен де, Парламентінен де біз Ресейдегі қазақтардың жағдайына қарайласу мәселесінде пәрменді іс-шаралар күтеміз. Олай болмаған жағдайда Ресейдегі қандастарымыз ата-тектерін ұмытып, салт-дәстүрлерінен, тілінен айырылып қалуы әбден мүмкін. Бұл мәселе мемлекеттік деңгейде шешімін табады деп ойлаймыз.
Дәуіржан Төлебаев, «Ана тілі»