Біз «жойылып кетті» деп жүрген жоңғардың жұрнағы Моңғолияны 44 жыл билеген

БАСЫБАЙЛЫ БОДАН БОЛҒАННАН — АШҚҰРСАҚ АЗАТ БОЛҒАН АРТЫҚ - Юмжагийн Цеденбал, Моңғолия маршалы
Бүтін Қазақ Елін ХІХ ғасырдың ақырында манчжур (мәнжу) Қытай мен ақ патшалық Ресей империялары екіге жарып, бөліп алды. Қазақ жерінің шығыс бөлігі мәнжу-шүршіт билігіне, батысы түгелдей ақ патша құзырына өтеді. Сөйтіп қазақ жерін бөліп алу саясаты аяқталғандай болғанымен, ХХ ғасырда осы қос империяда жүргізілген түрлі саяси науқан кесірі мен өзінің құрамындағы ұлт-ұлыстарға қарсы саналы түрде жасаған зұлмат салдарынан азап зардабын шеккен қазақ халқы жер бетінен жойылып кету алдында тұрды. Қазақтың торғай тозы шығып, әлемнің қырықтай еліне тарыдай шашырады. Дүниенің түкпір-түкпірінде қазақ диаспоралары мен ирриденттері пайда болды. Солардың бірі – Моңғолиядағы қазақтар.

1911 жылы екі ғасыр билеген мәнжу-қытай бодандығына қарсы ұдайы жүргізген ұлт-азаттық күресінің арқасында автономиясын орнатып, 1921 жылы халықтық төңкеріс жасап, 1924 жылы тәуелсіздігін жариялаған Қалқа моңғолдары Моңғол Халық Республикасын (МХР) құрады. Бұл жалпы моңғолдардың үштен бір бөлігі ғана еді. Осының нәтижесінде Алтай тауының солтүстік-шығыс бетін мекендеп жүрген қытайдың Манчжур-чин билігіндегі қазақтар Моңғолияның құрамына енеді.
Алайда сол ХХ ғасырдың алғашқы елу жылы Моңғолиядағы қазақтар үшін де замананың зарлы бораны ұйтқыған, қызылдың қуғын-сүргінін басынан кешірген саяси дүрбелеңге толы аса ауыр, тауқыметі таудай, басынан бағы тайған соры мол, сұрқай жылдар болды.
Моңғолия қазақтарының сордан көзі ашылған кезеңі өткен ғасырдың елуінші жылдарынан бастау алады десек, тым артық айтқандық болмас. 1922 жылы МХР қарамағындағы аз ұлт өкілдерінің саяси-әлеуметтік жағдайын оңтайластыру туралы үндеу қабылдап, олардың тең құқығын қамтамасыз етілетіндігін жариялайды. 1940 жылға дейін елдің батыс өлкесі Қобда аймағының құрамындағы қазақтардың тұрмыс-тіршілігін жақсарту, әл-қуат әлеуетін арттыру, ұлттық салт-сана, мәдениетін жетілдіру жөнінде біраз шаралар жүзеге асырылады.
Сонымен қатар, Қытайдың Шыңжаң өлкесіндегі қазақтардың саяси жағдайы ақыры ұлттық аймақ құру қажет екендігін көрсетеді. Осы мақсатпен қазақтарды өз көзімен көріп, танысу үшін Моңғолияның бас министрі, маршал Чойбалсан 1939 жылы қазақтар мекен етіп отырған өлкеге келеді. Ел-жұртты төрт күн аралап, төрт жүзге жуық үйге кіріп дәм татып, дидарласқан. Қасында тілмаш болып Жайсап (М.Зайсанов) жүрген. 1937-1938 жылдары сталиндік репрессияны моңғол көлемінде ойдағыдай атқарып, ішінде 3270 қазағы бар 25 мыңға жуық елдің ылғи «сорпа бетіне шығарларын» жазықсыз жайратқан Чойбалсан осы жолы ұлттық қазақ аймағын құру туралы ұсынысын айта келіп, «біз бұл жұртты «бага ястан» (ұсақ сүйектілер), «хасаг» дейміз, өздері «қазақ» дейді екен, сондықтан бұдан былай біз де «қазақ» дейік деген ұсыныс енгізген екен.
Сөйтіп, Чойбалсанның тікелей қолдауының нәтижесінде 1940 жылы Қобда аймағынан бөлініп, Баян-Өлгий (Байбесік) атты қазақ-ұраңқай аймағы құрылады. Моңғолиядағы қазақтар өміріне саяси-әлеуметтік, мәдени үлкен өзгеріс әкелген осы ірі оқиғаның артында Мәскеу тұрғаны белгілі болса да, бұл – Чойбалсанның қазаққа жасаған үлкен қамқорлығы. Бұл оқиға қытай билігіндегі, гоминдан үкіметінің илеуі мен қанауына түсіп, қатты қалжыраған, шекараның арғы жағында отырған қазақтарға да ықпал етпей қойған жоқ. Ол кезде Шыңжан өлкесінің саяси жағдайы аса күрделі шиеленісті болатын.
Қандай да бір мемлекет, ұлт-ұлыстың өмірінде жеке тұлғалардың айрықша рөл атқаратыны белгілі. Чойбалсанның тұсында қазақтың абыройын арттырып, ар-намысын көтерген адамның бірі генерал Жайсанап Мүдәрісұлы. Ол сол бір сұрапыл соғыс жылдары (1939-1945 жж.) Моңғолияның әуе күштерінің бас қолбасшысы, даңқты ұшқыш, исі қазақтың тұңғыш авиация генералы болды.
Осы кезеңде Моңғолияның саяси-қоғамдық өмірінде ерекше рөл атқарған ірі-ірі саяси қайраткерлер шықты. Айталық, алғашқы аймақ бастығы Қаби Бежеұлы, аймақтың партия комитетінің төрағасы, кейін Ұлы Хуралдың (Жоғары Кеңес) басқарма мүшесі Ноғай Шымшырұлы, Парламент хатшысы Қашқынбай Мәлікұлы, ұлттар комиссиясының бастығы Мұқан Жылыбайұлы, Ұлы Хурал депутаты Жәмила Әпсаламқызы. 1943-1944 жылдары Чойбалсан Шығыс Түркістан ұлт-азаттық қозғалысының қолбасшысы Сіләмұлы Оспан батырмен жолығып, дидарласады. Оспан батырдың тума дарынды, аса зерек, алысты болжайтын алғыр, қажымас қайратты, қайтпас қаһармандығына қайран қалады. Бұл да Чойбалсанның қазақ халқына деген оңды көзқарасын одан арман бекіте түседі әрі кейінгі ізбасары Ю.Цеденбалға да жағымды ықпал етті деуге болады.
Моңғолияның тәуелсіздігін сақтап қалу үшін барлық күш-жігерін сарп еткен Чойбалсан 1952 жылы Мәскеуде жұмбақ жағдайда қайтыс болғаннан кейін, Моңғолия билігі толықтай Цеденбалдың қолына өтті. Цеденбалдың билік төріне көтерілуіне Совет Одағының қолдауы болғандығы сөзсіз. Ол жайында CCCР-дің Сыртқы Істер министрі болған В.Молотов естеліктерінде айтылады. 1940 жылы Сталин моңғол басшыларымен ресми кездескеннен кейін оларды кешкі дастарқан мәзіріне шақырады. Шағын топта Моңғолия жағынан Чойбалсан, Цеденбал алғаш рет, Совет Одағы тарапынан Сталин, Молотов, Берия болған. Сол дастарқан басында Цеденбалды ұнатып қалған Сталин Берияға: «Лаврентий, сен бұған тиіспе» дегені туралы және 1952 жылы өзінің Цеденбалды қолдағанын жазады.
Цеденбал 1916 жылы қазіргі Баян-Өлгиймен бүйірлесіп жатқан Увс (Убсы – у су – Б.Б.) аймағында, баяғы жоңғар қалмақтарының жұрнағы, төрт ойраттың төртiншiсi, қазақ «дөрбет» не «дүрбiт» деп атайтын, ауыз әдебиетінде «ұранқай, қазақ дөрбетім,// дөңгеленген келбетің» деп жырға қосқан дөрбөд (дөрбет) текті Юмжаның отбасында он бір баланың бесіншісі болып дүниеге келеді. 1925 жылы Улаангом (Ұлан құм немесе Қызылқұм – Б.Б.) қаласында ашылған мектепті 1929 жылы бітіреді. Қаршадайынан ерекше қабілетімен көзге түскен оны үкімет осы жылы оқуын жалғастыру үшін Иркутск қаласына жібереді.
Ол Иркутск, Улан-Уде қалаларында 9 жыл бойы жүріп, Сібірдің Финанс және экономика институтын өте жақсы тәмамдап, қаржы және экономика маманы болып шығады. 1938 жылы еліне оралады. Қаржы-қаражат саласында әр түрлі қызмет істейді. 1940 жылы, небары 24 жасында МХРП-ның бас хатшысы, партия басшысы болып сайланады. Осы лауазымды ол 44 жыл, яғни 1984 жылға дейін үзіліссіз атқарады. Халхин ғол соғысында Моңғол Армиясының саяси жетекшісі болды.
Сөйтіп, біз «жойылып кетті» деп жүрген Жоңғардың жұрнағы Моңғолияны табаны күректей 44 жыл билеген еді. Осы 44 жыл Моңғолияның қол жеткізген барлық жетістіктері мен жеңілістері Цеденбалдың атына тікелей байланысты екені даусыз. Алайда ол әрқашан «қылп еткен нәрсенің бәрін менің атыммен байланыстыруды доғарыңдар» дегеннен танбаған. Моңғол елінің екі алып империяның қай біреуіне жем болып кетпей, тәуелсіздігін тұғырлы етіп, ел-жұртының әлеуеті артып, елдің әлем алдындағы халықаралық бет-беделінің өсуі оның салауатты да саналы, сындарлы да салиқалы саясатының арқасы деп бағаланады.
Сол үшін оған 1961 жылы Еңбек Ері, 1966 жылы Моңғолия Батыры, ал 1979 жылы Моңғолия маршалы атақтары беріледі. Қай заманда да билік мұнарасына көтерілген адамның төңірегінде оның жағымпаздары мен итаршылары қатар жүреді емес пе?! Сондай қолпаштауға құмарлар ОК-тің саяси бюро мүшелері ішінен де табылады. 1981 жылы Цеденбалға екінші рет Моңғолия Батыры атағын беру туралы ұсыныс барын естіген ол ОК-тің саяси бюро мүшелері атына хат жолдап, жоғарыда аталған атақтармен марапатталғанын атай келіп, «осы күнге дейін партияның басшылығында, халқымның қалауымен серіктестеріммен тізе қоса отырып атқарған ісім Батыр атағын аларлықтай дәрежеге жетті ме, жетпеді ме деп мың ойланып, жүз толғанамын. Маған тағы да Батыр атағын беру туралы Саяси Бюро мүшелері ұсыныс жасапты. Батырға лайық дәрежеге жете қойған жоқ едім деп өзімді қомсынып жүрген мен енді екі мәрте Мемлекеттік Батыр болу атағын көтере алмаспын... Батыр адам бір-ақ рет туады» деген екен.
Цеденбал советтік жүйе шеңберінде, коммунистік партияға адал қызмет етті. Коммунист бағыт-бағдарды нық ұстанды. Совет Одағында жүргізілген «Сталиндік жеке басқа табыну» ісін әшкерелеу Моңғолияда да жалғасын табады. Өйткені Чойбалсан Сталиннің айтқанын бұлжытпай орындаған «өз адамы» болатын. Сондықтан да бұл науқаннан тыс қалу мүмкін емес еді.
Цеденбал 1956 жылы Чойбалсанның жеке басына табыну әрекетін партия съезінде әшкерелеп, сынағанымен оның атындағы қала, көше және Ұланбатыр қаласындағы ескерткішіне соқтықпай, Ұланбатыр қаласындағы Орталық кітапхана алдындағы Сталин ескерткішін қаз-қалпында қалдырады. «Біздің кейбір адамдарымыз нашар ғой. Тәуелсіздік, отан үшін жанын жеп жұмыс жасаған маршал Чойбалсанның ерен еңбегін елегеннің орнына тырнақ астынан кір іздеп, атақ-абыройын ашықтан-ашық мазақ ету үшін жанталасып жүр. Бұған Хрущевтің әсері бар шығар, бірақ маршал Чойбалсан Сталин емес қой», – деп өз естелігінде жазған екен.
Цеденбал 1962 жылы Шыңғыс ханның 800 жылдығын тойлатады. Осы елеулі күнге орай тарихи-мәдени іс-шаралар өткізу жөнінде МХРП-ның ОК мен МК қаулы қабылдап, оған Цеденбал қол қояды. Хэнтий аймағының Гурван нуур («Үш көл») деген жеріне Шыңғыс ханның ескерткішін орнаттырады. Алайда Цеденбалдың бұл әрекеті Совет Одағы басшыларына ұнамай қалады. Істің ақыры сол іс-шараны ұйымдастырып, атқару комиссия бастығы Н.Төмөр-Очирды барлық лауазымынан аластап, жер аударумен тынады.
Цеденбал билікке келгеннен кейінгі жылдарда қазақтың «ой мен жан еркіндігіне» шектеу қойған жоқ. Баян-Өлгий аймағында қазақы ұлттық инфрақұрылым қалыптасып, өркендеп, өсіп, мемлекет басшысының ең сенімді қанаттарының біріне айналды. Ол партияның жоғары мектебін Байтазаұлы Құрметбекке (1963-1980 жж.), Партия тарихы институтын, кейін Қоғамдық ғылымдар институтын Әбілтайұлы Мініске (1971-1991) басқартты. 1979 жылы Халхин-ғол соғысында көрсеткен ерлігі үшін Мәзімұлы Ікейге Моңғолия батыры атағын берді. Орынұлы Тілейханды министр, Жұпбайұлы Ахмет, Жапарұлы Зуқа, Қалқымаұлы Құсайын қатарлы министрлер орынбасарларын тағайындап, Қинаятұлы Зардыхан сол елдің кәсіп одағына ұзақ жылдар (1975-87 жж.) басшылық етті.
1955-1979 жылдары Баян-Өлгей, Хэнтий, Увс, Ховд, Бұлғын, Хөвсгөл қатарлы аймақтарды Шәбіұлы Қабдыл, Асқабылұлы Сарай басқарды. Рамазанқызы Алтыншаш 1964 жылы 19 жасында Токио олимпиадасына қатысқан, желаяқ тұңғыш қазақ қызы. Қазақ жастарының жақсы оқығандары Еуропа елдерінде білім алды. Бар-жоғы 150 мыңдай халықтан отызға жуық ғылым докторы, жүзге тарта ғылым кандидаттары туды. Қазақтың көркем әдебиеті мен мәдениеті дамыды. Бір өзі бір ғылыми институттың жұмысын атқарған Бұқатұлы Базылхан, Ақымерұлы Қабыкей қатарлы ғұламаларды атауға болады. Қазақтар моңғол елі – отаны үшін жан-тәнін аямай өмірдің барлық салаларында жұмыс істеп, қызмет атқарды. Өйткені қай елдің азаматы болсаң, соның жолында жаның құрбан болуға міндеттісің. Сөйте тұра, Моңғолиядағы қазақтар ұлттық болмысын сақтап қана қоймай, жалпы қазақ халқының құрамдас бір бөлшегі екенін батыл айқындай отырып, Моңғолияның саяси-әлеуметтік жүйесінде айрықша орны бар ұлттық мәдени автономиялық этникалық қауым болып қалыптасты.
Қазақтың саны елу жылда отыз мыңнан жүз елу мыңға жетті. Қазақтың қол жеткізген табыстары ел басшысы тарапынан да толық бағаланды. 1980 жылы Баян-Өлгийде болған сапарында Цеденбал: «Біз қазақ халқының төңкерісшіл жауынгер дәстүрі бар, ежелден қажырлы, берген уәдесін бұлжытпай орындайтын, алға қойған мақсатына жететін еңбек сүйгіш ел екенін жақсы білеміз. Аймақтың қажырлы халқының абыройлы ісін мен мақтанышпен атағым келеді» деген екен ағынан жарылып. Ерулікке қарулық ретінде қазақтар да Цеденбалды «еркелетіп» «Бал дарғы» («Бал бастық») атап, өзінің абыз-ақсақалындай құрмет тұтты. Моңғоияның халық жазушысы Мағауия Сұлтанияұлы «Бал дарғы» атты поэма жазды.
Моңғолия тәуелсіз мемлекет болғанымен оның бүкіл саяси-әлеуметтік жүйесі, іс-әрекеті КПСС-ке бағынышты еді. Солай болса да, Цеденбал ел тәуелсіздігін бәрінен жоғары қойыпты. Мәскеу билігіне жағына, жаға отырып, солардың саусағының ұшымен қимылдай жүріп: «Біздің бай-кедей болуымыздан гөрі тәуелсіздігімізді ұрпақтан ұрпаққа жалғастыра өмір сүруіміз қымбат», – депті.
Оның бар арман, мақсат, мұраты ел тәуелсіздігін баянды ету болғаны барлық іс-әрекетінен байқалады. 1960 жылдарда Совет Одағы мен ҚХР-сы арасындағы саяси жағдайдың күрт шиеленісуі Моңғолияға да тікелей әсер етеді. МХР-сы СССР-ды жақтап шығады. 1963-1966 жылдар толық жүзеге асқан Цеденбалдың «Моңғолияда жұмыс істеп, өмір сүріп жатқан Қытайдың барлық азаматтарын моңғол жерінен түгелдей қуып, шығару туралы» нұсқауына қытай жағы үзілді-кесілді қарсы шығып, Қытай тарапынан СССР-ды жақтап кеткен МХР атына ащы сөздер айтылады. Моңғолия елшілігінің сыртына «Цеденбалдың ит басының мылжа-мылжасын шығар!» деген сияқты сиықсыз сөздер жазады. Ал қытай басшылары Мао Зедун, Жоу Энь Лай: «Жолдас Цеденбал дипломатиялық ұстанымды табанында таптады» деген жолдары бар хат жолдайды.
Оған Цеденбал: «Біз өз тәуелсіздігімізді, дербестігімізді, ұлт азаттығымызды әр қашанда қорғайтын боламыз», – деп жауап берген. Қытайдың «Моңғолияны өзінің бір аймағы деп есептейтініне» байланысты Моңғол үкіметі батыл наразылық білдіреді. «1945 жылы Моңғолияның тәуелсіздігін мойындаған ҚХР бүгінгі таңда ақ сөзінен айнып, артқа тартып, МХР-сын өзінің бір аймағы ретінде санауы біздің зығырданымызды қайнатып, намысымызға тиді. Қуатты ұлы держава ағат басқанын ақылға жеңдіріп, бізден кешірім сұрауын ҚХР-ның жоғары басшысы Мао Зедун мен Мемлекеттік Кеңесінің Бас Министрі Жоу Эньлайлардан қатаң талап етеміз». МХР-ның МК- нің бастығы, МХРП-ның бірінші хатшысы, Армия генерал лейтенанты Ю.Цеденбал, 1966 жыл деп қол қояды.
Ю.Цеденбал совет елімен қоян қолтық ұстасып, тонның ішкі бауындай жарасып, оның қол баласындай өмір сүргенімен СССР-дің бір мүшесі болып түбегейлі еніп кетуден үзілді-кесілді бас тартып отырған. Жалпы, көрші мемлекеттер арасындағы көп дау, кикілжіңдер көбінде шекара мәселесіне байланысты туындап жатады. Совет Одағы мен Моңғолия арасында да жер дауы үлкен шиеленіске апармаса да ара-тұра болып тұрған. Кезінде Совет Одағына өтіп кеткен кейбір жер-аумақтарын Моңғолия кейін қайтарып алған. Мәселен, 1932 жыл жасалған шекаралық келісім-шарт бойынша Моңғолияның Давст уул (Тұзды тау) аумағы Совет Одағы меншігіне өтіп кетеді. Осы мәселені Цеденбал қайта қозғап, зерттетеді. Нәтижесінде Совет Одағы 1958 жылы 85 шаршы км, 1975 жылы 702 шаршы км. жер көлемін Моңғолияға қайтарып береді. Сонда Цеденбал «мен Давст уулды (Тұзды тауды) түгелімен қайтарып алсам деп едім, бірақ бізге жердің бар-жоғы 85 пайызын ғана қайтарды. Бұл да аз сан емес болса да, қалған 15 пайызын да толықтай алу үшін кірісемін» деген екен бір сөзінде. Оған Цеденбалдың ғұмыры жетпеді.
М.С. Горбачев 1981 жылы Моңғолияда болады. Бұл жерде де ол марксизм-ленинизм ілімімен «берік қаруланған», коммунистік партияға, оның идеалына жан-жүйесімен адал, брежневшіл, ең жоғары мансап тұғырына құйып тастаған шойындай шоң, тоңмойын, даңқтың даңғазасына белшесінен батып, тайпалық-тұқымымен тұтасқан, тастай мығым, алынбас қамалдай қасаң билік басындағы бурылдар шоғырына тап болады. Цеденбалдың тысы тас, қауызы қалың, құрсауы берік, тағына тас кенедей қадалған, оңай бұзыла қоймайтын қамал екеніне көзі жетіп қайтады. Ал Цеденбалдың зайыбы, советтік КГБ-ның агенті өздері қолымен жетектеп әкеп қосқан қосағы А.И.Цеденбал-Филатованың да билікпен мидай араласып, бет қаратпас күшке еніп, енді ұлы орыстың емес, ұлы моңғолдың күнін жоқтаушысына айналып кеткендігінен түңіледі. Осы сапарында ол Цеденбалды қалайда тақтан тайдыру керек екендігін іштей түйіп қайтса керек.
1984 жыл. Цеденбалдың басына қара бұлт үйіріледі. Сол қара бұлт негізінде Моңғол-Советтің біріккен «Эрдэнэт» тау-кен байыту өндірісіне байланысты туындаса керек. Өндірістің пайдасыз, тек шығын әкелетіні, мыс-молибденді кеннің құрамындағы басқа да бағалы металлдар толық ажыратылмай тасымалданатыны туралы зерттеулер жарық көреді. Оны қолдаушылар МХРП-ның ОК-тің саяси бюро мүшелері ішінде де бар. Бұл дегеніңіз Совет пен Моңғолдың мызғымас достығына сызат түсіретін нәрсе. Цеденбал бұл мәселені Халхин гол жеңісінің 45 жылдығынан соң қараймын деп жылы жауып қояды. Алайда ОК-тен әлдекім Мәскеуге адам жіберіп, зиянды мәселені оңтайлы шешуге қол ұшын беруді өтінген хат жеткізеді. КПСС-тің ОК-і жеті басты «достыққа қарсы топты» жойғаннан гөрі жалғыз басты Цеденбалды алып тастауды жөн көреді де, Цеденбалды Совет елінде дем алып қайту үшін Мәскеуге шақырып, «аса қауіпті ауруға душар болған, ұзақ уақыт емделуі керек» деген дәрігерлік анықтаманы дереу шығарып, ол туралы Қара теңізде дем алып жатқан Моңғолияның Министрлер Кеңесінің төрағасы Батмөнх мен саяси бюро мүшесі Моломжамцға хабарлайды. Мұны естігенде олар қатты шошынды.
Өйткені Цеденбалды орнынан түсіру олардың үш ұйықтаса ойына да кіріп шықпаған іс екен. Филатованы сыртынан жамандап, пыш-пыштағандары болмаса, оған бетпе-бет қарсы келетін еш бір жан болмапты. Цеденбалға қарсы астыртын жасалған «құпия бүлік» дегеннің иісі де шықпаған. Аяқ астынан естіген бұл хабарды дәрігерлік сараптамаға қол қойған Чазовтың өзі барып МХРП-ның Саяси Бюросына таныстыруын өтінеді. Чазов МХРП-ның саяси бюро мүшелеріне жағдайды толық баяндап, «ақыл-есіне қатысты ауруды» дәлелдеп, сендіреді де, Батмөнх бастаған уәкілдермен Мәскеуге оралады.
Олар Цеденбалға «тағын босату» қажет екенін жеткізуге тиіс болады. Күтпеген жерде моңғолдың үкімет басшылары, өзінің ең сенімді серіктерінің аузынан орынын босату туралы хабардар болған Цеденбал қатты қайран қалып: «бұның бәрін Моломжамц, сен ұйымдастырып жүрсің, ә?!» – дейді де, сол жерде Совет Одағына, оның коммунистік партияға адал болғандығын және де ары қарай да адал болып қалатындығын мәлімдеп КПСС-тің ОК-не жеткізуін өтініп қол хат жазып береді. Бұл хат көмбесіне жетпей, архивте қалады. Ал Филатова болса қатты ашуланып, буынып өліп қала жаздайды.
1984 жыл 20 тамыз күні Филатова КГБ-нің бастығы Чебриковпен жолығып, Моңғолияға қайтаруын талап етеді. Алайда бұл кезде оның сөзін құлаққа ілетін адам қалмаған екен. Оның айтқандары далада қалады. Өйткені Коммунистік партияға Цеденбал енді керексіз адам, ал ол еліне қайтып барса істің немен тынатыны да белгілі, сондықтан оның мәселесі әлдеқашан шешіліп қойса керек.
Осы кезде Цеденбалдың денсаулығы, ұлы Зоригтің айтуына қарағанда, емделіп жазылғанның орнына Чазовтың күн құрғатпай салған екпесінен күннен күнге төмендей берген. Сөйтіп, Цеденбалды қырық төрт жыл тапжылмай отырған «хандық тағынан» тайдырады. Цеденбалдың басына күн туған қиын-қыстау кезде қасында болған адам 30 жыл қорғаныс қызметінің басшысы лауазымында істеген Л.Нанзад деген генерал екен. Оны 1989 жылы қаңтарда ғана еліне қайтарды. Ол Цеденбалдың 1984 жылы шілденің 26-сынан 1985 жылдың 25 ақпанына дейін (7 ай көлемінде – Б.Б.) Мәскеуде арнайы жерде қамауда болғанын айтып берген. Онан кейін Мәскеу орталығынан төрт бөлмелі пәтер беріп, «мырза қамақта» ұстаған. Осы пәтерде Цеденбал өмірінің ақырғы аянышты жеті жылын әйелі және немере қызымен өткізген екен.
Моңғол басшысының әйелі, орыс қызы Цеденбал-Филатова немесе Анастасия Ивановна Филатова (1920-2001 жыл, 21 қазан, Мәскеу) еді. Анастасия Ивановнаның қалай, қандай жолмен Цеденбалға тұрмысқа шыққаны жөнінде де айтылатын әңгіме көп. Негізі, Кеңес үкіметі Цеденбалды кішкентайынан көзінен таса қылмаған. Оның барлық басқан-тұрғаны бақылауда болған, кімге үйленетініне дейін Мәскеу шешіп берген екен. Моңғолия билігінің келесі мұрагері сөзсіз Цеденбал болатынына күмәнданбайтын болса да, Кремль билеушілеріне Моңғолиядағы социализмнің барысын бақылап отыратын сенімді бір адам әу бастан қажет болған көрінеді. Олар бұл істі Моңғолияның премьер-министрі, маршал Чойбалсанның сая­си кеңесшісі Николай Важновқа жүктейді.
Ол Цеденбалды Рязаньдағы өзінің туысқанының қызы Настямен таныстырып, Настяның Цеденбалға ұнағандығы жөнінде КПСС-тің ОК-іне хабарлайды. Сәтті қадам. 1947 жылы Цеденбал мен Филатова үйленеді. Сөйтіп, моңғолдар тұңғыш рет орыстан келін түсіреді. Биліктің жоғары шыңындағы адамның жат жұрттан әйел алғанына сол тұста наразы, жақтырмаған саяси қайраткерлер де болғанымен Кеңестің кеңесіне кет әрі дей алмайды. Анастасия Ивановна әуелде билікке тікелей араласпаса да, жасы егде тарта келе Моңғолия мемлекет саясатында ықпалды адамдардың біріне айналады. Моңғолияның өркендеп, дамуына өзіндік үлес қосқан тұлға деп есептелінеді. Ол Моңғолияның оқу-ағарту, білім, өнер саласына, әсіресе жасөспірім балалар үшін өте көп еңбек сіңіреді. Оның тікелей атсалысуымен «Оқушылар сарайы», «Неке сарайы», халықаралық «Найрамдал» балалар демалыс орындары секілді кешенді ғимараттар салынады. Өнер, шығармашылық адамдарын қолдайды. Кейінгі толқын Цеденбал-Филатованың еңбегіне әртүрлі баға береді әрі бағалайды. Солай болса да, 2006 жылы Моңғолия астанасы Ұланбатыр қаласында оған ескерткіш қойылып, халықаралық «Найрамдал» балалар лагеріне оның есімі беріледі.
Цеденбалдың Анастасия Ивановнадан екі баласы болған. Сол замандағы партияның саяси бюро мүшесі А.Рагчааның айтуынша үлкен ұлы Владислав аса дарынды, әкесіне өте-мөте тартқан, алғыр болыпты. Өкініштісі, оның ғұмыры қысқа болса керек. Екінші ұлы Зориг (Жігер) Мәскеуде тұрады. Әйелі бурят қызы Даримамен Далай Ламаның тапсыруымен моңғолдың көне эпосы «Гэсэр»-ді ағылшын тіліне аудару барысында танысыпты. Зоригтің айтуынша, 1984 жылы олардың барлық құжаттарын алып қояды да, біраз жыл отансыз өмір сүреді. Кейін оған орыс азаматтығын береді. Сөйтіп, 1984-2000 жылдары Мәскеуде тұрады. 2005 жыл Моңғолия азаматтығын қалпына келтіреді. Қызы Надья Цеденбал, 1985 жылы туған, шығыстанушы.
Бодандықтан босанып, тәуелсіздік алған елдің билігін қолға алған тұлға үшін екі мүмкіндік туады екен. Ли Куан Юдің айтуына қарағанда, оның бірі – моральды аяққа таптап, жеке басының шірігенше баюы болса, екіншісі – халық мүддесі үшін адал тер төгіп, елін ұшпаққа шығару. Цеденбал осы бір қанатты сөздің соңғысын таңдаған елбасы болып қалды. Халқы үшін адал қызмет еткен адамның аты мәңгі өшпейтіні Цеденбалдың жеке өмірінен де байқалады. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары билікке қолы жеткен демократ-төкерісшілер өзіне дейінгі мемлекет басқарған адамдардың іс-әрекетін үстірт, бір жақты бағалап, ел-жұртына бар жақсылық-жұмақты тек өздері ғана жасап бере алатындай болып көсемсіп сөйледі. Билік басына келген демократиялық күштер Халық Ұлы Құралы Жарлығымен 1990 жылы Цеденбалды Моңғолияның батыры, Моңғолияның Еңбек батыры, Моңғолияның Мелекеттік сыйлығы иегері, Моңғолияның маршалы секілді мемлекеттік бүкіл абырой, атақ-шендерінін жұрдай қылып, пайдаланған меншік, дүниесін, «мал-дәулетін» бір сабақ жіп те қалдырмай соттың ешбір шешімінсіз тәркілеп жинап әкетеді. Алайда Цеденбалдың шын отансүйгіш, мемлекетшіл, ұлтшыл адал қызметі, халқының ертеңі үшін басын бәйгеге тіге жүріп, ел-жұртын алпауыттар аранынан аман алып қалған батыл, батырлығы оны қаралаған қара қапастан ақтап алып шықты деуге болады.
1997 жылы Халық Ұлы Құралы Жарлығымен әуелгі жарлық күшін жояды. Содан кейінгі жылдарда Ұланғом (Ұланқұм) қаласының орталық көшесіне, Ұланбатыр қаласының бір алаңына, түрлі оқу орындарына Цеденбалдың аты беріліп, ескерткіш тақталар, ескерткіш-мүсіндері қойылады. Цеденбал музейі мен Академиясы ашылады. Академияны М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу Университетін және Сыртқы байланыс экономика академиясын бітірген, биолог-ғалым, ағылшын, француз тілін меңгерген Цеденбал ұлы Зориг басқарады. «Сіз ыңғайы келген кезде саясатқа араласасыз ба?» деген тілшіге: «Мен туған сәттен қазірге дейін саясатпен байланысты адаммын. Өйткені менің әкем мемлекет және қоғам қайраткері болды ғой. Сондықтан менің әрбір басқан ізіме дейін саясатқа тәуелді», – деген екен ол.
Әр нәрсенің басталу көзі болса, тоқтап, бітіп, аяқталу нүктесі де бар. Қоғамдық құрылыс та, оның саяси жүйесі де сондай. Цеденбалдың билік құрған ғұмыры 1984 жылы трагедиялық жағдайда аяқталады. Зерттеушілер мен көз көргендердің айтуына қарағанда, Мәскеуде «мырза қамақта» ғұмырының соңғы жеті жылын аянышты жағдайда, өле-өлгенінше өксікпен өткізген Цеденбалға байырғы саяси серіктестерінен де, Филатованың қолтығына су бүркіп, аяғын жерге тигізбей қолпаштаушы итаршыларынан да бір де бір адам жөнін сұрап, артынан іздеп, ат ізін салмаған екен не оларға ондай мүмкіндік берілмесе керек.
Цеденбал өмірінің соңғы жеті жылында Отанынан жырақта, жат жұрта, «мырза қамақта» қандай күй кешіп, қалай өмір сүргені жайлы оның өзінің жазған естеліктері, жолдаған хаттары, тілшілерге берген сұхбаттарында айқын көрініс тапқан. Оларда Цеденбалдың Отанға деген шынайы махаббаты, сүйіспеншілігі, туған жерге деген шексіз сағынышы, енесінен айрылған ботадай боздаған, шарасыздықтан шырқыраған дәрменсіз жанының айқайы, ішкі жан дүниесінің зар еңіреген күйзеліс-күйініші, жан төзгісіз азабы, ең соңғы, ақыреткі арман-тілегі айтылады: «Ағзам азып барады. Асқазанымда бір нәрсе бар. Сол менің жанымды жеп тынатын сияқты. Ертерек елге жетіп, сүйегімді қойып, тынышталғым келеді. Менің тілегімді қажетті адамдарға жеткізші» (Ю.Цеденбал,1989 ж.), «Менің ең соңғы тілегім тек қана елге жету. Есен-аман елге жетіп, етек-жеңімді жинасам деймін. Елшіліктегі жолдастар менің тілегімді қабыл алып, шешіп береді дегенге сенімім зор» (Ю.Цеденбал, 1989 ж).
Сондай-ақ, комиссар Төмөрбатыр дегенге сол 1989 жылы жолдаған хатында тағы да былай деп жазыпты: «Жігітім, сен мені ауруханадан қашан шығармақсың. Мен өте-мөте қиналып кеттім. Мені мына көңіл-күйдің тозағынан құтқарып, Отаныма апаршы». Додоодорж деген журналист қана қиысын тауып, бетпе-бет жүздескенде: «Әбден шаршадым, қажып кеттім, мені елге алып кетіңдерші, сүйегімді сонда апарып тастаңдаршы», – деп жыларман болыпты.
Моңғолияны 44 жыл басқарған Цеденбал 1991 жылы Мәскеуде қайтыс болды. Моңғолиядан мемлекеттік комиссия келіп, оның мәйітін Ұланбатырға алып қайтады. «Алтын бесік» атты мемлекеттік пантеонға жерлейді. Бір деректі фильмде сол қаралы жиында А.Ц. Филатованың сөйлеген сөзі беріледі. Сонда ол: «Отаның сені қырық жыл басқарған мемлекет башысы емес, әскери генерал ретінде аттандырып жатыр», – дейді. Цеденбалдың қазасына моңғол халқы ашық болмаса да бей-жай қарай алмады, аң-таң күйде, ішкі күйзеліспен қарсы алған еді. Сол кезде Байөлгейлік бір қария:
Экономикамыз нарықтық,
Ұн мен шайға тарықтық.
Қырық жыл нанға тойғызған,
Цеденбал өтіпті жарықтық... – деген екен. Осы бір шумақ өлең әзіл-қалжың сынды көрінгенімен шындығында халықтың Цеденбалға деген жан жүрегін жарып шыққан шын ілтипат, шын ықылас, шын тілек сөзі еді.
Цеденбал өмірінің соңғы кезеңін өткізген Мәскеудегі пәтерінде қазір немересі Настя тұратын көрінеді. Зориг қызы Настя 1985 жылы Мәскеуде туған. Шығыстанушы. Мәскеудегі бір компанияда Моңғол-Ресей қатынасына байланысты шаруа атқарады екен. Атасы туралы сауалдарға ол былай деп жауап берген: «Мен ол кезде бала болдым. Атамның алдына алып, маңдайымнан иіскеп отыратыны еміс-еміс есімде, үнемі кітап оқитын. Оның өмірінің соңғы жылдары трагедияға толы болғандығын енді естіп, біліп, зерттеп жүрмін. Атам жайлы көп нәрсені әжемнен білдім. Әжем мен ес білген кезде альбомдарын көрсетіп, бұрынғы өмірлерін еске түсіріп, атам туралы үнемі айтып отырды. Атамды аса жұмсақ мінезді, телегей білімді, таңғажайып адам еді деп айтатын. Айтқан сайын толқып кететін... Мен осымен Моңғолияға екінші рет келіп отырмын. Атамның туған жеріне, басына барып зиярат еттім... Тұла бойымда баһадүр моңғолдың қаны тулап жатқандықтан өзімді моңғолмын деп есептеймін...»
Бақытбек Бәмішұлы,
филология ғылымдарының кандидаты, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі

turkystan.kz

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста