Мэйдзи реформасы және Алаш орда
Арамыздан асығыс аттанып кеткен Әмірхан Балқыбекпен ең көп жүздесетін жастар еді. Оның жасандылықтан ада, табиғи болмысын ерекше жақсы көретін інілері ағаларының өтірік айтпайтынын да білетін. Кезекті басқосулардың бірінде білімдар ағамыздан «Сіздердің қатарларыңызда кім мықты еді?» деп бір інісі сұрап қалғанда, «Нұржан Қуантайұлынан бәріміз ығатынбыз» деген. «Арғы-бергі әдебиетті Әмірхан Балқыбектен артық ешкім білмейді» деп жүрген бізге мына сөз тосын жаңалық болған. Бұл замандастардың бірін-бірі бағалаған сөзі деп түсінгенбіз.
Ғасыр басында «Қараөзек» деген роман жазып, бірнеше жыр жинақ шығарып, Жүсіпбек Аймауытовтың өмірі мен шығармашылығына терең үңілген жас ғалыммен (филология ғылымдарының кандидаты) сұхбаттасуға ынтамыз оянған. Сәті түскен әңгіме сіздің ықыласыңызда.
– Бүгінгі күні кітап шығарушылар көп. Олардың бәрі өзінше бүгінгі қазақ әдебиетін жасап жатырмыз деп ойлайды. Әдеби сынның осалдығынан осылар есіріп кеткен жоқ па? Дөрекі айтылып тұрған шығар. Бірақ әр кітаптың бағасын беру, әр жазушының орнын көр-сету сыншының міндетіне кіре ме?
– Әрине, кіреді. Осыдан екі ғасырға жуық уақыт бұрын Пушкин «Сын – көзге түсерлік, айтуға тұрарлық дүниесі бар туындылармен ғана айналысуы керек дейді. Олай емес-ау, өйткені дәм-тұзы жоқ кейбір шығармалардың табысы, ықпалы аса күшті болып жатады» деп жазып кетіпті. Бұл проблеманың бүгінгі әдебиетке де қатысы бар.
– Жүсіпбектің Мағжанды ардақ тұтып, құрметтеп жазғаны секілді бүгінгі әдеби сынға дегдарлық жетіспей тұрғандай. Сын қалай жазылу керек деп ойлайсыз? Және оны сыналушы қалай қабылдау керек?
– ХІХ ғасырға қарағанда ХХ ғасырдағы сын функциясы көп өзгерді, ХХІ ғасырда да сын теориясы жаңа сипат табуы әбден мүмкін. Мәселен, америкалық «жаңа сын» ұғымына жарты ғасырдан асты, қазақ түгілі, орыс сынының өзі бұл теорияны толық қабылдай алмай жатыр. Міне, осындай өзгерістер біздің әдебиеттанудың алдында Батыстың фундаменталдық еңбектерін тәржімалап, жаңа көзқарастарға үңілту мәселесі күн тәртібінде тұр.
Социалистік реализмге негізделген біздің әдеби сын теориясы қазіргі заман әдебиетіне жарамай қалды. Батыстың ХХ ғасырдағы әдеби сын еңбектерін түбегейлі қарастыруымыз керек. Тым құрыса, Ролан Барт, Мишель Фуко, Жак Дерридалардың әдеби-теориялық, эстетикалық еңбектерін тәржімалауымыз қажет. Әдебиеттанудағы құнды дүниелерді ағылшын, француз, неміс тілдерінен тікелей қазақ тіліне аударуды қолға алатын мезгіл жетіп қалды.
– Қазір жазушы аз емес. Кәсіби жазушы қайсы, әуесқойы қайсы, ажырата алмай қалғандаймыз. Шығармаларын оқымай жатып, мақтайтын үрдіс қалыптасты. Беталды насихат жасау, мақтау, сол арқылы ат қалыптастыру неге әкеледі?
– Біз бір пафоста тәрбие алған едік, бүгін ол түбірімен ескірді. Біз белгілі бір мәдениет аясында қалыптастық, қазір ол ая жоқ... ХХ ғасырдың 90-жылдарындағы мәдени ситуацияны «мәдени хаос», «мәдени бұлғақ кезеңі» деп сипаттаса да болады. Өйткені, еркіндік алған қоғамның құндылық бағыттарының араласып кеткені соншалық, тіпті кейде біртұтас кеңістікте мүлдем кереғар идеалдар қатар өмір сүре беретін болды, ал ол бізге таңсық еді. Сондықтан бұл өлара шақ, әсіресе, біздің буынға ауыр тиді. «Қазақ әдебиеті» газетіне берген сұхбатында Талғат Ешенұлы 90-жылдары әдебиетке дайындықпен келген буынға «Нағыз жалынды шағында өндіртіп жазуына өлара қолбайлау болды» деп дәл баға берді. Өлара демекші, қытайдың бір ойшылының «Дұшпаныңа жамандық тілегің келсе, заманалар ырғасқан бұлғақ кезеңінде өмір сүруін тіле» деген сөзі есіме түседі, 90-жылдардың ауыр заманы мен мәдени хаосы көңілде терең із қалдырғаны рас. Дарынды ақын, білімді әдебиетші Әмірхан Балқыбек досымыздың ашық күні жай тастағандай өмірден ерте кетіп қалуына осындай іздердің ықпалы болды ма деп те ойға қаламын...
Ал енді жаһандану процесіне орай дамып келе жатқан космополитикалық сипат қазіргі бұқаралық мәдениеттің жаңа белгісі болып шықты, шығармалардағы мотивтердің, сюжеттердің, тәсілдердің біртектілігі осы себептен туындап отыр. Коэльо мен Павичтің, Мураками мен Акуниннің бір мәдени ауқымнан табылатыны осыдан. Өйткені, бұлардың жазған шығармалары бұқаралық мәдениетке жатады. Ал бұқа-ралық мәдениет (mass kulture) түсінігі, әрине, төменгі мәдениет деген ұғым емес. Мысалы, 1970-1990 жылдары Батыста middlcult деп аталатын ұғым қалыптасқан екен. Ол дегеніміз – орта таптың мәдениеті, былайша айтқанда, «ақ жағалылардың» мәдениеті болған. Бұқаралық мәдениеттің өніміне биік талап қойып, мәңгілік құндылықтарды насихаттауға ұмтылған.
Батыста жабық салондар мен академиялық үйірмелердегі жазу өнерінің аяқталуымен және индустриялық қоғамның дүниеге келуімен ХХ ғасырда әдебиет жаңа сипат алды, кейінірек бұқаралық және элитарлық әдебиет деп бөлінуге көшті. Мәселен, Ресейде 1990-2000 жылдар аралығы бұқаралық мәдениеттің дамыған уақыты болды. Бізге де бұл келіп жатыр. Ресейде әдебиет қазір тіпті бұқаралық коммуникацияның бір арнасына айнала бастады... Кітап өндірісінің, кітап саудасының нарықтық сипатта дамуына орай бұл елде жазушы еңбегінің коммерциялануы күрт дамыды. Осыған қарап есіме түседі. ХХ ғасырдың 70-жылдарының соңында совет оқырмандары сюжетті романдарға, детективке құмартуы артып, жаппай макулатура өткізіп, оған алған талондарына ағылшын, швед детективтерін, Агата Кристи мен Дюманың романдарын алып жататын. Мен өзімнің аға-әпкелерімнің қызғылықты әдебиетті сондай құмарлықпен оқып жататынына бала кезімде куә болдым.
Сондықтан бұқаралық әдебиеттің өзіндік орнын жоққа шығара алмаймыз. Белинскийдің «Кейде бір ғасырда әупірімдеп бір ғана гений қаламгер дүниеге келуі мүмкін, енді осыған қарап тұтас бір ғасыр бойы қоғам әдебиетсіз отырмауы керек шығар» деген белгілі сөзін ұмытпағанымыз жөн. Орыс әдебиеті ХХ ғасырдың 20-жылдарының соңынан жоғалтқан бұқаралық әдебиетін 90-жылдары ғана қайта қалпына келтіре алды. Орыс тілді оқырмандар тағы да шетелдік детектив (орыс детективі әлі олардың деңгейіне жетпеген кез) пен мелодрамаға (ғашықтық романдар) бас қойып жатты, осы сұранысты байқаған орыс жазушылары өздерінің жаңа бұқаралық әдебиетін жасауға бет бұрды. Ал бізде сұранысты зерттеп жатқан ешкім жоқ, өйткені, бізде кітап тарату желісі жоқ, баспа бәсекесі деген атымен жоқ. Сондықтан бізде ірі әдеби шығармалар там-тұмдап жазылады, әдеби процесс стихиялы түрде өз бетімен кетіп барады.
Бұқаралық әдебиет көбіне мәдениеттің даңғыл жолдарынан хабары жоқ оқырманның сұранысына орай жасалады, бірақ оның өз дәуірінің әдеби процесіне белсене араласуы – әлеуметтік және мәдени өзгерістердің белгісі. Бұқаралық әдебиеттің өзінің жанрлық, тақырыптық мызғымас канондары бар, оның ішінде белгілі бір сюжетті схемалар негізінде құрылған, типті кейіпкерлері көрініс беретін прозалық шығармалардың формальды модельдері де бар. Композициялық стереотиптер, эстетикалық шаблондар бұқаралық әдебиеттің барлық жанрлық-тақырыптық белгілерінде (детектив, триллер, мелодрама, криминал, фантастика, фэнтези, шытырман-тарихи романдар және т.б.) жатыр. Міне, оқырмандардың сұранысына осылай икемделген баспаның «сериялық» жобалары дүниеге келе бастайды. Бізде кітап тарамайды, сондықтан мұндай әдебиет бізде қазір интернетте көрініс таба бастаған секілді.
Дегенмен, әдеби-эстетикалық градация бар, бұл ретте шартты түрде болса да, классика – беллетристика – бұқаралық әдебиет деген үштіктің айырымына үңілген жөн.
Беллетристика – әдебиеттің «аралық алаңы» секілді, оған өзгеше көркемдік артықшылығымен ерекшеленбейтін шығармалар жатады. Бұл шығармалар мәңгілік құндылықтарды темірқазық етіп, қызықтық, танымдық жағына ұмтылады. Өз дәуірінің өзгерістерін, маңызды оқиғаларын өзек еткен немесе өткен тарихқа үңілген, автобиографиялық немесе мемуарлық ыңғайдағы шығармалар беллетристика ретінде оқырмандарды баурап алып жатады. Уақыт өте келе ол өзінің өзектілігін жоя бастайды, келер буын оқырмандардың әлгі шығармаларды оқи қоюы екіталай. Классикалық әдебиет оқушыға беймәлім эстетикалық жаңа бір дүние ұсынса, оқырман жаңа бір әлемді ашса, беллетристика ұғынықты, белгілі дүниелерді қаузап, әлеуметтік тапсырыстарды да орындайтын, оқырманы мол салаға жатады.
Дегенмен, беллетристика мен бұқаралық әдебиеттің арасында аса бір айырым бола бермейді, сондықтан бұл екеуін кейде синоним ретінде қабылдап, жақын ұғымдар ретінде түсінетіндер бар. ХХІ ғасырда Батыстағы (Америка мен Еуропа) бұқаралық әдебиет, әлеуметтанушылардың пікірінше, бүкіл әдеби тасқынның 90 пайызынан астамын алады екен. Үлкен әдебиет пен бұқаралық әдебиеттің аралық шекарасы айқын көріне бермейтіні осыдан ба деп те ойға қаласың. Қазіргі орыс әдебиетінде Тополь, Дашкова, Донцова секілді бұқара әдебиетіне қалам тартып жүрген, Акунин, Пелевин секілді танымал, беллетристиканы өндірте жазып жүрген қаламгерлердің шығармалары өздерінің әдеби сыны аясында жан-жақты қарастырылып жатыр. Біз әзірге ондай деңгейге жеткеміз жоқ.
ХІХ ғасырдың соңында, ХХ ғасырдың басында Петербор, Қазан баспаларынан басылып шыққан Шәді Жәңгіров, Жүсіпбек Шайхысламов секілді кітаби ақындардың діни-аңыздық, ғашықтық дастандарын сол заманның бұқаралық әдебиеті деуге болады. Ал кейінірек шыққан «Қалқаман – Мамыр», «Еңлік – Кебек» – өз заманының бестселлері.
Әрине, бұқаралық әдебиет уақыт өте келе өзінің өзектілігін жойып, модадан шығады, ол қайта оқуға, эстетикалық қазына ретінде сақтауға арналмаған. ХІХ ғасырдың соңында детективтер мен шытырман оқиғалы романдарды, мелодрамаларды «бір реткі әдебиет», «вагонды беллетристика» деп атағандары бекер емес.
– Арнайы тапсырыспен де кітаптар жазылып жатады. Тарихи тұлғалардың өміріне, шығармашылығына арналған. Тапсырыс беруші сол тұлғаның ұрпағы. Мүмкін жерлесі... Ал оны жазатын арамыздағы жазушылар. Нысанды, материалды толық игермей, осылай тапсырыспен жазудың кесірі қандай? Қағаздың обал-сауабын айтпағанда...
– Кесірі көп болса да, арнайы тапсырыспен кітап жаздыруды тоқтата алмаймыз. Қолындағы қағазын тартып алсақ, алдында интернет тұр. Сондықтан оған тыйым жоқ.
Интернет демекші, қазір интернеттің пайда болуымен көркем шығармашылықтың жаңа бағыты пайда болады: ол – компьютерлік желілер мен медиатехнологияға негізделген медиаөнер. Интернет әдебиет тіршілігінің кеңістігін біршама өзгертті. Баяғы әдеби центризм өзінің позициясын жоғалтты. Әдеби журналдар таралымын азайтып алды, қоғамдық өмірдегі ықпалы бұрынғыдай емес. Меніңше, интернеттегі әдеби әлемде, Борхес категориясымен өлшесек, «Бабыл кітапханасы» дейтіндей процестерге ұмтылушылық бар, арты қалай боларын бір құдайым білсін...
– Қазір жас жазушыларды салыстырмалы түрде бағалайтын болды. Жақсы деп айтуға болмайтын шығарманы «ананікіне қарағанда тәуірірек қой» деп, жақсы дейді. Ал шынтуайтына келгенде, аса бір жақсы емес дүниелер. Атағы дардай, есімі айтыла қалса, бірден жазушы деп дүрлігетін жас қаламгерлердің шығармаларына бас қойсаңыз, сөйлем құрлысында болсын, сөз байлығында болсын, тақырыпты алып шығуында да үлкен кемшіліктер бар. Бұл ненің көрінісі? (Әдебиетке ешқандай дайындықсыз келуінің бе?).
– Бүгінгі әдеби процесте проза жетекші рольді атқаруы керек болса, бұл тарапта біздің олқылығымыз көп. Бірақ бұл – уақытша көрініс, өлара шақ деп ойлаймын. Әйткенмен, біздің әдебиеттегі скептицизм қазіргі қазақ мәдениетіндегі морализмнің екіұдай реакциясы десе де болады.
ХХ ғасырдың соңы мен ХХІ ғасырдың басындағы әдебиет өнерінің даму көрінісі өзгеше. Мәселе көркемдік тенденциялардың, шығармашылық тәсілдердің, эстетикалық шашыраңқылықтың көптігінде, сан түрлілігінде ғана емес. Ең әуелі әдеби кодтың толық жаңаруы болды. Тіпті, әдебиеттің өзінің, жазушының ролінің, оқырман типтерінің алапат өзгерісі жүрді. Қазір бізде «әдебиет тоқырады» деп дабыл қағылып жатуының өзі біздің қаламгер қауымның әдеби кодтың ауысуын инстинкпен сезінуі деп ойлаймын.
Жаңа технологиялар заманында ХХІ ғасырдағы әдеби еркіндікке толқын-толқын тәжірибелер келіп жатыр. Әдебиеттің ағартушылық миссиясы осы толқындардың астында қалды. «Әдебиет – ардың ісі» деген ұғым екінші планға көшті. Мысалы, әйгілі «Книжное обозрение» газеті 1986 жылы сауалнама жүргізгенде орыс совет оқырманының көпшілігі ең көп оқылатын кітаптардың қатарында Джойстың «Улисс», Оруэллдің «1984» романдарын атаса, ал 1995 жылы дәл осы газет осындай сауалнама жүргізгенде орыс оқырмандары бестселлер тізіміне түрлі криминалды, детектив кітаптарды кіргізген екен.
Әдебиетке өзінің қайталанбас өмірімен, іс-әрекетімен есте қалатын кейіпкер сомдау оңай дүние емес. Кейіпкерлердің бұрынғы дүниелердегі әлдебір тұлғаларға ұқсай беруі, схематизмі – бүгінгі көркем әдебиет проблемаларының бірі болып отыр. Суреткер елеулі, есте қалар кейіпкер сомдап жасамаса, шығарманың үлкен немесе кіші формасын жазудан келіп-кетер ештеңе жоқ.
Дегенмен, қазақ мәдениетінде музыкадан бастап киноға дейінгі қазіргі өнердің бір өзіндік ерекшелігі қалыптасып келеді, постмодернизмнің, метареализмнің мозайкалық, фрагментарлық белгілері қазақ өнерінің әр саласында ішінара көрініс беріп жатады.
– Мүмкін біздің проза осы Бердібек прозасының ізімен даму керек пе еді?
– Бердібек Соқпақбаевтың «Өлгендер қайтып келмейді» романы – өз заманында толық бағасын ала алмаған шығарма. Бұл – натурализм бағытында дүниеге келген, татымды, әсерлі дүние. Біздің сол кездегі социалистік реализм «Өлгендер қайтып келмейдіні» қабылдай алмады. Қабылдағысы келмеді. Бердібек Соқпақбаев осы романында тылдағы тұрмыстың ауырлығын, советтік лагерьдегі өмірдің шындығын сол қалпында суреттейді. Бұл ретте оның осы шығармасының Варлам Шаламов прозасымен ұқсастығын аңдауға болады. Жалпы, бұған дейін Әуезовтің «Қараш-қараш оқиғасынан» бастап, қазақ әдебиетіндегі кейбір шығармаларда тиіп-қашты сөз болғанымен, түрме тақырыбы алғаш рет осы «Өлгендер қайтып келмейдіде» толық ашылды.
Ал қазір натурализм бағытында жарық көріп жатқан бірлі-жарым дүниелер Соқпақбаев прозасының деңгейіне жете алмай жатыр. Неонатурализм орыс әдебиетінде жан-жақты көрініс тауып отыр. Бір қызығы, «қараңғы өмірдің» тіршілігі өзінің қаталдығымен, абсурдтығымен жалаңашталған кәдімгі өмір кейпінде сипатталады: ол – әскердегі, зонадағы қияңқы тіршілік, қаланың жезөкшелік секілді қалтарыс көріністері, т.с.с. Орыс неонатуралистік прозасының 90-жылдары әдебиетте жаппай көрініс табуы сұранысқа орай болды-ау деп ойлаймын, қазір бұл біршама бәсеңдеді.
– Енді әдеттегіше Прустың бірнеше сұрағына жауап берсеңіз. Сіз жек көретін тарихи кейіпкер?
– Алексей Толстойдың І Петрі.
– Сіз жоғары бағалайтын реформа?
– 1867 жылдан бастап Жапонияда Мэйдзи дәуірі дейтін қырық жылдан астам уақытқа созылған кезең болып өткені белгілі. Міне, осы кезеңде жапон қоғамында үлкен-үлкен реформалар жасалып, артта қалған, мешеу саналатын Жапония Батыстың ілімін игеріп, кез келген елмен тайталаса алатын ірі мемлекетке айналды. Осы Мэйдзи реформаларын көріп, біздің Алаш Орда қайраткерлері Жапония секілді дамысақ, шіркін, деп армандаған.
– Адамдар бойындағы қай қасиеттерді тартымды деп санайсыз?
– Ашықтық, кішіпейілділік
– Қалай өлгіңіз келеді?
– Иассауи бабамша.
– Әңгімеңізге рахмет. Ашық, кішіпейіл жандар арамызда көп болсын!
Сұхбаттасқан Бағашар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ «Қазақ әдебиеті» газеті