Күркіреп күндей, өтті ғой соғыс...
“Менің жастық шағым адам баласының қызметіне берілді. Мүмкін, мен жастығымды қайыра алмаспын. Бірақ ол босқа кетпейді, менен кіші інілерімнің еншісіне тиеді. Кейінгі жастар, жас інілерім, сендер бақытты жансыңдар. Сендер соғыс дегенді білмей өтетін боласыңдар. Біз жастығымызды сендердің бақыттарыңның жолына құрбан еттік. Сендер өмірде бақытты жасайтын боласыңдар” деп жазушы Баубек Бұлқышев айтқандай, Отанын қорғау жолында қаншама боздақтар мерт болса, сонша адам майданды керек-жарақпен қамту жолында еңбек етіп, Ұлы Жеңістің негізін қалады. Қып-қызыл өрт ортасынан елге аман оралысымен халық шаруашылығын қалпына келтіру ісіне араласып, қираған экономиканы көтеруге, халықтың әл-ауқатының артуына қажырлы еңбегімен үлес қосқан ардагерлердің бірі - Баха Рустанбеков атамыз десек қателеспейміз.
1925 жылы 16 наурызда Жамбыл облысы, Байзақ ауданына қарасты Ақжар ауылында шаруа отбасында өмірге келген ол 1932 жылы ауылдағы бастауыш мектептің табалдырығын аттап, ұстазы Көпболсын Қашаевтан дәріс алады. Білімге құштар жас өзінің іздемпаздығымен ерекшеленіп қана қоймай, дала жұмыстарына да белсене қатысады.
Ел басына күн туған шақта 18 жастағы бозбала қан майданға аттанып, №158 атқыштар полкінің мергендер құрамасында, одан кейін №358-інші теңіз әскери құрылым батальонында жаумен бетпе-бет шайқасады. Жорық жолдары Жапония, Маньчжурия, шалғай Шығыс майдандарында жалғасқан-ды.
- “1418 күн мен түнге созылған соғыста миллиондаған адамдар мерт болды. Миллиондаған адамдар мүгедек болып қалды. Бірақ бәрібір Берлиндегі рейхстаг үстінде Жеңіс туы желбіреді. Қазақстандықтар ұрыс даласында да, тылда да асқан ерлік пен ерен еңбек үлгісін көрсетті. Тыл еңбеккерлері «Бәрі де майдан үшін, бәрі де жеңіс үшін» ұранымен соғыстың өн бойына уақытпен санаспастан жұмыс жасады. 1941-1945 жылғы Ұлы Отан соғысына Қазақстаннан 1 миллион 366 мың адам аттанды. Біздің ауданнан майданға аттанған 3341 азаматтың 1981-і елге аман оралды. 1360-ы сұрапыл шайқаста қаза тапты. Олар Мәскеу мен Ленинградты қорғауда, Сталинград қоршауын бұзып шығуда және Белоруссия мен Украинаны, Молдавия мен Прибалтиканы азат етуде ерен ерліктің үлгісін көрсете білді. Олардан бүгінгі күні арамызда жүргені небәрі 11 ардагер. Ал сұрапыл соғыста талай ұлттың адамдарымен бірге соғыстық. Ежелден еркіндікті аңсаған қазақ жауынгерлері халқымыздың өршіл рухын, батырлығын әлемге паш етті.
Биыл Ұлы Жеңіске 70 жыл толады. Үстіміздегі жыл- ТМД елдерінде ардагер жылы деп аталып өтілуде.Өткен жылдың желтоқсанында Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Ұлы Отан соғысы ардагерлерін қолдаудың жалпыұлттық акциясы өтті.Еліміздің аумағындағы барлық қарт майдангерлер, соның ішінде біздің аудан аумағында тұрып жатқан ардагерлер де Мемлекет басшысының құттықтау хаты мен сыйлығын алып, риза болып қалдық, -дейді майдангер ағынан жарылып.
Өліммен талай рет бетпе-бет келген атамыз соғыс даласында ерлік пен табандылық көрсетті. Оның кеудесіндегі «Отан соғысы» ордені, “Украинаны азат еткені үшін”, “Ленинградты қорғағаны үшін” және “Еңбек ардагері” тағы да басқа он шақты медальдар соның нақты дәлелі іспетті.
1948 жылы туған жерге оралған Баха ағамыз алғашында Ақжар ауылында бригадир, одан кейін Жамбыл облыстық ішкі істер органында қызмет етеді. 1962 жылдан зейнетке шыққанша бұрынғы “Трудовой пахарь” ұжымшарында жүргізуші, шопан болып еңбек етіп, шаруашылық экономикасының өркендеуіне өзіндік үлес қосыпты.Өмірдің талай теперішін көрсе де Баха ақсақал өте сабырлы, көп сөйлемейтін біртоға мінезді екен. Зайыбының өмірден озғанына біраз жыл өтсе де отбасының берекесін келтіріп отырған қария 3 ұл, 3 қыздан 20 немере, 10 шөберенің қызығын көруде. Осыдан жетпіс жыл бұрын сұрапыл соғыста жауған оққа қарсы тұрған майдангер атамыз өмірдің әрбір арайланып атқан таңына, мамыражай тіршілік етіп жатқан халқымыздың берекелі тірлігін көзімен көріп, тәуелсіз елдегі бейбіт күннің бақытына шүкіршілік етуде.
Қазіргі таңда майдан мен тылдың аты аңызға айналған ерлерінің қатары барған сайын сирей түсуде. Бірақ олар жасаған ұлы ерлік ешқашан ұмытылмақ емес. Зұлым жаумен шайқаста әке, аға, бауырларымыз қанын төгіп, қолымыз жеткен Жеңіс әрқашанда халқымыздың сарқылмас ерлiгi мен төзiмдiлiгiнiң, болашақ ұрпақтың бойында Отанға деген махаббатты, патриоттық сезiмдi тәрбиелеудiң үлгiсi болып қала беретін болады.
Г. Әбдіқұлова
auil-zhanaligi.kz