Аяз ата мен Қарша қыздың орнына Қыдыр баба мен Ұмай ана дәріптелуі тиіс
Бұған дейін, Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Наурыз мейрамына жаңаша көзқарас қалыптастыру туралы мәселе қойып, баспасөзде өзінің тұжырымдамасын да жариялаған болатын. Содан болса керек, Наурыз мерекесі төңірегіндегі әңгіме Мәжілісте де айтылып, депутат Алдан Смайыл Үкіметке сауал ретінде ұсыныстарын жолдады. Онда депутат дәстүрлі мерекені фольклорлық-этнографиялық ауқымнан жалпы қазақстандық мереке дәрежесіне көтеру керектігін алға тартады, пікір-пайымын билікпен бөлісіп, талап-тілегін ақтарады, деп хабарлайды «Алаш-айнасы» интернет порталы.
«Наурыз бен оның тарихы жайында айтқанда, алдымен Қыдыр баба мен Ұмай ана жайлы сөз қозғауға тиіспіз. Қыдыр - қазақтың сондай-ақ, басқа да түркі тілдес халықтардың ерекше жарылқаушы қасиетке ие әулиесі. Ол күндердің күнінде «қырықтың бірі» болып жолығып, бағыңды жандырады. Сондықтан да, жүздескеннің бәріне кемсітпей, ілтифат көрсету керек. Қыдыр бұл тұрғыда адам баласын өзара табыстырушы, алыс-жақынды жалғастырушы киелі тұлға», - деді Алдан Смайыл. Сонымен қатар, депутат Ұмай ананың түркі тектестердің арасында Хауа Анадан кейінгі ұлы анасы екенін, әйел мен баланың пірі, мейірім - шапағат шуағын шашқан күн дидарлы әулиесі екенін айтады. Оған ата-бабаларымыз: «Жүрегімізді жылыта гөр, қатыгездік пен өшпенділіктен сақтай гөр» деп сыйынғанын да еске салады.
«Міне, осы екі әулие Наурыз күні алдында және той күні бала-бақшадағы бүлдіршіндер мен төменгі сыныптағы сыйлық үлестірсе, баталарын беріп, игі-тілектерін білдірсе, ұлттың ұлы мейрамы Наурыз мерекесінің тарихы мен ерекшеліктері жайлы әңгімелеп берсе құба-құп емес пе? Бұл алдағы уақытта дәстүрге айналса бала жүрегіне Қыдыр бабаның киесі, Ұмай ананың мейірім шуағы дарымай ма? Ұлттық ұлағат пен тәлімге айналмай ма? Дәстүріміз бен салтымыз балдырғандарға әсерлі насихатталмай ма? Аяз атаға жүгініп, Қарша қызға жүгірген балаусалар түпкі тамырына осылай оралмай ма? Наурызды ұлықтап, тарихты қадірлеу үшін пайдалану дегеніміздің бірі осы емес пе? Сондықтан, құрметті Кәрім Қажымқанұлы, біз бұл ұсынысымызды барынша орынды деп білеміз» - деген депутат Алдан Смайыл бұл мәселенің қолдау табатынына күмән келтірмейді.
Алдан Смайыл, Мәжіліс депутаты:
Наурыз мерекесі жайлы ән аз, түрлі деңгейдегі сахнаға арналған театрландырылған көріністер де тапшы. Соны ескере отырып, бала бақшалар, орта және жоғары оқу орындары үшін наурыз тақырыбына, оның тарихы мен бүгінгі мәніне, бауырмалдық пен кешірімділік идеяларына негізделген шағын мерекелік – музыкалық сахналық қойылымдар дайындау қажет. Наурыз тағылымының бір әсерлі тұсы осы. Мәдениет және спорт министрлігі, облыстық мәдениет басқармалары қаламгерлер мен композиторларға арнайы тапсырма беру арқылы бұл мәселені оңтайлы шеше алар еді. Наурыз – Ұлттық мереке ғана емес, ұлттық болмыс, ұлттық дәстүр, ұлттық мінез, өмір деп аталатын, адамдардың ғұмырларымен өлшенетін, біреу арқылы сөніп, біреу арқылы қайта лаулайтын көл-көсір дүниеге, адамзат пен жаратылысқа деген тарихи көзқарас. Оны жас ұрпақтың тәліміне және ұлттық құндылығына айналдыру біздің ұлттық парызымыз. Талап-тілегіміз қолдау тапса, сол парызға адалдықтың белгісі деп қабылдаймыз.