Алты жүз қазақтың 50 мың жоңғарды жеңгені аңыз ба, ақиқат па?
«Қазақ тарихында қазақ ұялатындай ештеңе жоқ»
(Н. Назарбаев).
Бұл дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома. Керісінше, ұлан-ғайыр өлкені көзінің қарашығындай сақтап, бізге жеткізген бабаларымыздың әлем алдында мақтана көрсететін ерлік істері ұшан-теңіз. Бір ғана Салқам Жәңгірдің Орбұлақ шайқасында 600 жауынгерімен жоңғардың жер қайысқан қарақұрым қолына қасқайып қарсы тұруы, бүгінде бүкіл әлем білетін 300 спартандықтың ерлігінен еш кем емес. Қайта, алты жүз қазақ сарбазы тірі қалу үшін күресіп, алдын ала өлімге бас тіккен сол спартандықтардан ақыл-парасатымен оқ бойы озды деуге тұрарлық. Әттеген-айы, сол артықшылықты өзіміз паш ете алмай жүргеніміз.
Иә, Салқам Жәңгір дүлей дауылға ақ найзаның ұшымен емес, ақыл-парасаттың күшімен қарсы тұрды. Соның арқасында аман қалып қана қоймай, жауын ойсырата жеңді. Әйтпесе, тау-тасқа бекінген аз ғана адамның 50 мың қарулы қолды кері шегіндіру былай тұрсын, 10 мың жауынгерін жер жастандыруы қай жағынан алып қарасаң да, ақылға қоныңқырамайды. Қазіргі заманның автоматымен де 10 мың адамды қырып салу оңай шаруа емес. Сонда Жәңгір ханның бұл ерлігі аңыз ба, ақиқат па? Бұл жердегі түйінді Жәңгір хан соғыс өнерін қаншалықты шеберлікпен қолдана білді деген сұрақтың жауабы ғана шеше алатын сияқты. Сонда Салқам Жәңгір қандай соғыс өнерін қолданған? Біршама деректерді (деректер тым аз) пайымдасақ, бұл қақтығыстың нағыз ақыл-парасат қақтығысы болғанына көз жеткіземіз. Сонымен, әңгімені басынан бастайық.
Қазақ тарихында Салқам Жәңгір туралы дерек тым аз сақталған. Тіпті оның қай жылы туғаны да әлі күнге белгісіз. Бір деректерде оның 1608 жылы туылғандығы айтылады. Қайтыс болған жылы да әр түрлі. Біреулер 1652 жылы соғыста қаза тапты десе, енді біреулер сол соғыста қатты жараланып, сал болып қалған, 1680 жылы өлген дейді. Салқам Жәңгір деп аталуы туралы да түрлі сөздер айтылуда. Бір ғалымдар Жәңгірдің бойы аласа, мол денелі болғандықтан «Салқам» аталды десе, екіншілері сал болып қалуымен байланыстарады. Үшінші тарап «Салқам» сөзін «еркетотай, бейбастақ» сөздерімен ұштастырады. Сондай-ақ, қазақта алқам-салқам деген де сөз бар, алайда бұл мағыналардың билікке ерте жасынан араласып, өзінің ержүректігімен, батырлығымен ел аузына іліккен Жәңгір ханға қатысы болуы мүмкін емес. Тағы бір деректерде «Салқам» сөзі «айбатты» деген мағынаны білдіреді деген пікірлер де бар.
Қазақ тарихында Еңсегей бойлы ер Есім атымен қалған Есім ханның баласы Жәңгір әкесінің тірі кезінде-ақ Қазақ хандығының шеткі ұлыстарын, нағашы атасы Әбдірақым хан билейтін Тұрфанмен шекаралас жерлерін басқарып жүрді. «Қазақстан» ұлттық энциклопедиясында жазылғандай, бұл кезең қазақ-қалмақ арақатынасындағы аумалы-төкпелі, текетіреске толы жылдар болатын. 1620 жылдары 12 жасар Жәңгір қалмақ еліне қазақ елшілігінің құрамында барған. Төрт жыл өткен соң қазақ сұлтаны Есім мен шорастың тайшысы Қарақұл бірігіп, Ресей иелене бастаған Тары бекінісіне шабуыл жасайды. Осы сәтті пайдаланған ойраттың Байбағыс пен Далай тайшылары Есім сұлтанның еліне тиіседі, бірақ жеңіліс табады. Сол ұрыстарда жас Жәңгір өзінің қолбасшылық қабілетін байқатады.
Міне, осы тұста жоңғар-ойраттардың билік басына Батур хонтайшы (Эрдени Батур хунтайджи - туылған жылы белгісіз, қайтыс болған жылы - 1654, кейбір деректерде 1660) келіп, бытыраңқы Жоңғар хандығын күшейте түседі. Ол әкесі Қарақұланың (Хара-Хула) саясатын жалғастырып, өзіне бағынғысы келмеген ойрат ақсүйектерінің қарсылығын басуға көп күш салды. Әбден әлденіп алған соң, яғни 1635 жылы Қазақ хандығына шапқыншылық ұйымдастырып, бейбіт жатқан қазақ ауылдарын қасіретке ұшыратты. Сөйтіп, жүз жылға созылған қазақ-жоңғар соғысының тұтануына түрткі болды. Осы шайқастардың бірінде Жәңгір жоңғарлардың қолына түсіп, жеті жылдай тұтқында болады. Тұтқында жүріп ол жоңғарлардың, соның ішінде Батур хонтайшының әскери тактикасын жақсы игеріп алады. Жеті жылдан кейін тұтқыннан қашып шығып, еліне оралып, Қазақ хандығының билігін қолына алды. Ал Батур хонтайшы бұл кезде Ресейге бірнеше рет елші жіберіп, онымен астыртын тіл табысуға тырысып жатқан. 1640 жылы қыркүйекте маньчжур шапқыншылығына тойтарыс беру, шашыраңқы ойрат қалмақтарының басын қосу және көшпелі өмірге негізделген заң ережелерін қабылдау мақсатында құрылтай өткізді. 1643 жылы 50 мың әскермен Жетісуға басып кірді. Дәл осы кезде Жәңгір хан Самарқан шаһарының билеушісі Жалаңтөс баһадүр 20 мың қолымен көмекке жеткенше, аз ғана адамымен қара нөпірдей лықсыған жоңғарларға қарсы шабуға бекінді.
Шайқастың нақты қай жерде болғаны туралы да ғалымдар пікірі әр түрлі. Қазақ шежірелерінде және халық аңыздарында соғыс жоңғар Алатауында, Орбұлақ деген жерде болған делінеді. Ал «Қазақстан» энциклопедиясында жазылғандай, М.Мағауин "Қазақ тарихының әліппесі" атты еңбегінде ойрат-халха шабуылының хронологиялық өрбу тізбегін, географиялық орналасу ретін негізге ала отырып, Орбұлақ шайқасы сол кезде Қазақ хандығының құрамына кірген өңірде, қазіргі Қырғыз Республикасының шегінде өтті дейді. Ш.Уәлихановтың "Ыстықкөлге сапар күнделігінде" (1961, 243-б.) қырғыз жерінің қазіргі Алматы облысының Райымбек ауданымен шектесер тұсындағы асудағы қолдан жасалған табиғи ескерткіш - Сантас үйіндісі туралы сипаттай келіп, оны қазақ-жоңғар соғысындағы елеулі бір оқиғамен, яғни қазақтардың жеңісімен байланыстырады. 1990 жылы жазушы Б.Нұржекеев Орбұлақ шайқасы қазіргі Алматы облысы Панфилов ауданының Белжайлау алабында өткендігі жөнінде дәлел ұсынды. 1993 жылы 3 шілдеде осы Белжайлау алабында ұлы жеңістің 350 жылдығына арналған той өткізілді. Ұрыс болған жердің атауы Орбұлақ, ал оқиға Орбұлақ шайқасы деп аталып, гранит тастан белгі қойылды.
Шайқас қай жерде өтсе де, Жәңгір хан ең алдымен жердің географиялық орналасу ерекшелігін асқан данышпандықпен таңдап алған. Ол жоңғар қолының өтетін жолындағы ең тар шатқалға, бекініс жасауға оңтайлы жерге ұрыс қимылдарының жоспарын жасады. 600 адамын білтелі мылтықтармен қаруландырып, оларды екіге бөліп, бір бөлігін жауға бетпе-бет шабуыл жасайтындай етіп тастардан қаланған бекініске қойды. Ал екінші бөлігін жаудың ту сыртынан ататындай етіп жасырды. Дегенмен бұл тым аз еді. Білтелі мылтық бір атқан соң, оны қайтадан оқтау біраз уақыт алады. Тек қаруға сенсе, қаптаған жау 600 адамды таптап өтері анық. Сондықтан Жәңгір шатқалда желдің қалай соғатынын да зерттеді. Айқын газеті 28.08.2013 жылғы нөмірінде жазғандай, Жәңгір хан осы арқылы жауды улы шөптердің түтінімен улап жеңуді жөн деп тапқан. Тарихшы, шежіреші Асан Тұрабаевтың аталған газетке берген сұхбатында жауды улау шарасы қалай жүргізілгені егжей-тегжейлі жазылған. Тарихшының мәліметінше, Жәңгір алдымен жоңғарларды Сасықтекенің түтінімен улаған екен. Сасықтеке деген гүл таутекелер күйлеген кезде иіскейтін және сол уақытта гүлдейтін болса керек. Соны суға қайнатып, оған шүберек малып кептіреді де, жағып жіберсе түтіні айналасындағы тірі жанның барлығын уландырып тастайды. Қазақ сарбаздары осы улы шүберектерді, дымдап қойған улы шөптерді жоңғарлардың жолына тастап, олар шатқалға ентелей енген кезде отты жебемен дәлдеп атып, тұтатып жібереді. Аузы-басын тұмшалап, ешкінің майымен майлап алған қазақ жауынгерлеріне улы түтін әсер ете қоймайды. Өйткені ешкінің майы тез тоңазиды да сүзгінің рөлін атқарады. Байқамай уланып қалғандары болса, қымыз бен меңдуананы араластырып ішіп, құсады да, тазарып аман қалады. Ал аттары уланса тұмсығына құйрық маймен ұрып, уды қайтарады. Осылайша улы түтінге ұрынып, мәңгіріп, есеңгіреп қалған жоңғарлардың алдыңғы шебін қазақтар екі жақтан атқылап, қырғынға ұшыратады. Тіпті оқ тимей-ақ, Сасықтекенің уытынан көз жұмғандарда да есеп болмаған. Алғашқыда не болғанын түсінбей қалған ойраттар мәнісін кейіннен біледі. Он мыңдай жасағынан айырылған олар кейін шегінеді. Осы кезде жиырма мың қолымен Жалаңтөс Баhадүр де жетіп, сағы сынып, жүні жығылған жоңғар жасағын кері қарай қуып тастайды.
Осылайша Қазақ хандығының нығаю жолындағы өте маңызды шайқастардың бірі - Орбұлақ шайқасы қазақтардың жеңісімен бітеді. Ат төбеліндей аз қазақтан тұмсығы бұзылып, тау шағылып қайтқан Батур Хонтайшы еліне барған соң біраз беделінен айырылып, билігі әлсіреп қалады. Қазақ жерінде аз да болса мамыражай күн турады. Қазақтың «Леониді» - Салқам Жәңгірдің атағы аспандап, билігі нығая түседі.
Р.S. Леонид демекші, АҚШ пен Батыс өздерін өзі өтірік болса да көтермелеп отыруға кетәрі емес. Әйтпесе 300 спартандықтың басшысы тарихта Кир патшаны киносындағыдай найзамен түйреп тастай жаздамақ түгілі, қасына да жақындай алмаған болуы әбден мүмкін. Ал 600 қазақтың басшысы Салқам Жәңгірдің ата жауы Батур Хонтайшыны қарабет қылып, қашырып жібергені тарихи ақиқат.
inform.kz