Елтанудың өзегі – Ертегілер
Биыл Қазақстан мен Оңтүстік Корея мемлекетінің арасындағы әлеуметтік һәм экономикалық әріптестіктің орнағанына 22 жыл толды. Соңғы уақытта екі елдің арасындағы мәдени байланыстың тамырына қан жүгіріп келеді. Бұған дәлел жуырда Астанадағы Оңтүстік Корея елшілігінде «Корей ертегілері» кітабының тұсауы кесілді. Осы орайда біз аталған елдің төл мұрасын тұңғыш рет қазақ тіліне тәржімалап, оқырманға ұсынған белгілі шығыстанушы Дастан АҚАШПЕН әңгімелескен едік.
Дастан мырза, қазақ пен корей мәдениеті, әдет-ғұрпы, тұрмыс-тіршілігі қаншалықты ұқсас?
– «Үлкенге құрмет, кішіге ізет» қағидасы бұл елде де қатаң сақталған. Қонақ күту, қонаққа сый жасау, оны шығарып салу, келін түсіру, келінді екі жеңгесінің екі жағынан ұстап тұруы, үйге ақ құю, малдас құрып жер үстелде тамақтану, үлкенге арнайы барып сәлем беру, сырқатқа шалдыққанның көңіл-күйін сұрау, кішіге қамқорлық, ер адам мен әйел адамның отбасындағы рөлі бәрі-бәрі бір-біріне ұқсас. Айта берсек ұқсастық көп.
Өз басым Оңтүстік Кореяның Кёнджу қаласын аралап жүріп мынадай бір қызықты жайтқа тап болдым. Аталған қалада Чонмачон деп аталатын патшалар қабірі тұрған арнайы жерді аралап жүргенде, бізбен бірге еріп жүрген жолсерік корей зираттары төбешік болып келетінін, әрі жер астында бірнеше қабаттан тұратын зираттың бар екенін айтты. Адамның мәйіті тереңдеу қойылады екен. Анықтап айтсақ, сонау VII ғасырда өмір сүрген корейдің Шилла патшалығының мәйітті жерлеу мәдениеті мен біздің арғы бабаларымыз сақтар, қаңлы және үйсіндердің бұл тараптағы ғұрып-дәстүрі қатты ұқсас. Қазақ жерінде пайда болған салт-дәстүр Қытай асып, тұтас Азияға тарады деп тұспал жасауға болады. Корей патшалары қайтыс болғанда оларды өздерінің мал-мүлкі, ыдыстары мен тамақтарымен және құлдарымен бірге көмген. Ал сақтар мен ғұндар өз кезегінде «патшаға о дүниеде ат пен қызметшілері әрі тұрмыстық заттар қажет болады» деп түсінгені белгілі. Жалпы аталған аймақтан бұрынғы ата-бабамыздың іздерін тапқымыз келсе қазақ-корей ғалымдары бірлесіп, жіті зерттеу жүргізуі қажет. Екі елдің бүгінгі байланыстары бұл сонау бұрынғы мәдениеттердің ықпалы мен байланыстарының әлі де үзілмей келе жатқандығының бір белгісі іспетті.
– Ал осы ресми корей билігінің Қазақстан туралы көзқарасы қандай?
– Оңтүстік Корея Қазақстанды ядролық қарудан бас тартқан ел ретінде қатты құрметтейді әрі өзінің стратегиялық серіктесі санайды. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың бұл тарапта ұстанған саясатын қырғи-қабақ көршісі Солтүстік Кореяға үлгі ретінде көрсетіп, Пхеньянның да осы жолға түскенін қалайды. Біле білсеңіз, Қазақстан мен Корея Республикасының дипломатиялық және саяси қарым-қатынастары сындарлы диалог негізінде құрылған. Қазақстан Еуропалық Қауіпсіздік және Ынтымақтастық Ұйымы төрағасының қызметінде сәтті жұмыс жасаған Азиядағы бірден-бір ел екенін корей тарапы жақсы біледі. Орталық Азия елдерінің ішінде сөзден іске көшіп, әлемдік маңызы бар әр бастамасын жүзеге асыра білетін Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымының экономикалық және әлеуметтік кеңесінің құрамына мүше болып, өзін іскерлік қырынан танытты. ЭКСПО-2017 көрмесін өткізу мәртебесіне ие болды. Еліміздің осындай жетістіктерін Оңтүстік Корея жоғары бағалайды.
– Оңтүстік Кореяның тілін, ділін, дәстүрін жетік білесіз. Көп жылдар бойы бұл халықтың табиғатын тануда талмай ізденгеніңізді білеміз. Сіздіңше, корей халқының өзгелерден ерекшеленетін тұстары бар ма?
– Корейлер кез келген дүниені (ұсақ-түйегінен бастап ірісіне дейін) сапалы жасауға тырысады. Мысалы, 1950-1953 жылдар аралығындағы Корей соғысы кезінде Солтүстік Корея бауырлас елдің 80 пайыз территориясын бомбылап, ғимараттары мен жолдарын талқандап кетті. Әсіресе, жолдың жағдайы қиын болатын. Өйткені, Корея жерінің 85 пайызы таулы-жартасты жыныстан тұрады. Сөйтсе де сол жылдары қайта жөндеуден өткен жолдар әлі күнге дейін мызғымай тұр. Сол кездегі мынадай оқиғаны айтып берейін. Соғыс Оңтүстік экономикасын қатты тұралатып кетеді де, жол салу кезіндегі алғашқы жылдары олар Францияның көмегіне жүгінуге мәжбүр болды. Негізінде француздардың корей жолдарының құрылысын жүргізуге ынта танытуы тегін емес. Француз билігі осы арқылы Корей түбегіне саяси ықпал еткісі келген болатын. Жол құрылысы кезінде француздар корей елінің көптеген құнды жәдігерлерін, ескерткіштерді қолды қылады. Бұлардың көпшілігі әлі күнге дейін қайтарылған жоқ. Өзге елдің тарихи және мәдени мұраларын ұрлау-тонау бүтін бір елдің мәдениетіне жасалған қастандық деп білемін. Мұнысын олар мойындамай отырғаны да бүгінгі күннің шындығы. Корейлер табиғатпен үндесуді, онымен біте қайнасуды ұнататын халық. Соғыстан кейін Сеул билігі әр таудың басына тал егіп, таудың басындағы тал-теректі күтіп-баптауды бір-бір ауылға жүктейді. Қазіргі корейлердің әкелері мен шешелері, аталары мен әжелері таудың басына шығып, өздері отырғызған жас көшеттерге су құйып, тамырын құнарландырып отырған. Табиғатқа жанашырлықпен қарау уақыт өте келе мемлекеттік саясатқа айналды. Қазіргі кезде корей елі тұтастай «жасыл жұмақ». Менің білуімше сол уақыттан бері (1950-53) егілген тал-теректің саны бүгінгі күні бірнеше миллионнан асыпты. Керемет қой! Табиғат-анаға деген мұндай қамқорлық екінің бірінің қолынан келмесі анық. Корейлердің қанына сіңген бұл қасиет қазіргі таңда олардың қолынан шыққан технологияда да көрініс табуда.
Корейлердің көптеп тал егу себебінің тағы бір себебі мынада. Сөзімнің басында Корей түбегі негізінен тау-тастан тұратынын айттым. Ал жаңбырлы уақытта таудан аққан сел мен домалаған тас оның аясындағы ауыл-аймаққа қауіпті екені белгілі. Ал ағаш атаулы сел мен тастың жолын бөгеп, табиғи апаттың болмауына ықпал еткен. Қазіргі Кореяда дәл мұндай апаттардың сирек болуының бір себебі осында. Бүгінгі таңда бұл елде бірыңғай тал егу жұмысы тоқтатылып, денсаулыққа пайдалы және жеміс беретін талдарды отырғызу науқаны жүріп жатыр. Әсіресе, оттегіні молынан бөлетін ағаштар отырғызу жаппай қолға алынған.
– Біздің білуімізше, қазір корей кәсіпкерлері елімізде жел, күн энергиясын дамытудың үлкен мүмкіндіктері бар екенін айтуда және бұл тарапта қуатты үнемді пайдалануға болатын жобаларын ұсынып жатыр…
– Меніңше, олар өз жобаларын ұсынар болса, біз бұдан бас тартпауымыз керек. Жалпы Оңтүстік Корея инвестициясының құлашы кең. Қытайдың тауары бармаған әлемдік базар қалмаса, корейдің инвестициясы бармаған әлемде мемлекет жоқ. Қазіргі күні Алматы мен Астанада корейлердің ірі қаржылық орталықтары, сақтандыру әрі құрылыс компаниялары көптеп ашылып жатыр. Екі елдің кәсіпкерлері заманауи бизнес жобалар жасауда. Шынтуайтында, қазақ жеріне соны технологияны, озық тұрмыстық техниканы әкелген де осы корейлер. Бұған Елбасымыздың арқасында жүзеге асып отырған жағымды инвестициялық саясат кеңінен жол ашуда.
– Сізді оқырман Мұхтар Әуезовтің «Көксерек» повесін алғаш рет корей тіліне тәржімалаған білікті аудармашы ретінде таниды. Жақында Астанадағы «Корей мәдениеті» орталығында «Корей ертегілері» кітабының тұсауы кесілгені белгілі. Не үшін әдеби шығармаларының бірін емес, ертегілерін аудардыңыз?
– Меніңше, белгілі бір халықты тану үшін оның фольклорына үңілген дұрыс. Өз басым бұл ертегілерді қазақ балалары Шығыс ертегілерімен таныссын деп аудардым және кешегі ұлт жанашырлары секілді қазақ баласының білім көкжиегін кеңейтуді мақсат тұттым. Ел Еуропа деп жатқанда мен Шығысты ұсынғым келді. Осылайша бір елдің төл мұрасы – ертегілерін аударып шықтым. Әрине, мұнымен шектеліп қалмау қажет. Болашақта қытай және жапон ертегілерін неге аудармасқа? Мұндай бастамалар ел мен елдің арасындағы мәдени байланыстарды күшейте түседі. Қанша экономикалық қарым-қатынас десек те, мәдениетсіз және достықсыз инвестициялық жобалар шешімін таппайды. Ертегілердің тұсаукесерінде корей елінің елшісі Пэк Чу Хен мырза сөз сөйледі. Тұсаукесер Астанада «Корей мәдениеті» орталығында «Фолиант» баспасының мұрындық болуымен ұйымдастырылды. Осы шараға қолдау білдірген елшілікке, корей мәдениеті орталығы мен баспаға алғысымды айтамын.
Әрине, мұнымен тоқтап қалғым жоқ. Алдағы уақытта сөздігім шығады. Бүгінге дейін 400-ден аса қазақ мақалдарын корей тіліне аудардым. Бұдан сырт қазақ классиктерінің шығармаларын аударуды жүзеге асырудамын. Жуырда бәрі кітап болып басылады. Әрине, мемлекет тарапынан қолдау болса артық етпес еді. Әйткенмен «өзім дегенде өгіздей күшім бар». Еңбегім жеміссіз емес, нәтижесін беріп жатыр.