Өткен ғасырдың 70-жылдары Қарағанды облысының Нұра ауданына қарасты «Нұра» асылтұқымды қой шаруашылығы Қазақстан көлемінде кілем, трикотаж фабрикаларының бірқатарын жүнмен қамтамасыз етуге тікелей атсалысатын. Сол тұста республикадағы асылтұқымды қой шаруашылықтарында өндірілетін жоғары сортты жүн-түбіт өнімдері ел ішінде ғана емес, КСРО көлемінде кеңінен танымал, сұранысқа ие еді. Арада небәрі 30-40 жыл өткенімен, Қазақстанда жүн-түбіт өндірісі тұралап, шаруалар жылына екі мәрте қырқылатын қой жүнін өртеумен, жерге көміп тастаумен айналысатынды шығарды. Себеп біреу-ақ — жүнге сұраныс жоқ.
Қазір қаладағы кез келген базарға, кез келген киім сататын дүкенге барсаңыз, Қытай, Қырғызстан, Түркия, Еуропа, Америка елдерінің киімдері самсап тұр. Кілем сататын дүкеннен де Қазақстанда тоқылған дүние таба алмайсыз. Ал Қазақстан жүн өндіру жағынан кешегі КСРО аумағында Ресейден кейін екінші орында тұр екен. Ресейдің шикізат өңдейтін орындары қазір ішкі нарық тұрмақ, сырттан жүн алдыра бастады. Ал біздің елде жүн-түбіт өңдейтін орындар жоқтың қасы. Біздің шаруалар жыл сайын қырқылатын 30-40 мың тонна жүнді өртеп жібермегенде қайтеді?!
Халықаралық сапа-талғам шарттарына орай, қай уақытта болсын нарықта мақта-мата өнімдерінен гөрі табиғи жүннен жасалған өнімдер екі есе қымбат екені белгілі. Оның үстіне, арнайы ғылыми сұрыптау арқылы алынған ақшыл және ақ түсті жүн сорттарының бағасы жоғары. Мәселен, Қырғызстанда тігілген костюм-шалбардың құны 5000 теңгеден басталады делік. Егер биязы жүнді бір қойдан қырқылатын екі-үш келі жүн төрт костюм тігуге жететінін ескерсек, бір келі жүнді, ең арзан дегенде, 10 000 теңгеге бағалауға болады екен.
Нұра ауданындағы «Отқанжар» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің шаруашылығында өсірілетін қарғалы қой тұқымынан сұрыпталған биязы жүнді және биязы-қылшық жүнді нұра қойының әрқайсысынан екі-үш келі жүн алынады. Ақ түсті түбіт-жүннің әр талшығының ұзындығы орта есеппен 8-10 сантиметр болса, ұшы күлтеленіп кететін қылшықты жүн талшығының ұзындығы шамамен 25 сантиметрге дейін жетеді екен. Түсінің ақтығына орай, кез келген түске бояуға ыңғайлы әрі талшығы ұзын жүн жіп – иіруге, мата тоқуға, кілем жіптерін иіруге таптырмайтын шикізат.
Сонау жетпісінші жылдардан бері тұрақты сұрыпталып, жеке популяциялық түр ретінде ерекшеленген нұра қойларының қошқарының салмағы 90 келіге дейін, аналығының салмағы 61 келіге дейін басады. 2003 жылы «асылтұқымды» анықтауышын қайыра алғанмен, кейінгі өзгерістерге орай, қазір асылтұқымды қойға субсидия беру тоқтатылғаны отқанжарлықтарды алаңдатып отыр. Шаруалар субсидия берілмесе де, шикізаттарын өткізетін орындар, трикотаж фабрикалары ашылғанын енді қанша уақыт аңсайды екен?! Әләзір Қазақстан базарлары көршілер тоқыған арзан кілем мен тіккен киімнен босар емес...
Қанат ОТАРБАЕВ, «Отқанжар» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры:
– 1960 жылдардан бері қарғалы қой тұқымын сұрыптау арқылы алынған нұра қойлары заманында жоғары сапалы деп бағаланған екен. Қазір де, әрине, сапа жағынан жақсы жетістіктерге қол жеткізіп отырмыз. Бізді жүн өткізетін орындардың жоқтығы алаңдатады. Шикізат бос рәсуа болады. Оның сыртында биылғы жылдан бастап асылтұқымды малға берілетін субсидия тоқтатылды. Керісінше, енді біз секілді асылтұқымды мал өсіретін шаруашылықтан мал сатып алатындарға бөлінетін болды. 2006 жылдан бастап шаруашылықтағы қойлардың еттілік-майлылық қасиеттерін дамыту мақсатында байыс сүлесі аталықтарымен будандастыруды қолға алып отырмыз. Сұрыптау жұмыстары тұрақты жүргізіліп келеді. Тек мақсатты шаруамыздың қайтарымы болса екен деп күтеміз...
Дерек пен дәйек
Асылтұқымды қой шаруашылығын құрып, биязы жүнді, түбітті, жартылай қылшықты өндіріске жарату мақсатында Қарағанды өңірінде өткен ғасырда бірнеше дүркін талпыныс жасалған. Отызыншы-қырқыншы жылдары Карлагтың «Гигант» совхозында рамбулье асылтұқымды қойларын сұрыптау ісімен тұтас ғылыми институт айналысқан екен.
1938 жылы құйрықты қойды жібек жүнді рамбулье тұқымымен будандастыру басталған. 1941 жылдан бастап етті, құйрықты және жібек жүнді қой шаруашылығын дамыту өріс алды. Бұл бағыттағы ғылыми жұмыстармен ғалымдар алты жыл бойы айналысқан. Соның нәтижесінде 1941 жылы Бүкілодақтық ауыл шаруашылығы көрмесіне аталмыш тұқымды үш қой қатыстырылып, соның екеуі әбден пысықталған жаңа тұқым есебінде жоғары бағаланған. Сол жылы Карлагта 109 өндірістік орталығы бар 70 қой шаруашылығы фермасы болған!
Қазір Қарағанды облысындағы 1 миллионға жуық қойдың небәрі 5,4 пайызы асылтұқымды болып табылады.
Келер жылы облысымыздағы мал шаруашылығы саласына бөлінетін субсидияның 45%-ын ірі қара шаруашылығын көтеруге, 25%-ын – қой шаруашылығына, 3%-ын жылқы шаруашылығына бағыттау жоспарлануда.