Шыңғысханмен ең алғаш рет әдебиет сабағында танысқаным бар. Мираш дейтін апайымыз, «Отырардың күйреуі» деген тақырыпта ашық сабақ өткізетінін, ал сабақтың ерекше өтуі үшін, сахналанған қойылым жасау қажеттігін айтты. Не керек, біріміз басты кейіпкер – Қайырханды сомдап, енді біріміз мысық мұрт жабыстырып, Шыңғыс хан болып ойнағанымыз есімде. Талай елді өзінің айлакерлігімен, пасықтығымен жаулап алған. Бірақ, қазақ жеріне келгенде тұмсығын тасқа ұрған. Әсіресе Отырар қаласы қатты қарсылық көрсеткен. Біз оқыған Шыңғысхан осындай еді. Не керек, осы өлеңнен кейін Шыңғыс ханды ата жау тұттым.
Жаулығымды өршіте түскен тағы бір оқиға болды. 5-ші сыныптың соңын ала ауылдағы көп қара домалақтың бірі болып, медресеге бардық. Құранды төл тілінде (оригинал) оқи алатындай болғанда, молдамыз бізді Түркістан, Отырарға алып барды. Отырар дегенде көз алдыма ортағасырлық шаһар елестегені бар. Қалаға кіре берісте екі жауынгер күзетте тұрады, беттей берсең найзаларын кес-кестеп жолыңды бөгейтін шығар, деп қиялданып келемін. Бір уақытта көлігіміз кілт тоқтады.
- Ал балақайлар шыға қойыңдар. Отырарға келдік. Әнеу бір төбені көрдіңдер ме? Сол бұрынғы Отырар қаласының орны.
Молдамыздың «әнеу бір төбе» деп меңзеген жағына қарай жүгіре жөнелдім. Ешқандай қамал, мен мұндалаған мұнаралар жоқ. Найза ұстаған жауынгерлер... Олардың орнында қу сүйектер шашылып жатыр. Анау жерде сынған құмыралар. Қысқасы қала тып-типыл қираған. Мұның барлығын жасаған Шыңғыс хан. Бізбен, еріп барған тарихшы да, сол жердегі музейдің қызметкері де, осыны айтты. Одан қалды, күзде 5-ші сыныпқа барғанымда Мұхтар ағаның, «отырардың күйреуін» оқыдық. Әлі есімде:
Безбүйрек жау сәбилерді,
Шал-шауқанды, кемпірді,
Тіпті жүкті әйелдің де ішін жарып өлтірді.
Құзғын, қарға ғана тынбай шарлап мұңлы аспанды,
Отырардың аянышты зарлы өмірі басталды...
Құлдық сана немесе қазақ хандары неге «моңғол»?
Мұхтар ағамның өлеңі Шыңғысхан кім дегенге үлкен нүкте қойды. Ол менің түсінігімде – жауыз. Қанішер!
Не керек, 9-шы сыныпқа өткенде, қазақ хандығының тарихы деген кітап қолыма түсті. Қасым хан деген болыпты. 200 мыңдық сол заманға сай армиясы болған екен. Жаулап алған, өзіне қаратқан жерге «Қазақия» деп белгі қақтырып кетеді екен. Қазақстанның қазіргі жер көлемі сол кісінің заманында қалыптасыпты. Сонан соң Тәуекел ханмен таныстық. Ол дәуірде Сібір бізге қараған екен. Қарақалпақ, қырғыз, керек десеңіз құба қалмақтары қазаққа бағынышты болыпты. Хан Тәуекел қалың әскерімен Орта Азияға басып кіріп, Самарқанд, Бұқара шаһарларын қазаққа қарату үшін соғыс жүргізіпті. Паһ дедік. Сосын, соңғы хан Кеңесары туралы оқыдық. Қасқыр мінезді болған деседі. Орыс империясымен қасық қаны қалғанша арпалысып өтіпті. Айтпақшы, ұмытып барамын. Тізбелеп шыққан ханның барлығы Шыңғыстың ұрпағы екен. Тіксініп қалдым. Бабасы қазақтың арғы аталарын қырған, ал ұрпағы сол қазақтың мүддесі үшін тер төгіпті, қан кешіпті... Санам төңкеріліп түсті. Басымда әдебиеттегі Шыңғыс хан мен тарихтағы Шыңғысханның образы соғыс жүргізіп жатыр. Әдебиет маған:
Шыңғыс хан – ол бабаларымызды қырып салған жауыз, - дейді. Ал тарих: «Қазақтың атын әлемге танытқан Қасым сұлтан, қазақтың діні, жері үшін шәхид кешкен хан Кенені қайтпексің», - дейді. Іштей арпалысқа түстім. Сосын ғой, біледі деп, тарих пәнінің мұғалімінен сұрадым.
- Неге қазақтың хандары моңғол? Неге қазақтан хан шықпаған?
Мүдіріп қалды. Сосын бүй деді: «Жеңілген халықты жеңген жұрт билеп-төстейді. Бұл өмір заңдылығы. Біздің бабалар жеңілді. Шыңғыс хан жеңді. Содан бермен - хан тек Шыңғыс ұрпағынан ғана болсын дегенге көнді.
-1-2 ғасыр көнсе жарайды. Ал Абылайдың заманын алайықшы. ХҮІІІ ғасыр. Шыңғыс ханның сүйегі шіріп кеткен кез. Неге, Чингизидтерді түре қуып, қазақ өз ішінен хан сайламады екен? Абылай! Иә, неге жоңғармен соғыс қызып тұрғанда, түбі жоңғар біреу бізді басқарған?! Енді жоңғарың моңғолдың бір тайпасы емес пе?
- Мәселе былай ғой. Ол кезде қазақ руға, жүзге қатты бөлінетін. Енді өзің ойлашы?! Дулаттан хан шықса, ол міндетті түрде өз тайпаластарын ғана билікке тартпай ма?! Болмаса Найманнан хан сайланса, ол да Дулаттың жасағанын жасайды. Қазақ осыны білген. Сол себепті руы жоқ Чингизидтерден хан сайлаған. Ол ешкімге болыспайды! Түсіндің бе?!
Шынымды айтсам, ағайымның бұл логикасымен келісе алмадым. Қазақ трайбалист емес еді. Әйтпесе кіндік қаны Қаратауда кесілген Алатау батырдың сүйегі Жайықтың жағасында неге жатыр? Себебі бұл кісі – батыс өңірді қалмақтан тазарту үшін, шахид кешті. Қабанбай батыр, соғысып Шымкенттің түбіне дейін келген екен. Егер біз рушыл, жершіл болсақ, Қабанбай жоңғарды өз жерімнен түре қудым. Ал басқалар өздерің қуыңдар деп, сол шығысында қалу керек еді ғой?! Жоқ. Қазақ бөтен біреу біріктірмесе, өзара басы піспейтін жырынды жұрт емес еді.
Жә, таңдау жасауыма тура келді. Не бүкіл қазақтың хандарын түбі моңғол болғаны үшін күсталауым керек немесе Шыңғыс ханды мойындауым керек.
Басқыншы ма әлде біріктіруші ме?!
«Түріктер сендерге соқтықпайынша, оларды жайына қалдырыңдар. Әйтпесе жеңілесіңдер». Бұл пайғамбарымыздың біздер жайлы айтқан азын-аулақ өсиет-хадистерінің бірі. Аса қуатты хадис емес,-дейді дін білгірлері. Жә, айтайын дегенім бұл емес. Бұл бөлімді хадистен бастауымның себебі, расымен орта ғасырда түріктер (Анадолы түріктерін айтып отырғаным жоқ) күшті еді. Шығыста империя деген дардай атағы бар Қытайды қалтыратты, күн батысқа дүркін-дүркін жорық жасап, талай рет Константинопольді қоршады. Керек десеңіз айтайын, 8 ғасырда Исламды қылышпен мойындатпақ болған Құтайба ибн Муслимнің өзі түріктерден бірнеше рет жеңілгені бар. Бет қаратпай жеңе бергені үшін, сол кездегі түріктің қағаны Сұлуға арабтар «Абу мұзахим» яғни «сүзеген» деген лақап атта қойғаны бар. Не керек, заман өтті, уақыт өзгерді. Бір кездері құдіретті империя құрған түріктер, ыдырап, жеке-жеке мемлекеттерге бөлініп кетті. Көне замандарда бір халық болғанын да ұмыта бастады. Бір-бірімен жауласа бастады. Оғыздар Каспийді жағалай қонған Хазар дейтін туыс жұртты қырып салды. Сары арқадан келген қыпшақтар өз кезегінде Сырдың бойын жайлаған Оғыздармен соқтығысып қалды. Жау баққан көшпелі елдің тегеурінен шыдас бермей, оғыз сөйтіп ауа көшуге мәжбүр болды. Түрікше сөйлейтін Печенег дейтін көшпелі жұрт Византияның астанасы Константинопольді қоршап, әне-міне алып шаһарды шауып алғалы тұрған. Бұл - ХІ ғасырдың орта шені еді. Император Алексей Комнин Дон мен Дунайдың арасында көшіп-қонып жүрген түрікше сөйлейтін Қыпшақтарды көмекке шақырды. Сөйтті де, бауырлас халық, бөтен қаланың түбінде, бөгде біреудің мүддесі үшін бірін-бірі қырып салды.
Жә, не айтқымыз келіп отыр?! Шыңғыс ханға дейін, Еуразия даласы түрік тайпаларына бықып жатыр еді. Бірақ, тілі, танымы бір болса да, өзара ауыз бірлігі жоқ еді. Міне Шыңғыс хан бірін-бірі жау тұтқан, туыстас тайпаларды бір шаңыраққа астына біріктірді.
Түріктің басын Моңғол біріктірді ме?
Шыңғыс хан Түрік қағанатынан кейін басынан бақ тайып, өзара бақ таластыққа түскен түрік тайпаларын біріктірді. Осы жолдарды оқыған сізде, міндетті түрде, сұрақ туатыны анық. «Сонда қалай, түріктің басын Моңғол біріктіргені ме» дерсіз?! Біз айтар ек, - Шыңғыс хан моңғол емес. Ол түрік. (Кейбір тарихшы-сымақтар Шыңғыс Ханды тура қазақ дегісі келеді. Бұл түбегейлі қате дүние. Ол кезде қазақ деген ұғым жоқ еді) Сөзіміз дәлелді болуы үшін мысал келтірейік. Шыңғыс Хан қай мекенде туылғанынан назар аударыңызшы?! Қазір Моңғолия деп аталатын топырақта дүниеге келген. Ал сол Тэмуджиннен сәл ертерек, 3-4 ғасыр бұрын сол Моңғолия қай елдің аумағына кіретін еді?! Шығыс Түрік қағанаты деген империяның құрамында болатын. Күлтегін жазуын осы Моңғолия жерінен таптық емес пе?! Сол «бітіг таш»-тағы жазу қай тілде еді?!
Түркі бұдыны үчін
Түн ұйықтамадым,
Күндіз отырмадым.
Екі шадпен бірге
Өліп-тіріліп ұлғайттым...
Оқып көрдіңіз иә? Моңғол тілінде ме екен?! Жоқ, ежелгі түрік тілінде жазылған. Иә, бағзы заманнан бермен, бұл жерлерде түрік тайпалары ғұмыр сүрді. Нақты айтсақ, Жалайыр, Қоңырат, Найман, Меркіт рулары Моңғолияның жерінде көшіп-қонып жүрген еді. Төмендегі сурет сөзімізге дәлел:
Бұдан шығатын қорытынды, Шыңғыс хан ешқандай да моңғол емес. Шыңғыс ханның ата-бабаларына қараңызшы. Мәселен айталық, Абақай, Есукей, Қабыл хан. Түгел түркі текті адамдар. Ал Шыңғыс ханның алған әйелінің бірде-біреуі моңғол емес. Атақты төрт ханымның төртеуінің де түбі түрік. Ал енді Шыңғыс ханның ұрпақтарының атына келейік. Жошы, Шағатай, Сүбедей. Одан кейінгілері Жәнібек, Өзбек, Орыс хандар... Ал енді қазіргі моңғолдардың есімдеріне қараңыз. Дамдинсурэн, Цэрэндорж, Доржхүү. Айырмасы жер мен көктей.
Қазіргі моңғолдар қайдан келді?
Осы қазақтан, ұлттың атауы неден шыққан десең, сіздің алдыңызға мың нұсқаны ұсына алатынына бәс тігем. Ал енді дәл осылай моңғолдан сұрасаң, мүдіріп қалады. Бірнеше нұсқа келтірген болады. «Мөңкі» деген түбірден шыққан, «Мың қол» мағынасын беруі мүмкін дер. Бірақ, келтірген қос нұсқасы да түрік тілінен алынған сөздер.
Хош, Моңғол сөзі түрік тілінде сөйлеген жұртқа тиеселі екенін білдік. Моңғол сөзін қайсібір тарихшылар «мәңгі ел» дегеннен шыққан дейді. Бұл версияға сенсек, моңғол – этностың аты емес, саяси, біріктіруші атау болып шыға келеді. Мәселен американдық деген секілді. Американдық дегеніміз кімдер? АҚШ-та тұрып жатқан, ағылшын, африкандық, итальяндықтың барлығын американдық деп айтуға болады. Немесе осыдан 25 жыл бұрын ғана біздер "Кеңес халқы» аталдық. Бірақ ешкім «Кеңес» тілінде сөйлеген жоқ қой. Қазақтар өзінің қазақ тілінде сөйлесті, грузин өзінің грузин тілінде пікірлесті.
Енді Шыңғыс ханға келсек. Ол кісінің тұсында, Еуразия даласы түрік тайпаларына тиеселі еді. Керей мен жалайыр орта Моңғолияда ғұмыр кешсе, Найман жұрты Алтай, Орхон өзендерін иемденді, Сары арқада Қыпшақтар, Жетісуда Дулат рулары көшіп жүрді. Шыңғыс хан өз мемлекетінің іргесін қалағанда, осынау жұртты біріктіруші атау іздеді. Мәңгі ел. Шыңғыс хан империясына осындай есім берді. Мұны өзі ойлап тапқан жоқ, сонау түрік қағанатынан бермен белгілі сөз еді бұл. Дәлел келтірсек: Күлтегін кіші жазуларының 8-жолында: «Өтүкен иыш олүрсар беңгү ел тұта олыртачысың» деген таңба жазу бар. Қазақ ғалымдары бұл сөйлемді «Өтүкен қойнауында отырсаң, мәңгі елдігіңді сақтайсың сен» деп аударған.
Ендігі сұрақ?! Моңғол дегеннің не мағына беретінін білмейтін моңғолдар қайдан келді?! Қазіргі тілдері қай кезде қалыптасты?!
Филолог мамандар – халха-моңғол тілі XVII ғасырда, қазіргі моңғолия жерін манчжурлар жаулап алғанда қалыптасты дейді. Түсіндіре кетейік, Шыңғыс хан мен оның ұлдары Орталық Азия мен Капқазға жасаған жорығында, Моңғолияны мекендеп отырған найман, Жалайыр, Қоңырат руларын түгелдей көшіріп әкетеді. Суреттен қараңыз.
Не керек, Моңғолия жерінде аз ғана жұрт қалды. Оның өзі, Шыңғыс хан өлгеннен кейін өзара билікке таласып, соңы тайпалар арасында соғысқа ұласады. XVII ғасырда, Моңғол жерінде 60 мыңға жетер-жетпес түрікше сөйлейтін жұрт қалған еді, дейді тарихшылар. Алауыздықтан әбден титықтағанын елге тілі де, діні де, тегі де мүлдем жат халық, манчжурлар Моңғолия жеріне басып кіреді. Басқыншы елдің тілін, өмір салтын қабылдаудың кесірінен, қазіргі халха-моңғол тілі қалыптасты. Қысқасы, Шыңғыс ханның мұрагеріміз деп жүрген бүгінгі Моңғол мемлекеті мен байырғы моңғолдар арасында ешқандай тарихи сабақтастық жоқ. Қайсібір тарихшылар, бұлардыңқазіргі «моңғолдарды» тегі Алтайдан ауып келген татандар дегенді айтады. Олар қазіргі өлкеге көшіп келіп, моңғол деген атты қайта түлеткен. Мәселен Орталық Азиядан кеткен оғыздар сияқты. Оғыздар Византия империясын басып алып, Түрік деген атты қайта тарих сахнасына шығарды емес пе?
Қорыта айтқанда, Шыңғыс хан біз үшін басқыншы емес, қайта бытырап жатқан түрік жұрағатын біріктіруші тұлға. Ал енді неге оқулықтарымызда (Кеңес Одағы тұсында жазылған) Шыңғыс хан – жаулаушы, жауыз болып суреттеліп жүр? Неге Шыңғыс ханның түгелдей әскері түрік тайпаларынан құралса да, моңғол-татар шапқыншылығы деуден әлі таңбай жүрміз?! Қысқасы, осы уақытқа дейін Шыңғыс ханнан моңғол жасау кімге керек болды екен? Біздіңше, Мәскеудің нұсқауымен жазылған тарихи оқулықтардың фактілерді бұрмалауының бар сыры - кейіннен орыс империясына кіріп, орыс патшаларының қоластында болған қазақтардың, татар-ноғайлардың бір кезде сол орыстарды бағындырғанын мойындағылары келмегендігінде. Сондықтан әлемді жаулаушылардың бүкіл даңқын алыстағы моңғолдарға таңып берген. Иә, бар атақты моңғолға беру арқылы, татар, башқұрт, қазақтың империялық санасын тұншықтыруға тырысты орыс ғалымдары. Бұл аз болғандай, енді түркітектес халықтардың туыстығын жоққа шығаратын шығармалар шығып жатыр. Қазақтар қыпшақтың ұрпағы, ал татар-башқұрт – фин-угор этносының жырындысы, - дейді ол жазылғандарға сенсең.
Отырардың шынайы тарихы
Есіңізде ме, Отырарды күйреткен Шыңғыс хан деген айыптаумен бастап едік қой әңгімемізді. Ақиқат басқа екен. Шыңғыс ханның Орта азиядағы соғысы – азат етуші соғысқа бара-бар екен. Енді ше, Сыр бойындағы ежелгі түрік қалалары 13 ғасырдың басында парсылық мәдениетке бой ұрған Хорезмхаштардың қолына өткен еді. Тиісінше, соғыстың алғашқы кезеңі, түрік халықтарын азат ету мақсатында жүргізілді. Түрік халықтарының Шыңғыс ханды шын ниетімен қарсы алғанын мына деректерден-ақ көруге болады. Қаялық билеушісі Арслан хан, Бесбалықтағы Ұйғыр билеушісі Идиғұттардың Шыңғыс хан жағына шығуы олардың барлығының Шыңғыс ханды толық қолдағанын көрсетеді. Ал, Отырар қалашығында жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары, қаланың өрт шалған бөлігі тек қаланың ішкі қорғанында ғана бар екенін дәлелдеп берді. Мұның өзі Отырар халқының да Шыңғыс хан әскеріне жаппай қарсылық көрсетпегенін байқатады. Тарихи жазбалардағы деректерге қарағанда моңғол шапқыншылығы кезінде қираған Сыр бойындағы Үш қаланың аты аталады. Олар: Отырар, Сығанақ, Ашнас. Яғни кейбір авторлар айтып жүргендей 29 қала емес. Әрі жоғарыда аттары аталған қалаларда әскери қосындар шоғырландырылған, Шыңғыс ханға қарсы тұруға тиіс негізгі орталықтар еді. Ол қалалар өз міндеттерін атқарды. Соғыс болған жерде аяушылық болмайтыны тағы белгілі. Ол үшін Шыңғыс ханды жазғыру әбестік. Тарихшы Зікірия Жандарбектің осы ойымен толық қосылуға болады.
Хош, Отырарға қайта оралсақ. Бұл шаһар өмір сүруін Шыңғыс ханның шапқыншылығынан соң тоқтатпапты. Керісінше, Алтын орда тұсында гүлденген қаланың бірі болған. Отырардың түбіне жеткені – Еуропалықтардың теңіз жолын табуы, сөйтіп Жібек жолының жарамсыз болып қалуы, одан қалды Жоңғарлардың ойыраны себеп болған екен.
ТҮЙІН
Тарих оқулығында жаттанды мынадай жолдар бар еді. «Негізі, жеңімпаз халық жеңілген ұлтқа өзінің дінін, дүниетанымын, тілін таңатын. Ал мұнда керісінше болды. Моңғолдар қалың қыпшаққа сіңісіп, түркіленіп кетті».
Жоғарыда жаздық. Шыңғыс ханмен бірге қазақ даласына атасы бөтен басқа бір халық келген жоқ, тілі бір, танымы бір өз туыстарымыз келді. Шыңғыс хан – түрік тайпаларының бірігу процесін жылдамдатты. Бір-бірінен дербес ғұмыр кешкен Найман, Қоңырат, Дулат, Қыпшақтың басын біріктірді, өзара аралас-құралас етті. Сондай-ақ, дәл осы Шыңғысханның бірікітіру соғысы – түрік тілдес жұрттың түгелдей мұсылмандануын тездетті. Алтаудың арғы бетінен өткенде, Найман, Қоңырат, Жалайыр ежелгі наным-сенімді тұтынатын. Оңтүстікке жеткенде, мұндағы мұсылман Қаңлы, Дулат жұртымен араласып, Исламды қабылдады. Моңғолдар немесе Шығыс түріктері Еуропаға осыдан кейін мұсылман болып аттанды.
Хош, соңғы айтарымыз, қазіргі моңғолдар мен Шыңғыс ханның заманындағы «моңғолдарды» шатастырмас үшін «мәңгіелдіктер», «шығыс түріктері» деп, «Мәңгі ел» мемлекеті деп, түзетіп оқып көрейік?! Сонда ғана тарихымыздағы түсініксіз түйіндерді шешеміз. Сонда ғана қазақтардың империялық санасы сауығар.
Нұрбек Бекбау, журналист.
e-islam.kz сайтынан