ДЕРЕКТІ ЖӘНЕ КӨРКЕМ ПРОЗАДАҒЫ БҮГІНГІ КЕЙІПКЕРЛЕР

ДЕРЕКТІ ЖӘНЕ КӨРКЕМ ПРОЗАДАҒЫ БҮГІНГІ КЕЙІПКЕРЛЕР

К.Паустовскийдің «Исаак Левитанында» Саврасовтың шеберханаға барғанда: «Нені жазып жатсыңдар? Темекі түтінін бе? Күл-қоқысты ма? Былжыраған батпақтарды ма?» деп ашуланатыны бар. Саврасовтың жүйкесіне кедей суретшілердің бай-манаптардың үйін, тұрмысын салуы тиетін. Өзі де солай істегені үшін қатты өкінетін де. Қателіктерін қайталамасын деп шәкірті Левитанға үнемі пейзаж салдыратын. Бұл суретші өзі көріп, түйсіне алатын дүниелерді жазғанда ғана өнер туатынын білгендіктен барған қадам еді. Бұл сюжеттің біздің қаламгерлерге де қатысы бар сияқты көрінеді. Көркем, деректі прозаның өкілдері өз кейіпкерлерін қалай жазып жүр? Кедей суретшілердің күйін кешіп жүрген жоқ па? Осы мазмұндағы сауалдарымызға жауапты қаламгерлердің өз аузынан естісек деп едік...

Адам МЕКЕБАЕВ, жазушы:
– Қазір уақыттың, қоғамның, формацияның өзгеруіне байланысты көркем және деректі прозаны білек сыбанып жазатын жазушылар азайып кетті деуге болады. Жазушылық – о баста Құдай берген талантының арқасында «жазбасам болмайды» дейтін адамдардың шаруасына айналды. Бұрнағы, социализм кезінде жазушыға қаламақы беріп тұрса, ал қазір оның еңбегі мүлде еленбейді. Біз жаңа формацияға өткеннен соң, жаңа әдебиеттің жаңа талаптары, жаңа тұжырымдары жасалуы керек еді. Бірақ ондай болмады. Мәселен, шетелде жазушылық идеология емес, бизнеске айналған. Олар билікке де, министрлікке де алақан жаймайды. Кітаптың сатылымына байланысты өз ақшасын алып отырады. Бәсекенің арқасында барлық қаламгерлер сапалы жазуға тырысады. Оқырман, халық қалағанын сатып алады. Осы тұрғыда, бізде де оқырман іздеп жүріп оқитын дарынды жазушылар баршылық. Мысалы, Марал Ысқақбай, Әнес Сарай, Бексұлтан Нұржеке-ұлы, Қажығали Мұқамбетқалиев, Асқар Алтай, Айгүл Кемелбаева, Думан Рамазан, Серік Нұғыман, Мадина Омарова, т.б. ерекше атар едім. Бұл қаламгерлердің бәрі көлемді романдар жазуға мүмкіндіктері, ішкі потенциалы жетеді. Бірақ оған уақыт керек. Қажығали Мұқамбетқалиев «Тар кезеңін» ұзақ жылдар бойы жазды. Әлем әдебиет тарихына көз жүгіртсеңіз, ешқайсысы жұмыс істемегенін байқайсыз. Өйткені, жазудың өзі – жұмыс. Жұмыс істеген адам әр нәрсеге алаңдайды. Алаңсыз жазылған шығармалар сапалы шығатынын тарихтың өзі дәлелдеді емес пе?! Қазір күнкөрістің қамымен жүріп қаншама қаламгерлер жазуды тастады.
Жазушы деректі прозаны жазу арқылы тарихқа бір табан жақындайды. Ораз Қауғабайдың «Таңғажайып Қонаевын», Табыл Құлиястың «Миға қонған бомбасын» оқып шығып, ойға қалдым. Табыл ағамыздың жасы сексенге жуықтаса да, Ресейдің архивтерін ақтарудан бір шаршаған жоқ. Табыл Құлиястың «Миға қонған бомбасы» тұнып тұрған қазақ тағдыры, қазақ трагедиясы, қазақ өмірі, қазақтың өткені турасында сыр шертеді. Осы жазушының еңбегі әлі айтылмай келеді.
Көркем прозаның кенжелеп қалуының көптеген себебі бар. Біріншіден, оған үлкен дайындықпен келу керек. Екіншіден, оның еңбегі бағаланбайды. Бір роман жазу үшін Толстойға бес жыл уақыт керек болған. Бүгіндері сөйтіп жазу мүмкін емес. Өйткені, отбасыңды асырауың қажет. «Соғыс және бейбітшіліктің» алғашқы кітабы жарық көрген жазушы «Ясная поляна» сияқты тағы бір жер алатындай мүмкіндігі болған, барлық қарыз-құрызынан құтылған. Шыны керек, қазір әдебиетте жанкештілер ғана жазып жүр. Капиталистік қоғамда жазушы идеолог емес, жазушы бизнесменге айналуы керек. Бүгіндері проза жазатын адам қалмай барады. Мәселен, мен роман жазғым келеді. Егер жағдай жасалмаса, оны несіне жазамын? Қолдан жасалған тоқырау басталды. Енді бүкіл жүйені қалай қалпына келтірерін өзіміз де білмей отырған жайымыз бар. Швеция, Финляндия, Норвегия сияқты елдерде жазушының еңбегі жоғары бағаланады. Үсті-үстіне түсіп жатқан гонорарды алып, ары қарай жазуын жаза береді. Ал бізде біреу ортақол шығарма жазса, оны жер-көкке сыйдырмай мақтаймыз. Алдымен ол халыққа ұнау керек қой. Себебі, қаламгердің өнімін тұтынатын халық, оқырман. Мемлекет кітап жүйесін жолға қоюы керек деп ойлаймын. Қазақстанда жүзден аса баспа бар. Бәрі тендерді ұтып алған соң, амалсыз сапасыз кітаптар шығара бастайды. Жазушыға көк тиын да бермейді. Енді айта берсең мәселе өте көп. Сондықтан осы тығырықтан шығатын жол іздейік!..
Мағира ҚОЖАХМЕТОВА, жазушы:
– Соңғы екі-үш жылда жарық көрген деректі прозаның жүгі көркем прозаға қарағанда, әлдеқайда салмақты көрінеді өзіме. Оқырман ретіндегі сұранысымнан да осылай айтып отырған шығармын. Нақтылы факт, кезең, оқиғаға құрылған дүниелердің маңызы зор. Мәселен, Жанат Елшібектің / «Ана тілі» баспасы, 2012 ж./ «Сырлы әлеміндегі» әдеби портреттер, эсселер, мөлтек әңгімелер қазақ зиялыларының таңғажайып галереясын құрап, өткен ғасырдың жетпісінші жылдарынан бүгінге шейінгі уақыттың толыққанды бейнесін көрсеткен. Қазақ қоғамы кешкен тірліктің көрінісі көрнекті қайраткерлер тағдыры арқылы көз алдыңнан тізіле өтіп жатады. «Жебе-қаламын» заманның ұшқыр қанатына айналдырған Шерхан Мұртазаның мұзарттарға самғап, шыңға ұласқаны автордың да өмір жолымен астасып жататыны сондай жылы әсер қалдырады. Өзіндей көптеген қауырсын қаламның қамқоршысы болған танымал қаламгердің бейнесін сүйсіне де құлшына суреттегенде, қолтаңбасының басқа ешкімге ұқсамайтынын ең алдымен көңілге түйесің. Куә ретінде зерделегені көпшіліктің ортақ игілігіне жалғасып, сірескен сеңді сөге білген батыл, ұлтжанды азаматтың қоластында істеген жылдарының құнды шежіре екенін еріксіз мойындайсың. Шерхан аға шекпенінен шыққандар көп, бірақ дәл Жанаттай бас редакторын қым-қуыт жұмыс барысында жан-жақты бейнелегендер аз.
Алыптардың қасында бекер жүрмепті. Жанаттың ой, пікірлеріне ден қоймау мүмкін емес, құлашын кеңге созып, еркін көсіледі. Өзі айтқандай: әр сөзді, әр деректі, әр цифрды елеп-екшеп сөйлету оңай емес. Сүзіп алар дәнегі мен мәйегі жоқ материал – әсерсіз дүние. Қуатты қалам қашан да қалтылдатпай ауыр сыннан алып шығады. Осындай ойларының арқасында журналистік кәсіптің сан қатпарлы екенін ұғынған Жанат баспасөздің қара нары бола жүріп, әріптес ағаларының, замандастарының табысына, қуанышына риясыз ортақтасып келеді. Солардың алдыңғы қатарында тұрған Сейдахмет Бердіқұловтың дара қолтаңбасы сұлу сөзден сарай соғып, небір озық, жаңашыл жәйттердің бел ортасында жүргені бәріміздің есімізде. Есіміздегінің өзі бірте-бірте ертегіге сіңіп кеткендей. «Жұмыр жерді шарлаған егеулі найза – қуатты қаламы қашаған бітімі, мінезі, ерек ғұмырлы кітаптардың талай оқырманын тәнті етері аян. Сондықтан да Сіздің есіміңіз ұмытылмайды, аға», – деп біздің толқынның рухани әкесі жайлы тебірене сыр шертеді. Тіпті, өзіміз жүріп өткен жолдың өзімізге беймәлім тұстарымен қауышқан қызық екен. «Қаламгерлердің нағыз ұстаханасы саналатын басылымның абыройына дақ түсірмеуіміз керек» деп өткен бас редактордың қайнаған жұмыс үстіндегі әрбір әрекеті, енді ойлап қарасақ, тұнған үлгі, өнеге екен-ау. Ірілі-ұсақты фактілерге шейін бірден көкейге қона кетеді. Бүгінгі журналистерге берері мол. Бітімі бөлек сергек суреткерді қоршағандардың да сан алуан қыр-сыры алдыңнан шығады. Бағдат Момбеков, Съез Бәсібеков, Серік Әбдірайымов, Алашыбай Есмағамбетов, Тұрарбек Бұшпақбаев, Әскер... қай-қайсы да өз ісінің шебері еді. Жанаттың «Бердіқұлов мектебінен» дәріс алған өмірімнің қимас, ұмытылмас кезеңі... Әр жылы ғасырларға бергісіз алаңсыз көктемім – жалын шағымда Сәкең ұстаздан үйренгенім өте көп» деуінің астарында біразымызға ортақ қазына жатыр. Жемістеріміз бен жеңістеріміздің қайнар бұлағындай қайталанбас өткен шақпен қауыштырады Жанат. Кезінде мән бермеген, бағаламаған жәйттердің мұншалық ыстық көрінгеніне таң-қалдым. Қыруар қарбалас та жауапты жұмысты абыроймен атқара жүріп, күнде жиын, күнде той боп өткен қайран сол кезеңнің төресі, төбесі – Сейдахмет аға екенін есімізге салады. Кейінгілердің білуі үшін де қажет бұл. Ар-ожданнан, намыстан, әділдіктен жұрдай тоналмас үшін де қажет бұл.
Кейіпкерінің өзіне ғана тән болмысын Жанат шынайы, нақты жеткізеді. Қызметін бір ғана «Социалистік Қазақстан» газетінде жасаған сирек жан Балғабек Қыдырбекұлының ешкімнен тайсалмайтын өр мінезі шағын штрихтар арқылы оқырманына жылы әсер қалдырады. Бас редакторлыққа бекіген алғашқы күндердің бірінде құттықтап, телефон шалған Дінмұхамед Қонаев: «Әлі бұрынғы орында отырмысың» дегенде, «Димеке, көп рахмет! Отыз жыл күткен орын ғой, үш күн тоса тұрар» дейді еш мүдірместен. «Газет – күн секілді. Шығады – батады, батады – шығады. Қай-қайсың кетіп қалсаң да бұған дейін шығып келген газет шыға береді. Үш ай ауырып жатқанда менсіз де «СҚ»-ны шығардыңдар ғой», жұмыс жоспарын сұрап асықтырған Орталық Комитеттегілерге «ештеңе етпес... азар болса, коммунизм екі күн кешігіп орнар», «немене, Политбюро мүшесі телефон соққанда даусым дірілдеп, тізем қалтырап тұруы керек пе?!» немесе «не өліп қалмай, не тіріліп кетпей бұл Тито титықтатып бітірді ғой», «азуы жоқ газетті кім оқиды», «газетті макеті емес, мазмұны оқытады», т.б. әлдеқалай айтылған сөздеріне шейін мірдің оғындай.
Жазушы Құлтөлеу Мұқаштың «Ұзақ бұралаң жол» / «Жібек жолы» баспасы, 2012 ж./ «Салбурын» / «Арко» баспасы, 2013 ж./ роман-эсселерінің кейіпкерлерін расында да біздің заманның қаһармандары деуге лайық. Ең алдымен тақырыбы тың, бұрын-соңды пәлендей қамтылмаған күрделі тағдырлар. Шығыс Түркістанның алай да дүлей дүрбелеңдеріне қатысты болғандықтан да тоқсан жылдың аясында Ғалым Нөкіштің басынан нелер ғана өтпеді десеңізші! Және мұның бәрі кең мағынада Отан, туған жер, өскен орта, сол кезеңдегі белгілі саяси тұлғалармен өзара сабақтаса жалғасады. Шығыс Түркістанның азаттығы жолында жандарын пида қылғандардың қасіретті тағдыры, белгілі, белгісіз фактілердің басты кейіпкер арқылы бүгінге жеткен жұрнағына шейін құнды. Құлтөлеу Мұқаш нысанаға алғанын түбегейлі зерттеп, танымдық деңгейімен қызықтыра біледі. «Салбурын» – ұлтымыздың мүлдем ұмытыла жаздаған құсбегілік өнерін қайта тірілтіп, әлемге даңқын асырған саятшы Есенбектің Тілеуғабылының «Таңсәріден іңірге дейін», бір күнгі тірлік тынысынан оқырман да телегей-теңіз тебірене ой түйеді. Атақ, абыройдың оңайлықпен келмейтіні түсінікті десек те басты кейіпкердің жүйкені жұқартар толып жатқан кедергілерден өту машақаты зерделі жанның біразына ортақ. Бүгінгі кәсіпкер, кешегі Кеңес Одағының қызметкері жүріп өткен жол іздерін нанымды сайратады автор. Намысқой, тереңнен ойлайтын ұлтжанды жігіттің тұжырым, пайымдауы қандай десеңізші! Арғы-бергі тарихымыздың өкініші, мұңы, зары, тілегі, арманын, туған мекеніміздің қайталанбас келбетін кейіпкердің жан дүниесімен шынайы қабыстырып, қазақ жігітінің түйсіну, сезіну, болжау, қабылдау ерекшелігінен халқымыздың өшіп жанған небір құндылықтарын айқындай көрсетеді. Тереңнен толғап, өткенді барласа, бүгінге алаңдап, ертеңнен үміт күтеді екі кітабының да кейіпкерлері. Бүгінгі көркем проза кейіпкерлері туралы әлдене деуім ыңғайсыз, кейінгі жылдары оның пәлендей қызықтыра қоймағанын ұят та болса, мойындамасқа амалым жоқ.
Рахымжан ОТАРБАЕВ, жазушы:
– Екеуінің міндеті екі басқа. Деректі шығарма нақтылықты талап етеді. Мәселен, Абылай хан, Бейбарыс сұлтан, Қабанбай, Бөгенбайлардың образдары деректі шығармаларда құжаттық ауқымнан аса алмайды. Сонысымен қымбат. Ал көркем прозадағы дәл осы кейіпкерлердің бейнесі өмір сүрген кезеңдегі оқиғалардан бұра тартып кетпесе де, көркемделеді, әсемделеді. Алуан бояу жағылады. Яғни қиялға ерік беріледі. Бұл да қалың оқырман үшін сүйкімді тәсіл.
Еліміздің тарихшыларының кейбірінде үлкен бір мін бар. Олар белгілі бір тұлғаның өмір сүрген ортасы, сол кездегі саяси ахуал, қайшалысқан пікір алуандығын ескермейді. Оған бүгінгі өз көзқарасын таңады. Солай баға береді. Ал бұл сол кейіпкердің, қазаққа ортақ тұлғаның ауқымды бейнесін жасауда, жалпы көзқарасын ашуда үлкен кедергі болып табылады. Осы тұрғыдан алғанда, қазақ қаламгерлерінің деректі болсын, көркем прозада болсын, еңбегі зор деп білем. Ал бүгінгі күннің кейіпкері тәуелсіздік алғаннан бергі уақыттың бет-бедерін айқындауы керек.
Дархан БЕЙСЕНБЕКҰЛЫ, жазушы:
– Қаламгердің кейіпкер таппай қиналуы – қоғамның тоқырауы. Негізінде, біздің айналамыздағы жүрген жандардың барлығы да кейіпкер. Біз тек солардың жан-дүниесіне үңіліп көрдік пе? Алайда, бір мәселе анық. Ол осы кейіпкерлеріміз өзіндік бейнесін шынайы сақтай алып жүр ме? Жалпы, өзім мойындайтын бір дүние – біз шынайы қалпымызды жоғалтып алдық. Айналамдағы жандардың бәрінен жасандылық көремін. Өзім де соның бел ортасында жүрмін. Бәлкім, бұл менің кемшілігім, яки, ішкі күмәнім болуы да мүмкін. Яғни осы өзіміздің болмысымызды былғап алуымыз – біздің шынайы әдебиеттен алыстауымызға әкеп соқтырды. Неге дейсіз ғой? Өйткені, біз кейіпкердің жан-дүниесіне үңілуді қойдық. Есесіне, оның сыр-тқы бейнесін, пенделіктерін бірінші байқап қоятын «керемет» қасиетке ие болдық. Осыдан келіп, біз кейіпкерді екі колонияға бөле салдық. Ақ һәм қара. Алайда, адам – ең бірінші пенде Жаратылысымыз солай. Дегенмен, оның жан арпалысы, ары мен ұяты тайталасып жатар сәтті сезіне алмадық. Бәлкім, оған құлықсыз болдық. Кеңестік әдебиетті жоққа шығаруға құмар-мыз, бірақ та оның зардабына, санамызды ойрандап кеткен залалына мән бердік пе? Іргелі зерттеу жасап, кемшілікті көзге шұқып көрсеттік пе? Кеңестік идеологияның қуатты машинасы тұтас бір ұлттың, қазақ халқының ұлттық мінез-құлқын түбегейлі өзгертіп жібергеніне неге бас қатырмаймыз? Соның салдарынан шығар, біздің кейіпкерлеріміздің шын-дықтан жырақта өз бетімен лағып жүргені...
Кей-кейде сананы торлаған ой шырмауының ішінен мынандай бір сәуле жылт ете қалады: тәуелсіздіктен бергі кезеңде қазақ прозасында кесек образдардың, шынайы, қазақи болмыстың тумай жатуы – бұл біздің қоғамдағы психологиялық бетбұрысқа асықпауымыздың салдарынан емес пе? Егемендігіне қол жеткізіп, тәуелсіздігін тұмардай қастерлер қоғамның санасында психологиялық ілгерілеушіліктің болуы заңдылық емес пе. Жалпы, біздің қанымызға сіңген ғадет пе, білмеймін, біз өзі жақсылықты да салқынқанды қабылдаймыз. Шынайы қуануды да ұмыттық. Бұл ненің көрінісі болуы мүмкін? Қожайынға жалтақтап, соның күлуін күткен құлдық сана ма, әлде қуаныштың артынан қайғының қатар келетінін сезе қоятын «аңғарымпаздық» па?
Рас, шынайы суреткер, профессионал – өз деңгейінде кейіпкер сомдайды. Қалыптастырады. Өнердің өзін өмірге айналдырып жібереді. Суреттеумен сендіреді. Оған сөз жоқ. Ауызды қу шөппен сүртпейміз. Бір ғана Бейімбет қаншама өлмейтін кейіпкер сомдап кетті. Өз заманының шы-найы бейнесін бізге көркемдеп жеткізді. Реалистік тұрғыдан біз сол кейіпкерлерден заманның құбылысын, формациясын, тіпті адами қарым-қатынастардың қарапайым көрінісін анық аңғара аламыз. Ал енді осы кепті бүгінгі кезеңге тоқайластырсақ – онда бұл біздің адам танудағы кемшілігіміз, көз алдымызда өтіп жатқан өмірді бір ғана ракурстан қабылдайтын мешеулігіміз, шынайы суреткерлік деңгейге көтеріле алмаған жадағайлығымыздың салдары деп білген жөн.
Кез келген халықтың ұлттық әдебиетінде айрықша кейіпкерлер шоғыры бар. Ол кейіпкерлер сол халықтың кумирі, әдебиетінің бет-бейнесі. Кесек кейіпкер тумаған әдебиет – жетім әдебиет. Ұсақ-түйек образдар ұлттың келбетін қалыптастыра алмасы анық. Ал біздің ұлттың кесек мінезі, өр бітімі, шынайы болмысы бүгінгі таңда бөлшектеніп кетті, тым ұсақталып майдаланды. Әрине, оның да өзіндік себептері бар. Оны атап жатудың қажеті шамалы. Алайда халық интеллектуалдық деңгейге көтерілуі үшін өзінің ұлттық ерекшелігіне, ұлттық кемшілігіне күле қарайтын деңгейге жетуі тиіс қой?! Біз неге кемшілігімізге шамданып шыға келеміз, неге әпенделігімізге араша түсеміз? Жасандылықтан ада болмай, адамдардың бойындағы іңкәрлік сезім мен қайсар рух қатар өріліп, шынайы өмірге қадам баспай, біз биікке көтеріле алмайтын шығармыз. Ұлт деңгейінен жоғалып кетпейміз. Алайда, өз ішімізде бықси береміз. Бұл – ұлттың интеллектуалдық санасының қалыптасуына да, ұлттық әдебиеттің шынайы образдарды тудыруына да кері әсер етер фактор. Демек, біздегі ұлттың сапасы артпай, әрбір адам тұлғалық деңгейге көтерілмей, біздің кейіпкерлердің көмескі бейнесі шынайыланбайды.
Әдебиет – адамзаттың жан-дүниесінің айнасы. Тоқыраудан шығуға талпынған қоғамда кейіпкерлік сұраныс артады. Бұны ертегілерімізден, қисса-дастандарымыздан аңғарамыз. Сол секілді, бүгінгі даму үрдісінде де көркем әдебиетте кейіпкерлерге, соны образдарға сұраныс арта түсуде. Ендігіде біздің кейіпкерлер жас қазақтың өркендеуі жолында дем берер, рухын оятар – ұлтын сүйер, мемлекетшіл, мақсатшыл, осы тәуелсіздік жолында топырақ болуға жарайтын жаңа буынды тәрбиелеуге қызмет етуі тиіс-ау.
«Қазақ әдебиеті» газетінен

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста