Кенесары ханды жауға тастап кеткен қай Рүстем?
Қазір тарих беттерінде хан Кенені қырғыздың қоршауында тастап кеткен Рүстем сұлтан Абылай ханның немересі деп жазылып жүр. Соңғы шыққан деректі фильмде де Рүстем – Абылайдың ұрпағы. Бүткіл ел де солай қабылдайтын болды. Тарихқа үңіліп қарайтын болсақ, тарихшылар жаңылысып жүрген сыңайлы.
Кенесары хан Рүстем төремен қалай кездесті? Ырғыз, Торғай және Ұлытауда орыстар бекіністер салып, көшіп-қонуға жер таба алмай, Кенесары хан оңтүстікке қарай ығысуға мәжбүр болады. Алдымен хан ондағы туысы Рүстемге елшілік аттандырады. Бұл турасында Кенесары хан бастаған ұлт-азаттық қозғалысты алғашқы зерттеген Е. Бекмаханов: «Кенесары сондай-ақ 100 жігітке Наурызбайды басшы қылып, Алатау маңын мекендеген немере ағасы сұлтан Рүстем Абылаевқа аттандырды» дейді. Ол Рүстемнен өзін қоластындағы қазақтарымен қабылдауын сұрайды. Рүстем елшілерді жақсы қарсы алып, Кенесарыға былай жауап жібереді: «Менің берер ақылым: Құдай әзірше күнәсін кешіріп тұрғанда аталған жерлерді тастап, менің жаныма көшіп келсін»[2, 281-282-бб]. Сонымен қатар автор: «Кенесары Ұлы жүз сұлтандарының көмегі мен қолдауына сене алатын еді. Олардың кейбірімен тіпті туыстық қатынаста болатын (мысалы, сұлтан Рүстем, Сөк Абылайханов)» деп жазады[2, 327-б]. Бекмаханов екі жерде Рүстемді «Абылаев» немесе «Абылайханов» деп оның Кенесарының «немере ағасы» дейді. Мұнда Рүстемді Абылай ханның ұлы екендігін, және оның Кенесарыдан жасы үлкен екендігін нақты біліп отырмыз. ХІХ-ғасырдың басында жазылған Қытай дерегі «Шыңжаң ши люе» жинағында Рүстем – Абылай ханның бесінші ұлы[3, 258-б]. Кейінгі Шоқан Уәлихановтың жинағында Рүстем – Абылай ханның әйелі Бабақ ханымнан туған алты ұлдың екіншісі. Бабақ ханым – Қашқар бегі Кенже-Сарттың қызы [4, с.175-176]. Қытай дерегі бойынша, ХІХ ғасырдың басында Рүстем сұлтан «қара арғын», яғни «қарауыл арғын» руының басқарушысы болған [5, 139-б]. Бұл мәліметке сәйкесінше Кенесары ханның ұлдары Ахмет пен Сыздық сұлтандардың берген дерегінен Рүстем сұлтанның Орта жүзде Көкшетау уезінің төресі екендігін білеміз [6, с. 260]. Сәбит Мұқанов «Аққан жұлдыз» тарихи романында Рүстем сұлтанды әдеттегі салт бойынша Балқаштың солтүстік-шығысындағы Тоқырауын өзені бойында көшіп-қонған Дадан-Тобықты елі шақыртып, өздеріне басқарушы етіп қойған.
Ресей отаршылдығына қарсы шыққан Абылай ханның ұлы Қасым мен оның ұлдары бастаған көтеріліске қатысады [8, 283-б]. Дадан-Тобықты руымен көрші Балқаш жағалауындағы шұбыртпалы руының төресі Жолдығара Дайырұлы олардың қатарына қосылады [14, 78-б]. Балқаш қаласының тұрғыны, Барақтың ұлы Дайыр ханның ұрпағы Марат Бекмырзаұлының (1963 ж.т) әулет шежіресінде, Шұбыртпалының төресі Жолдығара Дайырұлының немересі Боқты Жайықұлының әйелі Ағыжан ханым – Абылай ханның ұлы Рүстемнің қызы. Олай болса, Рүстемнің Балқаш өңіріне келіп тұрақтағаны рас болып шығады. С. Мұқанов Рүстем төренің Қасым сұлтандармен бірге Қоқан асып кеткендігін де жазады[8, 283-б]. Бұл кезде төресіз қалған Дадан-Тобықты елі Жетісудан Абылайдың немересі Ақан сұлтанды төрелікке алып келген сияқты. Себебі, 1825 жылғы тізімінде Абылайұлы Сүйік сұлтанға қарайтын шапырашты руын оның ағасы Сығай мен Сығайұлы Ақан, Жанғазы сұлтандар басқарған [1, с.224]. Кейінгі жылдарда Ақанның есімі Жетісу өңірінде кездеспейді, есесіне Дадан-Тобықтының басқарушысы екені жазылған [7, с.344].
Қоқан иелігіне көшкен Қасым сұлтанның алдымен 1836 жылы балалары өлтірілсе, 1840 жылы алданып қалған Қасымның өзі де өлтіріледі [13, 46-б]. Осыдан кейін Рүстем, Қоқан иелігінен арырақ Жетісу бағытына қарай жылжиды. 1845 жылғы Н. И. Любимовтың шығысқа сапары туралы жазбасында: «Рүстем сұлтан шындығында Үлкен Орданың сұлтандарынан еді, олардың ішінде ең қауіптісі де осы. Алғашқыда Қоқан иелігінде көшіп жүрген ол, олармен араздасып, алысырақ Үлкен ордаға қоныс аударған. Қыстыгүні ол Құлжаға жақын маңда көшіп жүреді» [4, с. 305]. Оның онда көшіп жүруінің себебі нағашы жұрты қашқарлық сарттар болғандықтан деп түсіндіре аламыз.
Сөйтіп, 1846 жылдың басында Кенесары оңтүстік-шығысқа Балқаш көлі мен Іле өзені аймағына қоныс аударды [2, 317-318-бб]. Яғни, Рүстемнің иелгінде Кенесары жарты жыл тұрақтағаны ғой. Ал мұнда Балқаштың қалың мұзының үстімен төтесінен жүріп өткені байқалады (А. Ақылбеков). Дәл осы кезде Балқаштың солтүстік жағасындағы Рүстемнің бұрынғы елі Дадан-Тобықтының белсенділері өздерінің төресі Ақан сұлтанды «Бізді алдап Кенесарыға ұстап бермекші болды» деген айыппен орнынан босатады [9, с. 297-298]. Қазақтың біртуар тұлғасы Абай Құнанбайұлы шәкірті Көкбай ақынға тапсырыспен Кенесары туралы дастан жаздырғаны мәлім. Көкбай бірнеше уақыт мәлімет жинап, «Төрт төре» дастанын дүниеге әкеледі. Дастанда Рүстем мен Кенесарының кездескендігі мен туыстығы туралы тың мәлімет береді. Онда «Рүстем Кенеменен немере еді, Қолынан бір кісінің не келеді? Астыртын жүруші еді хабарласып, Ақыл мен қайраты мол кемел еді» деген шумақтары бар. Кенесары мен Рүстем кездесіп, Рүстем көзіне жас алады. Ақынның «Қасым, Саржан, Есенгелді өлмей тұрып, Көп жылдан жолықпаған бір-біріне» деген шумағы 1840 жылдан бері кездеспегенін айтып отыр [10, 63-64-бб]. Егер Рүстемнің Абылайдың бесінші ұлы екенін ескерсек, бұл кезде оның жасы сексеннен асып қалған шағы.
1846 жылы маусым айында Аягөзге келген поляк саяхатшысы Янушкевич ол кезде Абылай ханның ұлдарының ішінде тірі қалған екі-ақ адам: Сүйік пен Әбділдә екендігін жазған. Олай болса, Рүстем сұлтан сол маусым айына дейін өлген, немесе Сүйік сұлтандар саяхатшыға әдейі Рүстемді айтпай отыр. Қалай болғанның өзінде де қартайған Рүстем Кенесары ханның қатарында шайқасуға
шамасы келмейді. Кенесары оның иелігінен күзде Іленің сол жағасына өтіп, ары Алатау аңғары мен Шу бойына көшіп кетеді[2, 317-318-бб].
Міне, осы кезде тарихта белгілі Рүстем төре мен Сыпатай батырдың иелігіне жетеді. Бұл Рүстем төре – Ұлы жүздегі жаныс руының төресі еді[1, с. 262]. Е. Бекмаханов соғыс алаңын тастап кеткен Рүстем туралы «... қазақ сұлтаны Рүстем мен Сыпатай би Кенесары қозғалысына тоналудан қорқып қосылған адамдар еді» деп жазады [2, 335-б]. Мұнда бұл Рүстемнің басқа адам екені нақты айтылып тұр. Қазіргі таңда оның ұрпақтары «Тентек хан төресі» аталып жүр. Жамбыл облысы Луговой маңындағы Абай ауылының тұрғыны, сол әулеттің шежірешісі марқұм Өміржан ақсақалдың айтуынша, Рүстемнің әкесі Аспандияр – «Тентек төре» лақабымен белгілі болған.
1821 жылы Қоқанның қысымына шыдамаған қазақ бас көтереді. «Қоқандық салық жинаушыға қарсы Түркістан, Шымкент, Сайрам, Әулиеата төңірегінде көтеріліс болып, оны Тентек төре басқарған. Қол астында 12 мың қол жиналды» – деп жазады Е. Бекмаханов[2, 170-б]. Осылайша, ауызша жеткен Рүстемнің тегі туралы мәліметтер құжаттармен расталады. Мысалы, кей деректе «Рүстем Асфандияров» деп жазылса [1, с. 340], бір деректе «Рүстем Тентекханов» деп жазылады. Тағы бір құжаттарда «Рүстем Әбілпейізов» [1, с. 339]деп те кездеседі. Ал енді оның шыққан тегіне байланысты Құрбанғали Халид: «...біреулер оны «Ондан сұлтанның туысы Сейітқұлдан» десе, біреулер «Бақи Жәңгірұлынан» деп жазады. Бірақ, бұл мәліметтер ешбір басқа деректермен расталмайды. Алайда, Құрбанғали Халидтің Рүстемді шұбар тулы дегеніне назар аударуға болады[12, 173-б]. Шымкент өңіріндегі Арыс өзені бойында өздерін Рүстем төренің ұрпақтарымен бір атадан тарайтындығын айта келе, арғы бабаларының есімдерін атай алмайтын төре тұқымдары қоныстанған. Олар өздерін «Нанатқан төреміз!» деп атайды. Олай болса, «тентек төрелер» мен «нанатқан төрелердің» атасы бір, ұстаған тулары шұбар түсті деген сөз. Қытай қазақтарын билеген Әлең уаңның ұрпағы, төрелер шежіресінің білгірі Меллетхан төре жазып қалдырған мәліметінде Ұлы жүз ханы Жолбарысты «Нанатхан» деп атап, олардың ұстаған туын шұбар түсті дейді[11,36-б]. Осылайша, ақтық шайқаста Кенесары ханды қырғызға тастап кеткен Рүстем төренің шыққан тегінің кім екені анықталды. Ал аталарының есімдерін түгелдейтін болсақ, былай болады. Төле бидің баласы Жолан бидің 1758 жылы берген мәліметінде, Жолбарыс ханның ұлы Әблез хан[6, с.74]. Әблез бен Әбілпейіз бір адам екенін ескерсек, Әбілпейізден Аспандияр туып, одан Рүстем туған болады. Сонда Рүстем төре – Жолбарыс ханның шөбересі. Құжаттарда Рүстемнің «Аспандияров» деп жазылуы әкесінің есімін, «Әбілпейізов» деп жазылуы атасының атымен тегінің көрсетілгендігін білдіреді.
Ахметов А.Қ.
Орал қ., Қазақстан
Пайдаланған әдебиеттер:
1 КРО-2. Казахско-русские отношения в XVIII-XIX веках (1771–1867 годы) (Сборник документов и материалов), Издательство «Наука». Алма-Ата 1964 год
2 Бекмаханов Е. Қазақстан ХІХ ғасырдың 20-40-жылдарында (Оқу құралы). – Алматы, «Санат», 1994. – 416 бет.
3 Қазақстан тарихы туралы қытай деректемелері. І том. Саяхнамалар мен тарихи-географиялық еңбектерден таңдамалылар. – Алматы: Дайк-Пресс, 2005.- 396 бет.
4 Валиханов Ч.Ч. Собрание сочинений в пяти томах. Том 4 – Алма-Ата: Главная редакция Казахской советской энциклопедии, 1985, с.,
5 Мұқаметқанұлы Н. «Тарихи зерттеулер»: Шежірелік деректер /Дайындаған А.Қожабеков. – Алматы: «Жалын» баспасы, 1994 ж. – 144 б.
6 И.В.Ерофеева. «Родословные казахских ханов и кожа XVIII-XIXвв».-Алматы: ТОО «Print-S», 2003. – 178 с
7 История Казахстана в русских источниках ХVI-XX веков. О почетнейших и влиятельнейших ордынцах: алфавитные, именные, формулярные и послужные списки. 12 ноября 1827 г. – 9 августа 1917 г. Том VIII. Часть 1 / Сост., предисловие, комментарии и указатели Б.Т.Жанаева. – Алматы: Дайк-Пресс, 2006 – 716 с.
8 Муканов С. Промелькнувший метеор: Роман. (Пер. с каз. А.Брагина.) – Алма-Ата: Жазушы, 1984. Т.1. – 336 с.
9 Янушкевич А. Қазақ даласына жасалған саяхаттар, күнделіктер мен хаттар. 2-ші бас. толық. – Астана: «Алтын кітап», 2007, – 384 б, - (Қазақ этнографиясының кітапханасы, 29-шы том).
10 Жамантаев К.кбай ақын. Абылай. / Құрастырған С.Қарамендин. – Алматы: Дария-пресс. 1993 – 147 бет.
11 Шынай.Р. «Шежіре». – Баян.лке (Моңғолия) 1991.
12 Құрбанғали Халид. «Тәуарих хамса: (Бес тарих)», аударғандар: Б.Т.тенаев, А.Жолдасов. Алматы: Қазақстан, 1992 – 304 бет
13 Насенов Б. Абыралы – Сарыарқаның кіндігі. Кенесары. Абыралықтар. Екінші кітап. Новосибирск қаласы, Шілде – 2002 жыл. – 189 бет.
14 Арман Қият. Барақ сұлтан әулеті. – Алматы: Ел шежіре, 2013 – 364 бет.
Екінші пікір
Итішпес (Алакөл маңы) даласы мен көл жағалай мекендеген жұртта мынадай аңыз бар. Хан Кенеге көмектеспеу және көмектескендерді жазалау жөнінде Жарлық бар екен. Кенесары Балқаштың шығыс жағын айнала, Аягөзді басып өтіп, найманға жетеді. Жарлыққа қарамастан найман-қаракерей төресі Бексұлтан Ағадайұлы немере бауырын құшақ жая қарсы алыпты. 500 салт атты жігіт, қосақтарына деп және 500 сәйгүлік, сойысқа, күш-көлікке деп жиыны 5000-дай түйе, сиыр, қой айдатыпты. Осыған қарағанда Кенесары Балқашты мұз құрсанбай тұрғанда шығыс жағын орай келгені көрінеді.
Оқырмандарға айтарым, 1829 жылы патшаның жарлығымен Аягөз ішкі округі құрылды. Округтің аға сұлтаны болып Бексұлтан Ағадаев төре сайланды. Оның орынбасарлығына А. Янушкевич таңдай қағып, бас ұрып жазатын Барақ сұлтан тағайындалды. Тумысында Бексұлтан берекенің, ымыраның адамы болса керек. Орыстар Барақ бас бермей кетеді деп, өздеріне ыңғайлы адамды сайладық деп ойлайды. Бұл кезде найманның алды Қопалыда (Қапалдың тарихи атауы) отырған шапыраштылармен іргелескен. Ар жағы жалайыр. Жалайырдың Сүйік (мақалада Сөк деген екен) Семейге 1810 жылдардың ортасынан бастап әлденеше рет өтініш түсіріп, бодандыққа алуды сұрайды. Соның нәтижесінде 1846 жылы Құнанбай қажының қатысуымен Шұбарағаш-Ойжайлауда Ұлы Жүздің сұлтан, билері Ақ патшаға адалдығы жөнінде Ант береді. Демек орыс ішкерілей бастаған.
Жетісуда ресми болмаса да орыс азды-көпті бар. Аралас басталып кеткен.
Ал қырғызға келсек - 1784 жылы қырғыз манабы Тынәлі баласы Әтеке (Иә, сол. Қабанбай батырмен 1770 жылғы Жайыл қырғынында жекпе-жекке шығатын Әтеке жырық. Дастанда бұл өледі де сүйегін қызы сұрап алады. Ал шын мәнінде ауыр жаралы жауын Қабанбай батыр қызына қайтып береді. Бұл соғыста Әтекенің қайын атасы Жайыл өледі) орысқа елші аттандырып, ол елші бір топ орысты қонаққа ерте келіп, қырғыз жерін аралатады. Кенесары Жетісуға келгенге дейін 50 жылдай өткенін есептесек қырғыз да орыстан құр алақан емес.
Камал қажы
Мақала Abai.kz сайтынан алынған