Бұғауланған тарих: БІР ҚҰЖАТТЫҢ ІЗІМЕН
Қазақстан Республикасы Президенті мұрағаты (ҚР ПМ) қорында ХІХ ғасырдың 50-жылдары орын алған Сыр өңірі қазақтарының көтерілісі жөніндегі мәжіліс стенограммасы сақталған.
Мәжіліс Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің хатшысы М.Сужиковтың төрағалығымен 1952 жылдың 10 және 17-қазан күндері Тарих, археология және этнография институтының директоры С.Н.Покровский, Экономика институтының директоры С.Толыбеков, тарихшылар Х.Айдарова, Т.Шойынбаев, Ә.Тұрсынбаев, М.Ақынжанов, Т.Елеуов, С.Бәйішев, А.Нүсіпбеков, В.Шахматов, В.Савоськоның, Республикалық Орталық мұрағаттың директоры И.Чумактың, Пыхтин, Пильчук деген партия қызметкерлерінің қатысуымен Орталық Комитеттің Бюросы залында өтеді. Пікірсайыс негізінен Жанқожа Нұрмұхамедұлы бастаған қазақтар көтерілісінің себептері мен сипатын анықтауды көздейді (ҚР ПМ. 708-қор. 16/2-тізбе. 36-іс. 145 парақ).
Жарты ғасырдан астам уақыт бойы жасырын ұсталған бұл құжат И.Сталиннің 1941 жылы партиялық баспасөзде Ф.Энгельстің «Орыс патшалығының сыртқы саясаты» деген еңбегі жөнінде жарияланған ашық хатынан кейін, яғни Кеңес өкіметінің сыртқы саясатының революцияға дейінгі Ресейдің ұлы державалық, аннексиялық саясатымен «сабақтастығы» туралы тұжырым жасалуына байланысты орын алған идеологиялық қыспақ жағдайында дүниеге келді. Шын мәнінде Сталиннің хаты патшалық Ресейдің отарлық саясатын ақтауға, орыстан өзге халықтардың ұлт-азаттық қозғалыстарын мансұқтауға жол ашты.
Енді «Шығыс халықтары Ресейге өз еркімен қосылған» деген пікірден өзге тұжырым жасау мүмкін болмай қалды.
Осыдан соң 1943 жылы Алматыда жарық көрген «Қазақ ССР тарихы» сынға ұшырады. 1949 жылғы бұл еңбектің екінші басылымы да ресми идеология қалыбына сай келе қоймады.
Қазақ хандары мен сұлтандарын дәріптеушіліктің, шекті биі Есет Көтібаров бастаған көтерілісті ұлт-азаттық қозғалыс деп есептеудің қате екендігі туралы т.б. ескертулер жасалған М.Морозов дегеннің мақаласы жарияланды («Социалистік Қазақстан», 1945. 17-маусым). Ең бастысы, кітапта Қазақстанның Ресейге қосылуының «қазақ ақсүйектерінің бір бөлігі мен патша үкіметі арасындағы астыртын келісім» негізінде жүзеге асқандығы, яғни «абсолюттік қасірет» ретінде бағалануы жоғарыда айтылған Сталиннің пікіріне мүлдем қайшы келді.
Екінші басылым да Ресейдің Қазақстанды жаулап алу тарихы «артта қалған ортаазиялық хандықтармен» немесе Жоңғариямен қосылғаннан гөрі «жартылай қасірет» екендігі туралы тұжырымдама тұрғысынан баяндалды.
Басқаша сөзбен айтқанда, қазақтардың отарлыққа қарсы күресі олардың Ресейге «қосылуы» мәселесін қалай бағалауға тікелей байланысты екендігі анықталды.
Ғалымдардың төбесіне төнген тоқпақ 1947 жылдың қаңтарындағы Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің «Қазақ ССР Ғылым Академиясының Тіл және әдебиет институтының жұмысындағы өрескел қателіктер туралы» Қаулысынан анық сезілді. Онда Ә.Марғұлан, Е.Исмаилов, Қ.Жұмалиев және т.б. тарихшылар мен әдебиетшілерге революцияға дейінгі қазақ ауылындағы таптық күресті «бүркемеледің» деген кінә тағылды. Жай кінә емес, тарихшылар мен әдебиетшілердің еңбектеріндегі кемшіліктер «буржуазиялық-ұлтшылдық» ретінде есептелді (До конца вскрыть буржуазно-националистические извращения в вопросах истории Казахстана//Вестник АН КазССР. 1951. №4. С. 7-12; Задачи идеологической работы в Академии наук КазССР в свете решений VIII Пленума ЦК КП (б) Казахстана// 1951. №11. С. 22-28).
Кеңес өкіметінің орталық және жергілікті идеологиялық аппараттары, әсіресе, Кенесеры Қасымов бастаған ұлт-азаттық қозғалысы тарихын зерттеушілерге ерекше шүйлікті. Т.Шойынбаев, Х.Айдарова және Я.Якуниннің «Қазақстан тарихы мәселелерін марксистік-лениндік тұрғыдан баяндау туралы» деген мақаласы Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетін Е.Бекмахановты «ұлтшылдықпен» айыптаған арнайы Қаулы қабылдауына әкелді (О статье в газете «Правда» «За марксистско-ленинское освещение вопросов истории Казахстана». Постановление ЦК КП(б)» Казахстана// Казахстанская правда. 1951. 19 апреля).
Кенесары бастаған қозғалысты «керітартпалық», «феодалдық-буржуазиялық» қозғалыс деп тану, шығыс халықтарының Ресейге қосылуының жартылай қасірет екендігін «прогресивті сипаттағы оқиға» тұжырымдамасымен ауыстыру туралы ұсыныстар түсіп жатады. Осыған орай Қазақстанда орын алған барлық ұлттық қозғалыстар тарихы қайта қарастырылады.
Француз тарихшысы А.Беннигсеннің өткен ғасырдың 50-жылдарындағы Қазақстанның тарих ғылымында қалыптасқан ахуалды «абсолюттік қасіреттен – абсолюттік жақсылыққа» деп бағалауы осыдан.
«Орыстардың Кавказ бен Орта Азияны жаулап алу тарихын ресми тұрғыдан пайымдау осы өңірлердің мұсылман халқына қатысты Кеңестер саясатын көрсететін ең дәл барометр болып табылады» дейді ол (Bennigsen A. The Muslim peoples of the Soviet Union and the Soviets//The Islamic Review. London. July 1955. Vol. XVIII. №7. Р. 28).
«Жартылай қасірет» формуласы бойынша:
1) Орыс жаулаушылығы мұсылман халықтарды Түркия, Иран және Англия сияқты елдердің езгісінен құтқарған;
2) Феодалдық бытыраңқылықты жойып, бұл өңірлердің экономикалық дамуын тездеткен;
3) Отарланған өңірлердің алдыңғы қатарлы өкілдері ұлы орыс мәдениетінің ықпалына тартылуға мүмкіндік алған;
4) Кейін тек осы аймақтарда қоныс тепкен орыстар арқылы ғана Қазан революциясы жеңіп шығады да, олар жергілікті халыққа социализм жолымен алға басуына жетекшілік етіпті.
Бұл сияқты жалаң пайымдаулар енді интернационалистік қағидаттар талаптарына сәйкес келмейді.
Осыған байланысты Қазақ республикасы Ғылым Академиясының Президиумы құрған комиссия Жанқожа бастаған көтерілісті «керітартпа» оқиға ретінде танып, көпшілік дауыспен шешім шығарады. Х.Айдарова мен В.Шахматов онымен келіспейді.
Ғылым Академиясының басшылығы Орталық Комитеттен көтерілістің сипатын анықтауда көмек беруге өтініш жасайды. Ғылыми қызметкерлер арасында Жанқожа бастаған көтеріліс жөнінде бірауыздылықтың жоқтығы себепті, Орталық Комитет өз тарапында партия қызметкерлері мен тарихшылардан тұратын шығармашылық топ құрып, оған өз пікірін білдіруді тапсырады. Мұрағат материалдарымен жеткілікті танысқан болып, бұл топ Ж.Нұрмұхамедұлы бастаған көтерілістің Хиуа хандығымен байланыста болуы, Жанқожаның өзі «феодал», «мұсылман» екендігі себепті орыс халқына «дұшпандық көзқарас ұстанғандығы», Т.Шойынбаевтың 1949 жылы Алматыда жарық көрген «Восстание сырдарьинских казахов под руководством Джанходжи Нурмахамедова (1856-1857)» деген кітабын айналымнан алып тастау, автордың өз қателігін мойындап, мерзімді баспасөз бетінде мақала жариялау керектігі, дайындалып жатқан «Қазақ ССР тарихының» бірінші томында бұл көтерілістің «керітартпа» көтеріліс деп сипаттау керектігі туралы қорытынды жасады.
Бұған дейін тарихшылар Кенесары Қасымов бастаған көтерілістің сипаты, оның «керітартпа» екендігі туралы ой түйіп үлгергендігі жоғарыда айтылды. Т.Шойынбаев өзі мойындағандай, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті үгіт бөліміне Кенесары бастаған көтерілістің «феодалдық-монархиялық» сипаттағы көтеріліс екендігі туралы хат та жазады. Сөз алған В.Шахматов та Кенесары қозғалысы жөнінде Т.Шойынбаевтың пікірін қолдайды. Бірақ оны Жанқожа бастаған көтеріліске де осы секілді баға берген жағдайда «сонда отаршылдыққа қарсы бағытталған көтерілістің бәрі бірдей керітартпа болғаны ма, не тіпті көтеріліс болмады ма?» деген сұрақ туындайтыны мазалайды. Дегенмен, ол Жанқожа бастаған көтерілістің ұлт-азаттық сипатта емес екендігіне тоқталады. Мұны Шахматов мәселенің басқа қырынан келіп түсіндіруге тырысады. Ұлт-азаттық қозғалыс ұлттық тәуелсіздікті және өзінің дербес мемлекетін құруды мақсат етеді. Сыр бойы қазақтарының көтерілісі Ресейден бөлінуді және жеке хандық құруды көздемеді. Көтерілісшілер мәдениет пен дінге байланысты, отарлық езгіге қарсы күрес талаптарын да алға тартпайды. Көтерілісшілер алдарына Хиуа хандығы мен басқа да ортаазиялық мемлекеттердің протектораттығына өту туралы да мәселе көтермеді… Сырдария қазақтарының көтерілісі нақты отарлық езгіге қарсы, яғни егін егуге қолайлы жерлерді тартып алуға, салыққа, озбырлыққа, жүгенсіздікке қарсы ұсақ шаруалардың наразылығы болып табылады. Көтеріліс стихиялы және қысқа мерзімде, барлығы жарты айда ғана орын алды. Қазалы ауданының шағын бөлігін қамтыды және оған үш мыңға жуық адам қатынасты. К.Қасымов бастаған көтерілісті керітартпа көтеріліс ретінде қарастыра бастаған кезде, маған мынадай ой туындады: Ресейге қарсы қозғалыстардың барлығы керітартпалық көтерілістер болады да, ал Қазақстанның Ресейге қосылуы прогрессивті болады. Олай болса, бұл дегеніміз – Ресей империясының отаршылдық саясатын ақтап алу емес пе?!» дейді. Сонымен В.Шахматовтың Ғылым Академиясы Президиумы құрған комиссияның шешімімен келіспеушілігі Жанқожа бастаған көтеріліс сипатын «керітартпа» ретінде бағалаған көпшіліктен өзге пікірде емес екендігі көрінеді. Ал оның Қазақстанның Ресейге қосылуы мен ұлт-азаттық қозғалысы арасындағы байланыс жөніндегі күдігі Орталықтың идеологиялық ұстанымын жете ұқпағандығынан болса керек.
Ал Х.Айдарова бұл көтерілісті орыс әкімшілігіне ауыр алым-салық пен міндеткерлікке қарсы бағытталған жергілікті сипаттағы бой көтеру деп есептейді.
И.Чумак мұрағат материалдарына емес, марксизм-ленинизм классиктерінің жалпылама сөздеріне сілтеме жасай отырып, көтеріліс – «феодалдар арасындағы өзара күрес» дегенді дәлелдеуге тырысады. Тарихи шындықпен «үш қайнаса сорпасы қосылмайтын» бұл пікірді М.Ақынжанов, Ә.Тұрсынбаев, Т.Елеуов секілді тарихшылар да қолдайтындай сыңай танытады. Олар көтерілістің шығуына себеп болған факторларды анықтау арқылы оның сипатына тоқталудың орнына жұртшылық назарын басқа жаққа аударады. Тек Х.Айдарова мен В.Шахматов дереккөздеріне мән беру керектігіне болмашы ниет білдіреді.
Ол кезеңде қарастырылып отырған тақырыпта Т.Шойынбаевтың орыс тіліндегі «Сырдария қазақтарының көтерілісі» (1949) деген шағын кітабы мен В.Шахматов және А.Якуниннің, басқа да авторлардың үш-төрт мақаласы ғана болады. Сондықтан пікірталас көбіне Т.Шойынбаевтың еңбегі төңірегінде өрбиді. Еңбекте И.В.Аничковтың 1894 жылы Қазан қаласында жарық көрген «Киргизский герой Джанходжа Нурмахамедов (Очерк из первых шагов русских на Сыр-Дарье)» деген кітабының материалдары біршама пайдаланылған, сонымен бірге еңбек Жанқожа бастаған көтеріліс сипатын анықтауға да негіз болған.
И.В.Аничков кітабының объективтілігі күмән тудырмайды, оның негізін Сырдария шебінің ресми құжаттары, қазақтардан естіп жазылып алынған материалдар құрайды.
Автордың баяндауынша, орыс әскерлері Райым бекінісін, Қосарал фортын салып табан тірегеннен кейін 1850 жылы Қазалы төңірегін жаулап алады. Одан соң Қосқорған, 1853 жылы маусым айында қырғын шайқастан кейін Ақмешіт қамалын басып алады. Ізінше №1, 2 форттар салынып, Перовский мен Сырдария шебі бекиді. Мұндағы орыс шенеуніктеріне айрықша билік беріледі. Қазақтарды құлдыққа салудың, тағы басқа болашақ шараларының алғашқы тәжірибесі ретінде Сыр бойына Орынбордан казак-орыстардың отызға тарта үйі көшіріліп әкелінеді.
Сол кездегі орыс билігін қарт батыр Ізтілеу Байжанұлы: «орыстар, қазақтар сияқты, шабарын жауып, аларын алып кете бермейді; керісінше, алса да тоймайды, бірақ қазақ жерінен ешуақытта кетпейді» деп сипаттайды.
Сырдария мен Арал маңында орыс билігі күшейген сайын отарлық қанау мен орыстардың озбырлықтары да кең етек ала бастайды. Қазақтар әуелгі кезде әр шаңырақтан бір сом елу тиыннан салық төлесе, кейін ол екі есеге ауысады. Орыс шенеуніктері алым-салықты белгіленген мөлшерден де артық алып отырады, малдарын айдап әкетіп, қыздарыныың абыройын төгеді. Ақырында қазақтар Сырдария жағасындағы шұрайлы да суландырылған, бұрыннан игерілген жерлерінен айырылады. Бұл секілді бейбастықтарды жалғыз И.В.Аничков қана емес, мұрағат құжаттары, басқа да орыс авторларының еңбектері растайды (ҚР ОММ. 1442-қ. 1-т., 2-іс, 9-п.; 384-қ. 1-т. 6-іс. 8-п.; Веселовский Н.М. Очерк историко-географических сведений о Хивинском ханстве с древнейших времен до настоящего времени. СПб, 1887. С.20).
И.В.Аничков мынадай мысал да келтіреді: орыс солдаттары №1 фортты салып жатқанда үш қазақты қол-аяғын байлап, кірпіш күйдіріп жатқан пеште тірідей өртеп жібереді. «Мұны естіген Жанқожа ызаға шыдамай, орыстарға қарсы соғыс ашты» дейді ол. 1853-1865 жылдар аралығында Сырдария шебінің солдаттары жиырма үш қазақты өлтіреді (Сборник литературных трудов, А.К.Гейнса. СПб, 1898. Т.2. С. 256). Көтерілістің астарында жатжұртшылықтың озбырлығына көндіге алмау жатты. И.В.Аничковтың сөзімен айтқанда: «Елін қанқұйлы дұшпандардан қорғай білген, халқына пана болған Жанқожа батыр қорлыққа шыдай алмай, жасы сексеннің алтауына келгенде… соңына мыңдаған сарбаз ертіп, ата жауымен арыстанша алысты».
Мәжіліске қатысушылардың біразы Жанқожа бастаған көтеріліс себептерін бұл секілді мұрағаттық құжаттардан емес, оның ортаазиялық хандықтармен «байланысты болғандығынан», солардың мүддесіне орай әрекет еткендігінен немесе Жанқожаның өзінің «феодал» болғандығынан, тіпті мұсылман екендігінен іздестіреді. Т.Елеуов Жанқожаны – «Англия мен Түркияны қолдаған Орта Азия хандарының қолшоқпары» десе, С.Н.Покровский «Қазақ халқының қас жауы Хиуа ханымен байланыста болған, үстем тап өкілдерінің мүддесін көздеген, орыстарға қарсы көзқарас ұстанған, бұл дегеніміз қозғалысқа керітартпа сипат берді» деп бір қайырады.
Мұндай «уәждердің» өрескелдігі соншалық, Х.Айдарова «Жанқожа Бұқарамен байланыста болып, Англияның мүддесі үшін күресті деген пікір – қандай саясатшылдық» деп тастайды.
М.Ақынжанов бұлардың барлығынан да асып түсіп, Жанқожаны «қазақ халқына қасірет әкелген», «орыстарға қарсы шыққан қарақшы» дегенге дейін барды. Өз сөзінің соңында, біріншіден, бұл көтеріліс Ғазауат ұранымен жүргізілген керітартпа көтеріліс; екіншіден, көтеріліс Ресейдің Орта Азияға ішкерілей енуіне қарсы шет мемлекеттердің бағыттауымен болды; үшіншіден, көтеріліс Ресейге қарсы Есет Көтібаровтың көтерілісімен және басқа да керітартпа күштермен бір мақсат, бір ұранның астында өрбіді; сол себепті оны дәріптеу марксистік көзқарасқа жатпайды деп қорытындылады.
Бұл секілді тұрпайы тұжырым жөнінде Кенесары қозғалысына ата жауындай тиіскен Х.Айдарова үнсіз қала алмайды. «Жанқожаны сондай жеккөрініштілікпен әшкерелейді. Ал феодал Сырымды шаруалардың азаттық күресін басқарғаны үшін мадақтайды. Ақынжановты кітаптың ғылыми деңгейінен гөрі оның авторы (Шойынбаевты айтады. – авт.) көбірек мазалайтынға ұқсайды. Драматургия, әдебиеттану, журналистика және басқа да ғылым салаларымен айналысқанымен, оның тарихқа көзқарасы біржақты сияқты» деп қағытады.
Жалпы Жанқожа бастаған көтеріліс жөнінде жоғары деңгейде пікірталастың орын алуында адами фактордың да әсері бар секілді. Оны В.Шахматовтың «адамдардың ғылым мүддені емес, жеке бастың қамын басшылыққа алатындығын түсінбеймін» деген сөздерінен де байқауға болатын еді.
Қалай болғанда да сөз алғандардың қайсысында да, «ұлтшылдық» деген айып тағылып кете ме деген күдік басым жатты. Ә.Тұрсынбаев орнында отырып, «мұның (көтерілістің) ұлтшылдығы мен керітартпалығы шошытады» деді дауыстап. Оны да «шошытып» отырған көтерілістің сипаты емес, көз алдынан кетпей қойған Кремльдің ызғарлы елесі еді.
Біршама кідіріп барып Ә.Тұрсынбаев та мінбеге шықты. Ол әлем тарихына, Кеңес Одағының, Қазақстанның тарихына шолу жасап, сол арқылы Жанқожаның Англиямен байланыста болғандығын дәлелдегісі келді.
Бұл көтеріліс кімнің «диірменіне су құйды?» деген сұрақ қоюшылар да болды. Екіншілері мәселені бұлай шешуге ұмтылушылық дұрыс емес деді. Ақырында Жанқожа – сауатсыз адам, ол кезде радио да болмады, ағылшын-орыс қатынастары жөнінде естімеген де шығар деп бір тынышталды.
Сөйлеушілер Жанқожаның әрекеттерін бірде Хиуа хандығымен, бірде Ресеймен байланысты бола жүріп, кейін оларға қарсы күрескенін «екіжүзділік» деп таныды.
Жанқожаның ортаазиялық хандықтармен байланысына тоқталатын болсақ, оның «екіжүзді» емес, табанды ұстаным иесі екендігін көреміз.
1835 жылдан бастап Жанқожаның жасақтары Әмудария мен Сырдария арасында орналасқан Хиуаның тұрақты әскерлеріне қарсы соғысты. 1842 жылдың күзінде Хиуаның ірі бекінісі Бесқаланы, 1843 жылы Қуаңдариядағы тағы бір бекінісін қиратады.
Кенесары Қасымовпен бірге Жанқожа Сырдарияның төменгі ағысындағы қоқандық әскери бекіністер Жаңақорғанға, Шымқорғанға, Күмісқорғанға шабуыл жасайды. Кенесарының өтініші бойынша Жанқожа Созақ бекінісін алуға қатысады.
Алайда ортаазиялық хандықтардың қазақтардың мекендеріне шабуылдары тоқтамайды.
Осыдан кейін ол орыстармен одақтасуға мәжбүр болады. Бірақ көп ұзамай орыс езгісінің ортаазиялық хандықтардың езгісінен әлдеқайда ауыр екендігін түсінеді. Біздің тарихшыларымыз Жанқожаның бірде ортаазиялық хандықтарға, бірде Ресейдің отарлық үстемдігіне қарсы күресінің бір ғана мақсатты – өз халқының тәуелсіз өмір сүруін көздегенін ұқпады емес, олар өз бастарының қамын ғана ойлады.
Жарыссөзге қатысқан С.Н.Покровский, Т.Елеуов, А.Нүсіпбеков те көтерілісті және оның жетекшісін «қаралаудан» басқа жаңалық ашқан жоқ. Олар да көтеріліс дінсіздерге қарсы ұранмен «Алаш» туы астында өтті» дегенмен шектелді.
С.Н.Покровский мәжіліске дейін Жанқожа бастаған көтерілісті – ұлт-азаттық сипаттағы көтеріліс деп есептеген-ді, енді ол өз көзқарасынан танып шығады.
В.Шахматовтың Жанқожа бастаған көтерілістің сипаты дереккөздерін зерттеу арқылы анықталады, оған дауыс берумен қол жеткізуге болмайды ғой деген уәжіне де ешкім құлақ аспайды.
Дереккөздері мен тарихшы ұстанымдарын бір арнаға түсіру қиынға соғады. М.Сужиковтың: «Қозғалыстың басты мақсаты не болды? Феодал Жанқожаның жеке мақсаты ма немесе отарлық езгінің салдары ма? Бұл орайда біз шытырман жағдайға ұшырап отырмыз» деген сұрағы осыны білдірді. С.Н.Покровский: «Егерде біз Аничковтың кітабына сүйенсек, сіздерге кепілдік берем, Жанқожа тоқсан бес пайыз жағымды, қазақ халқының батыры болып шығады» деп шындығын айтты. Т.Шойынбаев та: «Григорьевтің Перовскийге жазған рапортында Сырдария қазақтары көтерілісінің негізгі себептері отарлық езгі екендігі айтылған. Егіншілер Жанқожаға келіп, қанаудың шектен шыққандығын, еңбекақыларын бермейтіндігін айтып, шағымданғаннан соң ғана көтеріліс басталған» дейді.
Сонымен мәжіліске қатысушылар көтерілістің себептері мен сипатын, түпкі мақсатын анықтауда тарихи дереккөздерін емес, идеологиялық қаулылар негізінде қалыптасқан сенімдері мен жандарын сақтап қалуды көздеген адами инстинктті басшылыққа алады.
Жарыссөздің соңында Т.Шойынбаевқа сөз берілді. Оның кітабында Жанқожа бастаған көтеріліс – ұлт-азаттық көтеріліс ретінде сипатталды, бұл – қате пікір, ұлтшылдық (Х.Айдарова) деген пікір айтылған болатын. Сол себепті Т.Шойынбаев: «Менің кітабым 1947 жылы жазылып, 1949 жылы жарыққа шықты. Бұл – менің алғашқы зерттеу еңбегім, сөз жоқ, кемшіліктер бар. Ол уақытта ғылыми-зерттеу жұмысының тәжірибесі мен әдістемесін толық меңгермедім. Жинақталған материалдарға сыни көзқараспен қарамадым. Феодал Жанқожаны дәріптегенімді мойындаймын және таптық күреске жеткілікті мән бермедім… Сырдария өңіріндегі Ресейдің прогрессивтік ықпалын жеткілікті дәрежеде көрсете алмадым» деп қандай да бір төніп қалар қауіп-қатердің алдын алуға тырысады. Дегенмен, «мен өз кітабымда бұл қозғалысты ұлт-азаттық қозғалыс деп бағаладым, енді оны отаршылдыққа қарсы көтеріліс ретінде есептеймін» деп сөзін аяқтады. М.Сужиков жарыссөзді қорытындылап, барлығы да көтерілісте ұлт-азаттық сипаттың жоқтығы туралы мәмілеге келді.
«Қазақ ССР тарихының» үшінші басылымында (1957 ж.) осы пікір орын алатын болды, ол Қазақстанның Ресейге «қосылуының» «абсолюттік жақсылық» екендігі туралы тұжырымдаманың орын тебуінің бір көрінісі болып табылатын. Бұл формуланың қағидаттары мыналар еді: 1) Қазақстанның Ресейге «қосылуы» қазақ халқының көрнекті өкілдері XVI ғасырдан бері аңсап келе жатқан арманы болды; 2) Ресейге «қосылу» қазақтарды Шығыстың варварлық мемлекеттерінің езгісіне ұшырауынан құтқарды және өркениетті елмен (Ресей өзін солай есептейді. – авт.) жақындасуын қамтамасыз етті; 3) Ресей Қазақстан аумағының Қытай мен ортаазиялық хандықтар арасында бөлініп кетуден сақтап қалды; экономикалық дамуына жол ашты; 4) Қазақтардың өткен тарихында мемлекеттілігі болған емес, тек Кеңес өкіметі ғана Қазақ республикасын құрып, мемлекеттілікке қолдарын жеткізді.
Бұл «ертегілер» бүгін де қылаң беріп қалады. Тіпті Қазақстанды өз алдына дербес мемлекет ретінде емес, басқалардың көлеңкесінде ғана өмір сүретін, әлеуеті төмен ел санатында көргісі келетіндер бой көтеруде. Олар қазақ халқының жүздеген жылдар бойы отарлыққа қарсы жүргізген ұлт-азаттық күресін мойындамайды.
Халқына адал қызмет еткен Жанқожа есімі ұрпақтар жадынан өшпес емес. Ол – «ақ патшаның бақайшағына дейін мылтықпен қаруланған қалың қолына қарсы пайғамбардың ақ туын көтеріп, майдан құрған, сайын сары даланың ең соңғы ұлы батырларының бірі, төбесінде бұлты бар аруақты әулие». И.В.Аничковтың бұл сөзімен біреулер келісер, біреулер келіспес. Бірақ Жанқожа елі мен жерінің тәуелсіздігі үшін шайқасқан батырлардың соңы емес-ті. Ұлттық қозғалыс та бұл көтеріліспен тоқтаған жоқ. Себебі ол – халықтың тарих сахнасында қалып, елдік құруының басты шарты.
Тәуменді халықтың тарихы да тәуменді екендігін жас ұрпақтың біле жүргені жөн. Халықтың тарихи санасы дұрыс қалыптаспай, ел егемендігі орнықты бола алмайды.
Көшім ЕСМАҒАМБЕТОВ,
тарих ғылымының
докторы, профессор
Аққали АХМЕТ,
тарих ғылымының
докторы, доцент
Ана тілі.