Жылу орталығындағы жаңалықтың экологияға пайдасы мол
Керекудің 3-ші жылу электр орталығындағы жабдықтарды жаңғырту жұмыстары облыс орталығындағы экологиялық ахуалды жақсартып, жылу және электр энергиясын өндіруді арттырады.
Биыл инвестициялық бағдарлама аясында қырық жыл бұрын іске қосылған қазанагрегатты жөндеуге 6,1 млрд теңге бөлінді. Оны қалпына келтіру стансысының сенімді жұмыс істеуін қамтамасыз етіп, экологиялық және экономикалық көрсеткіштерін жақсартады. Қазан элементтерін толық ауыстыру, күйдіру жұмыстары тәртібінің өзгеруі және пайдалы қызмет еселілігі 99,6 пайыз болатын күл сүзгіш құрылғыны орнату қоршаған ортаға азот қышқылы мен күл шығаруды азайтады.
3-ші жылу электр орталығындағы инвестбағдарламаны іске асыру қуаттылығы 248 Гкал/сағ болатын қосымша жылу көзін енгізуге, электр қуатын 440 МВт-тан 505 МВт-қа дейін көтеріп, оның қысқы кезеңдегі жұмыс сенімділігін арттыруға мүмкіндік береді.