Жылу құбырларын жөндеуге қаражат тапшы
Осы жылы қыстың қаһары семейліктерді бұрын-соңды болмаған сын сағатына салып, шіріп тұрған жылу жүйесінің көбісін істен шығарғаны белгілі. Қыстың ызғары қайтып, жаздың жайма-шуағы кезінде де қала тұрғындары бұл мәселеге алаңдаулы.
Қыстың қамын жазда жасамаса, кеш болатынын білген жауапты мекеме екі айдан бері жылумен қамтамасыз ететін құбырларды жөндеп жатыр. Бұл бағыттағы жұмыстарды облыс әкімшілігі бақылауына алып, арнайы кеңес өткізді. Жылу маусымына дайындықты облыс әкімінің орынбасары Серік Тәукебаев тексерді. Жиналыстың беташары қаржының аздығынан басталды. Жылу энергия орталығындағы жеті қазандықты жөндеп, қатарға қосу үшін 244 миллион теңге жетпесе, су жылыту қазандықтарын іске қосу үшін 65 миллион теңге керек. Оған қоса, 73 миллион теңгеге жаңа қазандықты монтаждау қажет. Облыс әкімінің орынбасары қаржы тапшылығы толықтай өтелмесе де, әкімшілік қаражат бөледі деп сендірді.
Серік ТӘУКЕБАЕВ, ШҚО әкімінің орынбасары:
– Өткен қыс өте қатал болды. Семей қаласы бойынша көп мәселе туындады. Маған берілген мәліметтер бойынша жұмыстар атқарылып жатыр. Сонымен қатар тағы да шешімін таппай келе жатқан мәселелер бар. Оларды шешу керек.
«Жол картасы» бойынша жылу жүйелерін жаңалау үшін Үкіметтен бөлінген 135 миллион теңгенің мердігерлерді іріктеу кезінде 10 миллионы үнемделіп, осы қаржыға 1-інші жылу энергетикалық орталығына қосымша жөндеу жүргізіледі. Жылу маусымына дайындықты «Шығысэнерготрейд» тарапынан электр энергиясының мезгілсіз ажырауы қазандықтарда жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарын бөгеп тұр. Әкім орынбасары бұл мәселені қысқа мерзімде шешуді қала әкіміне тапсырды.