Жетісу облысында науқасқа бірден төрт ота жасалды
Жүрегі ауырып, ауа жетпей демігіп, жиі шаршап қалатынына шағымданған 71 жасар науқас барлық қажетті медициналық зерттеу-диагностикалау шараларынан өтіп, кардиологтың кеңесіне жүгінген. Сол мезетте науқастың ауыр жағдайын көрген орталықтың кардиологтары мен кардиохирургтары тез арада шұғыл медициналық кеңес өткізіп, ота жасау үшін науқасты кардиохирургия бөліміне жатқызады.
-Жалпы екі жарым сағатта ашық жүрекке жасалған ота барысында жүректегі митральды клапан толықтай алынып тасталып, орнына биоклапан орнатылды. Трикуспидальды клапанға пластика және радиожиілік абляция қоса жасалып, жүректің құлақшасы тігілді. Бұл болашақта ұйыған қанның тамыр арқылы миға өтуі яғни, инсультті болдырмау үшін жасалатын әдіс, - деді орталықтың директоры Нұрсан Сұрашев.
Сәтті жасалған отадан кейін қазір науқастың жағдайы тұрақты және алдағы уақытта орталықтан шығуы жоспарлануда.