КЕУДЕСІН ОТҚА ТОСҚАН ЖАУЫНГЕР АҚЫН
Майдангер ақын, жазушы Тәшібай Әлмұқамбетов туралы үзік сыр
Майдангер ақын, озық ойлы педагог, жалынды жазушы Тәшібай Әлмұқамбетов Торғай мен Ұлытаудың тел ұлындай өскен ұланы еді. Ол 1942 жылы соғысқа аттанып, қаламын қаруға айырбастаған, кеудесін отқа тосқан жауынгер ақын. Алайда найзағайдай жарқ етіп өмірге келіп, небәрі 33 жыл өмір сүріп, майдан өмірін көріп, ерлікпен қаза болған атамыз жайлы мәліметтер аз. Тәшібай Әлмұқамбетовтің повестерін, өлеңдерін,әңгімелерін «Мен өмірге ғашықпын» деген кітапқа топтастырып, жинақтаған, баспаға әзірлеген филология ғылымдарының кандидаты Әбулақап Райымбеков еді.
Тәшібай Әлмұқамбетов 1910 жылы Торғай өңіріндегі Бестау деген жерде кедей отбасында туған. Алты жасында әке-шешесі дүниеден өтіп, 1924 жылға дейін ол немере ағасы Таутабайұлы Әбубәкірдің (жұрт Әйке) қолында тәрбиеленген, Таутабайдан Әлмұқамбет (шын аты Әлмағанбет) пен Әбубәкір туған екен. 1928 жылға дейін Байтұрсын, Оспан деген байлардың батырағы болған. Жас Тәшібайдың мектептен кейін білім алған жері – Қостанай қаласындағы мәдени аттаныс бағытындағы (анықтамада осылай жазылған.18.08.1929 ж) курс. Кейін 1930 жылдың басынан бастап Ұлытауға келіп, Жезқазған, Қарсақбай, Ұлытау аудандарындағы мектептердегі қазақ тілі мен әдебиеттен сабақ берген. Өткен ғасырдағы отызыншы жылдар ішінде еңбек еткені жайлы анықтамалар мен бұйрықтар толық сақталған. Кейін аз уақыт Семей қаласында да (педучилищеде) ұстаздық еткен. Осы жылдарда қай жерде жүрсе де, ол тек сабақ берумен ғана емес, өлең ,әңгіме, жазумен де шұғылданған.Сырттай оқып білімін көтеруді де ұмытпаған. 1928-1931 жылдары Алматыдағы Қазақ педагогика институтының жұмысшы факультетін бітірген. Бұл туралы факультеттің меңгерушісі Залиевтің қолы қойылып, мөрі басылған куәлігі бар. Тәшібайдың білім алуға құштарлығын дәлелдейтін куәліктер мен хаттар жақсы сақталған. Қарсақбай жеті жылдық мектебінде, одан кейін 1938-1940 жылдары Семей педагогика училищесінде, одан соң Жезқазған руднигіндегі орта мектебінде қазақ әдебиетінен сабақ береді, ҚазПИ-де сырттай осы жылдары оқып жүреді.
Т.Әлмұқамбетов Қарсақбайдағы «Қызыл кенші» газетінен бастап, 1938-1939 жылдары «Қазақ әдебиеті» мен «Лениншіл жас» газеттерінде, «Әдебиет майданы» (қазіргі «Жұлдыз») журналында жиі жарияланған өлеңдері мен поэмалары, әңгімелері мен повестері оқырман қауымға сол кездері мәлім болған. Олар жайында және Тәшібайдің мінезі, адамгершілігі туралы да өзімен тұстас, қаламдас Жұмағали Саин, Қапан Сатыбалдин, Қалижан Бекхожин, Ғабдол Сланов, Сағынғали Сейітов сияқты ақын-жазушылардың құрметпен айтқан сөздері талантты жазушыға деген парасатты пікірді білдіреді.
Тәшібай Әлмұқамбетовтің шәкірті болған Әбулақап Райымбеков ұстазы жайлы: «Талантты ұстаз өзі сабақ берген әдебиет пәнін кеңес әдебиеті биігінен ғана емес, дүниежүзілік әдебиет классикасы көлемінен де терең білетін. Оның дәрістері «құлақтан кіріп бойды алар»жақсы әндей еліктіріп, баурап әкетуші еді. Мектепте одан оқып, тәрбие көрген өз басым ол оқытқан пәннен төмен баға үлгерген оқушыны кездестірген емеспін. Өзіне Макаренконы айрықша ұстаз санап, жеткіншек тәрбиелеп өсірудің ең нәзік пернелерін дәл басатын».
Тәшібай Әлмұқамбетов өз заманындағы аса талантты жазушы әрі аса білімді педагог болып қана қоймай, жастарға ағалық жасап, қамқор болғаны жөнінде Тәшібайдан білім, үлгі алған Ә.Нұршайықовтың мына естеліктері куә болады: «Мен Семей педучилищесінің екінші курсына қабылданып, Тәшібай ағайдың шәкірті болдым. Тәшібай Әлмұқамбетов отызыншы жылдарда әдебиет көкжиегінде көрінген талантты жазушылардың бірі еді.Ол кісінің шығармалары салиқалы жинақтарда басылып, «Әдебиет майданы» журналында, «Қазақ әдебиеті», «Лениншіл жас» газеттерінде шығып жүрді.
Тәшібай мұғалім оқытатын қазақ әдебиеті сабағы өте қызықты өтуші еді.Жұмсақ биязы үнімен тақау отырған баланың басынан сипап өтіп, жымия тұрып оқитын лекцияларын сүйсіне тыңдаушы едік. Мұғалімнің материалды терең білетін білімділігінде ғана емес, сонымен бірге суыра сөйлейтін шешендігіне қызығатынбыз. Біздің училищенің әдебиет үйірмесін Тәшібай мұғалімнің өзі басқарды».
Тәшібай Әлмұқамбетов бәрінен бұрын өзіне Горькийді үлгі тұтады. Ол жайлы Ә.Райымбеков былай деп атап көрсетеді: «Горький айтқандай, таудай қиындықты тымақтай қағып жеңу керек. Сонда ғана білім шыңына, мақсат биігіне жетесіңдер. Ол үшін кітап оқуды сүй, ерінбей еңбекшіл бол, адал,әділ және шыдамды бол» деп қиыншылық басқа түскенде торықпауға, арды, Отанға деген сүйіспеншілікті берік сақтауға , жоғарғы патриоттық рухта болуға үйрететін».
Тәшібайдың ақындық мұрасы да елеулі. Оның «Тау құлатқан дауылда» (1936 ) поэмасы ақындардың « 1916 жыл» (1940) жинағында жарияланған. Өте шағын көлемді алғашқы поэмалары «Ғайша» (1930), «Жаңа кісі» (1934), «Жеңеше» (1934) өлеңдері отансүйгіш, жоғары патриоттық, азаматтық әуенді, гуманистік мәнді, жаңашыл дәстүр үлгісінде жазылған. «Жазғы еңбек» (Қарсақбай, «Қызыл кенші», 1934) деген өлең колхозды ауылдың жаңарған көрінісін, еңбек адамдарының бейнесін көрсетумен аяқталады.
Ақынның ауыл өзгерістерін, тіршілігін көркем суреттеген өлеңі «Жеңеше» (1934) поэмасында көрінеді:
Мыс қайнатқан зауыттың,
Қарқыны да қауырт тым.
Кендерге жол тауып тың,
Соған ми, жан ауырттым.
Серіктесіп гүлденген,
Өздеріңмен іс шешем.
Жаңа өмірге нұр берген,
Көркейе бер, жеңешем! – деп, колхозшылардың ынтымағын, 30- жылдардың алғашқы жартысындағы қазақ кеңес поэзиясындағы жаңашыл өзгерісті суреттейді.
Өлеңдерінің идеялық-көркемдік бітімдері де уақыт талаптарының биік деңгейлерінен шыққан. Ақын «Ана аманаты» деген өлеңінде:
Аманатын анаңның орында, ұлым,
Ұмтыл өрге, тайсалып қорынба,ұлым.
Қанша бейнет, қанша өксік тартты,
өзің біл,
Анаң сенің өсіру жолында ұлым,
Еркелеттім, өсірдім сылап-сипап.
Отты жүрек, өр мінез, берік қайрат,
Алаңдайсың ашық болып, жол көрсетсін
Мәпелеп анаң берген сыр мен сипат.
Не көрмеді қарт анаң сенің үшін?
Деуші едім ғой: «Өс, ер жет, менің үшін.
Алтын аймақ, асыл нұр туып өскен
Ұлы Отаның, гүлденген елің үшін.
Сен ержеттің бүгінде толып күшің,
Отаныңды сүйсінтер ерлік ісің.
Ең ардақты міндетті, сенімді ұлы
Шын ақтар шағың жетті, түсін,түсін – деп, ана аманаты жауынгер ақынға демеу береді,ең ардақты іс, ең міндетті іс Отанға деген адалдық екенін түсіне отырып, жас буынға арнап қалам тербейді. Ақынның Отанға деген сүйіспеншілігін «Отан» өлеңінде боямасыз қаз қалпында суреттейді.
Шынарын сәулет шашқан тілегімнің,
Жас жанын, ыстық қанын жүрегімнің,
Ар-намыс, адалдығын азаматтың
Беремін саған Отан, түлегіңмін.
Сен ана болған пана, саяң ыстық,
Қайғысыз, күліп-ойнап еркін өстік.
Жүрекке ерлік, қайрат еккен өзің,
Өмірлік тәрбиеңмен тұсау кестік.
Шарқ ұрып қыран құстай қияға асып,
Серпіле, селдей тулап, шалқып тасып,
Жастықпен балбыраған балдай тәтті,
Өзіңсің еркелеткен қойныңды ашып.
Ақынның «Қарағай» дейтін өлеңін де тебіренбей оқу мүмкін емес. Бұл жыр да махаббат жайлы сыр шертеді.
Күн шыға қөлеңкеңмен жауып үсті,
Оралып шалғынменен жібек түсті.
Сергітіп ойға алуан қиял беріп,
Себетін сен едің ғой хош иісті.
Балқытып бұтағыңа бұлбұл сайрап,
Айнала мың құлпырып гүл-гүл жайнап,
Сұлудың уәделі орамалын,
Алушы ем бұтағыңа кеткен байлап.
Ақынның әскерде жүріп, аяулы жарына деген сағынышын арқау еткен өлеңдерінің көбі бізге жетпесе де бірен-сарандары ғана қолымызға тиді. Солардың бірі «Көк көгершін» атты өлеңінде былай дейді:
Көк көгершін, қанат сермеп,
Құлдыра да қарышта.
Кейде аспандап, кейде жерлеп,
Ұшшы жылдам алысқа.
Тез жеткізші жазған менің
Сәлемімді жарыма.
Тәшібай поэзиясына ерлік, намыс, күш-қайрат арқау болған. Ол жауынгерлерді кейін шегінбеуге, ерлік-қайрат көрсетуге ұмтылдырды. «Шабуыл» деген өлеңінде ақын :
Қорланған ар, қорғайтын жер,
Қаруға ұмтыл қыз бен ұл,
Қанқұйлыны жой, соққы бер,
Жауды жайпа,шабуыл! – деп жырлаған.
Тәшібай соғыс кезінде талай ұрыс, айқастарға қатысады. 1943 жылғы қарашада Дон өзені бойындағы қатты ұрыстардың бірінде ауыр жараланып, Қазан госпиталінде жатқанда дүние салды. Талантты жазушы, өр мінезді майдангер, ұлағатты ұстаз мына жарық дүниемен мәңгілікке қоштасты. Алайда ақынның өзі өлгенмен артында қалған мұрасы ұрпағымен жасай бермек.
Тәшібай есімі Ұлы Отан соғысында ерлікпен қаза тапқан ақын-жазушылармен бірге Қазақстан Жазушыларының үйіндегі ескерткіш тақтада алтын әріптермен жазулы тұр.
Анар БАЗАРБАЙ, Қостанай облысы,
anatili.kz
(Тақырыбы өзгертілген)