Ерлі-зайыпты майдангерлер
Қаншама қиыншылық көрсе де бір-біріне деген пәк сезімін аялап өткен ерлі-зайыпты майдангерлер Ахмет пен Қантай Омархановтар туралы сыр
1.Ахмет
Қолдағы деректер бойынша, Ахметтің әкесі Омархан өз дәуірінің бетке ұстар, сауатты да беделді адамы болған. Оның бауырлары Мәмбет, Махмет те көшелі кісілер екен. Махметтің Ақсұлу атты қызынан әлемге әйгілі академик, біздің жерлесіміз Манаш Қозыбаев туады. Мәмбет те – белгілі тұлға. Өз заманында аты алыс-қа кеткен, ағайын-туғанға жаққан, мың- ғырған мал біткен кісі болса керек. Міне, сол бауырлары Омарханды қамқорлыққа алып, қажылыққа жіберіп, мектеп ұстатып, халық ұлы етеді. Оның үш ұлы да кезінде білім алып, журналистік мамандықты игереді. Сыздық деген баласы отызыншы жылдары Ақтөбе облыстық «Социалистік жол» газетінде редактор болып қызмет істеп жүрген кезінде «халық жауы» кейпін киіп, атылып кетеді.
Ал Әбдіхалық атты ұлы «Челябинский рабочий» газетінде қызмет істеп жүргенде Ұлы Отан соғысы басталып, Ленинград шайқасына қатысады. Ол сол кескілескен ұрыстардың бірінде қаза табады.
Балалардың кішісі Ахмет те сол отызыншы жылдары ағаларының ізімен журналистикаға келеді. Сол тұста Магнитогор металлургия комбинаты құрылысында он мыңдаған жұмысшы мен маман жұмыс істеді. Сондықтан онда әлеуметтік желі дамыды. Бастауыш, жетіжылдық және зауыт-фабрика мектептері ашылды. Сонымен қатар ұлттар тілдерінде газеттер шыға бастады. 1934 жылы Бүкілодақтық коммунистік (большевиктік) партиясы Магнитогор округтік комитетінің, Магнитогор округтік атқару комитетінің, округтік кәсіпшілік советінің және Сталин атындағы комбинат басқармасының органы ретінде қазақ тіліндегі «Магнитогор жұмысшысы» газеті ұйымдастырылады. Ол сол жылы 8 қаңтарда жарық көреді. Ол 1936 жылдың аяғына дейін шығып тұрды. Сол жылы редакция Челябіге көшіріледі.
Омарханов Ахмет осы газетте әдеби қызметкер болады. Ол Уфадағы «Ғалия» медресесінде білім алған, білімі терең, қабілеті жоғары журналистердің бірі болады. Оны осы газеттің сақталған сандарын ақтарып, кезінде «Егемен Қазақстан» газетіне мақала жазған әріптесіміз Нәзира Жәрімбетова да растайды.
«Магнитогор жұмысшысы» газеті жа-былған соң Ахмет Ақтөбеге келіп, сондағы «Қызыл Ту» және «Социалистік жол» газеттерінде еңбек етеді.
Ахмет Омарханов соғыс басталмай тұрып, 1940 жылдың мамыр айында Қызыл Армия қатарына алынады. Мұнда ол Кушка қаласында шығарылатын «За Родину» дивизиялық газет редакциясында қызмет істейді. Соғыс басталысымен кескілескен ұрыстардың бел ортасында жүріп, Отан үшін от кешеді. 1942 жылы шілдеде, Ұлы Отан соғысы тарихындағы ең бір ауыр кезеңде, Ахметтің бөлімшесі немістердің тұтқынына түсіп, азап шегеді.
Ол алдымен Каунас қаласында, сол жылдың тамызынан бастап Германияның Деленбург қаласындағы «Цегенхаим» лагерінде отырады. Сол тар қапаста ке-зінде Мұстафа Шоқаймен кездесіп, сөзін тыңдайды. Міне, осы жайт оның өмірінің қара таңбасына айналады. Тіпті 1945 жылы наурызда лагерьден қашып шығып, америкалық әскерлерді паналаса да, соғыстан кейінгі жылдары оның басына қара бұлт үйіріле береді.
Соғыста тұтқында болған, Мұстафа Шоқаймен кездескен деген фактілердің өзі сол кездің саясаты бойынша Ахметті сенімсіз адамдар қатарына қосады.
Ал біздің қолымызда Қызыл әскер Ахмет Омархановтың лагерьден қалайша қашып шыққанын дәлелдейтін дерек бар. Ол сол тұтқында Ахметпен бірге болған оның майдандас досы, соғыстан кейін Пермь қаласы, Металлургтер көшесі 10 үй, 15 пәтерде тұрған Валентин Иванович Луниннің 1965 жылы 6 мамырда Меңдіқара ауданы «Қаратал» астық совхозында тұрып жатқан Ахметке жазған хаты. Хат былай басталады: «Привет из Перми. Ахмед, тебе пишет Валька Лукин, который делал побег из плена вместе с тобой и как мы пошли в разведку и попали под обстрел американских пулеметов…».
2.Қантай
Ахметтің құдай қосқан жары Қантай анамыз туралы сөз қозғамас бұрын оның осы Қостанай қаласында тұратын қызы – Талма Ахметқызына сөз берейік:
– Әкеміз 1937 жылы анамыз Қантайға үйленеді. Бірақ отбасылық өмір ұзаққа бармайды. Ақтөбе облыстық «Социалистік жол» газетінде істеп жүргенде нақақтан жала жабылып, «халық жауы» айдары тағылып, Ақ түрмеге қамалады.
Бірақ ақыры мәселенің ақ-қарасы анықталып, түрмеден босатылады. Оны кім, қалай босатты – ол жағы бізге белгісіз.
Әкеміз Меңдіқара жеріндегі Шөптікөл ауылының тумасы, шешеміз Қантай – ақ-төбелік.
Соғыс басталғанда анамыз өзі сұранып, майданға аттанады. «Не көрсем де Ахметпен бірге көремін» депті өжет қыз қауіпті сапарға аттанар алдында. Кім білсін, майданда сүйіктісімен кездесемін деп те ойлаған шығар. Ауылда өскен қыз соғыс өртінің жарты әлемді шарпып, адам тағдырын тәлкекке саларын ойлады дейсің бе?..
Кіші сержант Қантай Омарханова ІІ Беларуссия майданы авиаполкте байланысшы болып, өзінің жауынгерлік жолын бастайды. «Арқамызға салмағы 20-25 келі катушкаларды артып, окоп-окопқа байланыс тартатынбыз», – дейтін анам.
Сондай бір қауырт шақта жаралы болып госпитальға түседі. Жарқыншақ бал-ғын келіншектің төсінен тиіп, бір анарын жаралайды. Ақыры оны дәрігерлер кесіп тастайды.
Анамыздың алған сан медалі болатын. Соғыс Жеңіспен аяқталған 1945 жылдың мамырында маршал К.Рокоссовскийдің өзі қаршадай қазақ қызына мейірімін төгіп, бетінен сүйіп, құттықтаған екен.
– Сонда маршалдың жүрегі қуаныштан кеудесіне сыймай тұрғанын сезіп едім. – деп қайталайтын анамыз.
Соғыстан аман-есен оралған, қаншама қиыншылық көрсе де сағы сынбаған, жігері мұқалмаған әке-шешеміз Ақтөбе жерінде қайта қосылып, үш ұл, үш қыздың ата-анасы атанады. Анамыз бәрімізді жалғыз емшегімен ауыздандырып, мейірімін төкті.
Ахмет әкеміз 60 жылдарға дейін Ақтөбе газетінде істеді. Сталиннің кезінде соғыста тұтқынға түскендерді халық жауы деп қайта түрмеге жауып жатқанда елге қайтуға жүрегі дауаламапты. Өзінің туыс-туғандарынан да қол үзіп, хабар-ошарсыз жүрді.
Бір күні өзінің туысы Бекназар газет бетінен Омарханов фамилиясын көріп, Ақ-төбеге іздеп келеді. Бауырын елге қайтуға көндіреді.
1960 жылдың күзінде ата-анамыз Қостанай жеріне – өз еліне қоныс аударады. Содан әке-шешеміздің жаңа өмірлері басталады.
Әкеміз журналистиканы тастап, Орынбор ауыл шаруашылық институтында сырттай оқып, Қаратал ауылында зоотехник болып еңбек етеді.
Ол кісінің өмірбаяны балаларына жұмбақ болып қала берді. Әкеміз туралы ақиқат деректерді біле алмадық. Ол кездері заман басқа еді ғой. Балаларының болашағын ойлаған үрейі болар, әке-шешеміз соғыс туралы айтуды ұнатпайтын. «қойыңдаршы, еске түсірткізбеңдер, құдай басқа бермесін!» – деп отыратын. Кейбір деректерді біз жолдастарының хаттарын оқу арқылы білеміз. Ол кісілер іздеп келді де.
Әкеміз момын, үндемейтін сауатты кісі болатын. Есепке де жақсы еді. Газет-журналдарды көп оқитын. «Социалистік Қазақстан», «Коммунизм таңы» газеттерін үзбей алып тұратын. Сабақтан келгенде ас ішіп отырып, балаларға газетті дауыстап оқып беретін. Талқыға салатын. Барлық балалары жоғары білім алды, бірақ еш біреуі журналистика мамандығын таңдаған жоқ.
Бірақ Манаш аға айтып отыратын, менің тарихқа, әдебиетке құштарлығым нағашымнан жұққан деп. Манаш аға жазуға шебер еді. Өзінің кітаптарын сыйға тартқанда бетіне: «Үйдің жақсысы ағашынан, баланың жақсысы нағашыдан», – деп қолтаңба жазатын.
Шешеміз Қантай ауылда сыйлы келін болды. Үлкендер «Солдат келін» деп атайтын. Мінезі ашық, тік сөйлейтін, шындықты жақсы көретін. Денсаулықтары мықты, қуатты кісілер болды. Ешқашан дәрі-дәрмек ішіп, ауырып жатқан емес. Шешеміздің басы ауырып, балтыры сыздай қалса, моншаға жүгіретін. Елдің адамдары ата-анамды әлі күнге дейін аңыз қылып еске алады.
Әкеміз Ахмет 70 жасында, шешеміз Қантай 77 жасында дүниеден өтті.
* * *
Балалардың үлкені Дина – Қазақстанның еңбек сіңірген мұғалімі, Мұхит – экономист, Талма – банк қызметкері, Алма – «Қараталда» қызметте, Абай – полковник, Жанкелді – үлкен кәсіпкер.
Бүгіндер майдангерлердің жиырма шақты немере-жиендері бар, олар майдангер ата-әжелерін мақтан етеді.
Сәлім МЕҢДІБАЙ,
СУРЕТТЕРДЕ: Ахмет пен Қантай, 1980 ж.; кіші сержант Қантай және ол өмірінің соңғы жылдары; тұтқында бірге болған В.Лукин.
Суреттер Омархановтардың жеке мұрағатынан алынды
(Түпнұсқадағы тақырып:
СОҒЫСТЫҢ АУЫР СОҚҚЫСЫ)