Адам жаны булығар еді ызадан,
Махаббатты қуып шықсақ біз одан,
– деген ақын сөзіне өмірдің бар мәні сыйғандай. Ғашықтық сезімінің мезгіл, заман, жас талғамайтыны соншалық, тіпті адамдар кескілескен соғыс жүріп жатқанда да сүйіп қалуы мүмкін. Тіпті өзі соғысып жатқан жау жақтың адамын сүюі де бек мүмкін! Себебі адам жүрекке емес, жүрек адамға әмірін жүргізеді. Ол, әрине, азап та шығар, бірақ оқ пен оттың ортасында жүрген солдаттың өмірден күдерін үзбеуіне сол ғана күш берсе ше?..
Қайтсем, жауды жеңемін, қайтсем, тірі қаламын деп жүргенде адамның махаббатты ойлауға шамасы келді деймісің деушілер де табылар. Алайда қанша жерден шынжыр табан танк мініп, суық қару асынып жүрсе де, адам – қашанда адам. Кеудесінде жүрегі соғып тұрғанда, соңғы минут, соңғы секундқа дейін ол әлдекімді іздеп, әлдекімді аңсап, әлденеге асығумен болады. Аузынан ана сүті кеппеген солдаттардың ішінде тіпті сезім дегенді біліп үлгермей, соғысқа аттанғандары көп. Сол күйінде көз жұмғандары қаншама! Олар жайлы майдан ортасында ән салып, жауынгерлер жүрегінің лүпілін, сырын тыңдап, үзілер шақтағы жанарындағы арманын көрген әнші Роза апамыз өзінің талай естелігінде айтқан да еді. Ақ махаббатты армандаумен кеткен боздақтар жайлы әңгіме бөлек...
2) Жаралы жауынгер + медбике = махаббат
Соғыста әйел қайдан жүрсін?! Болған күннің өзінде олар өздерінің нәзік жанын қамап тастап, ерліктің сауытын киіп алған ғой дерсіз. Жаратқан шебер, ерлерді аялы алақансыз қалдырмаудың ретін тапқан. Медбикелер арқылы! Жалпы, Ұлы Отан соғысы жылдары 10 мыңдаған дәрігер Отан қорғап, жаралы болған жауынгерлердің өмірі үшін арпалысқанын айғақтайды сандық деректер. Өздерін емдеп жазған медбикелерге ғашық болып қалған солдаттар жайлы кітаптар да аз емес, кинолардан көріп те жүрміз. Сондай тағдырды өз басынан өткергендерден күні бүгін көзі тірілері де жоқ емес. Мәселен, 1943 жылы небәрі 23 жасында майданға әскери хирург болып шақырылған алматылық София Измаилова екі дүние арасында жатқан жаралы жауынгерлердің жанын өз жанынан артық қойып, солардың төсегінің басын күн-түн күзеткенде өз тағдырын сол жерден ұшыратамын деп ойлады ма екен?.. Өзі қызмет еткен ІІІ Украина майданын еске алған апамыз жаралы солдаттың жанынан өтіп бара жатқан жас медбикенің тым құрыса саусағынан ұстап, бір сәтке болса да кідіруді өтінетінін айтады. Ал солардың бірімен мәңгілік өзі қол ұстасып өтемін деген ой үш ұйықтаса, түсіне де кірмеген. Николай Есипов жарасы сауыққан соң, ойраны шыққан даланың өзінен бір құшақ гүл тауып, жүрегін қолына ала қыздың алдына келеді де, бірден өзіне тұрмысқа шығуын өтінеді. «Бұл жерде үйленуге бола ма?» – дегенде, тіпті София Измаилованың өзі де таңырқап қалса керек. Сөйтіп табысқан екі жас Қазақстанда отау құрып, 57 жыл бірге бақытты ғұмыр кешіп, немере, шөбере сүйеді.
«Сұрапыл соғыста көптеген адам жақындарын жоғалтты, ал мен болсам оны таптым» деп бүгінде әзілдейтін тағы бір тағдыр иесі – көкшетаулық Анна Жұмағұлова өзінің өмірлік серігі Нұрпейіс Жұмағұловты 1945 жылы Польша түбегіндегі шайқаста жолықтырыпты. Олар да жарты ғасырдай жұбайлық ғұмырдың бақытын бастан өткерген.
3) Дұшпанына ғашық қылған қу сезім
Әрине, сырт көзге ол – сатқындық, ақылға қонбайтын ақымақтық. Жерін ойрандап, баласын жетім, жарын жесір, анасын тұл, жігерін құм еткен жауын да адам сүйе ме?! Басына түссе, сүйеді екен. Бала күнімде көрген кеңестік бір фильм есімде. Оқиға Балтық жағалауы елдерінде өрбиді. Немістердің қоршауында қалған деревняда бір жас қыз неміс жауынгерін ұнатып қалады. Содан кеңес әскері деревняны азат еткенде ел қуанып жатса, сүйіктісімен қоштасатынын ойлаған қыз қатты қайғырады. Жігіттің де сүйгендігі сонша, өз әскерінен жасырынып қалып қояды да, қыз оны ауылдағы ескі бір қора ішінде елден жасырып ұстайды. Бірақ күндердің күні болғанда жігіт кетуге мәжбүр болады, жылай-жылай қыз қала береді. Фильм соңында ұзақ жылдық айырылысудан кейін бірін-бірі іздеп тапқан қос ғашық ақ шашты әже, сары тісті шалға айналса да, сол сезімді сақтаған күйі сол баяғы алаңда тербеле вальс билеп тұрады. Фильм атауы да «Ғұмырға созылған вальс» деп аталатын, ұмытпасам.
Белгілі режиссер Талғат Теменовтің дәл осы тақырыптағы «Бұлбұлдар түні» деп аталатын қойылымы бар. Онда да кескілескен оқ пен оттың ортасында бірімен-бірі соғысып жатқан екі елдің екі жасы бірін-бірі сүйіп қалып, солайша қос мұңлыққа айналады. Сонда бұл жерден не түюге болады? Сезім опасыз ба, әлде бейбіт халықты бір-біріне жау қылған саясат оңбаған деу керек пе?
4) Жауынан жүкті болған жазықсыз аналар
«Бітпес соғыс» деп аталатын бір тамаша фильм «Шәкен жұлдыздарына» қатысты. Ресейлік туынды Екінші дүниежүзілік соғыстың біз бүгінге дейін онша біле бермеген белгісіз қырын ашады. Жеңіске санаулы күн қалған шақ. Шеті мен шегі көрінбейтін мұхит па, теңіз бе, соның ортасында бес әйел мен бала-шаға, сондай-ақ капитан, оларды күзетуші Карп Ничипоруктар өзімен-өзі өмір сүріп жатыр. Сол аралға бір күні НКВД майоры Максим Прохоров келеді. Бұл не қылған жұмбақ арал, әйелдер мен балалар кім дедік алғашқыда. Сөйтсек, олар жау әскерінің тұтқынында қалған ауылдарда фашистердің зорлығына ұшырап, солардан жүкті болған, тіпті бала туған әйелдер екен. Күндіз-түні ауыр еңбекпен айналысып, теңізден балық аулап, соны тазалап, майданға жіберетін аралдың майор келген күннен бастап тынышы кетеді. Себебі ол қысқа мерзімде ол жерді «тазалауға» тиіс, яғни майор о бастан арал тұрғындарын түгел өлтіру бұйрығымен келген еді. Ал тұрғындар одан бейхабар. 9 мамырда жеңіс хабарын естігенде соншалық қуанған әйелдерді көріп, майордың жүрегі езіліп, азапқа түседі. Бірақ жеңіс орнаған күні олар өздерінің талқаны шығарын білмейді. Майор мейірімді еді, оның жазықсыз жандарды өлтіруге қолы да, ары да бармай, ақыры оларды қайыққа отырғызып, аралдан қашырып жібереді. Ол сол жолға өз өмірін қиып еді, майорды сол үшін ату жазасына кеседі.
«Күте алмасаң сарылып, жарылып кет!»
«Жауынгерді сүю – мақтаныш, ұмыту – сатқындық, ал оның жолын тосу көп қылықтыда кездесе бермейтін адалдықпен парапар» деген қанатты сөз сол сұрапыл жылдардың ұранындай болса керек. Қазақтың көрнекті ақыны Кеңшілік Мырзабековтің сезімнің бір белгісі күту екенін айтатын өлеңінің соңы «күте алмасаң сарылып, жарылып кет» деп бітпеуші ме еді?! Басқа басқа, ал күтуге келгенде қазақтың қайсар келіншектерімен теңесер ешкімнің жоқтығын мақтанышпен айта аламыз. Тіпті жар құшағын бір түн ғана сезініп, ертеңінде азаматын майданға аттандырып салған да, қара қағаз келсе де, ерінен күдерін үзе алмай, өле-өлгенше жол тосып өткендері де болған. Қазақ әдебиетінде олар жайлы шығармалар аз емес, Асқар Сүлейменовтің «Қыздай жесірі», Мұхтар Шахановтың «Ғайша жеңгейі» т.с.с. – ешқандай да ойдан емес, өмірден алынған шындық. Жұмекен Нәжімеденовтің «Келін» атты дастаны да бар, сонда елдің қасіретін келіншектің жанарындағы жас пен мұң арқылы суреттеген ақын:
…Сонау жылдар еді бұл...
Күзетті аспан күңіренген ел үнін,
Ел күзетті әкесі жоқ баланы,
Шал күзетті жесір қалған келінін,
Күзетті ана нәрестесіз бесігін,
Жар күзетті күйеуінің есімін... – дейді.
Міне – нағыз махаббат, міне – нағыз адалдық!