Жойылып бара жатқан бәйшешектер Алматыда 200 теңгеден сатылады
Жер бетінен жойылып бара жатқандықтан, ерекше қорғауға алынған бәйшешектердің бір шоғы Алматыда 200 теңгеден сатылып жатыр, - деп хабарлайды "Алматы" телеарнасы.
Гүл сатушылар бәйшешектерді Талғардан сатып алып келетінін айтады. Гүл шоғының құны - 200 теңге. Сатушылардың айтуынша, оларға қорғауға алынған өсімдіктерді сатқаны үшін құқық қорғау органдары тарапынан ешқандай шектеу болмаған. Олар күніне 2-3 сағат жұмыс істейтін көрінеді, бірақ соған қарамастан сауда қызып тұр. Телеарнаның рейдке шыққан тілшілері 10 минут ішінде бәйшешектердің бағасын алты адамның сұрап кеткенін айтады.
Алматы қаласы Медеу аудандық табиғатты қорғау полициясының инспекторы Өмірғали Тоқсанбаев бәйшешек сатудың заңсыз екенін айтты. "Таяу уақытта табиғатты қорғау полициясы прокуратурамен бірге рейд шараларын жүргізеді, жеке тұлғаларға 5 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Қайтара заң бұзған адамға 10 АЕК көлемінде айыппұл қарастырылған. Ал заңды тұлғаларға айыппұл көлемі үлкен", - деді табиғатты қорғау полициясының қызметкерлері.
Айта кетейік, бәйшешектер Жер бетінен жойылып бара жатқан өсімдіктердің қатарына жатады. Олардың кейбір түрлері сол себепті Қызыл кітапқа енгізілген.