Орыс тарихына көз жіберсең онда өзге ұлттарға қарсы қанды қасаптың өте көп жасалғанын көресің. Бірақ орыс саясаткерлері үнемі Ресей империясының құрамына өзге ұлттар «өз еркімен» қосылды деуден танбай келеді. Әйтеуір ақтаңдақтарды ашып айтуға құлықсыз. 400 жыл бойы үстемдік еткен кезеңде Ресей империясы әсіресе түркі халықтарына қатты шүйлікті. Мұндай геноцидті орысқа тәуелді болған тұста Қазақ халқы да талай рет бастан өткергені белгілі. Мәселен, Голощекиннің қолдан жасалған аштығы кезінде олар халқымыздың қырық пайыздан астамын жер бетінен жойып жіберді. Кейін Қазақ ССР-інің аумағын атом бомбасын сынайтын алаңға айналдырды. Осы полигондардың кесірінен қаншама қаракөздеріміз өмірден ерте кетіп, қанша адам мүгедек болып туды. Бұл ұлтымыздың генофонды үшін үлкен қасірет болды. Өйткені оның улы зардабы талай жылға дейін тарқамайды.
Осы мақсатқа Қазақ жерін әдейі таңдап алған Орталықтың саясатының озбырлығына таңғаласың. Егер Америкамен алда-жалда соғыс бола қалса құрама штаттардың құйрықты ракеталары ең алдымен Қазақ жеріне түсетін еді. Өйткені біздің өлке «нысанаға» іліккен жерлердің бірі болды. Осындай құйтырқы саясаттың кесірінен кезінде Алтын Ордадағы ең үлкен этнос болған Қазақ халқының саны 21-ші ғасырда небәрі 9 миллионнан аспай қалды. Мәселен, 1897 жылғы санақта қазақтардың саны өзбектерден бес есе көп болып шыққан. Соңғы деректерге көз жүгіртсек қазір өзбектердің жан саны 25 миллионға жуықтапты. Егер ұлтымызды жойып жіберуді көздеген саясат жүргізілмегенде Қазақ ұлтының саны қазір шамамен 125 миллион адамның төңірегінде болар еді.
Алтын Орда мен ғұн-қыпшақтарға қаншама ғасыр бойы бодан болып келген Ресей империясы осылайша бізден есе қайтарды. Туыстығы жағынан Қазақтарға ең жақын халықтың бірі саналатын Ноғайлардың бастан кешірген азабы тіпті жан түршігерлік. Бауырлас халық бұл геноцидтен әлі ес жия алған жоқ. 1783 жылы патшаның пәрмен беруімен Суворов ноғайларды жойып жіберу үшін жорыққа аттанады. Ең алдымен Император сарайында ноғайларды Орал өңіріне жер аудару жоспары жасалды. Патшаның оңтүстіктегі орынбасары князь Потемкин бұл жұмысты Суворовқа сеніп тапсырады. Бірақ тұтас бір ұлтты тұрғылықты жерінен жер аударуға бағыталған әрекеттің соңы Қанақай мырза, Тау сұлтан, Нұраддин, Мұса мен Қара Смайылдың басшылығымен болған үлкен көтеріліске ұласып кетеді.
Бірақ жазалаушы жасақ орайын тауып таңғы намазға жығылған көтерілісшілердің үстінен түседі. Мұндай ұрымтал сәтті қолдан шығарғысы келмеген Суворов бірден шабуылға шығуға бұйрық берді. Кескілескен шайқас күні бойы жалғасады. Тек кеш қарайғанда ғана ноғайлар ұрыс сала отырып ығыса бастайды. Осы ұрыста шегінгендерді өкшелей қуған бір ғана Нижегород полкы бала-шаға демей 10 мыңнан астам ноғайларды жер жастандырған. Бұдан арғы шайқаста көтерілісшілерді бастап шыққан бір кездегі құдіретті ноғай мырзаларының барлығы майдан даласында шәһит болады. Ұлысын қорғаймын деп басын бәйгеге тіккен қаһарман батырлардың атақты үрім-бұтағы да көп ұзамай түгел қылышқа ілінді. Кейін бұл соғыстың соңы барлық ноғайларды жаппай қырып-жоюға ұласып кетті. Бұл геноцидке Солтүстік Қапқаздағы әскерлер мен казактардың барлығы қатыстырылады. Қанды қасап кезінде 500 мыңнан астам ноғай қырғынға ұшырап, миллионнан астамы Түркияға босып кетуге мәжбүр болды. Осы оқиғаны баяндап бергенде Екатерина екінші «Ноғай мәселесін» түбегейлі шештік деп қатты қуанған көрінеді. Түркілерден «тазарған» алып аймаққа кейін ол славяндар мен немістерді қоныстандырады.
Ең өкініштісі, қазір біз әлі күнге дейін Суворовтың осындай «көзсіз ерліктеріне» тамсанудан танбай келеміз. Өйткені елдігіміздің шежіресіндегі мұндай ақтаңдақтар ашық айтылмайды. Кімнің жау, кімнің дос болғанын мүлде білмейміз. Бұл ең құрығанда өскелең ұрпақ біліп өсуі тиіс ақиқат. Әйтпесе өз шежіремізден көз жазып қалған мұндай мәңгүрттіктің соңы жақсылыққа апармаcы анық. Суворовтың басшылығындағы патша әскері жасаған қанды қасап бұнымен бітпейді. Оны әңгімелеудің қажеті де жоқ деп ойлаймыз.
Қазақпен жаны да қаны да бір туыс халықты ұйқы үстінде немесе намаз оқып жатқан сәтінде үстінен түсіп опасыздықпен бала-шағасына дейін аяусыз қырған жендеттің «ерліктерін» түгендеп шыққымыз келмейді. Түркі халықтарына қарсы бағытталған зымиян саясат бұдан кейінде жалғасты. 1944 жылы түрік халықтарының тарихын зертеуге тыйым салатын қаулы шығады. Бұдан кейінгі 50 жыл бізді «жазу-сызуы болмаған» қара тобыр ретінде суреттеумен өтті. Ал Түркілердің ұлысының аумағын кеңейту үшін жасаған жорықтарына орыс тарихшылары «шапқыншылық», «Көшпенділер», «езгі» деген біржақты баға берумен ғана шектеліп отырды. Солақай саясат осы тұста «моңғолдарды» Алтын Орданың қожайындары етіп шығарады. Ал Түрік, Хазар, Қыпшақ, Ғұн қағанаты мен ақсақ Темірдің кезеңі, Бабыр мен Қараханидтер дәуірі туралы тарихшылар жақ ашқан жоқ. Осылайша адамзат өркениетіне өлшеусіз үлес қосқан бабаларымыздың жасампаз тірліктері түгелдей жоққа шығарылды. Бұндай жымысқы саясат қазір де мүлде жүргізілмейді деп кесіп айтудан аулақпыз. Петр біріншінің «Басұрмандарды қалай қаласаңдарда қыра беріңдер» деген сөзі бар. Ресейдің мемлекеттілігін қалыптастырып кеткен оның бұл өсиетін орыс билігі әлі жадынан шығарған жоқ.
Ноғай қырғын немесе орыстың озбырлығы
Последние статьи автора