Әлемдегі ең қаны таза ұлт – қазақ (тарихи-этнографиялық пайым)

Әлемдегі ең қаны таза ұлт – қазақ (тарихи-этнографиялық пайым)

Тектіден текті туады,
Тектілік тұқым қуады.
Тектілердің тұяғы,
Таңдайды құз-қияны.
Шын тектілер халқы үшін,
Өлімге басын қияды.
Жақсы, жаман деместен,
Жанына жұртын жияды…
Бекасыл әулие (1822-1915)
 1.«Жеті атасын білген ұл, жеті жұрттың қамын жер…».
«Ең мықты заңдар халықтың дәстүрлері»
(Конфуций).
Бірде Жәнібек хан ғұлама ғалым, шипагерліктен қараүзіп шыққан Өтейбойдақ Тілеуқабылұлынан: «Қандай ауруды емдеу қиын?», – деп сұрағанда емші: «Тұқым қуалайтын ауруды емдеу қиын»,- деп жауап береді. «Оның алдын алуға бола ма?» – деген ханның екінші сұрағына Өтейбойдақ: «Болады. Жеті атаға дейін туыс адамдар өзара қыз алыспау керек. Жеті қазақ үшін қасиетті сан,- деген екен. Аты аңызға айналған емшінің айтқанына тоқтаған Жәнібек хан жеті атаға дейін үйленуге тиым салып: «Кімде-кім жеті атаға толмай үйленсе, өлім жазасына кесілсін!» (Тілеуқабылұлы Ө. Шипагерлік баян. Араб қарпінен көшіргендер – К.Елемес, Д.Мәсімхан. – Алматы: Жалын, 1996.15,43-б.), деген жарлық шығарады. Көшпелі қазақтардың ел билеу заңы Жеті жарғы бойынша да жеті ата ішінде қан араластыру өлімге не ағайындар белгілеген жазаға бұйырылады. М.Қозыбаевтың пікірінше, «тоқсан тоғыз қырылып, тоқсан тоғыз тірілген ол (қазақ-Ж.Ж.) халықтың асыл тұқымын қалай сақтау заңын игерді. Жеті атаға дейін өзара қан араластыруға болмайтынын барша түрік тайпаларының ішінде ең алдымен түсінді» (Қозыбаев М. Жауды шаптым ту байлап. Алматы: Қазақстан, 1994. 59-б.).
 Медицина не дейді?
Демек, ата-бабаларымыз дәл қазіргідей ДНК-ны толық зерттемесе де, жақын адамдардың отбасылы болуынан сан алуан дерттің етек алатынын жетік білген. Тұқымқуалаушылықтың заңдары тұрғысынан алғанда туыс адамдардың некелесуі дұрыс емес. Бүгінде сирек кездесетін сырқаттар негізінен генетикалық аурулар екендігі анықталып, медициналық тілмен айтқанда орфандық аурулар проблемасын дәрігерлер соңғы жылдары дабыл қағып көтере бастады. Әсіресе, мутацияға ұшыраған нәрестелер санының көбеюі қоғамды алаңдатып отыр. Дамыған елдерде адамның тұқым қуалайтын 50-55 түрлі ауруларына тест жасайтын генетикалық консультациялардың жұмыс істеуінің өзі көп нәрсені аңғартады. Бүгінгі таңда ерекше назар аударарлық нәрсе АҚШ және Батыс Еуропаның онға жуық мемлекеті заңдастырып үлгерген бір жыныстылардың некесі, киеңкілер мен қызтекелер деген сорақылықты және өзге де ұлттық ділімізге жат көріністерді мамандар түптеп келгенде қан тазалығын сақтамаудың салдарымен байланыстырып жүр. Өйткені еуропалық мәдениетте тек туралы түсінік жоқ, оларда отбасы ұғымы ғана бар. Соңғы жылдары шетелдіктердің өзгеден гөрі қазақ балаларын көптеп асырап алуының да негізгі сыры тектік қорымыздың тазалығымен астасып жатыр. Алаш баласының некелік-отбасылық түсінігіне мүлде жат, небір азғындықты білдіретін анайы көріністер адамзат тарихында жеткілікті. Бұған дейін де аталған тақырып жергілікті зиялылардың (Набиоллаұлы Ж. «Жеті ата» // Егемен Қазақстан, 2013, 16 мамыр) зерттеулерінде көтерілгендіктен, біз дәйегімізге дәлел болмақ бір-екі мысалмен ғана шектелмекпіз. Мысалы, көне заман өркениетінің ошағы әйгілі Мысыр елінде б.д.д. 59 жылы ХІ Птолемей перғауын бақилық болғаннан кейін тақ мұрагерлігіне 16 жасар қызы Клеопатра мен 13 жасар ұлы Птолемей қалған еді. Осы елдің Птолемей перғауындар әулетінің соңғы патшайымы, әлем тарихындағы белгілі тұлғалардың бірі Клеопатра сол замандағы Мысыр ғұрпына орай, өзінің туған інісіне тұрмысқа шыққаны белгілі. Жалпы бұл әулеттің жер бетінен жоқ болып кетуіне ғалымдардың айтуынша, туыс адамдардың қан араласуы бірден-бір себеп болған. Осыған ұқсас тағы бір мысал. 1917 жылы тақтан құлатылған Ресей патшасы ІІ Николайдың баласы гемофилия (қан тоқтамайтын ауру) сырқатымен ауырып, соны гипноз арқылы емдеп жазған Валентин Распутин патша сарайында үлкен беделге ие болған. Тарихшылар баланың мұндай ауруға душар болу себебін, ақсүйек әулет Романовтардың өзара қыз алыса бергендігімен байланыстырады. Адам түгілі текті жануарлар өз қанына ешқашан шаппайтынын білген дана халқымыз мұндайға барғандарды «жатынына шапқан жаман айғырға» теңеген.
Генофондтағы тағы бір түйткілге мамандар алаңдауда. Еуропа елдерінде тұқымның тексізденіп бара жатқанын байқаған генетик ғалымдар үш атадан үзілмей аралас некеден туған ұрпақтың белсіздікке ұшырайтынын анықтауда. Мұның сырын зерттеушілер – белсіз еркектер өздерінің қай ұлтқа жататындығын білмегендігімен байланыстырады. Бұл биология ғылымындағы жылқы мен есектің буданынан қашырдың дүниеге келетінін, қашырдан кейін еш ұрпақ болмайтынын еске түсіреді. Түйіп айтқанда, қандас жақын адамдардың қойындасуы мен аралас неке еуропалықтарды тұйыққа тіреуде. Соңғысы қазіргі қазақ қоғамы үшін де өте өзекті мәселеге айнала бастады. Өйткені жатжұрттықтардың етегінен ұстаған кәсіби білікті, көп тілді, көрікті қаракөздеріміздің саны жылдан-жылға өсуде. Сайып келгенде, әлемдік жаһандану бізге де ауыз салып, аралас неке қоғамға сыналай енуде. Мұндайда «жақсыны жатқа жібермеген» бабалар ұстанымын еске түседі. Сөзімізді тұжырсақ, қазақтың бекерден-бекерге жеті атаны сұрамайтындығы, мұның шын мәнінде генетикалық қорғаныс екендігі тиянақталады.
 Экзогамия дегеніміз не?
Сонымен қазақ халқы жеті атаға дейін қыз алыспайтын дәстүрді өте қатаң ұстанған экзогамистерге (грек тілінде «экзо» – бірдеңеден тыс, «гомос» – неке) жатады. Демек, экзогамия – аталас бір рудың ішінде еркек пен әйелдің некелесуіне рұқсат етпеу дәстүрі. Мұны сол заманнан қазірге жеткен «руын жасырған – құл», «тегін құл мен қу жасырады», «дөңгелектің шегі жоқ, көргенсіздің тегі жоқ», «жабыдан тұлпар шықпайды, тексізден текті тумайды», «тегін білмеген теріс бағады», «тексізді төрге шығарма» деген мақал-мәтелдер дәлелдейді. Бабаларымыз жеті атасына қарап кімнің кім екенін анықтаумен шектелмей, «қызды жеті өзеннен өткізіп ал» деген қағидаға баса мән берген. Аса көрнекті этнограф-ғалым, жазушы Жағда Бабалықұлы осы орайда мынадай бір қызықты дерек келтіреді. – Қазақтар тектілік танымды тек бес-он жыл ішінде емес, ұлт болып қалыптасып, тайпалық бөлістерден бері дарытқан. Сондықтан қазақтар ішінде кем-кетік адамдар аз кезігеді. Қазақтарда тектілікті дәріптеудегі бұлжымас қағида – некелену барысында тегіне қарау. Ежелден, мейлі – ұл, мейлі, қыз жағы болсын, балалары мақұлдасудың алдында тегін анықтайды. «Ол қандай жердің балалары, әкесі қандай, оның арғы тегі қандай» деп қудалайды. Міне, тектілікті дәріптеу. Өр Алтайда өмір сүрген Бөстек деген сал Алтай өңіріне барып Мәмидің қызына құдаласып келгенде басқалардың: «өр Алтайда қыз құрығандай, келінді төменгі Алтайдан іздегеніңіз не» дегендеріне Бөстек: «Текті атаның баласынан текті ұрпақ көремін бе деп отырмын» (Бегманов Қ. Этнографпен әңгіме (Көрнекті ақын, қаламгер Қасымхан Бегмановтың абыз, зерттеуші-ғалым Жағда Бабалықұлымен сыр-сұхбаты). – А., 2010. 99-б.), – деп жауап берген екен. Отандық этнограф ғалымдар жеті атаға жіктеу, қан тазалығын сақтау, біле білсек, бүкіл жер беті халықтары ішінде тек қазаққа ғана тән салт-дәстүр екенін анықтауда. Бұл жөнінде зерттеушілік ғұмырын қазақтың этнологиясына арнаған белгілі ғалым А.Сейдімбектің пікір-тұжырымы назар аударарлық: «Жеті атаға дейін қыз алыспау дәстүрін ұстанатын қазақтан басқа этностың жер бетінде бар екенін біз біле алмадық», «Бұл үрдісті қалыптастыруда олар мейлінше мол өмірлік тәжірибе жинақтап, эмпирикалық жолмен-ақ өздерінің эвгеникалық (тектілікке ұмтылу) зердесін таңқаларлық биікке көтере алған», «Жеті атаға дейін қыз алыспау дәстүрінің қылдай ауытқымауын әрі қырағылықпен, әрі қаталдықпен қадағалап отырған. Еңлік пен Кебектің, Қалқаман мен Мамырдың аралары төрт-бес ата болғанына қарамастан, олардың бір-біріне деген сүйіспеншілігі елдіктің шырқын бұзатын ауыр қылмысқа баланып, қатал жазаға ұшырайтыны да содан» (Сейдімбек А. Қазақтың ауызша тарихы. – Астана, 2008.170,171,174-б.). Түптеп келгенде, жетінші ұрпаққа дейін қыз берісіп, қыз алысуға үзілді-кесілді тыйым салудың арқасында қазақ тұқымның бұзылуынан, тектік-генетикалық қасиеттердің жойылуынан, ұрпақтың азғындауынан сақтандырылған. Бұл салт-дәстүрдің адам дамуының тарихындағы биологиялық және әлеуметтік мәні өте зор. Жұбайбек Жұмаханұлы айтқандай, тіпті, мұның өзі табиғат заңына сай. Өйткені, бүкіл әлемді құрайтын химиялық элементтер қасиеттері бойынша орналастырғанда жеті период, жеті негізгі топқа бөлінеді. Қасиеттерінің жақындықтары бойынша осылай орналасқан элементтер неғұрлым бір-бірімен алшақ тұрғандарымен қосылғанда ғана мызғымас берік келеді. Тіпті қасиеттері өте ұқсас элементтер бір-бірімен мүлде қосылыспайды да. Ата-бабаларымыз осындай табиғат заңдылығын білген (Жұмаханұлы Ж. Балалардың жеті атасын білуге мән берейік // Қазақ тарихы.1994.№2.55б.). Қош, сонымен «Жеті атасын білмеген – жетесіз», «Жеті атасын білген ұл – жеті жұрттың қамын жер», «Жеті атасын білген жетімдік көрмейді», «Жеті атасын білмеген – жетімдіктің салдары», т.б. деген мақалдар мен қанатты сөздердің бәрі тегімізді тануға байланысты айтылған. Ұлт денсаулығы алдымен қан тазалығынан басталатынын ескерсек, мұндай әлемді таңқалдырған өрелі салт ұстанған қазақтың төлтума мәдениетін ұлттық бренд десек артық айтқанымыз емес.Осы тұрғыда қазақ халқы классикалық ұлтқа жатады. Өйткені ұлтымыздың қаны саф алтындай таза, соған сәйкес жаны да таза.
Ж.Бабалықұлының деректеріне сенсек, Оңтүстік Кореяның ғалымдары дүниежүзіндегі халықтардың қанының құрамын тексеріпті. Сонда ең таза қан, қазақтың қаны деп тауыпты. Жеті атаны ұстанады екен деген. Осында қазақтың қырық үш руының қанын тексергенде, әлгі қырық үш рудың қаны бір әкенің қанындай болып шыққан. Бұл – жеті атаның қасиеті. Жеті атаны ұстайтын қазақтан өзге ел жоқ. Мына ұйғыр халқы немересін алады. Өзбек немересін алады. Татарың мен түрікмен де немересін алады. Немере дегеніміз – туыс. Немерені алғанымен адамның қаны бұзылады да, түрлі аурулар көбейеді. Нәсіл өзгереді (Бегманов Қ. Көрсетілген еңбек. 98-б.).Тәжік депутаттары да бұл мәселені енді-енді мемлекеттік деңгейге көтеріп жатыр.
2 .     «Сұңқардан сұңқар туар саңқылдаған,
Қарғадан қарға туар қарқылдаған…»
Бай баласы байға ұқсар,
Байлаулы тұрған тайға ұқсар.
Би баласы биге ұқсар,
Алты қанат үйге ұқсар.
Хан баласы ханға ұқсар,
Биік-биік шыңға ұқсар.
Құл баласы құлға ұқсар,
Мал таптаған гүлге ұқсар.
Сыпыра жырау ( ХІІІ-ХҮ ғасырлар)

 
Халық ауыз әдебиеті не дейді?
Жылдар бойы үстем таптың өкілі саналған «бай» туралы түсінігіміздің солғын тартқаны сондай, соңғы кезге дейін қазақтың батырлар жырындағы бас кейіпкерлер яғни, ел қорғайтын ұлы мақсаттағы ерлер негізінен байдың не ханның ұлы болып келетіндігіне мүлде мән бергеніміз жоқ.[1]
Батырлар жырының сюжетіне тән негізгі ерекшелік – алдында мыңғырған малы бар әрі ақыл-парасатымен халқына өте сыйлы, кемеліне келген жанның фәни дүниеде бір перзентке зар болып (Қобыланды батырды әкесі Тоқтарбайдың, Алпамысты әкесі Байбөрінің, Қамбар батырды әкесі Әлімбай ханның т.б.), «Тәңір мен пірге сыйынып», «әулие қоймай қыдырып», ғұмыр бойы аңсаған шаранасын қартайған шағында зарығып көруге құрылуы – тектіден тұяқ көруді аңсаған халықтың арман-тілегінен туған тәсіл екенін атап өткен жөн.
Біздіңше, осы тұста мәселенің мәнін тереңірек ашу үшін сәл аялдайтын бекет бар. Хисса-дастандардан гөрі шынайы өмірде жағдай басқашалау. Олай дейтініміз, Жаратушыға қанша жалбарынғанымен Мырза Құдай тілекті бермесе тектіден де тұқым үзілетіндігін дәлелдейтін дерек жеткілікті. «Пәленшенің ұрпағы жоқ», «Түгеншенің тұқымы осымен бітті» деген сөз қазақтың ең ауыр қасіреті болатын. «Ат тұяғын басар тайдың болмауы» қазақ түсінігінде рухани қайғы. Ұлы адам да пенде. Тектіден тұяқ қалмаудың сыры неде? Ұлыларда неге ұл болмайды? Өмірден бір перзентке зар боп өткен саңлақтар (Ш.Уәлиханов, А.Байтұрсынов, М.Шоқай, Ж. Досмұхамедов, Д.Қонаев, т.б.) қаншама?! Бұл – жаратылыстың адам санасы жете қоймайтын көп тылсымдарының бірі һәм пенделерге жұмбақ тектілік феноменінің ашылмаған құпиясы. Бір кем дүние. Осы орайда, пайғамбарлық қасиет қонған жанның соңынан ұрпақ ермейді деген аңыз-әфсана бар екені еске түседі. Қазақ мұндайда «тұяғы бүтін тұлпар жоқ, қанаты бүтін сұңқар жоқ» деген. Сайып келгенде, мұның бәрі тектіден тұқым қалудың оңай нәрсе емес екенін аңғартады.
Бағанағы ой-сорабын әрі қарай жалғасақ, халық арасына кең тараған қазақ ертегілеріндегі негізгі кейіпкерлердің шыққан тегінің де өнегелі тұқым болып көрсетілуі кездейсоқ емес. Мәселен, бастауыш сынып оқушысынан бастап, жақсы білетін ертегілеріміздің бірі «Ер Төстіктің» ақылды, тапқыр, батыл, т.с.с. болып ержеткендігін сипаттағанда әкесі Ерназар байдан да табиғи жаратылыс жағынан оған көптеген қасиет дарығанын ойлап жатпадық. Мұқым қазаққа мәшһүр «Аяз би» ертегісі бүгін біз көтеріп отырған тақырыптың тамыры ғасырлар тереңіне кететініне жарқын мысал. Ертегінің желісі ертеде Мадан деген хан болыпты деп басталады, ол өзінің қырық уәзірі арқылы таптырған Жер бетіндегі ең жаман (болашақ Аяз би) адамның сыншылық қасиетіне тәнті болып, оған менің өзімді сынашы, мен неше атамнан бері хан екенмін? – дейді. Жаман:
- Жақсы! – деп, тақта отырған ханның алды-артына шығып, алдына келіп, ханның бетіне тіке қарап тұрып:
- Тақсыр ханым! Ақыл-ойың ешкімнен кем емес, бірақ хандық қара басыңда, қарадан туып хан болғансыз, атаңда хандық жоқ,- дейді. Жаман сөзін бітірмей, хан сөзін бөліп:
- Жоқ, қате айтасың! Мен жеті атамнан бері ханмын. Өзімді қойғанда  алты атамды қайда жібересің? – деп зекіреді. Жаман саспайды.
- Жоқ, тақсыр! Сіздің қара басыңыздан басқа тегіңізде хандық жоқ. Сіз нағыз наубайдың баласысыз, – дейді. Хан не дерін білмей, халыққа қарап, анасын алдырып, шындықты айтуын сұрайды. Анасы болған жайдың ақиқатын айтып, оның шын мәнінде ханның ұлы емес екенін, өзіне дейінгі он тоғыз әйелді әкесі Зәрлі ханның кілең қыз туғаны үшін жарып өлтіргендігін, құрсағына көтергені қыз екенін тәуіптер арқылы білгесін, шыбын жанын сақтау мақсатында өзімен бір мезгілде ұл көтерген сарайдағы наубайшының әйелімен жасырын келісіп, кейін күні жеткесін нәрестелерді алмастырып, содан бері екеуінің бұл жөнінде ешкімге тіс жармағандарын тәптіштейді. Хан:
- Апырмай, менің наубайдың баласы екенімді қайдан білдіңіз? – дейді. Сонда Жаман:
- Мен жаман-жақсы болсам да үйіңізге келген қонақ едім. Хандардың ішер асы – жал мен жая аузыңызға түспей, нан, көже түсіп, мені келісімен аспазға жібердіңіз. Салтыңызға тарттыңыз. Сіздің шонжарлы, атаулы хан емес екеніңізді содан байқадым, – дейді.
Келтірілген мысалдар, жас ұрпақ бойына ұлттық құндылықтар халқымыздың бай ауыз әдебиеті арқылы ғасырлар бойы үзіліссіз сіңіріліп келгенін дәйектейді. Сонымен, қазақ халқының шығармашылық дәстүрі ертегілер, батырлар жыры, аңыз әңгімелер, лиро-эпостық жырлардың, т.б. мазмұнын жан-жақты саралау тектілік феноменінің ұлт тамырына бағзы замандарда-ақ байланғанын айшықтайды.
«Көп қарға тең келмейді бір сұңқарға,
Көп жылқы тең келмейді бір тұлпарға…»

«… Жақсының әрқашанда жөні бөлек, Жаман адам жарамас бір қымтарға» немесе «Жабы жүйрік болмайды байлағанмен, Жасық болат болмайды қайрағанмен» деп Ж.Жабаев шалқыса, ұлы ойшыл Абай Құнанбаев жеке тұлғаның қалыптасуы барысында оның өскен ортасы мен алған тәрбиесіненде бұрын, оның қанындағы, тегіндегі қасиеттердің басымдыққа ие болатынына ерекше тоқталған. Абай сынды алып ой иесінің тамыры тобықтының ішіндегі шынжыр балақ, шұбар төс тұқым екеніне де кезінде көп көңіл бөлінбегені рас. Әкесінің: «Әй, Абай! Мақтағыш болсаң, алдымен мені – Құнанбайды мақта! Өзімнен асырып мен сені тудырдым. Ал, сен мықты болсаң, өзіңнен асырып ұл тудыр. Содан кейін мақтанарсың, шырағым», – деп ширыға тіл қатуында ұлт танымындағы тек туралы түсініктің терең мағынасы жатыр. Кеңестік тарихи әдебиетте ауызға алдымен ілігетін, қазақтың рухани мәдениетінің үш алыбы – Шоқан, Абай, Ыбырай бастаған қазақ кемеңгерлерінің қай-қайсысы да текті әулеттерден шыққан-тұғын. Қай заманда болмасын қазақтың білімді, зиялы, ел тізгінін ұстаған дегдар азаматтары негізінен ауқатты, белді, дәулетті отбасыларда туып-өскендігі назар аударарлық нәрсе. Демек, дәулет пен тектің арасында көзге көп көріне бермейтін бір нәзік байланыс бар екенін аңғармау мүмкін емес. Осы ретте білікті заңгер Н.Шайекеновтің ой-тұжырымы еске түседі: «Табиғаттағы эволюцияның себебі – биологиялық тұқым қуалаушылық. Ал қоғамдағы эволюциялық сабақтастықтың тетігі – мұра қалдыру құқығы. Меншікке ие болғаннан кейін адам өзі жинақтаған игілікті өзінен кейінге қалдыруды қамдай бастайды. Ол енді мұра жайында ойланады. Тарихи тұрғыдан қарағанда мұның өзі болашақ жайында ойлау деген сөз. Меншік иесі бар жерде адамның түп-тегі туралы ұғым бар! Олай болатыны – тек меншік қана өзіңнің түп-тегіңді қадірлеуге үйретеді. Шәркейін сүйреткен салтаңбай тектілік дегенді ойлап қайтсін» (Абдрахманов С. Рыцар // Егемен Қазақстан, 2006. 25 қазан). Бұқар жыраудың «Ерге дәулет бітпесе, Шүлдіреген қызыл тілден не пайда» дегені де осымен үндес. Осы орайда, қазақ халқы мал біткен байдың бәрін текті деп есептемегенін, тексізге де харамнан мал бітетінін, бірақ оның қайыры болмайтынын зерделегенін айта кету қажет. Қазақтың ауыз және жазба әдебиетінде бейнеленген қарау байлардың тізімі Қарабай, Шығайбай, Итбай, т.с.с. болып жалғаса береді. «Дәулет сауаптан болса қайырлы» деген ұстаныммен өмір сүрген халқымыз асылы мен нәсібіне арам араластырмаған жанды ғана текті деп есептеген.
 
«Кімнен кім туады?»
Аталған сұраққа Майқы би былай деп жауап берген екен:
Тұлпардан тұлпар туады,
Сұңқардан сұңқар туады,
Асылдан асыл туады,
Жалқаудан масыл туады,
Масылдан мал бақпас туады,
Тілазардан қылжақпас туады,
Таздан жарғақбас туады,
Сараңнан бермес туады,
Соқырдан көрмес туады,
Мылжыңнан езбе туады,
Қыдырмадан кезбе туады.

Тектілік феномені хақында пайымдалған асыл сөздердің астарында терең ой, ғасырлық өмір тәжірибесі, генетикалық ілімге даналық көзқарас жатыр. Бұдан қан арқылы берілетін қасиетті еш нәрсемен алмастыру мүмкін емес екені анықтала түседі. Оған дәстүрлі қазақ қоғамының қойнауында пайда болған «алма сабағынан алыс түспейді», «түбіне қарай бұтағы, тегіне қарай ұрпағы», «тектен нәр алған тозбайды», «шұғаның қиқымы да шұға», «тұлпардың тұяғы, сұңқардың қияғы», «тегінде бар тектілік», «тектілік тұқым қуады», «текті жердің тұлпар ұлы», «тегі мықты», «тегі таза», «тегіне тартқан», «асылдың қиығы», «тектінің тұяғы», «жақсының көзі», «асылдың сынығы» деген ілкіден келе жатқан нақыл сөздер де дәлел бола алады. Керісінше, бұған антипод мағынадағы«жетесіз», «жүгенсіз», «парықсыз», «көргенсіз», «тексіз», «тәрбиесіз», «ұятсыз», «намыссыз», «ештеңе көрмеген», «қарғыс атқан», т.б. нәлетті сөздерде жайдан-жай айтыла салмаған. Бағзы бабалардан жеткен«барымташыдан ұры, ұрыдан қары, қарыдан бәрі шығады» деген ұлттық дүниетаным кей кезде «өзі болған жігіттің – ата-тегін сұрама», «жаманнан жақсы туса – теңі болмас, жақсыдан жаман туса – емі болмас» деген пайыммен алмасқан. Осы сарын Шалкиіз жырында тереңдей түседі:
Айырдан туған жампоз бар
Жүгін нарға салғысыз,
Арғымақтан туған будан бар
Күнінде көрінім жерді алғысыз,
Жаманнан туған жақсы бар
Адам айтса нанғысыз,
Жақсыдан туған жаман бар
Күндердің күні болғанда
Бір аяқ асқа алғысыз
.[2]
Ойдың орайында, негізгі нәрсенің басын ашып алсақ дейміз, «жақсының» һәм жеке тарихи тұлғаның бәрін тектіге жатқызу біржақты. Тарихқа көз жүгіртсек, ата-бабасында не өзінің кейінгі ұрпағында кемеңгерлік қасиеттері байқалмаған талай жарқын тұлғалар өткен. Біздіңше, ондай жандар бар болғаны – тарихи тұлға, қазақ мұндайда«қарадан шығып хан болған, айырдан шығып нар болған» дейді. Керек болса ойнастан туған шаталардан да талайды таңқалдырған мықтылар шыққан. Қысқасы, таланттың бәрін тектіге телу ақиқаттан алшақ, сынай қараған жанға тектіліктің тамыры тым тереңде жатыр. Осы тұрғыдан келгенде не нәрсені де астарлап, әдемі жеткізе білетін қазақ фолъклорына тағы бір мәрте үңілген жөн. Мәселен, Бұқар Қалқаманұлының:
Таудан аққан тас бұлақ,
Тасыса құяр теңізге.
Қанша малды  болса да,
Бай қуанар егізге.
Жаманнан жақсы туса да,
Жақсыдан жаман туса да,

Тартпай қоймас негізге, – деген жыр жолдарынан әйгілі жыраудың көзқарасы Шалкиізбен тұтастай қабыспайтындығын байқаймыз. Көтерілген мәселені талдап-тарқатуда қазақ жырауларының көзқарасында қарама-қайшылық, пікір алшақтығы бар екені «соқырға таяқ ұстатқандай» көрініп тұр. Күні бүгіннің өзінде кейбір зерттеушілер адамның болмысына тек тегі әсер етеді деген қатып қалған түсінік болмауы тиіс, әр жақсының балалары жақсы, әр жаманның балалары да жаман деген қағида жоқ деген пікірді ұстанса, келесі бір ғалымдардың саралауынша адам жаман болайын демейді, әсіліндегі күнә жібермейді. Мәселен, ата-бабасы киелі құс аққу атқандықтан ұрпақтары «аққу атқан» ауруына ұшыраған кеміс жандарды күнделікті өмірден кездестіруге болады. Бұл арғы атасының күнәсі үшін ұрпағы жауап береді деген сөз. Демек, барлық нәрсенің жаңғырығы болады, бумеранг заңы бойынша лақтырған затың айналып өзіңді келіп соғады. Осы пайымға иек артсақ, уақытында Кеңес өкіметі ұрандаған «әкесі үшін баласы күймейді» деген сөз жаратылыс заңына қайшы. Мұның бәрі әр адам өз жаратылысынан аса алмайды деген ұғымға келіп саяды. Қазіргі таңда мамандар пенденің фәни дүниеде біліп-білмей жасаған бейәдеп істеріне жауап беру, оның үмбетіне жүктелетін жаратылыс құдіретінің сырына тереңірек үңілуде. Халал немесе харам болып есептеліп, алғыс не қарғыс арқалайтын істердің қай-қайсысы да атадан балаға мирас болып, тұқым қуалауы тек феноменінің ғарыштық эволюциялармен байланысы бар ғажап құбылыс екендігін аңғартады. Қазақтың «Құдай пейілге береді» немесе «Қара ниеттінің де жазасын Алла тағала береді» деген сөздері өмірлік тәжірибеден алынған.
Сөзімізді түйіндесек, тіршілікте бірде-бір өсімдіктің тамырсыз өспейтіні, өркен жаймайтыны сияқты, адам баласы да өзінің ата-бабаларымен көзге көрінбейтін тамырлар арқылы жалғасқан. Қазақ халқының өмірінде жеті атасына дейін тәуіптік, көріпкелдік, сынықшылық, күйшілік, әншілік, аңшылық, ұсталық, құсбегілік, саятшылық, т.б. өнерлерді қуып өткен әулеттер жиі кездеседі. Қазақ қоғамында айрықша құрметке бөленіп, жеті атасынан «қаракөк» үзілмей, ерекше мәртебеге ие болған сұлтандар, билер, батырлар әулеті өз алдына бөлек әңгіме. Белгілі ғалым Т.Жұртбай: «Бекзадалықтың, мырзалықтың, шексіз өктемдіктің, бақ-дәулеттің ұрпақтан-ұрпаққа ауысып, өздерін ерекше жаратылған тұқым есебінде марапаттайтын «қаракөктің» баламасы өзге ұлтта да ұшырасады. Шыңғысханның ата-бабасының нұрдан жаралуы, Еуропадағы асыл тектілердің «голубая кровь» деп аталуы соған саяды. «Қаракөк үзілмеген тұқымның» билігі мәңгілік үстемдікке айналған. Әсіресе, ру-ру болып тіршілік құрып, өмір сүретін көшпелі жұрт үшін бұл қатып қалған қағида», – дейді (Жұртбай Т. Құнанбай. – Алматы: Алаш, 2004. 29-б.). «Жеті атасы би болған, жеті жұрттың қамын жер» деген аталы сөздер осындай текті әулеттерге қатысты айтылған. Тегі асылдың ұрпағы да кемел. Бұған қазақ тарихындағы жеті атасынан құт үзілмеген Уәлихановтар, Шормановтар,Бабажановтар, Кенесариндер, Бөкейхановтар, Қаратаевтар, Сейдалиндер, т.б. тарихи әулеттер мысал бола алады. Бұлар бірін-бірі қайталамайтын, әрқайсысы айрықша бөлек даралыққа ие ұлт генофондының арналы салалары.

Жаңабек Жақсығалиев.
(Түпнұсқадағы тақырып: «Тектілік феномені»)
Abai.kz

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста