Наурыз мерекесі қарсаңында «Қазақстан теміржолы» ұлттық компаниясы жаңа пойыздардың тұсауын қиып, алғашқы сапарына шығарып салды. Енді Астана мен Павлодар арасына жолаушылар аптаның жұма және жексенбі күндері кілең жайлы (1-ші, 2-ші, 3-ші сыныпты вагондармен жасақталған) электрпойызбен қатынайды (№802/801 пойыз). Ресейдің Демихов зауытында жасалған бұл пойыз Астана мен Павлодар арасындағы жолды жүріп өту уақытын екі жарым сағатқа қысқартады.
Электрпойыздың алғашқы сапарындағы алғашқы жолаушыларына жол болсын айтуға «Қазақстан теміржолы» ұлттық компаниясының президенті Асқар Мамин мен Павлодар облысының әкімі Бақытжан Сағынтаев арнайы келіпті. «Наурыз мерекесі қарсаңында Астана–Павлодар, Астана–Алматы, Алматы–Ақтөбе, Астана–Бурабай–Көкшетау маршруттарын аштық. Елбасы тапсырмасы бойынша биыл жолаушылар вагонын жасайтын зауытты іске қосамыз. Сонда барлық бағыттағы жолаушы пойыздарының жылдамдығы артатын болады», – деді «Қазақстан теміржолы» ұлттық компаниясының президенті Асқар Мамин. Павлодар облысының әкімі Бақытжан Сағынтаевтың айтуынша, облыс әкімдігі осыдан бір жарым жыл бұрын компания басшылығына Астана мен Павлодар арасына электрпойыз қатынасын ашу туралы ұсыныспен шыққан екен. «Өтінішіміздің орындалғанына қуанып отырмыз. Бұл павлодарлықтар үшін Ұлыстың ұлы күні қарсаңында үлкен сыйлық болды», – деді облыс әкімі.
Сонымен қатар бұл күні №36/35 Астана–Алматы-2 жаңа жолаушылар пойызы да жолға шықты. Аптасына екі рет жүретін бұл пойыз Қытайда жасалыпты. Келесі жаңа бір пойыз туралы. Жолаушыларды күнделікті тасымалдау үшін Ақтөбе станциясынан төртінші жылжымалы құрам жасақталды. Сөйтіп, №34/33 Ақтөбе–Алматы-2 жолаушылар пойызы бұрын аптасына төрт рет жүріп келсе, бұдан былай Ақтөбе мен Алматының арасына күнделікті қатынайтын болды. Себебі аталған аралықта соңғы кезде жолаушы тасқыны күрт өсіп келеді. Жоғары сапалы, жайлы қалааралық тағы да екі электрпойызы №805/806 Астана–Көкшетау, №807/808 Астана–Бурабай курорты бағдарында қатынайды.
Жаңа жылжымалы құрамдар жұмсақ, ыңғайлы орындықтармен, жиналмалы үстелдермен және соңғы үлгідегі қауіпсіздік жүйесімен жарақталған. 1-ші және 2-ші класты вагон салондарында теледидар, вагон-бар да бар. Ал машинист кабинасында автоматтандырылған басқару және тәулік бойғы бейнебақылау жүйесі орнатылған. Жаңа электрпойыздың 650 жолаушыға арналғанын да айта кету керек.
Жолаушылар пойызының барлық вагоны жоғары сапалы әрі жайлы. Онда вагондардың (СВ, купе, плацкарт) үш түрі қамтылған. Сондай-ақ вагон-дәмхана, багаж вагоны да бар.
Астана–Павлодар электрпойызының ең алғашқы жолаушысына «Қазақстан теміржолы» компаниясының арнайы сый-сияпаты берілді. Ал «№1 жолаушы» Астана медицина академиясының студенті Гүлвира Рамазанқызы бұл оқиғаны мүлде күтпегенін айтады.
«Жолаушылар тасымалы» АҚ-ның сатып алу жөніндегі атқарушы директоры Махсұт Исахов алдағы уақытта рельс үстімен жүретін маршруттық автобустар сатып алу жоспарланып отырғанын айтып қалды. Бұл құрамдар еліміздің оңтүстік өңірінде – Шымкент–Түркістан, Шымкент–Сарыағаш, Алматы–Талдықорған, Алматы – Қапшағай телімінде қатынайды деп көзделіп отыр екен. Тек бұл жобаға қаржы бөлінсе болды, алдағы 3-4 жылда іске асуы әбден мүмкін.