Даманск мен Жалаңашкөл қарулы қақтығысы туралы не білеміз?

Даманск мен Жалаңашкөл қарулы қақтығысы туралы не білеміз?

Соңғы екі апта редакцияға «Біз Даманск соғысының ардагерлеріміз. Мәртебеміз Ұлы Отан соғысының қатысушыларымен бірдей. Бізге әлеуметтік жәрдемақы бөлінбей жатыр», – деген пайғамбар жасын аттаған екі-үш ақсақал ағалар бас сұқты. Таныстық-білістік. Етене әңгімелестік.
Солардың бірі – Керімқұл Сүлеев атты қақпақ жауырынды, шоқша сақалды, дембелше келген кісі екен. Кең кеудесі орден-медальға толы. Жоғары жағында бес жұлдызды «Қызыл жұлдыз» ордені бірден көзге ұрады. «Інім, Даманск мен Жалаңашкөл қарулы қақтығысын естіп пе едің?» – деді бірден сұрақтың астына алып. Ойланып қалдым. Есіме еміс-еміс өзенге батып кеткен шынжыр табанды танк, сол жылжымалы ауыр зеңбірек үшін болған Қытай мен Кеңес одағы арасындағы Қиыр Шығыстағы қарулы шырғалаң түсті. Ресейдің бір басылымынан оқығаным бар еді, ертеде. Айтып бердім. «Бәрі дұрыс, ондай оқиғаның орын алғаны рас. Алайда, алып екі державаның «сүзісіп» қалуына алақандай аралшық себеп болған-тұғын. Ал сенің айтып тұрған танкіңді кейіннен қытайлар өзеннен шығарып алып, бас қалаларына апарып тас тұғырға ескерткіш етіп қойған-ды», – деген үлкен кісі сол оқиғаның бел ортасында оқ пен оттың «омартасында» басынан кешкен қиын күндерді есіне алды. 45 жыл бұрынғы ойранда көп адам опат болыпты. Керімқұл аға сол сұрапылда байланысшы қызметін атқарыпты. Бар болғаны бір апта ішінде ауыр жараланыпты, ұрыс даласында.
Ес-түссіз жатыпты он екі тәулік. Бір қабырғадан айрылып, контузия алыпты. Сол кезде екен «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталғаны, көзсіз ерлігі үшін. Ол қандай ерлік? Ол туралы соңынан... Алдымен оқиғаны оқырманға жеткізу үшін сол 1969 жылға қайта оралып, кикіл-жіңнің неден шыққанына терең зер салуға архивке үңілдім. Әскерилерге жолықтым. Мәселенің мәнісін аштым.
                                                                                                                                         
Берік СӘДУАҚАС

Жер дауы 1689 жылы Цин империясы тұсынан тамыр тартады
1919 жылы Парижде өткен бейбітшілік келісімінен кейін мемлекеттер арасындағы шекара шегі өзендер ортасынан бөлінсін деген ресми тәртіп қабылданды. Бірақ, бұл тәртіп міндеттелмеді. Оның үстіне мемлекеттердің өзендердің арғы, бергі жағалауларына деген ежелгі тарихи дәйектерге сүйенген өз ұстанымдары болды. Ал енді талас тудырған Уссури өзеніндегі Даманск аралының (қытайша – Чженьбаодао) тарихи тамырына көз жүгіртіп көрейікші. Көне дәйектердің мәліметінше, 1685 жылдың қараша айында Ресей патшасы ұлы Цин империясымен арадағы шекараны белгілеп, әрі тұрақты сауда қатынасын орнату үшін Қиыр Шығысқа елші жібереді. 1689 жылы тамыз айында екі жақтың дипломаттары Нерчинск қамалында кездесіп, екі ел арасындағы шекара шебін анықтайды да, келісімге қол қояды. Содан араға тағы да жылдар салып (1727 ж.), Амур мен Уссури өзендері бойымен шектелетін және Уссури өзенінен Жапон теңізіне дейінгі шекараны белгілейтін «Кяхтинск» келісімін, тағы да уақыт өте 1858 жылы «Аргунь» келісім-шартын жасайды. Алайда, толып жатқан өзен мен өзен сағалары, көлдер мен көлшік-шалшықтар, тау, төбе, қыр жықпылдары және аралдар турасында бәрібір түсініспеушіліктер көп болды. Өйткені, нақты карта сызбалары ол кезде әлі жетілген жоқ еді. Сөйтіп, жаңағы жоғарыда айтқан 1919 жылғы Париж келісімінде Ресей мен Қытай арасында нақты шекара демаркациясы, яғни қазақшаласақ, атын атап, түсін түстеген құжат жасалды. «Міне мынау сенікі, ал мынау менікі», – деген. Ал, Қазақстанға қатысты тұстары 1864 жылы генерал Колпаковскийдің губернатор кезінде Шәуешек қаласында ресми хатталған. 1960 жылдары Қытайда билік тізгінін мықтап ұстаған Мао Цзедун көсем шекарадағы 22 жер теліміне қатысты дау көтеріп, 1,5 млн. шаршы шақырым жер аумағының Кеңес одағына «абайсызда» өтіп кеткендігін мәлімдейді.
Сол сол-ақ, екен «қашайын деген киік еді...» демекші, қара Қытайды шаптан түрткен шатақ басталды да кетті. Қытай жағынан шекара шебін қасақана бұзу әрекеттері көбейді. 1964 жылы Кеңес әскербасылары Бейжінге барып, алты ай бойы шекара мәселесін қайта қопарды. Аргунь, Уссури өзендеріндегі аралдардың тағдырын бәрібір түпкілікті шеше алмады. Келісім кейінге қалдырылды. Осыдан кейін-ақ бір идеологиядағы екі көрші доң-айбатқа көшіп, қабақтарын түйе берді. 1965 жылдан 1968 жылға дейін әлденеше рет қытайлар тобырымен шекараға лап қойып, қып-қызыл төбелес ұйымдастырады. Иә, иә, кәдімгі жұдырық жұмсайтын қырғын төбелесті айтып отырмыз. Кейіннен 1969 жылғы наурыз айындағы қарулы соғыста Кеңес одағының батыры атанған Бабанский өз естелігінде былай деп еске алады. «Ақпан айында шекарадағы заставаға бөлімше командирі болып бардым. Заставаға келсем, аспазшыдан өзге ешкім жоқ. «Бәрі қайда кеткен?» деп сұрасам, аспазшы «Бүкіл құрама жағалауда қытайлармен қол төбелесіне кеткен» деп қарап тұр. Автоматымды мойныма ілдім де, мен де жүгірдім. Жетсем, шынымен де жаппай қырғын төбелес жүріп жатыр. Қытай шекарашылары біз жаққа 500 қаралы болып өткен. Застава командирі Стрельников бүкіл құрамды көтерген. Мылтық атысы жоқ, рахат. Біздің жігіттердің бәрі дерлік еңселі де, қытайлар болса шап-шағын, белімізден сәл асады. Бірақ, өте шапшаң, бұлт-бұлт етіп ұстатпай жүріп соғады. Мен де қаруымды тастай сала кірісіп кеттім. Айызыңды қандырып дөп соғу алғашында қиындау болды. Уақыт өте төселе бастадық. Біреумізге 2-3 қытайдан келеді. Секіріп жабысқандарды сілкіп жығып, итше тепкіледік. 2 сағат төбелестен кейін шекара сызығынан ығыстырып шығардық-ау әупірімдеп. Мұрын да бұзылды, күтір-күтір жақ та сынып жатыр. Артынша ойлап қоям, «Қандай көңілді застава» деп. Бұл оқиға 1969 жылы 4 ақпанда «Киркинский» аралында болған еді.
1969 жылы 2 наурызда 300 Қытай әскері шекараға басып кірді
Сол кездегі құжаттар мұндай қарулы қақтығысқа итермелеген арандатушылық әрекеттер қытай шаруалары тарапынан да жиі қайталанған дейді. Бір жылдың ішінде ғана 40-қа жуық жаппай төбелес орын алып, шекара шебі бұзылып отырған. Қытай үкіметі ақпарат көздерінде, керісінше, Кеңес одағын «шекара бұзды, қарапайым шаруаларды ұрып-соқты» деп бұқара халықты сендіріп келген. Содан 1969 жылғы 19 ақпанда Қытай Бас Штабы мен сыртқы істер министрлігі «қару күшімен жауап беруге» өз келісімдерін береді. Сол уақыттарда Қытайда КГБ-ның резиденті болған Ю.Дроздов өз естелігінде Кеңес одағының Даманск аралы тұсынан Қытайдың қарулы шабуылы болатындығынан дер кезінде хабарланғанын және оған толық дайындалғаны туралы айтады.
1969 жыл. 1 наурыздан 2-сіне қараған түн. Мұздай қаруланған 300 қытайлық жауынгер Даманск аралына басып кіріп, шеп құра бастайды. Таңғы сағат 10.00-де 57-Иманск шекарашылар отряды штабына алғашқы суыт хабар жетеді. Аралға «Нижне-Михайловск» заставасының командирі, аға лейтенант Иван Стрельников бастаған 32 шекарашы Газ-69, Газ-63 автомашинасы және бір әскери БТР-мен аттанады. Сержант Рабович бастаған шекарашылардың екінші тобы аралдың оңтүстік жағалауынан Стрельниковтің отрядына көмекке келеді. Сағат 10.45. Иван Стрельников қытай әскерлеріне Кеңес одағының шекара шебінен шегінуге ауызша талап қояды. Сол мезетте Қытай жағынан жеткен елші бір қолын жоғары көтереді де, алдын-ала келісім бойынша қытайлықтар бұрқырата оқ жаудырады. Мұндайды күтпеген шекарашылар түгелдей тіл тартпай опат болады. Бұл сәтті отряд құрамындағы әскери тілші Николай Петров фотоға түсіріп, кейіннен айғақ ретінде пайдаланады. Осы тұста жәрдемге жүгіріп жеткен сержант Рабовичтің де толық бөлімшесі табан астынан болған атыстан шейіт кетеді. Шекарашылардың өлі денесін қытайлықтар айуандықпен қорлайды. Ал сол жерде тұтқынға түскен жаралы жауынгерлер Геннадий Серебров пен Павел Акуловты шала-жансар күйінде қатты азаптап, өлі денелерін бір жарым айдан кейін сәуір айының 17-жұлдызында қайтарып берген.
Сұрапыл ұрыста шекарашылардың басшы құрамы застава командирі Иван Стрельниковпен қоса қырылып кеткеннен соң жетекшілікті кіші сержант Бабанский өз қолына алады. Көп уақыт араға салып генерал-лейтенант дәрежесіне көтеріліп, Кеңес одағы шекара қызметіне басшылыққа келген бұл азамат Даманск аралында көрсеткен ерлігі үшін Кеңес Одағының Батыры атанады. 90-жылдары өз естелігінде сол 2-наурыздағы қырғынды былайша еске алады: «Аласапыран атыстан 20 минут өткен соң бөлімшемдегі 12 жауынгерден 8-і, тағы 15 минуттан кейін 5-еуі қалды. Әрине, кейін шегініп, заставаға бекінуге мүмкіндік бар еді. Алайда, тұтқиылдан тап берген қытайлықтарға деген кек-ыза кеудемізді кернеп, сол минуттарда жау әскерлерін мейлінше көбірек қыруға бел байладық. Қайдағы бір еш қажетке жарамайтын тоқымдай ғана аралшық үшін қаншама боздақ шейіт кетті десеңізші. Отан үшін, өмір үшін айқаста ең соңында өзім ғана қансырап аман қалыппын ес-түссіз». Бұл – қатардағы кіші командирдің жанайқайы.
2-3 сағат мерзімде 38 боздақ опат болған
Айналасы 2-3 сағатта кескілескен шайқаста 38 шекарашы мерт болып, 14 жауынгер ауыр жараланыпты. Ал қытай жағынан ұрыс даласында 248 басқыншының өлігі табылған. Мұндай деректерді арнайы құрылған КГБ комиссиясы жариялаған. Сол күні түс әлетінде сағат 13.00-де Тынық мұхит пен Забайкалье округінің тылдағы командованиесі тік көтеріліп, 15 наурызға дейін қытай әскерінің 3 мыңға жуық жауынгерін «Град» зеңбірегі зымыранымен төпелеп жойып жіберген. Кеңес одағының әскери әлеуетіне шыдамаған қара қытай шекарадан көп шегініп кеткен. Ал енді сол заманда құпияның құлпына салынған арпалыс күндердің бүгінгі тірі куәгері Керімқұл Сүлеевтің естелігіне шамалы құлақ түрсек.
«Мен өзім 1950 жылдың тумасымын. Әскер қатарына Жамбыл облысы, Жуалы ауданынан аттандым. Ол уақытта Кеңес армиясында қызмет ету жас бозбалалар үшін үлкен дәреже болатын. Содан Приморье өлкесінің Владивосток қаласында әскери өмірімді бастадым. Кейіннен арнайы жедел курстан өткен соң, Артем шаһарында байланысшы болдым. Жаңағы Даманск аралы қозы көш жерде орналасқан еді.
1969 жылдың 2 наурызы күні түн ішінде шырт ұйқыда жатқанда әскери дабыл қағылды. Атып-атып тұрып, плацқа сапқа тұрдық. Бөлім командирінің түсі қашып кеткен, өңі өте суық. «Комсомол мүшелері екі адым алға шықсын» деп әмір берді. Сапта тұрғандар түгелдей екі аттадық. «Бай-ланысшылар екі адым алға шықсын» деді тағы да. Біз бөлімде төртеу едік. Алға ентеледік. Командир шекарадағы шырғалаң оқиғаны түсіндірді. «Бір-екі тәулік дайындалыңдар, Даманск аралына қосымша күш қажет болып жатыр. Егер өз еріктеріңізбен бас тартсаңыздар, мәжбүрле-мейміз» деді. 18-дегі жас жеткіншекпіз, мәселенің төркініне жете мән бермейміз ол кезде, құлшына ерік білдірдік. «Отан» деген бір ауыз сөз өте қасиетті еді ғой сол заманда. Патриоттық рух делебені қоздырады. Қойшы, сонымен араға 2-3 күн сала толық қаруланып (полное снаряжение), таңғы апақ-сапақта тікұшаққа мінгізіп алды да кетті төртеумізбен қоса тағы төрт радисті. Біз жеткенде құдай салмасын, ұрыстың демігін басқан кез-ау деймін, астаң-кестең арпалыс дүние. Көз жетер тұсқа әрең әупірімдеп жүріп қондық. Іле өз міндетімізге кірісіп кеттік. Үзілген байланыс желілері өте жиі екен. Сымдардың басын буып жоғары қарата, екі ұшын жалғастыра қоямын. Содан 3 күн өткен соң ұрыс даласында ауыр жараландым. Он екі күн ес-түссіз жатыппын. Владивосток қаласындағы әскери госпитальда бір білгір медицина қызметінің полковнигі күрделі операция жасапты. Сөйтіп, 1 қабырғамды алып тастапты. Кейіннен госпитальдан шыққан соң мені сол қаладағы әскери оркестрде қалдырды. Солай, інім. Мерзімімді аяқтаған соң ауылға келдім. Көп жыл суретші болып жұмыс істедім осы Алматыда. Мен де шығармашылықтың адамымын. Осы жерде есіме 1970 жылдардағы бір қызық оқиға түсіп отыр. Дәурен деген ағам үйленді. Сол тойда маған сөз берді. Ішімде біраз жоғары градустағы сұйықтық болуы керек, тілек айта келіп, «соғыста болғанмын, ауылға жетем бе, жетпеймін бе» деген сөз айтыппын көзіме жас алып. Кейіннен сол ағамның мені ұялтқаны бар сол сөзім үшін. «Ей, інім, сол тойда Ұлы Отан соғысында қар жастанып, мұз кешкен Ұзақ, Тұрсын көкелерің де отыр еді ғой, 6-7 жыл жау оғымен арпалысқан. Ал, сен, 3-4 күн снарядтың астында болғаныңды айтасың, ұят емес пе?» деді. Қатты ұялдым. Сол оқиғадан кейін қариялардың алдында ешқашан сөйлемейтін болдым, кеудемді ұрып. Орден-медальдарымды да тақпайтын болдым. Кейде мен кейбір інішектерді түсінбей қаламын. Алқалы жиындарда «мен анда болдым, мұнда болдым» деп кеуде соғатындар бар. Біз осы Даманск қақтығысына қатыстық деп көп әңгіме етпейміз. Алматыда жеті-сегізбіз. Біздің мәртебеміз сол ҰОС қатысушыларымен бірдей. Кеше ғана осы оқиғаның 45 жылдығына орай, қала әкімі бізді елеп, көңіл бөлді. Мәңгілік алауға жиналып, митинг жасадық. Қоғамдық ұйым құратын болдық. Мені төраға етіп ұсынды. Қала билігіне алғыс айтамыз. Сендерге келген себебім, сол Даманск пен Жалаңашкөл қақтығысын кейінгі ұрпақ ұмытпасын деген ой ғой».
Керімқұл ақсақал осылайша тарихи оқиғадан аз-кем сыр шертті. Кеудесінде «Қызыл Жұлдыз» ордені жарқыраған ағамызға рахмет айтып, өмір тіледік. Ал Даманск аралының кейінгі тағдырына келсек 1991 жылы Ресей Қытай еліне қайтарып берген.
«Алматы ақшамы» газеті

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста