Астана қаласында алғаш тұрғызылған ескерткіштің бірі Бейбітшілік көшесі мен Омаров көшелерінің қиылысындағы, сол кездегі Жоғарғы сот ғимаратының оң қапталына орнатылған үш бидің тұлғасы еді. Оған мұрындық болған сол кездегі Жоғарғы сот төрағасы Мақсұт Нәрікбаев екенін біреу біліп, біреулердің білмеуі де мүмкін.
– Қызық болғанда мен осы ескерткіштен айырылып қала жаздағаным бар, – деп еске алатыны бар ағамыздың. Ол Қарағанды қаласында құйылып, дайын болғаннан кейін, қойылатын орны Парламентте қызу талқыға түсті. «Билер заң шығарудың басында тұрған тұлғалар. Сондықтан олардың ескерткіші де Парламент ғимаратының алдында тұруы керек», деп депутаттар отырып алмасы болар ма?! Әрине, олардың да сөздерінің жаны бар, алайда, билердің ең алымен соттың рөлін атқарғаны рас қой. Осыны мықтап дәлелдеуге тура келді. Ақыры әрі ырғасып, бері ырғасып, бұл ескерткіш Жоғарғы сот пен Парламент ғимаратының ортасына осы қазіргі тұрған орнына орнатылатын болып шешілген еді.
Бұл жерде депутаттардың да, сот өкілінің де уәждерін жоққа шығара алмайсыз. Қазақ билерінің қызметіне осы екі міндеттің де кіргені рас. Одан да гөрі таратып айтар болсақ, тек бұл екеуі ғана емес, олардың қызметі сан-салалы болған.
Билердің, ең алдымен әділ шешім шығарумен аты шығып, сол арқылы атағы аспандайтыны өтірік емес. Қазақ даласында олар тағайындалмаған да, сайланбаған да. Өзінің білгірлігімен, біліктілігімен, даналығымен аты шығып, аты ауызға ілігіп, халықтың ойынан шыққан.
Алайда, ол оңайға түспеген. Олар халық арасында тек жеке қасиеттерімен ғана танылып қоймай, бірнеше сатылардан тұратын сыннан сүрінбей өту керек болған, деп жазады қазақ заң ғылымының атасы, академик Салық Зиманов. Далада әділеттің ақ туын желбіреткен билерге табиғат берген қасиеттерден басқа қызыл тілге келгенде ешкімге дес бермейтін шешендік, даланың даналығы мен кемел ақыл, парасат, сондай-ақ, «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», «Әз Тәукенің жеті жарғысы» сияқты дала ережелерінен құралатын заңдарды жетік білу сияқты биік талаптар қойылған. Олар осы үдеден шығып барып, бұқараның сеніміне ие болған.
Қазақтың салт-дәстүрі мен тілін жақсы білетін орыс ғалымы А.Алекторов сот әділдігінің ежелгі дәстүрлерін сақтаған билер дала демократиясын жүзеге асырып отырғандығын айта келіп: «Істі қарастыру кезінде би және ақсақал дауласушыларға асқан әділдік танытуды өзінің қасиетті парызы санайды, – деп таңдана жазады. Ол екі жақтың да дәлелдемелерін әбден тыңдап болған соң ғана өзінің әділ шешімін жариялаған және ол шешім міндетті түрде орындалған».
Міне осының қазіргі сот процесінің қалыптасқан классикалық үлгісінен несі кем. Бұл арада «шешім міндетті түрде орындалған» деген сөзге ерекше назар аудартқым келеді. Ал қазіргі соттардың ең осал тұсы осындай шешімдерінің толық орындалмауында жатыр. Қазіргі кейбір талдау құжаттарына қарасақ, кейбір өңірлерде ондай шешімдердің орындалуы 50 пайызға да жетпейтінін ескерсек, билер сотының ерекше биік беделіне таңғалмасқа амалыңыз жоқ. Бұл ретте атақты Шоқан Уәлиханов: «Билердің беделі Еуропадағы ақындар, ғалымдар мен адвокаттар сияқты өздерінің жеке бастарының қасиеттеріне байланысты болған. Шекспир мен Гетенің ақындық ұлылығы үкімет декреттерінен тумаған. Өздерінің дарындылығынан туған. Билердің де беделі солай қалыптасқан», – дейді.
Этнограф-ғалымның одан әрі келтірген мысалы тіпті қызғылықты. «Орыс талапкері немесе жауапкері көптеген жағдайда орыстың тергеу орнынан гөрі бидің сотын артық көреді, – дейді ол. – Нақты дерек бойынша, биылғы жазда Көкшетауда осындай ондаған іс қаралды».
Сонау Рим правосынан бастау алатын Еуропа соты ережелерімен сусындаған орыс империясы судьяларынан қазақ билерінің бәс таластырмақ түгілі, бұқара үшін артық болып тұрғанын Шоқан тапжылтпайтын мысалдармен дәлелдеп тұрған жоқ па?!
Билер соты: «Орыстың қырық жылдық ықпалына қарамастан жүз жылғы, бәлкім бізге дейінгі мың жыл бұрынғы қалпын сақтап қалған, – деп тамсана жазады ол. – Халықтың ішкі даму күші де, орыс мекемелері мен заңдары да оның ежелгі, қарапайым үлгісін өзгерте алмады».
Қазірде жұрт билерді тек қана судьялардың орнына қоюға бейім. Әрине, бұл да шындықтың ауылынан алыс емес. Алайда, сол кездегі билердің міндеті сан салалы болғаны анық. Мұны С.Зиманов бастаған заң ғылымдары майталмандарының еңбектерінен анық аңғарасыз. «Би, ең алдымен, – сот (судья), деп жазады Салық Зиманов. Бидің өзі де, билігі де түп-тамыры халық тарихына байланысты. Сол себепті ол беделді, дәстүрлі билік қатарында болды».
Бұл жерде ғалым халық тарихын бекер ауызға алып отырған жоқ. Қазақтың әдеттік-құқықтық жүйесі ғасырлар бойы қалыптасып, ұлт тарихымен қоса жасасып келе жатқан құбылыс. Бір жағынан алғанда, оның консервативтік сипаты, екінші жағынан көшпелі өркениет ағымында әркез қозғалыста, даму үстінде болған. Осындай өзгерісті қозғалыс барысында би қазақтың құқықтық дәстүрлерінің сақтаушысы ретінде көрініс тапқан, дейді ғалым. Бұл оның кәсіптік қызметінің міндетті қыры болып табылады. «Сонымен қатар, би – Ұлы дала құқығын еркін талқылаушы, әрі оның нормаларын қоғам өзгеруіне сай қолданушы», деп академик ағамыз бидің тұлғасын одан әрі аша түседі.
Анықтап қарап, байыптап көз жіберсек одан тек қана сот емес, прокурордың да тұлғасын аңғару қиын емес. Әсіресе, биге «құқықтық дәстүрлерді сақтаушы» деп сипаттама беруі оларды прокурорлық қадағалау қызметіне тіпті жақындата түседі. Яғни, олар дала ережелерінің сақталуы мен мүлтіксіз орындалуын қадағалап отырған.
Иә, шындық пен әділдікке жету қазақ құқығының, оған негізделген билердің соттық шешімдерінің түпкі негізі, түпкі мақсаты саналғаны ақиқат нәрсе. «Тура биден туған жоқ, туғанды биде иман жоқ», «Атаңның құлы айтса да, әділдікке бас и», «Тіл жүйрік емес, шын жүйрік», «Әділсіз болса би оңбас, әйелсіз болса үй оңбас», «Би төрттің құлы: адал еңбек, таза ниет, терең ой, әділдік» деген сол-кезде туған мақал-мәтелдер мен «ана би былай деп айтыпты» деген аңыз әңгімелердің бәрі де би шешімдерінің әділдігін ғана дәріптейді, соны мақсат тұтады.
Егер билер соты «айттым бітті, кестім үзілді» деген бір-ақ тараптан, дара пікірден тұрса мұндай әділдіктің болуы, әрине, мүмкін емес. Ендеше, билер сотында қазіргі сот процесіне қатысушылардың, яғни сот, прокуратура, адвокатура элементтерінің бәрі де болғаны даусыз. Билер осы функциялардың бәрін атқарып отырған. Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Нәзір Төреқұловтың: «Ертедегі бір бидің өзі осы күнгі соттың да, прокурордың да, милицияның да, қаншама мекеме, ұйым басшыларының да қызметін атқарып келген ғой», деген сөзі шырайы келген шындық.
Билер сотындағы әділдікке жетудің үлкен бір жолы сайысушылық процесі болды. Яғни, шындыққа жету жолында сөз таластыру. Қазақ даласында сөз білгіріне айрықша мән берілгені сондай, тіпті биді көбіне шешендігіне қарай бағалайтын болған. «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ», «От тілді, орақ ауызды» деген мәтелдер сол кезде туса керек.
Алайда, сөз сайысында билер қызыл тілдің қыздырмасына бой алдырып, беталды сөйлей бермеген. Олар сөздің дәмінен, мәселенің мәнінен ешуақытта айырылмаған. Дала заңдылығының қайнар көзі ұлттық салт-дәстүрлер десек, осыған сай заң нормаларына сүйенген билер көркем сөзбен, кестелі оймен қаралып отырған дау-дамайды рет-ретімен тарқатып беріп отырған ғой. Яғни, қазіргі сот процесінде прокурордың білімділігі мен біліктілігі қандай қажет болса, онда да билер сондай рөл атқарған.
«Билер соты қазақ халқының салт-дәстүрлерінен бастау алады, – деп жазады А.Крахалев деген ғалым. – Оның көне түрі мынадай. Жұртшылықтың сый-құрметіне ие болған адам ғана би атанған. Бұл ретте қазақтардың талабы аса жоғары болды: жұртшылықтың көз алдында жеңіске жету үшін ғасырлар бойы қалыптасқан салт-дәстүрлер мен әріден жеткен әңгімелерді жетік біліп, жиналған көпшілік қауымның алдында ауызша шешім шығару үшін жүргізіліп отырған істің бүкіл ауқымын бүге-шігесіне дейін түгел біліп отыруы керек».
Қазіргі сот ісіне қатысып отырған прокурорға да қойылатын талап та дәл осындай. Осы арада: «Айбатпен сотқа кірген прокурордай», деген Біржан салдың әні еріксіз еске түседі.
Билердің сотта прокурор қызметімен қоса, оның алдында тергеу амалдарымен айналысқанын олар туралы аңыз-әңгімелерден анық аңғаруға болады. Бір мысал. Бірде Әйтеке биге «Мынау аңда жүргенімізде атымды орға жығып, соққан түлкімді де бермей кетті», деп бір адам шағым айтып келеді. Істің бүге-шігесін әбден зерттеген би оларды шақырып алып өз үкімін айтады:
– Сенің мінген атыңның оң жақ көзі соқыр екен. Жүргенде ылғи оң жағымен қарағыштап, жолдың сол жағындағы шөпті жұлып жеп отырыпты. Демек, орға көрмейтін жағымен өзі құлаған. Түлкі де сенікі емес. Сен сайдың оң жағынан келіп қосылыпсың. Ал түлкіні жыққан оқ сол жақтан бүйірден қадалған.
Дәлелді сөзге дау айта алмаған әлгі жігіт кінәсін мойындап, жазықсыз жала жапқаны үшін ат-шапан айыбын тартыпты.
Біздің қазіргі мемлекеттік құқығымызға сонау көне Рим құқығынан бастау алатын Еуропа заңдары негіз болып отырғаны жасырын емес. Енді оларды ізгілендіреміз деп әуреге түсіп жатқан жайымыз бар.
Академик С.Зиманов айтқандай, қазақ құқығында өлім жазасы, түрмелер мен зындандар болған жоқ, бас бостандығынан айыру, денеге зақым келтіру түрлері, қылмыстық жазалар түрлері де болмады. Барлық дау-дамайлар азаматтық-құқықтық сипатқа ие болды және олар мүліктік немесе ұялтатын, масқаралайтын, бітімгершілік және өзге де азаматтық жазалаумен ғана шектелді. Сөйте тұра, әділдік туы асқақ болды. Жетімін жылатпады, жесірін қалдырмады. Бұдан артық қандай ізгіліктік керек?!
Алдағы жылы Қазақ хандығының 550 жылдығын алаш жұрты болып атап өткелі отырмыз. Ал қазақ мемлекеттілігі одан да әрі жатыр. Ендеше, оның үлкен бір саласы мемлекеттік құқықтың қалыптасуы жайы десек, бұл мақаланы соған бойлаудың бір талпынысы деп қабылдаған жөн.