Майданда тұтанған махаббат...
Шәкең 1916 жылы бұрынғы Қу ауданында (кейін Егіндібұлақ ауданы болды, қазір Қарқаралы ауданының құрамында) туған екен. Ол кездің балаларының ойын дегенді білмей, еңбекпен есейгендігі мәлім. Шәкар Төлеубайұлы да солай есейіп, еңбек жолын 1935 жылы округтік комсомол комитетінде бастаған екен. Содан 1937 жылы Қызыл әскер қатарына алынып, бір жылдан соң Қиыр Шығыста Хасан және Халкин-Гол көлінің маңында жапон басқыншыларына қарсы күреседі.
Фашистік Германия тыныш жатқан елімізге баса көктеп кіріп, Ұлы Отан соғысы басталған шақта ол Батыс майданға аттанады. Содан қанқұйлы жаудан туған жерін қорғай отырып, қатардағы жауынгерден гвардия майоры дәрежесіне дейін көтеріледі. Атақты Ленин орденді Кантемиров танк дивизиясындағы бір танк батальонына командир болады. 1943 жылы М.Фрунзе атындағы Әскери Академияның қысқартылған курсының тыңдаушысы болады.
Шегіне бастаған жауды танк корпусы да өкшелеп қуа түседі. Темір құрсаудың ішінде отырғанымен шынжыр табанды тажалдың шайқасы оңай болмайды. Оның үстіне жау да өліспей беріспеуге бекінген. Көмейінен от бүркіп, өлім шашқан алыптар жер бетін дірілдетіп, аспан астын жаңғыртып жібереді. Мұндай сәтте қарсы келіп қалған тажалға қасқая қарсы тұру да оңай емес. Батальон командирі жүректі болып, өзі қарсы тұрып, басқаларды бастай білуі, ұрысты дұрыс ұйымдастыруы қажет. Мұндай сәттер Шәкең өмірінде сан мәрте қайталанғаны сөзсіз. Төрт рет жарақаттануы соның куәсіндей. Көретін қызығының көп болғандығынан да шығар, соның бәрінен де аман қалған екен. Танктеріне немістің снаряды тиіп, жана бастаған уақыты да болған.
Денсаулығына байланысты 1946 жылы маусым айында әскер қатарынан запасқа шығып, туған елге оралады. Қарағандыда екі жыл облыстық партия комитетінің ұйымдық-нұсқаушылық бөлімінде нұсқаушы болып қызмет атқарады. Содан, яғни, 1948 жылдың қараша айынан 1980 жылдың маусым айында құрметті демалысқа шыққанға дейін кәсіптік білім беру саласында еңбек етті. Қазіргі Бұқар жырау ауданына (ол кезде Ульянов ауданы) Свердлов атындағы совхозда (Көкпекті аулы) №28 селолық кәсіптік-техникалық училищеде жиырма жылдан астам уақыт бойы директорлық қызмет атқарды. Жас ұрпаққа білім нәрін құйды, оларды механизаторлыққа және басқа да ауыл шаруашылығы мамандығына үйретті, адамгершілігі мол азамат болуға тәрбиеледі. Бұл күнде ол кісінің тәлім-тәрбиесін алғандарды кең байтақ еліміздің түкпір-түкпірінен кездестіруге болады.
Майдандағы ерлігі үшін екінші дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, екі мәрте «Қызыл жұлдыз» орденімен, оннан астам медальдармен марапатталған. Ондай наградаларына «Еңбектегі ерлігі үшін», «Тың көтергені үшін» сияқты бейбіт өмірдегі марапаттары қосылды. «Кәсіптік-техникалық білім беру ісінің үздігі» құрметті атағына ие болды. Ауыл шаруашылығы үшін кадрлар даярлаудағы алға қойған міндеттерді абыроймен жүзеге асырғаны үшін Қазақ КСР-нің «Алтын Құрмет кітабына» есімі жазылды. Екі рет қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасын алды.
Өмірлік қосағы Рахима Жанқұлқызы 1921 жылы туған. Орта мектептен соң Алматы медицина институтын 1942 жылы бітірген. Бір жыл қызмет істеген соң Фрунзе әскери комиссариаты арқылы майданға алынады. Мәскеу қаласында қысқа мерзімдік жас жауынгерлер курсынан өтеді де, Бірінші Украина майданындағы эвакуациялық госпитальға дәрігер етіп жіберіледі. Содан бастап майдан даласындағы Курск, Белгород, Дембина, Краков, Глейвиц жолымен жаяу жүріп өтеді. Берлинге неғұрлым тақаған сайын Рахима апай дәрігер болып жүрген дала госпиталі де жау соңына түскен әскерлердің ізінен қалмай отырады. Бұл кезде олардың жолы гвардиялық, Қызыл тулы, Ленин орденді Кантемиров танк дивизиясымен қатар жатқан еді. Кейде бір болмашы нәрсенің өзі үлкен оқиғаның себепкері болатыны бар. Соғыстың толас тапқан бір сәтінде госпитальға кірген генерал Сүлейменов сөз арасында мұның қазақ екенін біліп, қазақ майоры Шәкар Көшкімбаев деген жерлесімен таныстырған. Сол таныстық соғыс аяқталған соң да бүкіл ғұмыр бойы жалғасты. Отты жылдардың қиындығымен шыңдалған жандар соғыс бітіп, елге аман-есен оралған соң шаңырақ көтерген еді. Қиын-қыстау кезеңдерде мұндай ой саналарына да кірген жоқ. Ол кезде сұм соғыстың ажал сепкен оғынан аман қаламыз ба деген ой ғана болатын. Қанша дегенмен де соғыс ойыншық емес.
Жеңіс туралы қуанышты хабар бұлар тоқтаған Дрезден қаласына да қалықтап ұшып жетіпті. Сол күнгі қуанышты өмір бойы ұмытпаған екен. Украина мен Польшаны басып өтіп, Ұлы Жеңісті капитан шенінде аяқтаған Рахима шешей соғыстан соң облыстық клиникалық ауруханада қызмет атқарған. Клиникалық ординатураны бітірген. Одан соң көп жыл бойы сол кездегі өздері тұрған Свердлов атындағы совхозда учаскелік аурухананың бас дәрігері болады.
Соғыс жылдарында екінші дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, бірнеше медальмен наградталған. Одан соң бейбіт еңбек кезіндегі наградалары да толып жатыр. Денсаулық сақтау ісінің үздігі атағын алған. Бірнеше рет бұрынғы Ульянов аудандық Кеңесіне депутат болып сайланған.
Ол кісі өзінің майдан жолымен жүріп өткен етігін және көйлегін, құтысы мен шанышқысын өмір бойы қастерлеп, сандық түбінде сақтаған екен. Кейде алып шығып, сол күндерді еске түсіріп отырған.
Шәкең ағамыз 1982 жылы қыркүйек айында көз жұмды. Сол жылы Рахима апай екеуі 9 мамырда атақты дивизия орналасқан Мәскеу облысындағы Наро-Фоминск қаласына барып, гвардиялық, Қызыл тулы, Ленин орденді Кантемиров танк дивизиясының 40 жылдығына қатысып қайтқан болатын. Ал Рахима апай болса 4 немере мен бір шөбере көріп, 2000 жылы дүние салған.
Ұлы Отан соғысының ардагерлері, бүгінде марқұм болған Шәкар ағай мен Рахима апайды білетіндер әлі күнге дейін ұмытпай, адамгершілік асыл қасиеттерін айтып отырады. Ол кісілерді ауылдастары зор құрмет тұтқан.
Қос жауынгер бес бала тәрбиелеп өсіреді. Соның ішінде қыздары Римма анасының жолын қуып, дәрігер болды, көп жыл медицина саласында қызмет атқарған жұбайы Нұрбай Кенжебаев екеуі де қазір құрметті демалыста. Балалары мен немерелерінің қызығын көруде. Олардың атасы мен әжесінің көзін көрген балалары қарттарды ауыздарынан тастамай айтып отырады.
Кешегі күні Отан үшін от кешкен, кейіннен бейбіт еңбекте ел игілігі үшін тер төккен осындай ардагерлеріміздің өзі жоқ болғанымен, артында қалған ұрпақтары, олардың көзін көрген адамдар бар. Ұлы Жеңіс күні қарсаңында майдангерлерді тағы бір еске алып, олардың аруағына дұға бағыштайды, оларды ардақ тұтып, мақтан етеді.
Сүйіндік ЖАНЫСБАЙ
(Түпнұсқадағы тақырып: Бір отбасындағы қос жауынгер)