Абақтыда босанған ана
1940 жылға дейін қазақ қыздары мен әйелдері арасында білім алып, халқына қызмет атқарғаңдар көп емес. Солардың қатарында Катонқарағай ауданының тумасы Нұрзиға Алпысқызы бар.
Нұрзиға Катонқарағай ауданы, Шыңғыстай ауылында дүниеге келген. Ол Алпыс пен Зейнептің жанұясындағы төрт ұл мен төрт қыздың үлкені еді. Әкесі Алпыс Жұмекеұлы партия-кеңес қызметіне ерте жегілген коммунист. Шаруалардың қосшы ұйымынан бастап, ұжымдастыруға дейін басшылық қызмет атқарып, қызыл өкімет құруға белсене араласады. Белсенділігі өзіне таяқ болып тиіп, 1932 жылы 10 жылға Қарағанды лагеріне айдалады. Мал-мүлкі тәркіленіп, хабар-ошарсыз кетеді. Жесір қалған әйеліне сегіз баланы ашаршылықтан алып шығу оңай тимейді.
Ата-анасы балаларының білім алуына ерте бастан назар аударған. Шыңғыстай ауылындағы ұзақ жылғы тарихы бар, болыс Әбдікерім Ережеповтің 1907 жылы ашқан мектебінде Нұрзиға 1918-24 жылдары оқиды. Оқып жүргенде зеректігімен, алғырлығымен танылып, комсомолға мүшелікке қабылданады. Комсомол ұйымының хатшысы болады. Ол өте ширақ, орысша-қазақшаға бірдей шешен, ұйымдастырушылық қабілеті өзгелерден ерекше қыз еді. Оны біздің өлкеміздегі оқыған қазақ қыздарының алғашқы қарлығашы деп атаған орынды.
Мектеп бітірісімен Нұрзиғаға алғашқы қызыл отауды ұйымдастыру міндеті жүктеліп, ол тау бөктерлеріне қоныстанған қазақ ауылдары үшін қызыл отаулар ұйымдастырады. Жайлауға көшкенде ауыл ортасынан үй тігіп, оның іші-тысын безендіріп, шаңырағына қызыл ту іліп, «Жойылсын сауатсыздық», «Жасасын, әйел теңдігі!», «Оқы, оқы және оқы» сияқты ұрандар жазып іледі, үстелге қызыл мата жауып, кітап, газет-журналдар қояды. Бұл – қазіргі кітапхана, мәдени ағарту жұмыстарының бастамасы еді.
Әуелде қызыл отауға жұрт келе бермейтін. Нұрзиға мұғалима Күлзиға Серікбаева екеуі көрші ауылдарға салт атқа мініп, кітап салған қоржындарды бөктеріп барады. Ауыл адамдарын бір үйге жинап, оларға Кеңес өкіметінің халықты бостандыққа, теңдікке жеткізетін істерін баяндайды. Газет-журнал материалдарын, ақын-жазушылардың қызықты кітаптары мен әңгімелерін оқып береді. Ал кешкісін сауатсыздықты жою мектебіне сабақ береді. Осындай жұмыстарды жүргізу нәтижесінде қызыл отауға келушілердің саны күн сайын көбейе бастады. Халық жиналған сайын олар жұмыстарын одан әрі қызықты өткізуге тырысатын.
Нұрзиға көп ұзамай аудандық партия комитетінің нұсқауымен әйелдер бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалады. Білімді, іскер Нұрзиға әр ауылға барып сауат ашу мектептеріне әйелдерді тартып, олардың арасында көркемөнер үйірмелерін ұйымдастырады.
Нұрзиға қазақ әйелдерінен шыққан қоғам қайраткерлері: Алма Оразбаева, Сара Есова, Зияш Қалауова, Нағима Арықова және басқалардың өмірі мен атқарған қызметтері жайында әңгімелеп, мақалалары мен өлеңдерін таныстыратын.
Аудандық партия комитеті Нұрзиғаны Семейдегі партия мектебіне жібереді. Партия мектебін бітіргеннен кейін ол Қарағанды, Көкшетау облыстарында партия-кеңес қызметтерін атқарады. Әкесінің сотталып кетуіне байланысты Қатонқарағай аудандық партия комитетіне ауысып, 1934-37 жылдары үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі болып қызмет істейді.
1937 жылы 28-қыркүйекте НКВД Алтай МТС-де бас агроном болып жұмыс істейтін ағасы Мүсәйіпті қамайды. Ертеңінде-ақ аудандық партия комитетінің бюросында Ахмет Төлегенов, Нұрзиға және тағы бірнеше адамды партия қатарынан шығарып, тұтқынға алды. Ахмет Төлегенов әйгілі халық артисі Бибігүл Төлегенованың әкесі еді. Сөйтіп, Бибігүл әкесінен 7 жасында қалады. Мүсәйіп із-түзсіз жоғалды. Туыстарының жазған өтініштеріне кейін НКВД-ның 1937 жылы 22-қазанында Мүсәйіпті ату жазасына үкім шығарып, үкім сол күні орындалғаны туралы жауап келеді. Атылған, көмілген жері белгісіз. 1958 жылы Жоғарғы соттың шешімімен ақталған. Айналасы бір айдың ішінде жазықсыз жан осылайша тағдырдың тәлкегіне түсіп опат болыпты.
Ал Нұрзиға қамауға алынғанда 4-5 айлық балаға екіқабат екен. Түрменің ауыр азабын аяғы ауыр күндерде бастан кешіреді. Желтоқсан айының ортасында қарлы боран, үскірік аязда бас бостандығынан айырылғандарды Семей түрмесіне ат-шанамен айдайды.
1938 жылы наурыз айында ауылға Нұрзиғаның Семей түрмесінен жасырын жіберген хаты келеді. Түрмеде аман-есен босанғанын, нәрестені емізуге бермей, балалар үйіне алып кеткендігін, атын Бейнетқор қойғанын айтып, туысқандарына оны тауып алуды өтінеді. Бұл кез халық жауының туыстары ретінде Семей қаласында пединститутта оқитын сіңлісі Күлшараны, тау-кен техникумында оқитын інісі Райымхаңды оқудан шығарып жіберіп, олардың қыс ішіңде үйлеріне келіп отырған тұсы еді.
Күлшара бүкіл отбасы қарап отырған жалғыз сиырды сатып, қаражат қылып, баланы іздеуге Семейге аттанады. Онда бармаған жері жоқ, бірақ баланы таба алмайды. Түрмедегі әйелдермен хабарласқанда, ондағылар: «бала кісі қызығарлықтай еді, оны біреу асырап алуы ықтимал» дейді. Қаражаты таусылған Күлшара үйге қиыншылықпен әрең оралады. Кейіннен бірнеше рет барып іздеген екен, бірақ бала табылмапты.
Сібірге айдалып барған соң, Нұрзиғаның Кемеровадан жазған хаты келді. Баласынан тірідей көз жазу анаға түрмедегі көрген барлық азаптан да қиын тиіпті. Сібірдің ит тұмсығы өткісіз қалың орманында ағаш кеседі, саз балшығын тізеден кешеді. Батпаққа мүлдем батып кетпес үшін, аяқтарына ағаш тақа байлап жүреді екен. Шектен тыс ауырлыққа әйел адамның ағзасы төзе бермейді ғой, ауырады. Өмірінің соңғы кезінде ағаш кесуге жарамай, фабрикаға киім тігуге ауыстырады. Ешқандай қылмыс жасамаса да берілген 8 жылдың 6 жылын түрмеде азаппен өткізіп, 2 жыл қалғанда дүниеден өтеді.
Түрмедегі жолдастарының хатынан «Н. стансасында қайтыс болып, жерленді» деген хабарды уақыт өткізіп барып естіген туыстары, соғыс кезі болған соң іздеп бара алмады. Нұрзиға өзінің көрген қайғы-қасіретін туған-туыстарына хат арқылы өлең жолдарымен жеткізген екен.
Мен кеттім, алыс сапар қайран анам,
Жазықсыз жаза тартқан мен бір балаң.
Бейнетін тағдыр жазған көтеремін,
Мені ойлап бекер босқа болма алаң.
Сағындым, жан-жарығым, бауырларым,
Күн санап менің қайғым ауырлады.
Торғайдай торға түскен пенде болдым,
Тағдырдың жазуына бар ма ылажың.
Торғайдай торға түскен ғазиз басым,
Қайғымен тарқамайды ішкен асым.
Сағынып, сендерді ойлап күні-түні,
Көзімнен тыйылмайды қанды жасым, – деп жазады жазықсыз ана.
Гүлзира Жұмағұлова, Өскемен қалалық кітапханасының қызметкері.