"АЛЖИРДІ" НЕГЕ КӨРСЕТПЕЙДІ?

«1990 жылдары Армиал Тасымбеков пен Аяған Шәжімбай «АЛЖИР» деген фильм түсірген» дегенді жиі еститініміз болмаса, ешқашан көрмеппіз. «АЛЖИР» деген атына қарап, фильмнің не туралы екенін түсінгенімізбен, нақты не айтылғанын білмейді екенбіз. «Тәуелсіздік күнінде, болмаса басқа да атаулы күндері «көк жәшіктен» көрсетіп тұруға болатын еді ғой» деп налып қоямыз. Неге екені белгісіз, ол кино ұмыт қалды, әйтеуір.
Жақында «АЛЖИР»-ді өзіміз іздеп, Орталық мемлекеттік киноқұжаттар және дыбыс жазбалары мұрағатынан таптық. Деректі фильмді бастан-аяқ көріп шығуға ниетті едік. Бірақ 16 бөлімін тұтастай мұрағатта отырып көру мүмкін емес екен. Бейімбет Майлин мен Тұрар Рысқұловтың қыздарының, Санжар Асфендияровтың немересінің және Темірбек Жүргеновтің жұбайының сөздерін теріп алғанның өзінде, фильмнің қаншама жүрек сыздатар жайттарды арқалап тұрғанын аңғардық. «Теңіз дәмі тамшыдан» демекші, сондағы айтылған әңгімелердің ықшамдалған нұсқаларын оқырман назарына ұсынғанды жөн көрдік.
Гүлсім Майлина, Бейімбет Майлиннің қызы:
– Әкем есімде жоқ. Оның образын шешем Меңдіжамалдың айтқан сөзіне қарап қалыптастырдым. 37 жылдың қарашасында әкем Жазушылар Одағының пленумынан ұнжырғасы түсіп оралған. «Бүгін мені алып кететін шығар» депті анама қарап. Мұның бәрін анам жылап отырып айтып берген еді. Түн жарымда былғары күртеше киген қызметшілер бригадасы келіп, анаммен дөрекі сөйлесіп, әкеме «тез жинал» дейді. Әкем анамды сабырға шақырып: «Шкафта менің аяқталмай қалған қолжазбаларым бар. Болашаққа сақтап қойшы, өтінемін. Уақыт өтеді, бірақ мен халықтың жадына қайта оралатын боламын», – деп айтыпты. Екінші күні анамды алып кету үшін келді олар. Біз алтау едік. Бәрімізді Ілияс Жансүгіровтің отбасымен бірге жертөлеге орналастырды. «Өте қиын кезең еді. Өткенді ұмыту мүмкін емес» деп айтушы еді анам. Анамның қайраттылығы сонша, біздің әкемізге деген құрметінің арқасында бізді өсіріп, аяғымыздан тұрғызып кетті. Бәріміздің басымызды қосып, жақсы тәрбие берді…
«Бір жарым жасымда анамның қолынан алып кеткен екен», – деп Ілияс Жансүгіровтің қызы айтып берген еді. «Анамның қолынан жұлып алған екен. Жан шақырып, шырылдап жылағанына да қарамастан, қара көлікке салып алып кеткен. Мені интернатқа өткізген, қалған балаларды балалар үйіне алып кеткен екен», – деп айтқаны бар.
Өзім Алматыдағы балалар үйінде болдым. Сол жерде білім алдым. 1947 жылы анамның тірі екені туралы, Қарағандыдағы АЛЖИР-де жүргені жайлы хабарлама келді. Бізге жақсы көзқараспен қараған емес. «Халық жауының баласы» деп атайтын. Сол үшін де ұрып-соғатын кездер болған. Оның бәріне шыдап бақтық. 1947 жылы анамызбен қайта қауыштық.
Әкемнің алты романы табылмай, жоғалып кетті. Ол қандай романдар екенін анам білмейтін. Бірақ не жазып жүргенін білетін. Керек кезінде көмектесе де алатын. Анам АЛЖИР-де 10 жыл отырды. Сол 10 жыл анамның сағын сындыра алмады. Бәріміздің басымызды қайта қосты. Қарағандыда тұрдық. Оған берілген төлқұжатқа ерекше белгі соғылғандықтан, бұрын тұрған жерімізге, астанамызда тұруға рұқсат жоқ болатын…
1958 жылы әкеміздің ақталғаны туралы қуанышты хабар келді. Бұл біздің ғана емес, Қазақстанның да мақтанышы еді. Алматыға баруға рұқсат берді. Үй де берді. Әкемнің достарына, бізге деген жұмсақ, жылы көзқарас қалыптаса бастады…
Тұрар Рысқұловтың қызы Рида:
– Менің әкемді Кисловодскіде ұстаған екен. Анам екеуі санаторийде демалып жатқанда. Мен анамның ішінде 8 айлық екенмін. 1937 жылдың 21 мамырында тұтқындапты. Келесі күні мамамның аяғының ауырлығына қарамастан санаторийден қуып шыққан. 1938 жылы 19 ақпанда анамды әжеммен қосып тұтқындап, Бутырька түрмесіне қамапты. Содан ары қарай Қарағандыдағы Карлагқа жіберген екен. Үш жасыма дейін анамның қасында болдым. Сол сұрықсыз көріністер, оның соңғы бейнесі есімде. Қайта еске алу өте қиын. Ол кезде үш жасқа толған бала өз басын алып жүре алатын адам деп есептелетін. Өзін-өзі баға алады деген желеумен мені балалар үйіне жіберді. Балалар көп өлетін, өзіңді күн сайын ыстық та, суық та емес сезініп, өлген баланың қасында жату… Ешқашан есіме алғым келмейді.
Дәмеш Жүргенова:
– 1937 жылдың шілдесінің аяғында болған Пленумнан Темірбек құлазып келді. «Не болып кетті? Біздің ең жақсы деген азаматтарымызды, нағыз коммунистерді алып кетіп жатыр» деді. Бірнеше күннен кейін, 2 тамыз күні Темірбекті қамауға алды. Үйге үш адам келіп, ақтарып-төңкеріп, оның құжаттарын, суреттерін, қолжазбаларын алып кетті. Мені жұмыстан, партиядан шығарып жіберді.
1938 жылдың наурызында бір танысым «Вечерная газетаны» көрсетті. Онда 19 адамды атқаны туралы мәлімет жазылыпты. Оның арасында Темірбек те бар болып шықты. Сол түні мені де алып кетті. Алматыдағы түрмеде 4 ай ұстап, содан кейін лагерьге жіберді….
1941 жылы соғысқа сұрандық. Бірінші оқ маған тисе де соғыста болғым келді. Бірақ жібермеді. Лагерьде 8 жыл отырдық. Таңғы 6-дан, түнгі 12-ге дейін қара жұмыс істедік. Осы күнге аман жеткеніме мың шүкіршілік айтамын. Темірбектің 90 жылдығы да аталып өтті. Мұндай тағдыр біздің ұрпағымыздың басына берілмесін деп тілейік.
Санжар Асфендияровтың немересі:
– Әжем Рәбиға Серашқызы Асфендиярова дүниеден өткенде, мен 10 жаста едім. (Санжар Асфендияровтың әйелін айтып отыр). Әжем АЛЖИР-де 8 жыл отырған.
Қайтып келгеннен кейін кіші қызының қолында тұрды. 54 жасында дүниеден өтті. Жаман аурумен ауырған еді. Оның біреуге қатты ренжігенін, бізге қатты сөйлегенін көрген емеспін. Сондай мейірімді жан еді. Алаш азаматтарының ақталғанын да көре алмай кетті.
• «АЛЖИР» фильмінен үзіп-жұлып алғанымыз осы болды. Дәмеш апамыз (Жүргенова) айтқандай зобалаңды ендігі ұрпақтың басына бермесін. Дегенмен қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтарымыз туралы деректер әлі толық зерттеліп жатқан жоқ. Айналысатын адамдар да азайып барады. Тіпті тар жол, тайғақ кешуде асыл ағаларымызға айнымас серік болған апаларымыздың көзі тірісінде түсірілген жоғарыдағыдай құнды дерекке толы фильмді де жадымыздан шығара бастадық, қарап тұрсақ. Негізі, «АЛЖИР» фильмінің таспасына іздеу салғандағы түпкі ойымыз да осы еді: «АЛЖИР»-ді халыққа қайта көрсетіңіздерші, жарыққа шығарыңыздаршы!» деген тілек бұл. Енді ондай фильм түсірілуі неғайбыл. Себебі, ондағы кейіпкерлердің көбі о дүниелік болып кетті. Аяған Шәжімбай мен Армиал Тасымбеков те арамызда жоқ.
Редакциядан:
Бұл материал Орталық мемлекеттік кино-фотоқұжаттар және дыбыс жазбалары мұрағатының қорында жатқан «Алжир» фильмінен алынды.
zhasorken.kz

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста